312
«ШАЛА ҚАЗАҚ» ТА, «АДА ҚАЗАҚ» ТА БОЛМАЙДЫ
«ШАЛА ҚАЗАҚ» ТА, «АДА ҚАЗАҚ» ТА БОЛМАЙДЫ
Соңғы кезде баспасөз бетінде, сұхбаттарда «шала қазақ» ұғымын айту, келтіру, ол туралы мәселе көтеру жиі кездесуде. Осы төңіректе ойланып, «нағыз қазақтардың» ұсынысын талдап қарасаң, көңілің налиды екен.
Сонда осы ұғымның авторлары «шала қазақты» төмендетіп, келемеждеп, менсінбей не мақсатты межелеуде? Менің ойымша, олардың біразы депутаттар, әкімдер, министрлер, жемқорлардың көлеңкесінде жүріп, олардың дастарқанының қалдықтарына риза болып, басқа «сыбағаларымен» де пенделік күнін көріп жүрген пенделер сияқты. Ал, сол «нағыз қазақтың» көбі қазақ халқы мен атамекеніне жақсылық істеп жүргені шамалы.
«Нағыз қазақ» емес – ұлтжанды қазақ әріптес ағам Мұхтар Шахановтың талай рет ашынып айтқаны есіме шегеленіп қалған: «Бүгінде шындығын сақтаған, таза, адал, әділ тұлғалар жылдан-жылға азайып барады… Қазақстан Жазушылар одағының 777 мүшесі бар екенін ескерсек, соның 10-15-і ғана ұлттық мүдде күресінде бізбен бірге… Қалғандары… іске келгенде, үстелінің астына кіріп кетеді. Себебі, сөзі басқа да, ісі басқа…»
Менің пайымдауымша, кейбір «нағыз қазақтар» өз ұлтының тарихын да терең білмейді. Сонда, ұлы Абайдың өз кезінде, өркениетке ұмтылсақ, орыс тілін игеріп ал дегені, Шоқан Уәлихановтың Санкт-Петербургтегі Ресей География (жағырапия) қоғамының мүшесі болғаны – оларды «шала қазаққа» жатқызғандары ма? Қайран, Абай, бекер күңіренбеген екен!
Ал, Кеңес дәуірінде қаншама «шала қазақ» біздің ұлтымызды әлемге жақсы жағынан паш етті! Мәселен, Әнуар Әлімжановтың «Сувенир из Отырара» деген шығармасынан кейін дүние жүзі әл-Фарабиді қазақ екен деп мойындады. Ал Олжас Сүлейменов «АзиЯ» кітабы арқылы қазақ (түркі) жазбасының тереңде, ежелгі заманда жатқанын дәлелдеп, талай Ресей, Еуропа ғалымдарының еңбектерін жоққа шығарды. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев – қазақ халқының тұңғыш ғарышкерлері боп, кеңес кезінде ортаазиялық және кавказдық кеңес кезіндегі ағайындарымызды қызғанышқа қалдырды. Әйгілі «Ялла» жетекшісі Фарух Закиров осы жағдайды Алматыға келгенде өз сөзінде мойындаған.
Сейітқазы Матаев кезінде бүкілодақтық «Известия», «Жизнь» басылымдарының тілшісі болып, бүгінде ҚР Журналистер одағын және «Қазпресс-центрді» басқаруда. Ақын, аудармашы Марат Әдібаев 2009 жылы ұлы Абай өлеңдерінің ең үздік аудармашысы ретінде танылған. Оның «37 стихотворений Абая» кітабын Ресейдегі Қазақстан мәдениеті жылы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге тапсырған. (Әрине, осындай елеулі жаңалықтар кейбір «нағыз қазақтың» есінде қалмайды). Бигелді Ғабдуллин – «Центральная Азия Монитор», Әділ Ибраев – «Караван», Бекет Момынқұлов – Жамбыл облыстық «Знамя труда» газеттері, Орынбай Жанайдаров – «Нива» журналының бас редакторлары. Тізімді жалғастыра беруге болады. Оларды қойғанда, «ZHERSU» корпорациясының жетекшісі Бауыржан Оспанов көп жылдан бері қазақ балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді .
Қазіргі жағдайда, «нағыз қазақтың» көбі мықтылығы жағынан «шала қазақтар» – академик Мәулен Балақаев, әйгілі неміс Герольд Бельгер, әзірбайжан қызы Асылы Османдардың көлеңкелерінен шыға алмай жүрген болар…
Мен жақсы білетін сыйлы замандастарым жеткілікті. Олар – Мұхтар Шаханов, Софы Сматаев, Сейфолла Оспан, Иран-Ғайып, Темірхан Медетбек, Аманхан Әлім, Бейбіт Қойшыбай, Нұртөре Жүсіп, Рақымжан Отарбай, Жолтай Әлмәшұлы, Ғалым Қалибекұлы… Бірақ, мен оларды «нағыз қазақ» дегім келмейді. Мен оларды нағыз ұлтжанды қазақтардың қатарындағы азаматтар деп санаймын.
Ал, «нағыз қазақтар» қайда жүр? Олар неге қазіргі заманғы талантты жазушы қыз Гүлзат Шойбековаға жол бермейді? Мен оның екі-үш хикаят-әңгімелерін аударып көрдім. Тамаша жазушы, ерекше көзқарас!
Неге әлгіндей «белсенділер» өте талантты, сегіз қырлы балалар жазушысы, ақыны Арасанбай Естеновке жол бермейді?
Неге осы «білгіштер» публицист Көлбай Адырбекұлының «Казахское дело» эпопеясын бағаламайды? Менің байқауымша, бұл журналистің сериялық (отыздан аса) документалдық-публицистикалық еңбектері Желтоқсан құрбандарына арналған шығармалары қазақ үшін тарихи-танымдық шежіре. Ал, неге бұл құнды дүние осы уақытқа дейін орыс тіліне аударылмаған? Мүмкін, «білгіштер» Көлбайдың аты басқа елдерге паш етіліп, оның жұлдызы жанып кетеді ғой деп сескене ме?.. Сұрақтар көп…
Мен өзім «шала қазақ» Герольд Бельгермен жиырма жылдан бері қатынасып-араласып жүрмін. Бүгінде ол кісіні әзіл-шынын араластырып, Герольд ибн Карл аль-Дивани деп құрметтеймін. Неміс ақсақал әңгіме арасында талай айтқан: «Қазақтарды қазір «ада қазақ», «шала қазақ», «таза қазақ», «нағыз қазақ» деп бөлген дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені осы «шала қазақтардың» немесе «ада қазақтардың» ішінде де қазақтың қамын жеп, ұлты үшін жанын беретіндер аз емес. Керісінше, шындап ойлап қарасаңыз, басқаға қазақтың кім екенін дәлелдеп жүрген жоқ па?.. Өз басым Олжас Сүлейменовті қазақ халқының біртуар өкілі деп санаймын…Тілден де күшті құдырет бар. Ол – сана. Қазақ тілін білмейтін қазақтар болады, бірақ патриоттығы керемет. Түрлі мамандық иелері, айталық, дәрігерлер, ғалымдар немесе техника саласының әр түрлі мамандарының біразы қазақ тіліне шала екенін білеміз, енді осылардың бәрін «қазақ тілін білмейсің» деп кеуделерінен итерсек, қазақта кім қалады? Онда, тіл білеміз деп, құр ұрандатушылар ғана қалады емес пе? Сондықтан, қазақ бірін-бірі тілге бола тұқыртып, бір-біріне алакөзденуді доғаруы тиіс. Сол «шала қазақтарда» сана, жүрек, түйсік «қазағым» деп тұрса, ол жаман ба? Осы керегі қазаққа…»
Мен кейде терең ойға шомып кетем. Гер-аға айтқандай: «Қазақ жазушыларының бәрі «классик», «ұлы», «дарабоз», «корифей». Ал, қарапайым жазушы жоқ…»Айтқаны – шындық. Бүгінде менің ойым мүлдем басқада: «Осы «шала қазақ» ұғымын ойлап тапқан адамның өзі кәдімгі қазақ екендігі күдік келтіреді».
Алмат ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,
ҚазМУ журналистика факультеті
орыс бөлімінің түлегі,
аудармашы