ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНҒА БЕРІЛГЕН ЖОҒАРЫ БАҒА

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНҒА БЕРІЛГЕН ЖОҒАРЫ БАҒА

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНҒА БЕРІЛГЕН ЖОҒАРЫ БАҒА
ашық дереккөзі
356

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Сапар барысында мемлекет басшысы бірнеше нысандарды аралап, Индустрияландыру картасының жүргізілу барысы және жергілікті халықтың әлеуметтік хал-ахуалымен танысты. 

Елбасы Өскеменде уран өңделетінін, ірі көлемде экспортқа шығару жоспарланып отырғанын айтты. Шығыс Қазақстан кәсіпорындарына көрші елдердің нарықтық кеңістігіне шығуға мүмкіндік туып, кедендік алымдар мен жеңілдетілген салық арқылы бәсекелестікке түсуге болатынын да назардан тыс қалдырмады. «Бұл ретте өнімдеріміз бәсекеге қабілетті бола ма деген сауалға жауап табылады. Мен Шығыс Қазақстан облысында жағымды алға жылжу бар деп есептеймін. Халықтың өмір сүру деңгейі өсіп, экономикасы дамуда. Әлеуметтік жұмыстарға жеткілікті назар аударылады. Дегенмен, алда әлі де жұмыс көп. Біз тағы да бизнеске, инвесторларға еркін жағдай жасадық. Жаһандық экономиканың ахуалында құлдырау үде­рісі байқалады. Әлемдік және еуропалық инвестициялық ресурс­тар жабылып жатыр. Мұндай жағ­дайда біз ішкі қаржы есебінен ішкі сұранысты арттырып, экономиканы көтеруіміз, жұмыс орнын ұсынуымыз қажет», – деді президент Н.Назарбаев. Бұл мақсатта экономикаға 1 триллион теңге бөлінгені белгілі. Бұл қаражат шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй құрылысы, индустриялық-инновациялық нысандар құруды жалғастыру мақсатында жұмсалатын болады. «Шығыс Қазақстан облысы – республиканың ірі өндірістік орталығы. Өңірде «Қазцинк», Үлбі металлургия зауыты, титан-магний комбинаты және тағы басқа ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Еліміздегі титанның, магнийдің, атом стансасы отынының барлық көлемі, мырыштың 90 пайызы өндіріледі. Аталған өнім түрлері бойынша облыс кеңестік уақытта да жетекші рөлге ие болатын. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына облыста көңіл бөлінген. Үлкен қаржы игеріліп жатыр», – деді президент. 

Осы орайда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. Облыс басшысының айтуынша, былтыр жалпы ішкі өнім 2 триллион теңгеден асқан. Ал негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылғы көрсеткіштер мен республикалық көрсеткіштерден төмен емес. «Өндіріс өнімдеріне сұраныстың төмендеуі, бағаның құлауына қарамастан өнеркәсіп саласында тұрақты ахуал байқалады», – деді облыс әкімі. Өнеркәсіп өнімінің өсімі 8 пайызды құрап, 53 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. 100 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының өсімі 22 пайызға артқан. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша жыл сайын 290-300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Биыл 117 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп қойды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы үш жылдың ішінде 37 миллиард теңге бөлінсе, биыл оның 9,70 миллиард теңгесі бағытталды. Үш жылда 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, тағы да жаңа орындарды ашу жоспарлануда. 

Шығыс Қазақстан еліміздегі шекаралы аймақ. Кеден одағының құрылуы арқылы тауар айналымы өткен жылы 4,10 пайызға артып, Ресей мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 1 миллиард долларға жуық қаржыға жеткен. 

Сапар барысында Елбасы тех­но­логиялық жабдықтар өндіретін жаңа зауыт құрылысымен танысты. Өскемен технологиялық жабдықтар зауыты жылу-энергетикалық кешен, құрылыс индустриясы мен металлургия кәсіпорындарына арналған өнімдер шығаруға маман­дан­дырылған. Оның жабдықтары Қазақстанмен қатар алыс-жақын елдерде сатылады. 

Спорт саласы Өскеменде өркен­деп тұр деуге де болады. Себебі Өскемен қаласындағы жекпе-жектер сарайы, жеңіл атлетикалық орталық пен жүзу бассейнінің жұмысы тұрақты, оған Елбасы өзі көз жеткізді. «Экономикалық дамудың арқасында біз әлеуметтік, оның ішінде спорт саласындағы мәселелерді шешуге мүмкіндік алдық. Бүкіл еліміз бойынша спорт нысандары қалпына келтіріліп, жаңадан спорт кешендері салынуда. Атлет­теріміздің нәтижелері де барлық бағыттар бойынша жақсарып келеді. Осының бәрі ұлт саулығын нығайтуда маңызды мәнге ие болып отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары