ЖАС КӘСІПКЕР – «ЖЕКЕ БАТЫР» ЕМЕС

ЖАС КӘСІПКЕР – «ЖЕКЕ БАТЫР» ЕМЕС

ЖАС КӘСІПКЕР  –  «ЖЕКЕ БАТЫР» ЕМЕС
ашық дереккөзі
403

Жас кәсіпкерлер үш жылдан бері өз алдына қауымдасып, тізе қосып тірлік етіп жатыр. «Отызында орда бұзуға» талаптанған жастар әлі де алдыңғы буынға қарайлап, ақыл-кеңес алуға ынталы-ақ. Дегенмен, өз қал-қадірінше жұмыс істеп, елге қызмет етуге де құлықты. Кәсіпкерлікті насихаттауға бірқатар жобаларды жүзеге асырып та үлгерген. Бірақ Қазақстанда «жас кәсіпкер» деген құқықтық ұғым әлі бекітілмеген екен. Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Мақсат Қожамбек бұл ұғымды заң жүзінде бекітпей, жастар кәсіпкерлігінің тасы өрге домалауы екіталай екенін айтады.

– Қазақстанның жас кәсіп­кер­лері қауымдастығының құрылғанына үш жыл болыпты. Қауымдастық осы уақыт аралығында қандай жұмыс атқарып үлгерді? 

– Иә, 2011 жылы идеясы айқын, мақсаты ортақ бір топ жігіттер бас қосып, осы Қауымдастық құрылды. Ойымыз – еліміздегі жас кәсіпкерлердің аяғынан тұрып кетуіне демеу білдіру, кейбір кедергілерден өтуіне септесу, жас­тар кәсіпкерлігін насихаттау, жалпы алғанда, кәсіпкер болуға ынталы жастарды қолдау. Іс тетігін білетін, білімді жастардың қатары көбейсе, мемлекетіміз де күшейеді, осылайша біз әлемдік бәсекеге шыдас беретін ел бола аламыз. 

Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығына жасы 35-тен аспаған, кез келген кәсіпкерлікпен айналысып жүрген еліміздің азаматтары мүше бола алады. Жас адам ешкімге масыл болмай, өз бетінше күнін көруге бейімделуі керек. Сондықтан жас ұрпақтың бойында кәсіпкерлік рухын тәрбиелеп, ерте бастан өз алдына тірлік етуге бағыт сілтеген жөн. Осы орайда, Қауымдастық жастарды жеке кәсібін ашып, кәсіпкер ретінде ресми тіркеліп жұмыс істеуіне, тәуелсіз болуға насихаттайды. 

Үш жыл ішінде Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы бірқатар айтулы жобаларды жүзеге асырды. Өткен жылы «Атамекен» одағымен бірлесіп еліміздегі жас­тар кәсіпкерлігін дамыту бойынша іс-шаралар жоспарына қол қойған болатынбыз. Осы жоспардың аясында атқарылып жатқан шаруалар бар. Одан басқа Қазақстанның 2020 жылға дейінгі жастар кәсіпкерлігін дамыту стратегиясын дайындауды, жетістікке жеткен кәсіпкерлердің жастарға өз жетістігімен бөлісу мақсатында лекциясын өткізуді, радиодан кәсіпкерлікке байланысты айдарды жүргізуді, әлем әдебиетіндегі кәсіпкерлікке қатысты іскерлік кітаптарды қазақ тіліне аударуды қолға алдық.

Табыстылық жолына бастайтын әлемдік деңгейдегі кітаптарды қазақ тіліне аудару арқылы жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Шабыт» жобасын бастадық. Оның алғашқы бастамасы ретінде өткен жылы Астана күніне тартуымыз ретінде Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы» кітабы және Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол» мен Питер Друкердің «Друкер күнделігі» атты танымал еңбектері түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып, жоғары оқу орындары мен жастармен жұмыс жасайтын орталықтарға, сонымен қатар, жас кәсіпкерлерге тегін таратылды, әліде таратылып жатыр. Осы ретте, жобаларымызға қолдау көрсеткен Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының Президиум төрағасы Кеңес Рақышев мырзаға алғысымызды білдіреміз. 

