ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚ ЕТКЕН ЖАС ҒҰМЫР

ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚ ЕТКЕН ЖАС ҒҰМЫР

ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚ ЕТКЕН ЖАС ҒҰМЫР
ашық дереккөзі
772
28 маусым – журналистер күні. Аталған кәсіби мерекеге орай қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ журналистикасында өз қолтаңбасын қалдырған журналистерді еске алуды ұйғардық. Бірінің өмірін күре жол жалмаса, енді бірі аурудан ажал құшты. Төл мерекелері қарсаңында сол жандардың есімінің аталуы да заңды құбылыс.   

«Студияда – Бақыт Досымов»

 

31fa9b91432ab0fac89bcd0d9c02d569.jpg 1998 жылдың 16 мамыры. Қазақ радиосында балаларға арналған бағдарламалар үлгісін жасаған радиожурналист Бақыт Досымовтың жүрек соғысы мәңгілікке тоқтаған күн. Журналистика – Бақыт Досымовтың асыл арманы болды. Сол арманның жетегінде жүріп әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Университетті тәмамдап, қолына дип­ломын алған балаң жігіт радиоға жұмысқа орналасады. Содан өмірінің соңғы сәтіне дейін Қазақ радиосында аянбай еңбек етеді. Өз жұмысын, мамандығын сүйген жан үшін радио екінші үйіндей болды. Ол балаларды өте қатты жақсы көретін. Қазақ радиосының балалар мен жас­тар редакциясында қызмет етіп, кейін сол редакцияның бас редакторы атанғаны да сол себептен болар. Журналистер одағының мүшесі, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері Бақыт Досымов радионың студияларында ғана отырып қалған жоқ. Мерзімді баспасөз беттеріне мақалаларын, балаларға арналған шағын әңгімелерін де жариялап жүрді. Адамға тән асыл қасиеттің барлығын бір бойына жинаған азамат ұлтын сүйген тұлға еді. Тынбай еңбектеніп жүрген Бақыт Досымов сол жылы науқастанып, оқыстан ауруханаға жатып қалды. Жігіт шағында жанына дерт болып жабысқан жүрек ауруы қайта сыр берді. Аурухана төсегінде жатып 1998 жылдың 16 мамырында Бақыт Досымов бақилыққа аттанды. Журналистика тарланы артына жары мен балапандарына, еліне алтын қордағы дау­сын қалдырып кете барды.

 

Қазақ тележурналистикасының саңлағы

 

cc049b45db748fea504bd756590f2239.jpg Бейбіт Құсанбек небәрі 45 жасында жол апатынан қаза тапты. Оқиға 2007 жылдың 6 ақпанында орын алды. Талантты тележурналист тізгіндеген көлік «КамАЗ» жүк көлігінің астында қалған еді. Бұл қайғылы қаза бір отбасын тірегінен айырса, ал қазақ тележурналистикасындағы Бейбіттің орнын ойсыратып кетті. Өмірінің соңғы жылдарында «Хабар» агенттігінде продюсер, тележүргізуші қызметтерін атқарған. Өз мамандығын шын сүйген Бейбіт қазақ телевизиясының қоржынына «Ақиқат ауылы», «Нысана», «Ойталас», «Замана», «Құрдастар», «Ел ағалары», «Бір сәт және бүкіл ғұмыр», «Тіл» сынды көптеген телебағдарламалар қалдырды. Ол дайындаған тележобалардың бәрі де үздіктер қатарынан табылды. Өзі де Елбасының алғыс хатымен марапатталды. Бейбіт Құсанбек – қазақ телевизиясының майталманы. Сондықтан, оның есімін ел есінде сақтау және шығармашылық жолын жастарға өнеге ету барысында «Қазақстан» ұлттық арнасының және «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен 2008 жылдан бері жыл сайын Бейбіт Құсанбек атындағы жас тележурналистердің байқауы өткізіліп келеді. Бейбіттің артында авторлық тележобаларымен қатар жалынды жырлары, сазды әуендері қалды. Ол ән де жазды, өлең де жазды. Бейбіттің ақындығы да, сазгерлігі де, әншілігі де, күйшілігі де болды. Дегенмен, ол журналистика деген тайғақ жолды барлығынан биік қойды. Сол жолда адал қызмет етті. Қазақ тележурналистикасында ерекше із қалдырған Бейбіт Құсанбек есімі қазақ халқының жадында мәңгі сақталмақ.

 

Ол өмірді, өнерді сүйген еді

 

