ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ
ашық дереккөзі
470

Өзекті мәселе Өскеменде талқыланды

Бүгінде дін туралы әңгіме көп. Соның ішінде радикалды ағымдар төңірегінде. Бұл жерде алдымен мынаны айтқан жөн. Радикалды ағымдардың басты мақсаттарының бірі – дін мен дәстүрдің сабақтастығын, дәстүрлі рухани құндылықтарды жоққа шығару. Осыған орай радикалды идеология өкілдері мемлекеттің зайырлы қағидаларына қатысты қоғамның теріс көзқарасын тудыруға тырысып бағуда. Алайда зайырлы қоғам дінді мемлекеттен ажыратқанмен, қоғам өмірінен аластатпайды. Мемлекет кез келген діни бірлестіктің қызмет жасауы үшін теңдей жағдай жасайды, олармен әріптестік қатынастарды ұстанады. Басқаша айтқанда, зайырлылық үйлесімділік пен өзара сабақтастықтың негіздеріне сүйенеді. 

Аталған мәселелер Өскеменде ҚР Дін істері агенттігінің бастамасымен өткен «Дін мен дәстүр радикализмге қарсы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында көтерілді. Алқалы жиынның мақсаты – дәстүрлі рухани құндылықтар мен дін арасындағы өзара қатынастың діни радикализмге қарсы тұрудағы ықпалын талдау. Конференцияға дәстүрлі дін өкілдері, танымал ғалымдар және ең маңыздысы жастар қатысты. 

Пленарлы мәжіліс кезінде ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов: «Мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары мен діни бірлестіктердің қызметін халықтың радикалды идеялардан сақтық иммунитетін қалыптастыру жолында бір арнаға түйістіру қажет. Бастысы – жалған діни ағымдар арбауына түсіп қалмас үшін азаматтарымызды діни қауіп-қатерден аман сақтауымыз, олардың интеллектуалдық қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек. Ғасырлар бойы халқымыз дінді рухани байлықтың көзі деп білді. Адамзат баласына ортақ рухани құндылықтар да діни қағидалармен өрілген», – деді.

Конференцияға қатысушылар отбасылық тәрбиеге ерекше мән беру керектігін де тілге тиек етті. Бүгінгі таңда отбасының, отбасы құндылықтарының маңыздылығы артты. Сол себепті, радикалды идеология рухани құндылықтардың өзегі – отбасыға бірінші кезекте соққы жасайды. Адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлыққа отбасынан бастап тәрбиелеу қажеттігі сөз болып, рухани тамыры дәстүрлі және отбасы құндылықтарымен сабақтасқан Қазақстанның бүгінгі қоғамының ішкі жағдайы біздің басты күш-жігеріміз екендігі айтылды.

Радикалдар насихат жұмыстарын өздерінің басты қаруына айналдырды. Ал дін өкілдері бұл қаруды өз пайдамызға икемдеуіміз керек дейді. Бұл тұста БАҚ-тың маңызы арта түсетіні анық. Қазір радикализмді сынға алатын мақалалар мен бейнесюжеттер бізге өте қажет.

Конференция қатысушылары бұл іске зиялы қауым өкілдерін де қатыстырған жөн деген қорытындыға келді. Өйткені интеллигенция халық дәстүрінің, рухани және өнегелік құндылықтардың сақтаушысы әрі таратушысы. Жиын соңында қатысушылардың қарары қабылданды.

Ермек ДЮЗКЕНЕВ

Өскемен қаласы


Мектеп – білім ордасы

 Есімде… Ең алғаш 1-сыныпқа барған кезім. Мен ол күнді асыға күткен едім. Себебі, әрқашан көшеде ақ бантик таққан қыздарды, әдемі мектеп формасын киген оқушыларды көрген кезде оларға қызығушылықпен қарадым. Сол арманыма жетіп, 1 қыркүйек күні мектеп табалдырығын аттадым. Анам мені қолымнан ұстап, сыныпқа алып кірді. Сол кезде мен алғаш рет өзімнің сынып жетекшім Момбекова Гүлнар апайды көрдім. Ол кісі өте мейірімді, жылы жүзді, кең пейілді адам. Қолымызға әліппені ұстатып, әріп үйреткен Гүлнар апайға алғысым шексіз.

 Иә, есіме алған сайын сол сәттерге қайта оралып, бастауыш сыныпты тағы оқығым келеді. Бірақ міне, көзді ашып-жұмғанша 11-сыныпқа да келіп жеттік. Мектеп бітіруімізге санаулы күндер қалды. Соңғы қоңырау осы жылы біз үшін расында да соңғы рет соғылады. Әрбір жас түлек мектеппен үнсіз қоштасу үстінде…

 Мектеп… Бұл сөзде қаншама мағына жатыр десеңші! Мектеп – үлкен отбасы, ұстаз – ақылшы, екінші анамыз. Ал сыныптастар – жақын досымыз. Мектепте біз шынайы дос табамыз, білім аламыз. Ал сол білім нәрін санамызға сіңіретін ұстаздар. Маған білім нәрін сусындатқан, әрқашан көмек беріп, демеп отыратын сүйікті ұстаздарым: Өмірбекова Айгүл, Айтмұхамбетова Индира, Жақсыбаева Жұмагүл, Өмірзақова Гүлсара, Сапарова Құрбанкүл апайларға үлкен алғыс білдіремін. Қазіргі таңда әрбір жас түлектің арманы, мақсаты өмір сынақтарынан жақсы өту, жоғары оқу орнына түсу, ұстаздарымыз бен ата – анамыздың үмітін ақтау.

 Алтын ұя мектебім,

 Төріңнің аттап мекенін.

 Жүрміз ғой біздер білім ап,

 Мақтан тұтқан өз жерін.

 Мектебім, сенсің атар күн,

 Қуанышым, тірегім!

Мектеп – білім айдынындағы үлкен кеме. Сол кемеде біз он бір жыл бойы білім нәрімен сусындадық. Өмірдегі ең ұмытылмас сәттерді өткіздік. Мен өзімнің №39 гимназия түлектеріне алдағы Өмірдің сынағынан сүрінбей өтіп, жүректері қалаған оқу орнына түсіп, өмірден өз орындарын табуына тілектеспін!

Әйгерім Сақанова, 

№39 мектеп-гимназиясының оқушысы 

Іле ауданы, Боралдай кенті 

Мағжан сенген жастар ек…


Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты –

Мен жастарға сенемін! 

Қазақ поэзиясында айрықша із қалдырған, өзіндік өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат етіп қалдырған ақын – Мағжан Жұмабаев болатын. Осы аманатты біздің жастар қалай сақтауда? Қалай жүзеге асыруда?- деген сұрақтарға еңсеміз түсіп жауап береміз. 

Неге? Не себепті? – деген сұрақтар тағы пайда болар. Бұл сұрақтарға бір ауыз сөзбен жауап беру мүмкін емес. 

ХХІ ғасыр жастары дайын асқа – тік қасық болып тұр қазір. Мүмкін біздің заманымыздың қамтылу жағдайына байланысты шығар. Дайын ас, дайын дүние, дайын технология шетелден келіп жатқан. Осы дүниені өз қолымыздан жасап, жаңаша түрін шығару мүмкін емес пе? 11 жыл мектеп қабырғасында, 4 жыл жоғары оқу орнында, тағы сол сияқты білім алатын орындарда ақша үлкен рөл ойнайды. Білімге қарап жатқан ешкім жоқ. Міне, бұл сұрақ жауабы осылай. ХХ ғасыр жастарымен салыстыратын біздің тапқыр жастар қауымы аз. Ол кез жастары таңғы алты уақытынан еңбек етуге аттанып, оқуына, оқу ақысына, керек болса ата-анасына тапқан таянғанын жеткізіп отыратын. Бұл дегеніміз маңдай термен, еңбекпен келген ақы еді құны бар. Біз тұрып жатқан көп қабатты үйлерді сол ХХ ғасыр жастары тұрғызған. Қазіргі жастарға бұл жұмысты айтсаң мысқылдай күле жөнеледі. Жүргендері әр бұрыштан оңай жұмыс іздеп жігіттеріміз тентіреп, ал қыздарымыз жайлы айтпай-ақ та қояйық. Қарап тұрсақ қарын ашарлық жағдай. Қолдарында айфон, мінген машиналары гелень қазақ ер-азаматтары қала ішінде жүр, қызығарлық. Арғы жағына үңілетін болсақ, ата-аналарының арқасы. Кредит деген жауымыз жаулап алған. «Сенен аяғанымды – ит жесін» деп ата-анамыз жағдайына қарамай, перзенті үшін жүгіреді. Ал біз бұл дүниелер қадірін білмей де қалып жатамыз. Кеңседегі жұмыс уақыты біткен соң, өз үйің – өлең төсегіңе келіп демалғанға не жетсін. Кешкі ас ішіп, ата-анамыз, отбасы қасында мауқымызды басып, әңгіме дүкен құрудың орнына, өкінішке қарай, клуб, кафе, бильярдқа барып демалғанды жақсы көреміз. Айлық ақымыз осы қыдырудан-ақ артылмайды. Шет елге еліктеуді қою керек. Бұл бәрінен шектеу емес, көрпемізге қарап көсілу керек деген мағынада. Ата-анамыздың жағдайына қарауды меңзеу. Қазақ жастары білімсіз деген сөз емес. Еріншектік, жалқаулықтан арылу – ең басты мақсатымыз. Алтын ағаларымыз ұран салып, жол сілтесе, тау қопарар жастармыз.

Фариза Мұрат,

Абылайхан атындағы шет тілдері 

университетінің 3-курс студенті

Қоғамдық көлікте де өмір бар 

Бүгінгі таңда халыққа қызмет етіп жүрген қоғамдық көлік мәселесі жиі қозғалатын тақырыптардың бірі болып тұр. Өміріміздің жартысы жолда өтетіні мәлім, олай болса, жеке көлігі жоқ азаматтар осы қоғамдық көліктерді қатынас құралы ретінде пайдаланады. Ал осы қоғамдық көліктегі мәдениет қандай деңгейде? Қоғамдық көлікті жиі тұтыну­шы­лардың бірі ретінде бұл жағдай мені де алаңдатады. Көлік ішіндегі мәдениеттің мүлдем жоқтығына күнделікті куә боламын. Жасы келген апаларымыз бен аталарымыз кіріп келгенде өтірік ұйықтап қалып, орын бермейтін жастарымыз да жетерлік, бұл ұят болса да заман шындығы. Ал тіл мәселесі тіпті ушығуда.  Жолсеріктер, яғни кондукторлар көше атауларын орыс тілінде хабарлап жатады. Тағы бір мәселе – осы жолсеріктері қазақ азаматтарына: «Ей, болшы тез-тез, майыспай…» деп дөрекілеу сөйлеп, өзге ұлт өкілдеріне сыпайы, мәдениетті түрде жеткізеді. Әрине, жолсеріктерінің жолаушыларға сыпайылық, құрмет көрсеткендері қуантатын жағдай, бірақ сол құрметті жалпыға бірдей көрсете білсе дейсің. Өз елімізде тұрып сыпайы тілдесуге, құрметке ие бола алмайтынымыз өкінішті. Жүргізушілер де жол тәртібін бұзып, бір-бірімен жарысып, адам емес отын тасып жүргендей жылдамдықты асырып жүреді. Осындай кездері өмірің үшін қорқыныш сезімі ұялап жатады. Жолаушылар мен кондуктор арасында дөрекілік жиі орын алады. Қоғамдық көліктерді көбінесе студенттер пайдаланатыны мәлім. Бүгінгі студент – ертеңгі әке, ертеңгі ана. Ал осындай жағдайларға куә болып жатқан өскелең ұрпақтың болашағы не болмақ? Міне, осындай мәселелерге жоғарыда отырған ағаларымыз көңіл бөлсе екен дейміз.

Медет ОЛЖАЕВ

Алматы қаласы

Балдырғандар Миланға барады

Қазақ халқы ертеден «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты сөзді санасына сіңіріп өскен. Дегенмен елімізде жәутеңдеген қара көздердің және жетімдер үйінің қатары жыл сайын артып жатыр. Балалар үйінде тәрбиеленетін қара домалақтарды демеу барысында «Бауыржан» қайырымдылық қоры «Нұр Отан» ХДП қолдауымен «Арманыңа жақында» атты әлеуметтік жобаны екі жылдан бері жүзеге асырып келеді. Бұл жоба – республика көлемінде жетім балаларға арнап ұйымдастырылып отырған бірден-бір игілікті шара. Ұйымдастырушы «Бауыржан» қайырымдылық қоры бұдан өзге де  көптеген игі шаралардың ұйытқысы болып жүр. 

«Арманыңа жақында» әлеуметтік жобасы – жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар арасындағы футболдан республикалық чемпионат. Чемпионаттың басты жүлдесі – Еуропа қалаларына жолдама. Футбол чемпионатына балалар үйлерінде тәрбиеленетін 11 мен 14 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Жоба жеңімпаздары «Бауыржан» қайырымдылық қорының арқасында халықаралық деңгейдегі футбол клубтарының тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алады. Өткен жылғы чемпионатта жеңімпаз атанған команда Барселонаға сапар шегіп қайтқан болатын. Ал биылғы ойын жеңімпаздарына Миланға саяхаттап, әлемге әйгілі «Милан» футбол клубының ойыншыларымен кездесу бақыты бұйырмақ. 

«Арманыңа жақында» жобасының басты ұйымдастырушысы, «Бауыржан» қайырымдылық қорының президенті Жұлдыз Омарбекова бұл жобаның әлі де жалғасын табатындығын айтты. «Жетім балаларға көңіл аз бөлінеді. Оларға біздің қолдауымыз, демеуіміз ауадай қажет. Сондықтан мұндай жобалардың болуы өте орынды. Жоба жеңімпазы атанған команда Миланға жеті күнге барып, демалып қайтады. Чемпионатқа қатысатын балалардың жаман әдеттерден, зиянды әрекеттерден арылып, спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына бұл жоба өз ықпалын тигізуде. Бұл – біз үшін үлкен жеңіс», – дейді Жұлдыз Омарбекова.  

Миланға берілетін жолдама үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 команда сайысқа түскен болатын. Қатысушы командалар саны биылғы жылы былтырғыға қарағанда артып отыр. Былтыр 18 команда арасында ойын өткен еді. ІІ Республикалық футболдан жетім балалар арасындағы ашық чемпионаттың іріктеу турнирлері мамыр айынан бастап барлық облыстарда өтті. Іріктеу турнирлерінен финалдық кезеңге өз аймағында үздік ойын көрсеткен 8 команда жолдама алды. Ақтық кездесуде Тараз қаласынан келген «Барыс» футбол командасы Алматы облысының «Сұңқар» командасымен ойнап, «Арманыңа жақында» Кубогі үшін таласты. Екі құрама арасындағы ойын тартысты өтті. Балалардың барлығы да негізгі жүлдені, яғни Миланға жолдаманы ұтып алуды қалайды. Белгіленген жүлде балалардың алға қарай ұмтылуына, талпынысына, өзіндік сенімдерінің қалыптасуына оң әсерін тигізгені жас футболшылардың жүздерінен көрініп тұр.  

Алаңға кіргеннен-ақ жеңіске ұмтылған Тараз қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері өте сәтті ойын көрсетіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. «Барыс» командасының қақпашысы өз аумағына қарсыластарының бір ғана добының енуіне жол беріп қойды. Ал Тараздықтар ойын барысында 5 гол салып, өздерінің жеңіске лайықты екендіктерін дәлелдеді. Енді Тараздық жеткіншектер Италияға жол тартатын болады. Ал Алматы облысының «Сұңқар» командасы күміс медальмен марапатталды. Жеңіске жеткен «Барыс» командасының жаттықтырушысы Ерік Сәрсенбаев: «Бұл балалар негізінен үнемі футбол ойнап жүр. Алайда осы чемпионатқа қатысу үшін өте көп тер төктік, көп уақытымызды дайындыққа арнадық. Жеңіске айқын басымдықпен жетеміз деп күтпеген едім. Осы жеңістен кейін балаларда үлкен сенім пайда болды. Балалардың арманы орындалып, Миланға жолдама алғанына қуаныштымын. «Арманыңа жақында» жобасын ұйымдастырушыларға балалардың болашаққа деген сенімділіктерін арттырғаны үшін алғысымды білдіремін», – дейді. 

Чемпионатқа қатысқан жас футболшылар арасынан үздік ойын көрсеткендер де назардан тыс қалмады. Белгілі номинациялар бойынша чемпионатқа қатысқан барлық ойыншылардың арасындағы үздіктері марапатталды. «Үздік қақпашы» номинациясын тараздық Югай Данил, «Үздік қорғаушы» атағын Алматы облысы құрамасының қорғаушысы Витряев Александр, «Үздік жартылай қорғаушы» номинациясын қостанайлық Ермолин Виктор, «Үздік шабуылдаушы» номинациясын ақтөбелік Малоиван Виктор, «Үздік ойыншы» атағын тараздық ойыншы Құсайнов Амангелді жеңіп алды. Жеңімпаздар «Бауыржан» қайырымдылық қорының арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар, финалда өнер көрсеткен «Барыс» және «Сұңқар» командаларының ойыншыларына «Қайрат» футбол клубының үздік футболшылары арнайы сыйлықтарын табыстап, жас жеткіншектерге сәттілік тіледі.  

Әсел МАҚСАТ

Алаш сүйсінген Ахаң

Қазақ радиосының эфирінен күн сайын қоңыр дауыспен сөйлейтін Ахат Жанаевтың таныс үніне қызылордалықтар құлақтарын үнемі түріп жүретін. Қызылорданың «Сыр сандығы» атанған А.Жанаев көптеген радио тілшілері сияқты күнделікті тіршілік көлемінде қалмай, республика тынысынан лайықты орын алатын суреттемелер, арнайы репортаж, көркем очерктерімен көрінді. 

Еңбек жолын Қызылорда педагогикалық институтын бітірісімен, 1957-1960 жылдары туған жері Тереңөзектегі қазақ орта мектебінде ұстаз болып бастап, одан соң облыстық радио комитетінде қызмет атқарды. 

Ол 1962-1964 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыған. Ол атақты Левитанмен кездесіп, эфирдің хас шеберлері, жазушы Ираклий Андронников, Константин Рестинский, Юрий Арди, Михаил Трегубовтермен жүздесіп, лекция-әңгімелерін тыңдаған. «Бұл тәжірибе алмасуым өмірімде ұмытылмас күндер деп есептеймін», – дейді ардагер радиожурналист Ахат Жанаев.

1964 жылдың күзіне таман Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болды. Осыдан соң 30 жыл еңбек етіп, 1994 жылы құрметті демалысқа шықты. Зейнетке шықтым деп үйде қарап отырмай, облыс көлеміндегі қоғамдық шараларға белсене қатысуда. Ахаң Сыр еліндегі ерен еңбектің иелері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев, Социалистік Еңбек ерлері Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Сәлима Жұмабекова, Ахмет Халықов, Цайден Хак, Ұзақ Еспанов, еңбек ардагерлері Сейіткерей Ұсабаев, Мөрәлі Шәменов, Совет Одағының батырлары Жәлел Қизатов, Тәйімбет Көмекбаев, механизаторлар Гүлсара Қуандықова, Жамбыл Балбыровтар жайлы терең мазмұнды хабарларын бүкіл елге таратты. 

 Жалпы радио саласында Ахат Әбжаппарұлы Жанаев 34 жыл қызмет жасады. Осы жылдарда жүздеген мың шақырым жол жүріпті. Бұл былайша ешнәрсе емес сияқты. Ал, сол бір шақырымдарды саралап, таразылап көрсек, Ахаң сомдаған талай жандардың табыстары, адамгершілік бейнелері еріксіз көз алдымызға келеді. 

Ахат Жанаев Қорқыт атаның оннан астам күйлерін тірілтті. Қызылорда қаласында тұратын, ел арасында соқыр Нышан атанған Смайыл Шәменұлын тауып алып, сұхбаттасып, 1975 жылы Қорқыттың 12 күйін жазып, облыстық, қазақ радиоларында мақалаларын оқып, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, фольклорист Мардан Байділдаевпен хабарласып, Қорқыт Ата күйлерінің қазақ еліне таралуына мұрындық болды. Бұл – нағыз ерлік, елін шын сүйген азаматтың әрекеті еді. 

 Ахат Жанаевтың сексен жылғы өмір жолдарын саралап қарасақ, балдәурен балалық шағы 1941-45 жылдардағы соғыс өртіне тұстас келсе, 1937 жылы әкесі Әлжаппар Жантуғанұлы Жанаев «халық жауы» деген жаламен қамауға алынып, Рыбинск түрмесінде 1942 жылы қайтыс болды, ал анасы Айткүл де әкесі сияқты 39 жасында өмірден өтіпті. 

 Қиындықтардан шыңдалып өскен қос Жанаев қазақ елінің маңдай алды азаматтарының қатарына қосылып, ел мақтанышына айналды. Ахаңның туған ағасы Нұрхан Жанаев ақын, өзі белгілі журналист атанды. 

 Ол бірнеше рет Қызылорда қалалық кеңестің депутаты болып сайланды. Ахат Жанаевтың Қазақ радиосының эфирінен таратылған хабарларынан басқа «Арысы едің Алаштың», «Өтелген парыз», «Беркінбай әулие», «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» атты шығармаларын оқырмандар жылы қабылдады. 

 Ахат Жанаев Қазақ радиосы мен телевидениесінің үздігі, Қазақстанның құрметті журналисі. Ахаң жайында «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» «Сыр елі», «Сырдария (Тереңөзек)», «Сырдың сырлы сандығы», тағы басқа да жинақтарда жазылған. 

Тынышбек Дайрабай, 

еңбек ардагері

«МЕНІҢ ДОСЫМ» ӘДЕБИ БАЙҚАУЫ!

Қазақстандық софтверлiк компаниялар қауымдастығының (Президенті – Азаматхан Әміртай) «Әдебиет-Olympic» шығармашылық жобалары аясында жас ақындардың «Менің досым» Халықаралық поэзия байқауы өтеді. 

БАЙҚАУДЫҢ МАҚСАТЫ: 

«Біріңді қазақ бірің дос,

Көрмесең, істің бәрі бос» деп ғұлама ақын Абай айтқандай, қазақ елінің жастары арасындағы достық, бауырластық сезімін насихаттау, достық культін көтеру, қоғамдағы өзара түсіністік пен татулыққа үлес қосу.

БАЙҚАУДЫҢ ШАРТЫ:

Қоғам мүшелері арасындағы достық, бауырластық сезімін жырлаған, достық ұғымының мәнін терең ашқан, достықты адамдар арасындағы ең ізгі дәнекер ретінде көрсеткен, достық сезімінің, дос жүрегінің адам өміріндегі, өз тағдырындағы ерекше орнын айшықтай білген өлеңдер қабылданады.

Өлеңдеріңізбен бірге қысқаша өмірбаяндарыңызды қоса жіберулеріңізді өтінеміз.

БАЙҚАУ ЖҮЛДЕСІ:

Бірінші жүлде – Ноутбук

Екінші жүлде – Нетбук

Үшінші жүлде – ебук (электронды кітап)

Үздік өлеңдердің бәріне – Туинбук 

(Қазақ кітабының тарихында тұңғыш рет «Туинбук» (егіз кітап) форматында шыққан «Ғаршы» (Ақберен Елгезек), «Ғаусар» (Ерлан Жүніс) жыр кітабы сыйға беріледі)

Байқауға келіп түскен барлық шығармалар кітап болып шығады;

ШЫҒАРМАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУ УАҚЫТЫ:

Шілде айының 11-ші жұлдызына дейін;

Өлеңдеріңізді және қысқаша өмірбаян­да­рыңызды мына пошталық мекен-жай бойынша қабылдаймыз:

Dostyk2000@mail.ru

Байқаудың қорытындысы және мерекелік іс-шарасы Астана қаласында өткізіледі.

Оқырман хаттарын екшеген Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары