ДАҒДАРЫСҚА ТОЙТАРЫС БЕРЕТІН ТУРИЗМ ҒАНА

ДАҒДАРЫСҚА ТОЙТАРЫС БЕРЕТІН ТУРИЗМ ҒАНА

ДАҒДАРЫСҚА  ТОЙТАРЫС БЕРЕТІН  ТУРИЗМ ҒАНА
ашық дереккөзі
207

Қазақстанның көрікті жерлері көп-ақ. Әттең, осы сән-салтанатты көрсететін туристер, қадірін білетін халықтың саны аз. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев ішкі нарықтың аясы тар екенін жасырмады. «Бұл – өндіріс үшін үлкен проблема. Бірақ туризм үшін түк емес, өйткені әлем халқына ұсынатын көрікті мекендеріміз жеткілікті. Ескерткіштер ғана емес, туризмнің материалды емес түрлері 30 пайызға өсіп отыр. Бұл белсенді демалысқа жатады», – деді министр. 

Дағдарыс кезінде табыс түсіретін жалғыз сала осы – туризм. Туризм дамыған мемлекеттің қай-қайсысы да қаржылық дағдарысқа тойтарыс бере алады. Мәселен, Тайланд елдегі саяси тұрақсыздыққа қарамастан туризм саласын тұралатқан жоқ. Себебі әрбір турист – табыс көзі. Тайландтың тәжірибесін қайталау мүмкін емес. Себебі мұхит пен әсем жағалаулар Қазақстанда жоқ. Құрлықтың қақ ортасындағы Қазақстан жаздың күні туристерді мәдени орындар, ескерткіштер мен табиғаттың тылсым жаратылыстары арқылы тарта алады. Ал қыстың көзі қырауда еліміздің ұтары мол. Атап айтсақ, бір ғана Алматы қаласының маңайында 4-5 шаңғы курорттары шаруасын шыр айналдырып алған. Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Көжайлау» шаңғы курортының құрылысын құптап: «Қысқы туризм, әсіресе тау-шаңғы кешені теңіз жағалауындағы туризмнен 6 есе табысты» дегені есте. Сондықтан құрылысы басталатын «Көкжайлау» тау-шаңғы курортының Қазақстан туризмі үшін маңызы зор. 

Жуырда Алматы қаласы туризм басқармасының ұйымдастыруымен І халықаралық қонақүй форумы өтті. Басқосудың басты міндеті – отандық және шетелдік сарапшылардың пікір алмасып, жаңа идеяларды жүзеге асыру алаңын қалыптастыру. Аталмыш форумға алты елдің – Франция, БАӘ, Түркия, Ресей, Украина және Әзірбайжан сарапшылары қатысып, Қазақстан мен Орта Азияда туризмді дамыту мәселелеріне тоқталды. 

Туризмнің үлесі кейбір елдерде 10 пайызды құрайды, ал бізде бар болғаны – 0,5 пайыз ғана. Алматы қаласы еліміздің жалпы ішкі өнімінің бестен бірін жасап отыр. Туризмнің негізгі кілті – қонақүйлерден басталады, сондықтан қалада қонақүй бизнесін кеңейту аса маңызды. Соңғы 10 жылда Алматы қаласында қонақүйлер көбейіп, 90 қонақүй керегесін кеңейткен. Нақтырақ айтсақ, Алматыдағы қонақүй қызметінің көлемі – 14,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш Алматы қаласы бойынша ғана. Ал қазақ даласында бола тұра қазақтың қолы жете бермейтін, туристердің қалталылары ғана баратын – Бурабайда қонақүй мен демалыс кешендері арзандамай тұр. Сексен көл орналасқан сұлу мекенде бір күн демалу кемінде 20 мың теңгеден басталады. Және бұл сомаға жатын орын ғана кіреді екен. Ал үш уақ тамақ, жол және басқа да қызмет түрлері ақылы. Нәтижесінде Түркияға ұшақпен ұшып барып, бір апта демалып келу арзанға түседі. Бурабайға бар қазақтың барғысы бар, алайда қалтасы көтере бермейді. Сондықтан да арзандау Анталия мен Аланияға жол тартады. Себебі бұл қалаларда туристер үшін барлық жағдай жасалған, мүмкіндігінше арзандатылған. Ал еліміздегі туристік орындар бақылаусыз, жабайы туризмді дамытуда, – дейді жергілікті әкімшіліктер. Ал шағын кәсіпкерлік ретінде ашылып, Алакөл немесе Көлсай маңынан демалыс орнын ашқан кәсіпкерлердің шаруасын шенеуніктер кідіртеді. Әкімшілік кедергілерді былай қойғанда, облыс­тан, орталықтан келген қонақтарды сол кәсіпкерлердің мойнына артып қоятыны белгілі. Бұл жүйенің туризмді дамытпасы анық. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары