«ЖҮЗДЕГЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕ МЫҢДАҒАН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗГЕН»

«ЖҮЗДЕГЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕ МЫҢДАҒАН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗГЕН»

«ЖҮЗДЕГЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕ  МЫҢДАҒАН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗГЕН»
ашық дереккөзі
235

Маусым айы аяқталар тұста бесінші шақырылымның Парламенті үшінші сессиясын аяқтап, кезекті каникулға тарады. Мәжілістің жаңадан сайланған төрағасы Қабиболла Жақыпов екі палатаның үшінші сессиясын қорытындылап, қазақша-орысша баяндама жасады. Үкіметті сынаудан нәтиже болмасына көзі жеткен бе, төраға депутаттарды алдағы уақытта заң жобаларын өз күштерімен мемлекеттік тілде дайындауға шақырды. 


ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН БА?


Төраға депутаттардың өнімді жұмыс істегенін дәлелдеу үшін нақты сандармен бірге жобалап айтылған мәліметтерді қолданудан тартынған жоқ. Қос палата депутаттарының тоқсан сайын ел аралауға шыққанын айта келіп, Қ.Жақыпов «халық қалаулылары жүздеген елді мекенде мыңдаған кездесу өткізді» деп қалды. Жаңа қызметке тағайындалғанына үш ай толмаған төраға бұл кездесулердің нақты санын білмей ме, әлде олардың саны ауыз толтырып айтуға аздық қыла ма?

Дегенмен, осы сессия барысында он тоғыз «Үкімет сағаты», дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізілгені көңіл жұбатады. Депуттар тоғыз айда атқарушы және құқық қорғау органдарына түрлі мәселелер бойынша 444 депутаттық сауал жолдаған. 

Күзден бері депутаттар атына 9 мыңнан аса өтініш, арыз, ұсыныс-хаттар келіп түскен. Төраға бұл хаттардың бәрі «белгіленген ережеге сәйкес қаралды» десе де, халық пен халық қалаулылары арасындағы байланыс жібінің мығымдығы күмәнді. Себебі, қарапайым сайлаушылардың Парламент ғимаратына оңайлықпен кіре алмайтыны шындық. Астанаға ат терлетіп келген арызданушы ағайынның маңдайы биік ғимараттың табалдырығына тіреліп, тауы шағылатынын көріп жүрміз. Оның үстіне, қазір барлық депутаттардың жеке көмекшілері бар. Баспасөз хатшылығы сұхбат алуға ниетті журналистердің өзіне Парламент депутаттарына тікелей хабарласпай, көмекшісі арқылы келісуге кеңес береді. Ақпарат майданының сарбаздарына тосқауыл қойған депутаттар елден келген азаматтардың мұң-зарын тосырқамайды дейсіз бе?


114 ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ 76-Ы САПАСЫЗ


Тәуелсіздік жылдарында депутаттық корпус атқарушы билікке лайықты қарсылас бола алған жоқ. Осының қайтарымы ма, Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысы кезінде осы жиналысқа толық құраммен келген Үкімет мүшелерін сын садағына алу дәстүрі қалыптасқан. Мәжілістің жаңа төрағасы да бұл дәстүрден айныған жоқ. «Жылдан жылға өзгеріссіз келе жатқан түйткілді мәселелер бар. Оның бірі – Парламентке келетін заң жобаларының сапасыздығы» деген төраға артынша өз сөзін «Әрине, алдыңғы мерзіммен салыстырғанда заң жобаларының сапасы жақсара түсті»,– деп жуып-шайып жіберді.

Хош, сонымен үшінші сессия барысында Парламент қоржынына 154 заң жобасы келіп түскен. Оның 114-і Үкімет үйінен жолданса, 11-і Парламент депутаттарының бас­тамасымен дайындалған. 29-ы – алдыңғы сессиядан қалған жобалар. Парламент қабырғасында қабылданған 104 заң жобаларының 80-іне Президент қол қойып үлгерген.

Жалпы, бесінші шақырылым тұ­сында Үкіметтен Парламент Мәжілісіне 267 заң жобасы келіп түскен екен. Оның 43-і заң жобасына қойылатын талаптарға сай болмағандықтан кері қайтарылған. Бұл – ұсынылған құжаттардың 17 пайызы. Ал осы үшінші сессия кезінде Үкімет үйінен келген 114 заң жобаcының 38-і ғана барлық талаптарға сай екен. 

Үкімет дайындаған заң жо­ба­ларының сапасыздығы министр­лік­тер мен ведомстволар арасында жүйелі байланыстың жоқ екенін көрсетеді. Төраға үкіметтік жобалардың көбіне 70-80 пайыз­, кейде тіпті 100 пайыз қайта жазылып, әбден өңделетінін айтып қынжылды. Мысалы, «Жеке бас мәліметтері және оларды қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы», «Азаматтық қорғаныс туралы», «Қаржы пирамидалар қызметіне қарсы іс-әрекеттер туралы» заң жобалары бастан-аяқ қайта жазылып шыққан. 

Заң жобаларын дайындау ісі – Қазақстан Үкіметінің осал тұсы екені аян. Көбіне шетелдік заң жобалары еш өңдеусіз көшірілетіні, сол күйі заң шығару жүйесіне ұсынылатыны жасырын емес. Мұны Қ.Жақыпов та ашына айтты. «Заң жасаушылардың шетелдік заңдардың нормаларын ұлттық заң ерекшелігін ескерместен көшіріп алатыны жиі кездесетін жайт. Мысалы, «Жеке бас мәліметтері және оларды қорғау туралы» заң жобасының көптеген нормалары ТМД елдерінің бірінің осы аттас заңы нормаларының көшірмесі болып шықты», – деді ол. Мұндай «шығармашылықтың» нәтижесі – аталмыш заң жобасының нормалары Қазақстан Республикасының 7 бірдей Кодексіне, 27 Заңына қайшы екені анықталды. 


23 ЖЫЛДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖАЗЫЛҒАН ЗАҢ ЖОҚ


Төрағаның Үкіметке бағыт­таған орынды сынының бірі – мемлекеттік тілдегі заң шығару ісінің әлі де олқы түсіп жатқаны жайлы. 10 заң жобасы қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сәйкес болмауы себебінен кері қайтарылған. «Тәуелсіздік жылдарында 2500-ге жуық заң қабылданыпты, бірақ осы 23 жылдың ішінде Үкімет бірде-бір заң жобасының бастапқы мәтінін мемлекеттік тілде әзірлемеген. Ал депутаттар мемлекеттік тілде тек екі заң жобасының бастамашысы болған. Елбасы айтқандай, бұл мәселені шуламай, саяси дискуссияға айналдырмай, әрбір азамат үйінде болсын, жұмысында немесе қоғамдық орында болсын, қазақ тілінде сөйлеуді, жұмыс істеуді өзінің парызы деп санап, тіліміздің күнделікті қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосуы керек. Сондықтан Парламент заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеп, қабылдаса, бұл біздің халқымыздың мүддесінен шығуға қосқан үлесіміз болар еді. Көбіне заңдардың бастапқы мәтіні орыс тілінде жазылып, артынан қазақ тіліне жаманды-жақсылы аударылуының себебі ретінде мемлекеттік тілді жетік меңгерген заңгерлердің, түрлі сала мамандарының тапшылығы айтылады», – деді ол.

Білім және ғылым министрлі­гі­нің мәліметіне сәйкес, 2013 жылы жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде білім алушылар саны 85 мыңнан асса, биыл олар­дың саны 89 мыңға жеткен. Соңғы екі жылда диплом алып шыққан, мемлекеттік тілде білім алған заңгерлердің жалпы саны 4200. Осы деректерді санамалаған төраға «Олардың бәрі қайда жүр?» деп назаланды.

Жақыпов мырзаның сөзінің «тұздығы» – депутаттарды мем­ле­кеттік тілде заң жобасын дайын­дауға кірісуге үндеуі болды. «Депутаттық корпус алдымен өзі үлгі көрсетіп, мемлекеттік тілдегі заң жобасын дайындауға кірісе алар еді деп ойлаймын», – деді ол. 

Бұл ұсынысты халық қалаулы­ла­рының қалай қабылдағаны ал­дағы күзде шақырылатын төртінші сес­сияда анық болады. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана

Серіктес жаңалықтары