Бұған қоса өз ісінің майталманы, мейлі қазақстандық немесе шетелдік болсын, атақты кәсіпкерлердің дәрістерін өткізуді мойнымызға алғанбыз. Бүгінге дейін осындай дәрістер Астана, Ақтөбе, Алматы мен Шымкент қалаларында ұйымдастырылды.

Айта кетерлік жайт, біз Астана мен Алматы қалаларында ғана шоғырланбай, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастармен қоян-қолтық жұмыс істеуді көздейміз. Сол үшін жергілікті жастармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.

– Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдіктеріне мемлекет жыл соңына дейін тағы мораторий жариялады. Жаңадан іс бастаушыларға арналған арнайы несиелер бар. Дегенмен, жан-жақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, отандық кәсіпкерлік аяғынан нық тұрып кетті дей алмаймыз. Мұндай жағдайда жас кәсіпкерлердің жағдайы нешік? Олар үшін қандай кедергілер немесе қандай жеңілдіктер бар?

– «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы кәсіпкерлік ұлтқа айналу қажеттігін айтып өтті. Бұл біз үшін тың серпін берер тұжырым. 

Рас, мемлекет кәсіпкер­лікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» және басқа да салалық бағдарламалар бар. Бірақ жалпы кәсіпкерлік саласындағы бастамаларды ынталандырудың, қолдау мен дамытудың жаңа тетіктері мен жүйесі жасалуы керек деп ойлаймыз. Егер кәсіпкерлерді қолдайтын, қорғайтын, дамуына мүмкіндік беретін уақыт талабына сай жақсы шешімдер қабылданса, жалпы кәсіпкерлердің, оның ішінде жас кәсіпкерлердің тасы өрге домалауына септігін тигізер еді.

Жалпы, жастар кәсіпкерлігінің қызметін реттейтін нормативтік құ­қық­тық базаны жетілдіріп, әкімшілік тосқауылдарды азайтып, бизнеске салық жүктемелерін төмендету, ком­панияларды ашу рәсімдерін жеңіл­дету­ және қаржылық және қаржылық емес шаралар түрінде бизнесті кешенді қол­дауды жүзеге асыру қажет.

Дегенмен, жас кәсіпкерлердің маңдайын тасқа тірейтін ең бас­ты мәселе – олардың құқықтық мәртебесінің анықталмауы болып отыр. Басқаша айтқанда, қолданыстағы заңнамаларда «жас кәсіпкер» деген ұғым бекітілмеген. Сондықтан, ең әуелі олардың мәртебесін анықтап, одан соң олардың іс бастап, өз алдына жұмыс істеуіне жағдай туғызу керек-ақ. Жаңадан іс бастайтын тәжірибесіз жас кәсіпкер қаржылық тұрғыдан ғана емес, ең әуелі ақпараттық тығырыққа тап болады. Яғни, ол кәсіп жүргізу туралы білім алу жолдары, бизнес-жоба жасау, инвестор іздеу, келіссөздер жүргізу секілді көптеген қиындықтардан Жеке батыр сияқты өзі жол тауып шығуға мәжбүр. 

Осы орайда, Жас кәсіпкерлер қауымдастығы Қазақстан Парламен­тінің депутаттары арқылы бұл мәсе­ленің шешімін табуға ниетті. Біз «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын жан-жақты талқылауға атсалысып, «жас кәсіпкер» ұғымын заңнамалық бекіту, жас­тар кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдау, жастар кәсіпкерлігі субъектілерінің қызметін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, олардың реестрін қалыптастыру бойынша ұсыныстарымызды жұмыс тобының қарауына бердік. 

Яғни, «жас кәсіпкер» ұғымы заңдық тұрғыда бекітілгеннен кейін, мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді шараларын айқындау оңайға түсер еді. Бұған қоса, жастар арасында кәсіпкерлік қызметті насихаттау жұмысын жандандырсақ, жастардың ойлау жүйесін өзгертуге ықпал етіп, оларды өз өмірін жақсартуға ынталандыра аламыз. 

– Егер жас кәсіпкерлердің құқықтық мәртебесі анықталар болса, оларға көрсетілер мемлекеттік қолдаудың түрі де басқаша бола ма?

Еліміздегі тіркелген шағын кәсіпкерлік нысанның 56,4 пайы­зы ғана белсенді түрде жұмыс істейді. Шындығын айтқанда, түрлі кедергілердің кесірінен жұмыс істемейтіндерінің басым бөлігі – жас кәсіпкерлер.

Қазақстан – жас мемлекет, ел тұрғындарының 26 пайызынан көбі 14 пен 29 жас аралығындағы жас­тар, олардың жалпы саны 4,4 миллион. Мұндай күшті тиімді пайдалану қажет. Шағын және орта бизнесті дамытуда, инновациялық және әлеуметтік-экономикалық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда жас кәсіпкерлердің мүмкіндігі мол.

Елбасы бір сөзінде «… Еңбек етуші халықтың 60 пайызы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізетін болады…» деген еді. Сондықтан біз дамыған елдердегідей шағын және орта бизнес өнімдерінің үлесі ЖІӨ-нің 50 пайызынан көбін құрайтын көрсеткішке және біздегі осы секторда жұмыспен қамтылғандардың үлесі 26 пайызды құрайтын көрсеткішке қол жеткізуге тиіспіз.

Ел ішінде өз кәсібін ашқан жастар баршылық, соларға кәсібін одан әрі дамыту үшін жан-жақты қолдау керек, ал кәсібін ашуға ниетті жастар тағы бар. Оларға дер шағында қолдау көрсетіп, қолтығынан демеп жіберсек, аз жылда жеке кәсіпкерлік ісі кең қанат жая­тынына сенімім кәміл.

Ол үшін ең әуелі «жас кәсіпкер» мәртебесін анықтап, оларға берілетін мемлекеттік қолдау түрін бекіту керек. Одан соң жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттап, оларға жол көрсету қажет. 

– Құқықтық норма туралы айтқанда, халықаралық тәжірибеде жас кәсіпкерлерге айрықша жағдай жасау үрдісі бар ма?

–  Әлемнің дамыған мемлекет­те­рінің тәжірибесіне сүйенсек, елдің әлеуетінің көтерілуі жергілікті шағын және орта кәсіпкерліктің дамуымен тығыз байланысты, тіпті оған тәуелді. 

Дамыған елдерде жастарды кәсіп­керлікке баулу әу бастан дұрыс жолға қойылған. Халықаралық тәжірибеден үйренетін үрдістер көп. Олар алдымен бизнес үдері­сін­де жас азаматтардың құқығын қорғау­ды көздейді. Сонымен қатар әртүр­лі инновациялық қадамдар, тәжірибе мен ғылымның заманауи жетістігі кеңі­нен пайдаланылады. 

Мысалы, Австрияда Федералдық палата жанынан құрылған «Австрияның жас экономи­касы» атты арнайы ұйым жұмыс істейді. Оның аясында кәсіпкерлікті жа­ңадан бастаған жастарға кеңес беретін орталық ашылған. Орталықта жастар­ға жеке бизнес ашуға қажетті құқықтар мен ақыл-кеңес, нақты ұсыныстар береді.

Ал Германияда жас кәсіпкерлердің бірне­ше ірі бірлестіктері бар. Франция­да осыдан он төрт жыл бұ­рын «Жаңа қызметтер, жаңа жұмыс орын­да­ры» атты бағдарлама енгізілген. Мақ­саты – еңбек өтілі жоқ жастарға кем дегенде 5 жыл бойы тұрақты жұмыс орында­рын ұсыну. Сондай-ақ кейбір салалар­да жетіспей жатқан жұмыс күшін толықты­ру болып табылады. Жаңа жұмыс орындарын ұсынғаны үшін жеке компаниялармен жұмыс берушілер­ге мемлекет тарапынан шығындарын өтеу­ге жеңілдік қарастырылады. 

Қазақстан әлемнің озық отызды­ғына енуді межелеп отыр. Бұл мақсатқа әлеуметтік жаңғыру, үдемелі инновациялық-индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру арқылы және экономикалық ықпалдастық арқылы жетуге болады. 

Олай болса, мұндай бағдарлама, бағыт-бағдар бізге де керек. Бәлкім, «Жастар кәсіпкерлігінің бизнес жол картасын» қабылдау керек шығар. Жас кәсіпкерлер қауымдастығы атынан біз бұл ұсынысты құзырлы органдар назарына жеткізуге талпынамыз.

