АЛТАЙДА ТУЫНДАҒАН ДАУ

АЛТАЙДА ТУЫНДАҒАН ДАУ

АЛТАЙДА ТУЫНДАҒАН ДАУ
ашық дереккөзі
218

Мәселе Өскеменде маусымның 23-інде бой көтеріп, 24-інде орнынан алынған ұлы Абайды қорлаған, масқаралаған ескерткіш жайында болып отыр. Ескерткіштерге қатысты дау бір бұл емес.

Бұған дейін Астанада әз Жәнібек хан мен Керей сұлтандардың ескерткішіне тапсырыс беріп, сосын күл-қоқысқа тасталғаны жайында бүкіл ақпарат құралдары дау тудырған болатын. Егер, қолында билігі жоқ болса да, дауысы бар ақпарат құралдары болмағанда ол іс те елеп-ескерусіз қала берер ме еді? Ақыры ескерткіш «Қазақ Елі» монументінен орын алмаса да, «Арай» саябағына орнатылған болатын. Сөйтіп, қоғамды дүр сілкіндірген дауға нүкте қойылғандай болып еді. 


«Ергежейлі» ескерткіш орнынан алынды


Мәселенің мәнін ашып айтар болсақ, маусымның 23-інде Өскеменде, шырайлы шығыстың орта­лығында Абай Құнанбаев пен Евгений Ми­хаэлиске ескерткіш қойылғаны жайлы және ол ескерткіштің тым ұсқынсыздығы жайлы ақпарат әлеу­меттік желілерді аралап кетті. Ескерт­кіш­ке көз жүгіртіп көрсеңіз, елін, ұлтын және сол ұлттың ұстыны бол­ған тарихи тұлғаларын сүйетін кез келген адамның жүрегі ұстап қалар­дай жағдайда боларыңыз анық. Қан­дай масқара! 

Бұл туралы өскемендік ұстаз Қанат Оралбек Фейсбуктегі парақшасында «Қазақтың алыбынан «карлик» жасаған Өскемен!» деп ашынады. «Өскеменде Абай Құнанбаев пен Евгений Михаэлиске ескерткіш қойылды! Бір қызығы, ескерткіш түн ортасында орнатылған. Демек, мүсіншілер де, тапсырыс берушілер де ескерткіштің ұсқынсыз кейпінен ұялса керек. Ұлы тұлғаны ұлықтаймыз деп мазаққа айналдырдық-ау. Ескерткішті көрген қалалықтардың көбі әлден «Карлик» деп ат қойып алыпты. Бұл не масқара!! Өкінішті»… деп ашынады. Расымен, ескерткіштің мына тұрысының өзі қорқынышты. Қазақтың ұлы Абайы емес, орыстың ертегілеріндегі «карлик» типтес. Қазақ сайттарының біраз осы Қанаттың парақшасындағы ақпаратты бөлісуге асықты. 

Ұлы Абай мен оның заманында өмір сүрген орыс ойшылы Михаэлиске ескерткіш орнатылатыны туралы ақпарат осыдан бір айдай уақыт бұрын жарық көріпті. Ол ақпаратқа сүйенер болсақ, мүсінші Владимир Самойлов пен Евгений Непьянов деген адамдар көрінеді. Қазақ сәулет өнерінде аты беймәлім бұл адамдардың ескерткішті қоюға кімнен, қалай рұқсат алғандығы әлі күнге жұмбақ. 

Ескерткіш орнатылардан бұрын қалалық иә облыстық әкімшілікпен міндетті түрде келісілетіні анық. Алайда қалалық әкімшіліктің ресми өкілдері ескерткішке бір тиын да төленбеді және оны ешкім қабылдап алмады деп, азар да безер болып отыр. 

Мәселен, Өскемен қаласы әкі­мінің орынбасары Владимир Голо­ва­тюк: «23 маусымға қараған түні Абай даңғылы мен Михаэлис­ көшесінің қиылысында осы екі тұл­ғаға арналған ескерткіш қойылды. Бірақ бұл нысан қалалық биліктің мен­шігіне әлі алынған жоқ. Абай-Ми­хаэлис ескерткішінде келісілген нұс­қадан ауытқушылық анықталды. Ескерт­кішті соғушылар қысқа мерзім ішінде сәйкессіздіктерді жояды», – деп түсіндірген. Ал Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Аяужан Әшімова ескерткіштердегі олқылықтарды жою мақсатында мүсіннің авторларға қайтарылғанын мәлімдейді. «Сәйкессіздіктерді жою» деген немене? Сонда осыншама масқаралыққа жол берген әлгі орашолақ, талғамсыз авторлар ескерткіштің жаңа нұсқасын жасап, соны орната ма? Өзін-өзі сыйлайтын елде мұндай авторларға ұлы Абайдың ескерткішін сомдау былай тұрсын, ауланың дуалын да салдырмайды емес пе? 

