БІЛІКТІ МАМАН ДАЯРЛАУ ОҢАЙ ЕМЕС

БІЛІКТІ МАМАН ДАЯРЛАУ ОҢАЙ ЕМЕС

БІЛІКТІ МАМАН  ДАЯРЛАУ ОҢАЙ ЕМЕС
ашық дереккөзі
364

Мемлекетіміздің заман ағымына сай, өркениетті бағытта дамуы ұзақ уақытқа және қысқа мерзімдерге негізделген стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалардың негізінде жүйелілікпен жүзеге асырылып келеді. Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларында ел дамуының алға қойылған мақсаттарына жетуге мүмкіндік беретін бағыттары айқындалып отырды. Елбасының бастамасымен жасалған «Қазақстан-2030» Стратегиясы барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуін, қауіпсіздігін және әл-ауқатының артуын көздеген болса, бұл меже, бетке алған асу көзделген мерзімнен бұрын игерілді. Бүгінде Елбасы экономиканы әртараптандыру және оны шикізаттық емес, жоғары технологиялық жолға қайта бағдарлау жөнінде жаңа міндеттерді алға қойып, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қарқын алып келеді. 

Әлемдік дамудың тамырын дәл басып отыратын Елбасы төрткүл дүниедегі: даму қарқынының еселенуі, зор демографиялық өсім, азық-түлік, ауыз су тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, индустриялық төңкеріс, әлеуметтік тұрақсыздық, көзқарас қайшылықтары мен әлемдік жаңа экономикалық дағдарыс сияқты жаһандық ауыртпалықтар мен қауіптерді басты назарға ала келе, оған еліміздің «Қазақстан-2050» жаңа саяси стратегиялық даму бағытын қарсы қойып отыр.

Болашақты алыстан болжайтын стратег саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті жеті басымдықты белгілеп берді.

Олар: жаңа бағыттың эконо­микалық саясаты, білім және кәсіби біліктілік, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері, мемлекеттілікті, қазақ­стандық демократияны дамыту, салиқалы сыртқы сая­сат, жаңа қазақ­стандық патриотизм. ХХІ ғасыр бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болатынына сенім білдірген Мемлекет басшысы Қазақстан халқын жарқын болашаққа жол бастайтын, адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырды.

 Қазіргі кезеңдегі жаhандану үрдісінің басты бағыттарының бірі – ғылым мен білім саласындағы жалпыға ортақ жүйені қалыптастыру. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті құрамындағы Политехникалық институттың Арал өңірінің экономикасына, өндірістің түрлі салаларына білікті де бәсекеге қабілетті инженер-мамандар даярлаудағы алар орны ерекше. 

Міне, осы орайда Қызылорда мемлекеттік университеті құрамындағы Политехникалық институтының директоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Асылхан Әшімұлы Шомантаевқа тілшіміз сауал қойған еді.

– Асылхан Әшімұлы, политех­никалық институттың мамандар даярлау мәселесіне тоқталсаңыз…

– Қазақстан Республикасында білім беруді дамыту тұжырымдамасына сәйкес, әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын көпдеңгейлі кәсіби білім жүйесі енгізілді. Мамандар даярлау институттың 8 кафедрасында жүзеге асырылады. Политехникалық институтта барлығы 1200-ден астам студент 13 бакалавриат мамандықтары бойынша білім алуда. Магистратура мен PhD докторантурада мамандар даярлануда. 

 Политехникалық институт Қызылорда өңіріндегі жоғары білікті мамандар даярлайтын, фундаментальды және қолданбалы ғылыми зерттеулерді салалық және аймақтық бағдарламаларға сәйкес жүргізетін оқу-ғылыми-өндірістік кешен болып табылады. Институтта барлығы 153 оқытушы сабақ береді, олардың ішінде 9 ғылым докторы, профессорлар, 65 ғылым кандидаттары мен доценттер бар.

 Политехникалық институтта республикалық «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының 9 жүлдегер оқытушы-профессорлары студенттерге дәріс оқиды. Ғылымды дамыту еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани дамуына әсер етіп қоймай, бәсекеге қабілеттілікке де қол жеткізілетіні айқын. 

 Политехникалық институттың негізін қалап, материалдық-техникалық базасын жақсартуда, ғылыми-педагогикалық мамандармен жасақталуында, кафедра­лардың қалыптасуына ең алдымен жоғары оқу орнының алғашқы ректоры, қазіргі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты У.К. Бишімбаевтың, сондай-ақ қазіргі университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Бисенов Қылышбай Алдабергенұлының еңбегі зор екендігін айта кеткен орынды. Политехникалық институт құрамындағы кафедралар мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті білім беру стандарттарына және біліктілік талаптарына сәйкес мамандар даярлайды. 

 Білім беру бағдарламасының маңыздылығы Қазақстан Республикасында жоғары білім берудің перспективалық бағыттарын дамытудың, сонымен қатар заманауи компьютерлік техникамен оқу орындарын қамтамасыз етудің, білім берудегі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен енгізудің қажеттілігінен туындайды. Кафедра зерт­ханалары қазіргі заман талабына сай компьютерлік техникамен, жаңа ақпараттық технологиялармен, жаңа құрал-жабдықтармен және арнайы қолданбалы бағдарламалық пакеттермен қамтамасыз етілген.

 Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университет 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Университет PhD докторантураның 9 бағдарламасы бойынша білім беру ісіне лицензия алды. Соның 3 бағдарламасы осы политехникалық институтта жүзеге асырылады

– Асылхан Әшімұлы, политехникалық институтта білім бағдарламасына сәйкес,қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарлама аясында студенттердің басқа жетекші университеттерде білім алуына мүмкіндік туды. 

2012 жылдың қыркүйегінен бастап көптілді білім беру бағдарламасына сәйкес Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер кафедрасында даярланатын мамандықтар бойынша көптілді білім алатын 2 оқу тобы ашылып, 27 студент білім алуда. Оларға оқу үрдісі жеке оқу жоспарларына сәйкес қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. 2013 жылдың қаңтар айынан бастап Румыния азаматшасы Аура Мария Танасэ академиялық ұтқырлық негізінде ағылшын тілі пәнінен және қосымша сабақ ретінде ағылшынша үйрету жұмыстарын жүргізуде. 

2013-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индус­триалды-инновациялық даму Стратегиясына сәйкес Политехникалық институт ғимаратында орналасқан инженерлік бағыттағы «Физика-химия­лық талдау әдістері» зертханасы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Зертхана Жапонияның, АҚШ-тың, Швейцарияның, Ресейдің және Нидерландының жетекші өндіруші- фирмаларының заманауи приборларымен жабдықталған. ASTM D 2887 әдісі бойынша анализатордың қолданылуы Varian 450 GC фирмасының газды хроматограф базасында, Agilent-7890 A/ 5975 C хромато-масс- спектрометрінде, Shimadzu IR – Prestige 21, ИК – Фурье спектрометрінде, UV – VIS 1800 спектрофотометрінде т.б. жоғары дәлдіктегі приборлар мұнай және мұнай өнімдерінің сапасын талдауда, одан басқа химия мен қоршаған ортаның нысандарындағы түрлі ғылыми зерттеулер жүргізуде нақты және дәйекті қорытындыларды алуға мүмкіндік жасап отыр.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің 2012-2014 жылдарға арналған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруы бойынша ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр.  «Қасиеттері берілген материалдар алу үшін ЖЭО күлін және инертті шағыл құмды активтендіру – қайта өңдеу технологиясын жасау» және «Композициялық материал арболитті алу үшін ауылшаруашылық қалдықтары – органикалық толтырғыштарды дайындау (қайта өңдеу) технологиясын жасау» тақырыбына жасалып жатқан әрбір жоба бойынша ғылыми жетекшілері т.ғ.д., проф. ҚР ҰҒА академигі Қ.А Бисенов, т.ғ.д., проф. С.С. Үдербаевтармен бірге магистранттар мен студенттер де жұмыс істейді. 

Президенттің Халықаралық Болашақ стипендиясы бойынша институт оқытушылары Жапония, Малайзия, Оңтүстік Корея елдерінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін жоғарылатты. Жоғары білім беруді интеграциялауды жүзеге асыру мақсатында шетелдік мамандарды тартуға және көптілділік бағдарламасын дамытуға назар аударылып келеді.

Биылғы жылдың 29 наурызында Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз қазақстандық агенттігінің аккредиттеу кеңесінде (БСҚТҚА) «Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін аккредиттеу» туралы шешім қабылданды. Сараптама қорытындысына сәйкес, бакалавриаттың 15, магистратураның 9 және докторантураның 2 мамандықтары аккредиттеуден сәтті өтті. Аккредиттеу мақсаты – жоғары оқу орындарының білім бағдарламаларының халықаралық стандарттарға сәйкестігін тану үшін аккредиттеу органының бағалау процесі болып саналады.

Дәлірек айтсақ, мамандан­дырылған аккредиттеу барысында білім беру қызметі, оқу бағдарламаларының сапасы, мемлекеттік стандарттар мен білім беруді ұйымдастырудың және оны жүзеге асыру нормативтеріне сәйкестігі бағаланады. Аккредиттеу шеңберінде халықаралық және отандық сарапшылар тобы білім ордасының оқу ғимараттарымен танысып, жоғарыда аталған маман­дықтар бойынша білім алушылармен, оқытушы-профессорлар құрамымен, жұмыс берушілермен, түлектермен және бітірушілермен кездесті. Сондай-ақ, олар универ­ситеттің «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасында болып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жайына қанықты.Сарапшылар университеттің респуб­ликалық, шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысы мен бакалавр-магистр-докторлардың білім сапасына жоғары баға берді.

Политехникалық институттың материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Студенттер жайлы жатақханада орналасып, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінде дене шынықтырумен айналысады. «Студенттер сарайы» мәдени орталығында өтетін түрлі бағыттағы іс-шараларға қатысады. Студенттер игілігінде «Жігер» асханасы, оқу әскери полигоны, кітапханалар мен оқу залдары, компьютерлік кластар т.б. бар. 

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрамын­дағы Политехникалық инс­титуты –әлемдік білім беру кеңіс­тігіндегі күн санап құлаш жайып келе жатқан жаhандану үрдісіндегі білім беру сапасына деген жауапкершілігі бар, бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы өзіндік имиджі қалыптасқан инженерлер даярлау орталығы. 

Миуа Байназарова

Қызылорда қаласы

Серіктес жаңалықтары