Ең бастысы, шет елдерде жас кәсіпкерлерді қолдау жүзеге асырылып жатыр, демек бізге де осы бағыттағы жұмыстарды атқару керек және оны қолдаудың негізгі тетіктерін еліміздегі мүмкіндіктерімізге қарай жүзеге асыра беруіміз қажет. Әлем өте құбылмалы және жедел дамып келеді. Сондықтан әлем көшінен қалмау үшін, талантты жастарымыз мұхит асып кетпес үшін кәсіпкерлікке кең қанат жайып дамыта алатындай қолайлы жағдайларды жасай білуіміз күн тәртібінде тұрған мәселе дер едім. 

– Кәсіпкерлікті насихаттауда не нәрсеге баса мән беру керек деп ойлайсыз?

– Кәсіпкерліктің маңыздылығын насихаттау үшін мемлекеттік деңгейде Кәсіпкерлер күні кәсіби мерекесін бекіту қажеттілігі туындап отыр. Осылайша кәсіпкерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен маңыздылығы айқындалар еді. 2013 жылдың 4 шілдесінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң қабылданды, ал 2013 жылдың 9 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды.

Осыған орай, Қазақстанда жаңа кәсіби мереке – Кәсіпкерлер күнін Заңның қол қойған күні – 4 шілде күнін немесе Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құрған күні – 9 қыркүйек күнін белгілеуді ұсынар едім.

Әрине, кәсіпкерлікті насихаттау жұмыстары кешенді жоспар негізінде жасалуы керектігі анық.

– Кәсіпкерлік саласындағы білім беру жүйесі жөнінде не айтар едіңіз?

– Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын азаматтардың үлес салмағын экономикалық белсенді халықтың 60-70 пайызына дейін жеткізу үшін бұл салаға жастарды көбірек тартуымыз керек. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жастар басқаратын компаниялар үлкен тәуекелділікке тап болғанымен, жетістікке жетуге мүмкіндіктері мол.

Менің ойымша, алдағы уақытта, Қазақстанға бизнесті дамытуға қабілетті және жоғары білікті менеджерлер керек. Жастар үшін қазақстандық бизнес білім беру – бұл болашағы бар бағыт, қарқынды дамып жатқан сала, оған инновациялы шешімдерді енгізу өте өзекті. Жастар кәсіпкерлігін дамыту мемлекеттік жастар саясатының сүбелі бір бағыты. Бизнес пен инновация үшін Қазақстанда ғылыми-әдістемелік те, адами және шығармашылық әлеуеттер, яғни барлық қажетті ресурстар бар. 

Өкінішке қарай, қазіргі білім беру жүйесі жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандырмайды. Өйткені білім жүйесі нарық экономикасының қажеттіліктерін қамтамасыз етуден кенже қалып отыр, ол заманауи талаптарға жауап бермейді. Бүгінгі жүйе жай ғана нәтижелерге негізделген, ал ол азаматтың тұлғалық өсуін қамтамасыз етпейді. Осылайша, білім ордасын бітірушілер еңбек нарығында ешкімге керексіз болып қалып жатады. Жас кәсіпкерлер көбінде білім ордасында алған білімдерінің бизнесте көмектеспегендігін айтып жатады. Егер жас кәсіпкерлерге дер кезінде жан-жақты қолдау берілмесе, ертеңгі күні елімізде ірі кәсіпкерлердің өсіп шығуы екіталай. 

Осыған орай, жастарды бизнеске дайындаудың шетелдік озық тәсілдерін пайдаланып, оқу бағдарламаларын жетілдіру қажет. Алғашқы қадам ретінде жастардың бизнесті жүргізудің негіздері бойынша дағдыларды үйрену үшін оқу бағдарламаларының қатарына кәсіпкерлік негіздері бойынша курс­тарды қосу керек. Осыдан кейін, білім саласындағы уәкілетті органдар «кәсіпкерлік» мамандығы бойынша жастарды оқыту мәселесін қарастыруы қажет деп санаймын. Меніңше, бизнеспен айналысуға ниетті жастар мақсатты түрде кәсіпкерлік мамандықты игеріп, одан әрі өз кәсібін ашып жұмыс істегені әлдеқайда тиімді болар еді. Бұл мемлекет қаражатын орынды жұмсауға да әсер етеді.

Сұхбаттасқан 

Г. ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ

Астана 

Серіктес жаңалықтары