e86e47d9fe992620b6fb1e2881fd8693.jpg 2009 жылы шілденің 16-сынан 17-сіне қараған түн. Қазақ тележурналис­тикасы сыры мен сымбаты келіскен тағы бір тележүргізушісінен қол үзіп қалды. Жас жігіттің ажалы да қара жолдан келді. Достарымен Алматыны араламақ болған Руслан әнші Нұржан Қалжанның көлігінде апатқа ұшырайды. Алматыдағы Гагарин және Жамбыл көшелерінің қиылысында орын алған апат екі бірдей жас жұлдыздың өмірін жалмады. Русланмен бірге көлікте болған «Style BR» тобының әншісі Бауыржан Бегімбетов те 23 жасында жарық дүниемен қош айтысқан еді. Руслан Бөлебай барша қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленді. Әр күн сайын қазақ жұртын таңмен таласа оятатын сол бір сымбатты жігіттің бейнесі ел есінде. Журналистикаға Руслан 15 жасында-ақ келген. Алғашқы мақалалары қалалық және республикалық басылым беттерінде жарияланып тұрды. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналис­тика факультетінде оқып жүріп «Егер мен ВВС басшысы болсам» байқауында жеңіске жетті. Сөйтіп, Лондонға барып, ВВС радиосында өндірістік тәжірибеден өтті. Телевизия саласындағы алғашқы қызмет жолы КТК телеарнасынан басталды. Кейін «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізді. Ол өзін ән әлемінде де сынап көрді. Руслан өмірді, өнерді сүйген жан еді. Руслан – тележүргізуші, Руслан – әнші, Руслан – ақын, тіпті, Руслан – суретші де. Еңбекқор, ізденімпаз, жаңашылдыққа, сұлулыққа, білімге жаны құмар Руслан Бөлебай 24 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түсті. Аз ғана ғұмырында талай белесті бағындырған Руслан журналистика саласына да елеулі еңбек сіңірді.

 

«Асылдан сынық»

 

b94a8828d2b693a208ada82c60ef1a7a.jpg 2012 жылдың 23 мамырында белгілі қаламгер, «Жалын» журналының бөлім редакторы Бекқал Әбіш дүниеден өткен еді. Қырғызстанның Бішкек қаласына жұмыс бабымен жол тартқан қаламгер діттеген жеріне жете алмады. Күре жол қазақтың біртуар қызын ажал құштырды. 40 жасында өмірден өткен Бекқал Әбіш артына өшпестей із қалдырып кетті. Ол жазған кітаптар мен түсірген деректі фильмдер қазақ мәдениетінің мұрағатында мәңгі сақталады. «Замана» газетінде қызмет атқарып, кәсіби маман ретінде қалыптасты. Кейіннен «Жалын» журналында шытырман хикаялары жарияланып тұрды. Сол кездерде еңбегі еленіп, Бекқал Әбіш «Жалын» журналы тағайындаған Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықты иеленді. Қарымды қаламгер қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шахановтың шығармашылығын зерттеумен айналысты. Өмірінің соңғы жылдарында Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың достығы турасында «Екі қаламгер достығы» атты деректі фильм түсіруді қолға алған. Сол мақсатын жүзеге асыру барысында көп еңбектенді. Сол фильмнің кейбір сюжеттерін жинақтау үшін жолға шыққан Бекқал қыз ойға алған ісін соңына дейін жеткізе алмады. Айтып келмейтін сұм ажал Бекқал Әбішті арамыздан ерте алып кетті. Өзі дүниеге келген 23 мамыр күні өмірмен қоштасады деп кім ойлаған. Қаламгердің «Намыс», «Асылдан сынық», «Тұңғиық» сынды прозалар жинағы қазақ әдебиетіне қосқан үлесінің бір бөлігі ғана еді. Жоспарлары да көп болатын. Амал нешік, қазақ әдебиетінің оқырмандары Бекқал Әбіш қалдырған азды-көпті туындыларды қанағат тұтып қала берді.

 

Журналист һәм сиқыршы

 

dad0e74875cba8ae66c5f3baa90c792c.jpg Алтынай Байтоқанова. Бұл есім қалың көпшіліктің есінде сиқыршы, иллюзионист ретінде қалды. 2013 жылдың 29 наурызы. Қазақ өнері өзінің қайсар қызынан айрылған қаралы күн. Алтынай ару аурухана төсегінде жатып көз жұмды. Сиқыршы Алтынай енді көрермендерін таң қалдыра алмайды. Артында Алтынайдың өнерін сыйлаған мыңдаған жанкүйері және жалғыз ұлы қала берді. Көпшілікке сиқыршылық өнерімен танылған Алтынайдың журналистік қырын білетіндер аз. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған Алтынай өмір жолында көп келеңсіздіктерге кезікті. Қолына дип­ломын алғаннан кейін жұмыссыз, пәтерсіз сандалып жүрген кездері де болды. Дүңгіршектерде сатушы, кеңселерде еден жуушы, циркте жарық түсіруші сынды жұмыстардың барлығын да істеп көрді. Өзінің негізгі мамандығы бойынша радиода қызмет атқарды. Сол кезде жаңадан ашылған радио-ситиге қызметке шақырылды. Әуе толқынында «Алтынаймен бірге» деп аталатын авторлық бағдарламасын дүниеге әкеледі. Қазақ тіліндегі ерекше бір бағдарлама әзірлеуді армандаған Алтынай осылайша мақсатына жетті. Алайда, Алтынай бір жерде тоқтап қалатындар қатарынан емес. Өнер әлеміне жаңалық әкелуді көздеген Алтынай Байтоқанова өзінің сиқыршылығымен тек қазақ жұртын емес, әлемді тамсандырды. Ол үнемі ізденісте жүрді. Жаны жайсаң, жанары жалынға толы Алтынай өзінің жеке пәтерін де қазақ өнерінің келешегі үшін құрбан қылды. Пәтерін сатып, сиқыршылық өнерді меңгеруде көп еңбек етті. Сиқыршы Алтынай журналист Алтынайдан алға шықты. Алтынай журналистика саласына да өз үлесін қосуды жоспарлаған еді. Бірақ… Алтынай Байтоқанова 40 жастан енді асқан шағында жарық дүниемен қош айтысып кете барды.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары