Украина – Еуроодақ табалдырығында
Украина – Еуроодақ табалдырығында
Украинадағы бейберекетсіздік неден басталып еді?
Бұл сауалға жауап беру үшін кешегі биліктің іс-әрекетіне аз-кем шолу жасауға
тура келеді. Билік тізгіні Виктор Януковичтің қолында тұрған кезде Украина
мемлекеті біраз құлдырауға тап болды. Қазір белгілі болғандай, елдің ақшасын
шетелдегі есепшоттарына аударған отбасы халықтың қамынан гөрі, қара басын
көбірек ойлағаны анық.
Одан бөлек, Еуроодақ
келісіміне қол қоятын шешуші сәтте мәселені кейінге шегерген Януковичтің бұл әрекеті
күмән туғызды. Әу баста билікке Ресей атқамінерлерінің қолдау-қолпаштауымен
келген ол елінің мүддесін аяқасты етуге барды. Ресеймен арадағы газ келісімі
мен қордаланып қалған қарызды желеу етіп, Еуроодақ қауымдастығына қол қоюға
асығыстық жасамау керектігін жеткізді. Бұдан соң Ресейдің айтқанымен жүріп,
айдағанына көніп келген биліктің мұнысына күйінген халық наразылық шараларына
шықты. Ал «Еуромайдан» деген атқа ие болған ереуіл бір емес, жарты жылға
созылды. Халық талабы – кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлау
өткізу болатын. Сөйтіп, Украинаның оппозициялық серкелері бастаған топ оның
уақытын да белгілеп, жаңа президенті Петр Порошенконы да сайлап алды.
Алайда, бүгінде елден
береке кетті. Ресей Қырымды қоластына алып, ізінше Донецк, Луганск облыстарын
да қарамағына енгізбек болды. Қазір Украинаның шығысы әлі де толқу үстінде.
Арнайы сепаратистер аспаннан оқ жаудырып, жергілікті тұрғындардың мазасын алуын
доғарар емес.
Ал, халық алдында
«Еуроодақ келісіміне қол қоюды жаңа 2015 жылға дейін жүзеге асырамын» деп уәде
берген президент Петр Порошенко бұл іске кірісіп те кетті. Бүгін Брюссельде
Молдавия, Грузия, Украина мемлекеттері Еуроодақ мемлекеттері мүшелері
жетекшілерінің төтенше жағдайлар саммитінде Еуроодақ экономикалық қауымдастығы
келісіміне қол қойды. Бұл маңызды құжатқа Еуропалық кеңестің президенті Херман
Ван Ромпей мен Еурокомиссия президенті Жозе Мануэль Баррозу, т.б. ЕО мемлекет
мүшелері де қол қойды. Негізінен бұл келісімді ЕО-ға мүше 28 мемлекеттің бәрі
ратификациялау керек екен. Келісімнің саяси бөлігіне 21 наурызда қол қойылса,
экономикалық бөлігінде Украина мен ЕО арасындағы еркін сауда аймағы туралы
мәселе талқыланып, экономикалық интеграцияны дамыту сөз болды. Ал Еуроодақ,
Ресей және үш посткеңестік мемлекеттер – Украина, Молдавия, Грузия арасындағы
үш жақты кеңес ЕО қауымдастығымен келісімге 11 шілдеде қол қояды деп
күтілуде.
Украина президенті
Порошенко салтанатты рәсімде өз сөзін ағылшынша айтып, украинша: «Еуроодақ
жасасын! Украина жасасын!» деп аяқтады.
Бір қызығы, осы
жаңалықтан соң саясаттанушылар «Бұл Ресейдің геосаяси жеңілісі!» дегенді
айтуда. Тіпті, ресейлік шенеуніктер «Келісім Ресейге экономикалық шығын әкеліп,
Украина экономикасына қауіп тудыруы мүмкін..» деп мәлімдеме жасады.
«Экономикалық мәселе ешкімді қызықтырмайды. Қырымдағы және Донбасстағы
жағдайдан кейін экономикалық шығын мен пайда туралы әңгіме жоқ. Ресей мен Батыс
арасында геосаяси күрес бар. Бәлкім, ресейліктерге мұны есту қиын шығар, бірақ
олар бұл күресте оңбай ұтылды. Батыс елдерінің қысымы күшеюде әрі Украинаның ЕО
қауымдастығына қол қоюы Батыстың геосаяси жеңісі деген сөз», – деді Кедендік одақтың Украинадағы бұрынғы
өкілі Виктор Суслов. Қалай десек те, сөзінің жаны бар…