ШӨПТІ ДЕ, ШӨҢГЕНІ ДЕ ӘҢГІМЕ ЕТКЕН

ШӨПТІ ДЕ, ШӨҢГЕНІ ДЕ ӘҢГІМЕ ЕТКЕН

ШӨПТІ ДЕ, ШӨҢГЕНІ ДЕ ӘҢГІМЕ ЕТКЕН
ашық дереккөзі
552

Бүгінгі дамыған заманда, бәсекеге қабілетті қоғамда ақпарат ағынының қарқыны мен әсері айтып ауыз толтыра алмайтын, дәурені ойнап тұрған кезеңге келіп жеткен. Жас ұрпақтың тәрбиесі мен қалыптасуынан бас­тап, бүтін бір халықтың санасына ықпал ететін ақпарат құралдары адам санасының билеушісі аталып үлгерді. Кез келген қара шаңырақтың төрінен орын тепкен – «көк жәшік» бүгінде балаға ермек, қартқа жұбаныш болып отырғандығы рас. Осы орайда, қара халықтың естір құлағына сіңіп, көз майын тауысып көрер телебағдарламалар легі мен олардың сөйлеу тілінің қандай деңгейде екендігін сарапқа салып көрдік. Баспасөз тіліне қарағанда телехабарлар тілі үш бағыт бо­йынша: бейне – дыбыс – сөздердің өзара үйлесімі арқылы анықталады. Телехабарлар тілінің сөзжасамдық құрылысы, стилі, сипаты сол бағдарламаның ерекшелігіне байланысты болады десек, шөпті де, шөңгені де әңгіме еткен қазақ тілді бағдарламалардың басым бөлігінің бағыты қайда апарып соғатынын анықтау қиын. Телехабарлар тілінің әмбебап табиғи ерекшелігінің бірі – интонацияға негізделген бейнелі ауызша әдеби сөйлеу тіліне сәйкес келеді. Тележурналистік шеберліктің басы – кемел де кестелі сөз өрнегін ұтымды, ұшқыр оймен құра біліп, оны дер кезінде, орынды қолдана білуімен анықталатын болса керек. Эфир – көрермен алдындағы өте жауапты сын. Бағдарламада жүргізушінің белгілі бір ойды айту барысында мүдірмей, кідірмей жеткізуі өз алдына, әрбір айтылмақ ойының дұрыс та, түсінікті жетуі аса маңызға ие. Әр саланың өзіне тән заңдылығы барын ескерсек, халық алдына шығып, көпшілікке сөзін тыңдатқан тележурналистердің бүгінгі талапқа сай болып жатқан­дары саусақпен санарлық. Әсіресе, ойын-сауық, зияткерлік, таңғы, сенбілік, ток-шоу бағдар­ламалар легін тізіп көретін болсақ, келсін келмесін, кілең эстрада жұлдыздарының жүргізуі жаңашыл­дыққа саналып, дәстүрге айналуда. Телебағдарламалар тілі – сахна тілінен, ауыз екі сөйлеу тілінен, тіпті көше тілінен айыра алмайтын деңгейде. Оған бас­ты себеп – «кәсіби журналис­тер жоқ, бар болса да, олардың жарыққа шығуына мүмкіндік жоқ» деген тұжырымға келіп тірелеміз. Тайға таңба басқандай көрінетіні сол – өнер жұлдыздарының дауысы қойылмаған, сөйлеу тілі нормаға келмеген, экран алдында өзін ұстауға қалыптаспағандығы болып отыр. Оған дәлел іздеп әуре болудың қажеті шамалы. Сөз парқын түсінгендердің жүйкесі сыр беріп, тіпті теледидар көруден қалған өкпе-назды көрермен қаншама. Бүгінгі журналистиканың бір ақсаған тұсы осы болып отыр. 


«ЭФИР АУРУЫ» ДЕГЕН НЕ?


«…Ұзақ жыл телевизия саласында жүргендіктен өз басым осындай аурудың бар екендігіне күмән келтірмеймін. Бағдарлама жүргізіп, ел аузына ілініп қалған адамның онсыз тұра алмайтындығына сан мәрте куә болдым». «Көк жәшіктен» тағы көріну үшін ол адам бәріне барады. Көкесін салады. Таныс, тамырын жағалайды. «Көрінбей кеттің ғой» деген сөзді жүрегіне ауыр алып, жатып қалатындарын қайтесіз. Ол дарынды актер немесе талантты әнші болуы мүмкін. Ұшқыр сюжеттер жасайтын керемет журналист те болуы ғажап емес. Эфирдiң дәмін татып қалған адам мұның бәрін ұмытады. Оған киелі сахнада өнер көрсеткеннен телевизорда жылтыңдап көрінген әлдеқайда артық. Эфирден айрылған адам ел назарын аудартудың сан түрлі амалдарын жасайтыны да бар. Алысқа бармай-ақ қояйын. Бір кездері шашын тақырлап алып тас­тап, елдің есін шығарған қыз қазір неге орамал тағып, бәрімізге ақыл айтуға көшті? Түсінген боларсыздар. Сондықтан Азамат (Сатыбалды) бауырым осы бір «аурудан» айыққан секілді. Қуаныштымын! Басқалардың да тезірек айығып кетуіне тілектеспін. Дұрысы сол бәленің алдын алу ғой деймін» деген Арман Сқабылұлының әлеуметтік желілердің біріндегі пікірі – ақылдан тасынып емес ашынып, барынша батырып айтылған екен ғой деген ойда қалдырды. Ол кісінің бүгінгі телеарна атауының жай-жапсары турасында: «Телеарналарда мектеп дейтіндей мектеп қалды ма? Бағдарламалардың барлығы сыртта жасалады. Онда кіл жастар. Басшылары қазақтілді емес. Оларға ақыл айтатын ешкім жоқ. Бірен-саран журналистерге қолдан келгенше көмектесуге, ақыл айтуға тырысып жатырмыз. Бірақ, мұны мектеп деуге аузым бармайды», – деп налуы өте орынды. Себебі, жоқтан бардың кебін киген жағдай осындай болып отыр. Осыдан барып, дайын өнімдерді шығару бас­ты қызметі саналған бүгінгі арналар – дәрменсіз бе әлде құлықсыз ба? «Жекеменшік продакшн студиялар өнімдерінің сапасы сын көтере ме?» деген белі бүкір сұрақ туындайды. Оның жауабын мына сипаттамамен анықтауға болатын сияқты. Ең алдымен қалтасы қалың, беріс-алысы, сонымен қоса, танысы бар орыстілді басшылардың қолдауымен жарыққа шығып жатқан телебағдарламалардың көбі дерлік халықтың жүрегіне жол табамыз деп емес, шоу жасап, рейтинг көтереміз деген оймен шығарылып келеді. Құрт-құмырсқа жеп, айғайлап, шыңғырғанды «қызық көрген» бағдарламалардың күрт қаптап кетуі, екі әншінің басын қосып, ұрыстырып, жұлыстырып, халықтың алдында қадірін кетіртіп, ғайбаттап отыруын тамашалауға үндеген бағдарламалардың жаулап алуы жеңіл ойдың көрсеткен қорлығы. Қазақ телевизиясы тарихында бұрын-соңды шыққан бағдарламалар деңгейімен бүгінгі бағдарламаларды тіптен салыстыруға келмейді. Саналы ұрпақтан саналы көрермен шығарып, мерейін үстем ете білген «Ұят болмасын» бағдарламасында әнші, актер атау­лы болмады емес болды, қатыспады емес, қатысты. Әркімнің өз орны, берілген ролі бар. Қатысушылар өз жөнімен, жосығымен сөйлеп, халықты айғайсыз, шусыз, өсек, аяңсыз-ақ өзіне қаратты емес пе? Осыдан келіп, халық жадында жеңіл-желпі, мәнсіз-мағынасыз бос дүниеден гөрі, ақылға қонымды, ертеңге қалар ойы бар тың жобалардың қадірлі болатынына уақыт көзімізді жеткізеді. 


БҮГІНГІ ТЕЛЕЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ТІЛІ ҚАНДАЙ?


Телехабар көпшілікке арналған­дықтан, онда қолданылатын сөздер де аса қысаң не тым әсіре қызыл сөзбен көмкерілмей, жалпыға бірдей түсінікті болуға тиіс. Әрі тым жеңіл, эмоционалды-экспресивті сөздердің жиі қолданылуы да басымдылық танытпағаны дұрыс. Көркем сөз өнерінің сусылдаған ділмәрі, су төгілмес жорғасы, қызыл тілден май тамызып, қу бастан қуырдаққа ет алатын шешендік шебер тілділік те, аса маңызға ие. Бұл қасиет кез келген бағдарламаның (жүргізушінің де) бабын келістіріп, бағын ашады. Дүйім жұртты аузына қаратар суырып салма шешендік өнер қазақтың қанында бар десек, оны бүгінгі қала қазағының бойынан кездестіру қиынға түседі. Екі тізгін, бір шылбырды қолына алып, көк жәшіктің алдынан түспейтін телебағдарлама жүргізушілерінің сөз саптауы соны аңғартады. Сөзіміз дәлелді болу үшін, біраз бағдарламалардың мәтініне назар салдық. Мысалы, «Астана» телеарнасынан шығатын «Ел аузында» бағдарламасын мағыналық, эстетикалық тұрғыдан талдамағанның өзінде, заңдылығы бұзылмауға тиіс «тележурналист тілі» ешбір тілдік нормаға сәйкес келмейтінін көзі қарақты көрермен бірден пайымдайды. Аталмыш бағдарламаның бірінде: «алғашқы орындаған әні «Махаббат мұңы» деп аталатын-ды. Сондықтан болар, мұңды махаббат тақырыбы оның бүгінгі күнге дейін қыр соңынан қалар емес» делінді. Махаббатқа жан бітіп, әншінің артынан ергендігін кім көрген? Сондай-ақ, «Олжас – шоу-бизнестің күйеу баласы атанды», «шоу-бизнестің құдалары», «әншінің өзі мама деп атайтын енесі – республикалық арналарда сценарист болып қызмет етеді», «Әртістер ашылып биледі, туыстар шашылып сыйлықтар әкелді», т.с.с. Бағдарламаның мәтінін жазу барысында кеткен өрескел қателіктерде шек жоқ. Үлкен-кішіге де қадірлі саналып келген өнер жұлдыздарын кекетіп, мұқату арқылы бағдарламаның деңгейін көтеріп, көрерменнің санын арттыру, астарлы мақсат, таяз ой екендігі көрініп тұр. Бұл жағдайда эстрада жұлдыздары емес, бағдарламаның өзі тілінен жаңылып, халыққа сүйкімі кетіп, елдің аузында өзі қалуы бек мүмкін (бұл бағдарламаның негізгі стилі сондай). Халық өсек-аяңға жақын деген қисынсыз түсініктен, орынсыз тұжырымнан арылатын кез келді. Бағдарлама дайындауға келгенде алдына жан салмай жүрген жекеменшік компаниялар, студиялардың көп бөлігі шоудың шекпенін жамылып алып, мағынасыз, халыққа пайдасыз туындыларды шығарып жатады. Соның салдарынан бүгінгі телеарналар бас-аяғы бітіп болмайтын келелі мәселелерге тап болуда. Соның бірі – тележурналистер тілі. Көп жағдайда бағдарлама жүргізушілерінің сөз мағынасын түсінбеушілігінің салдарынан сөздерді стильдік жағынан орынды қолдана бермеуі, айтылған сөз нәрсіз, мәнерсіз, мағынасы жағынан анық болмауы – ой дәлдігі сөз дәлдігімен дөп түспеуінен туындап отыр. 

Барлық стильдің сөздік құрылымы бірдей емес, сондықтан сөйлеу кезінде телебағдарлама жүргізушісі өзіне керек сөздердің құрылымдық ерекшеліктерін ескеруі қажет. Қазақ тілінің сөздік құрамындағы сөздердің жұмсалу аясы да әр алуан. Тіл мәдениетіне жетік болуы үшін, қазақ тілінің сөз байлығын жақсы білу жеткіліксіз, оны орынды, жүйесімен, сөз мағынасын, мәндестік ерекшелігін, әдеби қасиетін, еркін және тұрақты тіркестер құрамына ену мүмкіндігін жақсы білу қажет. Тележурналист өз сөзінде бейпіл сөздер мен диалект сөздерді қолданса, онда ол сөз шеберлігін аяққа басқан болады. Ондай орынсыздыққа мән бермей жүргендердің бірі – Тұрсынбек Қабатов. Оның диалогтарында жиі қолданылатын «балдар, сөйтіп жатырғанда, бара жатырғанда» т.б сөздерді қолданысынан тастайтын түрі жоқ. Қимылды білдіретін «жатыр» сөзі түсінікті, оған жалғанған қосымша жұрнақтың сөз мағынасын қолдануда кемшін тартып, бұлыңғыр, түсініксіз болатынын бірі аңғарса, бірі аңғармайды. Дұрысы, «жатқанда» болу керек еді. Тіл мүкістігі сөздегі морфологиялық тіркестерді дұрыс қолданбаудан да байқалып жатады. Сонымен қатар, лексикалық, мағыналық тұтастығы ажыраған сөздердің саны басым болып тұрғанына келесі мысалдар дәлел. «Астана кеші көңілді» бағдарламасының жүргізушісі Нұрдаулет Шертім бір сөзінде «жануартанудың ұстаздары секілді» дейтін не сатираға, не салмақты-салиқалы ойға жатпайтын қисынсыз әзілдерді жиі қолданады. Бұл бағдарламаның диалогының жұтаң, жұпыны құрылғандығының себеп-салдары осындай сауатсыз әзілсымақтарға әкеп тірейді. «7 арна»-ның төрінен жарнамасы жаңғырып, менмұндалап тұрған «Жеңіп көр» бағдарламасының жүргізушісі Азамат Мадкудың (өзінің айтуы бойынша) журналистика атауынан бейхабар, сөз мәнері, өзін-өзі ұстауы қалыпқа келмегені өз алдына, белгілі бір заңдылықтарға бағынбайтынын сөздік қолданысынан бағамдадық. «Керемет әнші, керемет, балдай дауысы бар», дауыс – көркем, жағымды, әсерлі болмаушы ма еді, қазақ тілінде «тілі балдай» деген теңеу орнымен қолданылып жүр. Оған ешқандай талас жоқ. Жүргізуші ақырып-шақырып тұрғанда аузынан шыққан мына бір сөйлемнің («сендерді мына қыз бүгін зың қылады») мазмұны, тіпті қандай ойды меңзеп тұрғаны түсініксіз. Сөздік қорының жұпынылығын аңғартқан журналист жігіттің мына айтқандарына назар салайық: «күшіңе сеніп кел­дің ба? миыңа сеніп келдің ба?», («ми»деп атын атап, түсін түстеудің орнына «ақылыңа» десе, орынды-ақ болар еді). «Гүлбахрамның бетіне қарасаң, қорқыныш сезімі көрініп тұр», («беті» деп бажырайтпай-ақ «жүзі» деп синонимын қолданса болар еді). «Жеңілгендерді алаңда масқаралап шығаруға рұқсат етіледі» (қатысушылардың аяғын аспаннан бір-ақ келтірген мына сөзді эмоцияға салып айтқандығын ескеріп, саналы көрермен елемеуге тырысқаны анық). Сөйлеушінің сөйлемді дұрыс құра білмеген тұстары жетерлік, тағы да мысалға жүгінсек, «сенің сүйікті көрермендерді қуанта бер», дұрысы, «сен сүйікті көрерменіңді қуанта бер» болуы керек, «құр алақанмен үйге қайтасың», дұрысы, «құралақан үйге қайтасың» т.б түбірі жұрнағымен, жалғауы шылауымен үндеспейтін сөздер жетіп артылады.

«Хабар» арнасындағы «Жаңа күн» таңғы бағдарламасының кезекті шығарылымының жүргізушісі Мақпал Исабекованың тіл мүкістігін сөйлемді дұрыс жеткізбеуінен бе, әлде мәтіннің әуел баста солай құрылғандығынан деп жорамалдаймыз ба? Ол жағы жұмбақ күйінде. Десе де, мынандай олқылықтар кездесіп жатты: «құрметті ата-аналар, сіздің балаңыз ертеңгі қазақ болашағы» – «ата-ана» сөзіне көптік жалғауды жалғаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, «көз көру мүшесіне оң әсерін тигізеді», қолданыста көздің көру мүшесі екендігі дүйім жұртқа аян. Жай ғана «көру мүшесі» десе, түсінікті емес пе? «Адамның күшімен дайындалатын астың дайындалуын көрейік», асты адам дайындайтыны онсыз да түсінікті, оны күшпен емес ықылас, ынта, қызығушылықпен жасап, күш салады десе ұғынықты болар еді. Міне, осындай келеңсіздіктің салдарынан сөйлеудің парқы кетіп, сиқы сыр бере бастаған тоқырау кезеңіне тап болғандығымызды сезінеміз. Хакім Абайша айтқанда, «қайнайды қаның, ашиды жаның мінездерін көргенде» деуден артыққа амал нешік. Тілдің әрі ұтымды байлықтарының біразынан – тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздерден қағылған телебағдарламалардың мазмұны да, мәтіні де көңілден шығатындай емес. Көнекөз журналистердің аузынан «көркемдік кеңестің» қызметі турасында есіткен едік. Бүгінде оның орны ойсырап-ақ тұр. Талап уақытылы қойылып жатса, айтылған бассыздықтың алдын алуға әлі де кеш емес. Осыдан шығатын қорытынды, бүгінгі телебағдарламаларға сыни көзқарас керек, талдау-сараптама керек, сонда ғана белгілі бір жүйеге келіп, тележурналистердің аузындағы сөз түзеледі, сөз түзелсе тыңдаушы да көбейеді. 


Еркежан ЖҰМАТАЙ 

Серіктес жаңалықтары