Ең бастысы, ескерткішті әкімші­ліктің рұқсатынсыз, қабыл­дауынсыз алаңқайға әкеліп орнатқан кімдер? Оған кім рұқсат берген? Оны қабылдап алатын комиссия қайда қарап отырған? Мына ескерткіштің қабылданатынына ескерткіш авторлары сенімді болды ма? Өнерден, пропорциялық теңдіктерден жұрдай адам қалай ұлы тұлғаның ескерткішін соғуға мүмкіндік алып жүр. Біріншіден, бұндай мүсіндерді жасауға тапсырыс берілсе, әуелі тендер өткізілмей ме? Тендер өткізілгенге дейін мүсінші өз мүсінінің суретін өткізіп, оның әкімшіліктің қаншалықты мақұлдағанын алдын ала білмеуші ме еді?! Бұл сонда қайдан көктен түскен ескерткіш. Əкімшіліктің ешқандай қатысы болмауы таңғалдырып тұр бізді.

Абай дегеніміз – қазақ! Қазақ дегеніміз – Абай! Ал оның ескерткішін оңды-солды мазаққа айналдыру, үлкен қаланың ортасына орнату осыншалық жұмбақ күйде атқарылса, одан әкімшілік мүлдем хабарсыз болса, онда жұрт кімге сенбек? 


ЕСКЕРТКІШТЕРІМІЗДЕ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАЛҒАМ НЕГЕ КӨРІНБЕЙДІ? 


Ал ұлтымыздың ұлы тұлғаларына, тарихқа мұндай бей-жай көзқарастың бір күні маңдайымызды тасқа тигізетіні мәлім. Сол үшін кез келген ескерткіш жоғары эстетикалық талғамға сай болуы тиіс. Бүгінде рухсыз, өршілдіктен ада хандардың ескерткіштерінен аяқ алып жүргісіз. Астанадағы үш бидің жерге мөлиген бейнесі, Абайдың тұқырайған түрі, басқа да айта берсең толып жатқан рухсыз, жансыз ескерткіштер болашақ ұрпақтың жігерін жанып, намысын оятқаны былай тұрсын, өз ұлтын қорсынатын сезімге жетелейтіні анық. Ескерткіштерде ұлттың, халықтың жүріп өткен ізімен қоса, халықтың мінезі де берілуі тиіс. Қазақ даласындағы мыңдаған ескерткіштерді көргеннен кейін қазақ бір можан топай халық болған ба деген ой келеді еріксіз. Солай демей, не дейміз? Алматыдағы Аманкелді ескерткіші талайлардың аузындағы анекдотқа айналған. Оңтүстік шығысты бетке алып, Алматы-Өскемен трассасымен жүйткіп бара жатқанда, көп адамның аяқ суытар бекетінің бірі – Үшарал. Осы бекетте анадайдан менмұндалап Ер Қабанбайға орнатқан ескерткіш тұр. Бұл ескерткіштен де өткен-кеткеннің рухани ләззат ала қоюы екіталай. Өйткені қазақтың қайсар батырынан гөрі ескерткіш бейнесінен бір можантопай қойшының сұлбасын байқайсыз. Ал өзге ұлттардың ескерткіштерінен сол халықтың өршілдік, қайсар рухын бірден танисың. Өзге емес, іргеміздегі орыстың ескерткіштерінен-ақ мол тағылым алуға болар еді ғой. І Петрге орнатқан ескерткішті көргенде, сәулет өнерінің қайталанбас ерекше қолтаңбасын көргендей боласың. Қырғызстандағы «Манас» ескерткіші адам жанын ерекше тебірентеді, толғантады. 2011 жылы Түркіменстан астанасы Ашхабад пен Тәжікстан астанасы Душанбеде, Өзбекстан астанасы Ташкентте болған сапарымда да мені ондағы ескерткіштердегі ұлттық нақышы, бояу мен өр рух таңғалдырған. Ал Хунғариядағы «Мың жылдық тарих» ескерткішіндегі бүкіл халықтың арман-мүддесі, ерік-жігері, рухы мен ұлттық арманы бір кешеннің бойында тоғысып жатыр. Еуропаның төрінен орын алса да, көшпенділіктің асқақ рухын сезінеміз. Ал, бізде ше? Көптеген ескерткіштер ешкімге ешқандай әсер етпейді. 


Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары