Қазақ тағамдарын өзге тілде атау орынсыз салтқа айналды

Қазақ тағамдарын өзге тілде атау орынсыз салтқа айналды

Қазақ тағамдарын өзге тілде атау орынсыз салтқа айналды
ашық дереккөзі
486

Қыс кетерде бірнеше күн қызылшұнақ аяз болып, жер бетін қатты қысып жіберетіні немесе құлдықтан бойын жаза алмаған жұрт өзге тілде көбірек сөйлеп, оны мақтаныш көретіні секілді Кеңестің шаңырағы ортасына түсетін қарсаңда кейбір орыстар терісіне сыймай күмпілдеуді мейлінше күшейтіп еді. Рас, кейбіреулердің айтуынша әлгіндей даңғой астамшылықты, әсіресе «ұлы орыс халқы», «ұлы орыс тілі», «орыс батыры», «орыс характері», «ұлы орыс халқының басшылығымен» дегеннің бәрін аты-жөні орыс болып жазылған өте бір айлакер ұлттың өкілдері, саясаткерлері, журналистері, ғалымдары әдейі ойлап тапқан көрінеді.

Рас болса, кейін солардың біразы Израильге көшіп кетіпті-мыс. Қалай болғанда да, Кеңес Одағының түбіне жеткен көп кесірдің бірі – орысты жер-көкке сыйғызбай мақтау болды. Ал «сіз кереметсіз, сіз Құдайдың жердегі елшісісіз, сіз әлемдік деңгейдегі саясаткерсіз, мемлекетке, ұлтқа сіздей еңбек сіңірген адам жоқ деп» – мақтап-мақтап бір адамды, ол басқарып отырған мемлекетті оп-оңай құртып жіберуге болатынын тарих талай көрсеткен. Дегенмен, әлгі «ұлы халықтың» әлде соның атын жамылған әлдебір айлакер ұлт өкілдерінің сол үстемдігі мен астамшылығы қазақ елінде әлі де өз күшінде тұр-ау деп қаласың. Қазір қазақ жерінде себіліп, қазақ жерінде өсіріліп, орылып, қазақ жерінде пісірілген нанның өзіне («московский», «бородинский», «белый русский», «кремлевский», (түрлі-түрлі орысша ат қойылады. Мұның аржағында бұл өзіміздің «русский хлеб», қазақтың нанын жедің деп ауыздарыңды ашушы болмаңдар деген әнжілік ішкі арам пиғыл жатқанын аңқау қазақ түсінбейді. Аңқау қазақ өз нанын өзі беймәлім біреулер қойған атауымен айтып отырғанын да байқамайды. Тіпті «бір булка беріңізші», «бір булочка беріңізші» деп, немесе лепешка, кирпич, пирожок беріңіз деп тілін қырық бұрап тұрады. Қандай надандық екенін кім білсін, солай сөйлеуге, әсіресе қазақтың әйелдері құмар. Солар кәдімгі төртбұрышты нанды «кирпич» деп атап тұрғанда ең қасиетті, ең киелі асты қорлап тұрмын-ау деп ойламайтыны, осы күнгі қазақтың санасы осыншалық құлдырағаны ішіңді удай ашытады. Егер қазақ соңғы 25 жылдың ішінде қай жағынан да соншалықты құлдырамаса, ол ең алдымен өзінің басты байлығы, нанның қазақша алуан түрлі атауы бар екенін, сол атауды ұмытып, өз нанын өзі орысша атаулармен атаудың әрі күнә, әрі бейшара надандық екенін білер еді. Ал үйінің іргесіндегі көрші ұйғыр базарға, асханаға апарып сататын қиықшаға «учпұчмак», яғни «үш пұшпақ» деп ат қойып алған.

Қазір қазақтың қымызын– дүниежүзі немістің ұлттық тағамы, шұбат пен шалапты– жапонның ұлттық тағамы дейді. Өйткені олар осы тағамдарға патент алып алыпты. Қазір мапай, үштабан, әлшітабан, ханталапай, сақаласпақ, арқаласпақ сияқты ұлттық ойындар мен ұлттық оюларды да меншіктеп алғандар бар. Біздің шенеунік байғұстар ондай ұлттық ойындардың орнына не спорт деуге, не басқа деуге келуі қиын «гольф» ойнағанды дәреже көреді. Осындайда марқұм Сапармұрат Ниязовтың: «Мен түркіменнің Алабай иті мен Ахалтеке атынан бастап, әрбір түркіменнің хұқын қорғаймын» дегені еске түседі.

Ал ақыл-есі дұрыс адам, ақыл-есі дұрыс ұлт өзі жерінде өзі өсіріп, өндірген тағамды өзге ұлт тілінде атау отарлау саясатының бір жымысқылығы екенін айтпай-ақ білуі керек. Әйтпесе, қазақша күлше, тоқаш, бауырсақ, самса, қазанжаппай, қатырма, таба нан, жайма нан, майнан, орама, қалаш, тандыр нан сияқты әдемі атаулардан қашып, лепешка, пирожок, ватрушка деп әуреге түспес еді. Сірә, көмешті «кирпич» деудің өзі әрі нанның обалынан қорықпау, әрі нанды кемсіту екенін білмеуіміз біздің мәңгүрттену «курсын» толық аяқтап шыққандығымыздың нышаны шығар. Саналы адам «вермишель», «макарон» деген сөздердің қандай мағына беретініне бас қатырып жатпағанның өзінде орыстың «рожкиінің» қазақшасы айқұлақ, бақалшақ екенін білуі керек қой. Бірақ соңғы 25 жылдың ішінде бұрынғы азды-көпті ұлттық намысы мен ұлттық саналылығынан айрылып қалған қазақ байғұсты бұл мәңгүрттігі үшін де кінәлауға болмайды. Өйткені ең әуелі ұлт деңгейінде емес бүкіл адамзаттық, планеталық деңгейде ойла, көп тілде сөйле деген саясатты бүгінгі қазақтың жас ұрпағының миына құю жұмысы өте қарқынды жүргізілуде. Ал қазақтың астығы мен малының ет-сүтінен жасалған тағамдар салынған қапшық, қалта, дорбалардың сыртына, дүкен сөрелеріне орысша атауларын жазып қоюдың өзі қазақты санасыздандыру үшін, өз тағамынан өзін жат қылу үшін жасалып отырғанын түсінуге жәй қазақтың жетесі жетпейді. Осының бәрі кейбіреулердің өздері «көпвекторлы саясат» деп атайтын көрбақ саясатының, әлі де Мәскеудің империялық сойылынан қаймығуының, ішкі саясатты тәуелсіз жүргізе алмауының кесірінен болып отыр. Және осының бәрі біздің көптеген ақпарат құралдарымыз бен олардағы жарнамалар әлі де Ресейдің ықпалында екендігінен болуда. Бүгінде бүкіл жерінен, оның бүкіл байлығынан айрылып қалған қазақта жалғыз ғана «шүкіршілік» қалды. Ол әзір туған жерінің астығынан пісірілген өз наны мен өз малының етін жейтін мүмкіндікке ғана ие болып отырғандығы. Егер жастардың көбі қалтасына салып жүріп жейтін «кириешки» мен «чипсы», көшеде келе жатып іше салатын «спрайт», «фанталар» осы екпінмен дүкендерге толтырыла берсе, жақында қазақ өз тамағын ішуді де қояды. Осылайша жас ұрпағымыз семіріп, қан айналысы бұзылып, жүрек қызметі ауырлап, бауыр мен бүйрек дерттеріне душар болуда.

Қазақ енді өзі қысы-жазы асырап баққан малының етінен жасалған тағамдарға да орыстың, украинның, ата-бабасы түгіл әлі өзі де қол алысып амандасып көрмеген ұлттардың атауларын беретін болды. Әйтпесе, сон-а-ау Шалқар ауданындағы Шөмішбай не Шұбартаудағы Шерхан арқа еті арша, борбай еті борша болып бағып-қаққан жылқының шұжығына «Полтавская», «Киевская», «Московская» деп ат қойғаны несі? Есігінің алдынан орып алып пісірген нанына «Бородинский», «Варшавский» деп, қазақтың ақбас тұқымды сиырынан сауып алған сүттің дорбашасына «Мумуня», «Крестьянское» деп, бар айырмашылығы дөңгелек етіп, тұз сеуіп қатырып тастаған, балтамен шауып жейтін ірімшікке «голландский» деп ат қойғаны қалай? Осының өзі-ақ қазір әр күнін той-томалақпен, өтірік айтыс, мүшәйрамен, қой сойып, ас берумен, бір қаланың туған күніне немесе 500, 1000 жылдығына миллиондап, миллиардтап ақша шашумен өткізіп жатқан бейқам қазақтың бүкіл тіршілік көзіне Ресей (АҚШ пен Қытайды айтпағанда) бақылау жасап отырғанын ап-анық көрсетіп отыр. Ал, таза қазақ жылқысының етінен жасалған шұжықты «Беккердікі» дейтіндей жөн бар ма?

Қазандай қайнап, теңіздей толқып, тасып-төгіліп жатқан қалың қытайдың ішіндегі аз ғана қазақ (жалпы мұсылмандардың) мал базарына шошқа әкеліп сатқызбайды. Шошқа етін, одан жасалатын тағамдарды сататын дүкендер де бөлек орналасқан. Ал бізде – Қазақстанда ше? Қазақстанда кез келген малдың етінен жасалатын шұжыққа міндетті түрде шошқа майы қосылады. ХХ ғасырдың 60-жылдарында, Хрущевтың кезінде жылқы еті мен шошқа еті араластырылып, «Дружба» деген шұжық шығарылды. Әр үйде «Дружбасыз» дастарқан жайылмайтын болды. Ол заман басқа заман еді. Ал күніге теледидардан әр сөзін «Тәуелсіздігіміздің арқасында» деп бастайтын бүгінгі қазақтар әлі күнге сол күйінде сияқты. Мүмкін, бұған осы күні бүкіл билікті де, байлықты да қолына ұстап отырған кейбіреулер – кешегі кеңестік империяның қолшоқпарлары мен жандайшаптары кінәлі шығар? Өйткені ондайларды қазақ «күшігінен таланған», яғни, күшік кезінен қорқып қалған дейді. Олар құлдық мінезден құтыла қоюы өте қиын. Оның үстіне олардың тілі көбіне орысша. Олар үшін орыс әлі де «великий народ». Оларда ұлттық намыстан гөрі қорыққанын ғана сыйлау басым болады. Бір өкініштісі, орысқол, орысқұмар қазақтар өлер шағы болғанда не қартайып, күш-қуаты кеткенде, қолдан билік, бастан бақ тайғанда өзге ұлттың маржасы мен мұжығына да керек болмай қалатынын білмейді. Талай жылдан бері жүргізілген ышқырлығы бос саясатты «көпвекторлы саясат» деп бүркемелеп келсе, бүгінде оның да әуселесі белгілі болып қалды. Оны бүкіл базар-жәрмеңкелерімізде айранның орнын «био-С», іркіттің орнын – «ряженка», «пеппи», тоқаштың орнын – «хот-дог» сияқты толып жатқан консервант, концентрат қосылған, балаларымыздың бүйрегі мен бауырын, нәзік асқазанын жалмайтын бәлекеттер басқанынан-ақ көруге болады. Бұл

Айрылып ай мүйізді қошқарынан,

Ақ тоқты сары доңыздан торай туды, – деуімізге дәл келетін сияқты. Осының өзі-ақ қазіргі Қазақстан не тілінің тәуелсіздігін, не экономикалық тәуелсіздігін толық ала қойды ма, шетелдің, әсіресе, АҚШ, Ресей, Қытайдың жуынды-суындысын алмаймын деуге де батылымыз жетпейтінін көрсетіп отырған жоқ па деген ауыр ой туғызады.

Ал қымыз бен шұбаттың орнына «кока-кола», «спрайт», «фанта», «коктейль» (мұның қазақшасы – әтештің құйрығы) ішіп, ет пен қуырдақтың, қазы мен қартаның, жал мен жаяның орнына «хот-дог» (қазақшасы – ыстық ит) жеген бала да өзінің ұлтына деген іңкәрліктен жұрдай болып өседі. Ол бала қазақ халқының қымыз, қымыран, шұбат, айран, іркіт, шалап, ірімшік, құрт, қаймақ, кілегей, сүзбе, сықпа, торта, малта, сарысу сияқты сүт тағамдары мен қазақша асқан еттен бастап, жаңағы қазы-қарта, жал-жая, бұж, әсіп, қуырдақ, үзбен, сүр, қақпыш сияқты әрі құнарлы, әрі дәру, әрі күш-қуат беретін, кезінде ата-бабасын Адриат теңізіне дейін шаршатпай-шалдықтырмай апарып, Римді дүр сілкіндіруге көмектескен тағамдарының өзгелерде оннан бірі жоқ екенін білмей өседі. Олар осы күнгі ұнтақ сүтті де (порошок) өте ерте заманда қазақтар ойлап тауып, оны жайлауға көшер алдында дайындағанын да білмейді. Айтсаң, «Да, бросьте... Откуда кочевому казаху такую технологию освоить!» – деуі әбден ықтимал. Білмегесін өзгенің қаңсығына таңсық бейшара болып шығады. Олардың әбден орыстанғаны сондай асхана, мейрамхана мәзірінде жазылған тағамдардың көбі нағыз орыстыкі емес екеніне де санасы жете бермейді. Олар қазақтың астығынан пісірілген тоқашты, самсаны, күлшені айтпай, «булочку пожалуйста!» немесе «одну лепешку, два пирожка» деуінен өзі нағыз бейшаралық пен арсыздық екеніне де жетесі жетпейді. Оның есесіне қазақ жерінде, қазақ елінде тұрып, нанына өзі де тойып, жетегіндегі итін де тойдырып, бау-бақшаға сарытып жүргендер баяғы жетпіс жылды айтпағанда, соңғы жиырма төрт жылда қазақша үш-ақ әріптен тұратын «нан» деген сөзді айтпайды. Біле тұра айтпайды. Бұл, ашығын айтар болсақ, нағыз ұлтаралық әділетсіздіктің айқын бір көрінісі деуіміз керек. Өйткені «нан» деген сөзді сыйламаған, Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін сыйламаған ұлт өкілімен «мәңгілік достықты» күштеп таңылған достық деуге болады.

Біле білген адамға, яки, сырткөзге біздің бағанадан бері айтып отырғанымыздың бәрі «жау кеткен соң қылышыңды қиға шаптың» кері. Біздің осы мақаламызды оқыса, сол сырткөз «мына қазақтар әуелі жатқа жер бөліп беріп, қазба байлығын түгел дерлік жат жерліктердің компанияларына тапсырып, заңмен қорғай алмаған тілін қор құрып қорғамақ болып, енді өз нанын өзі қалай атауды да мәселе қып көтеруде» деп мырс-мырс күлуі де мүмкін. Бүгінгі қазақтың басына мысқалдай қуаныш келсе, төбесі көкке жете жаздап қуанатын, қазақтың ұлттығына сәл сызат түскенін көрсе көкірегі қарс айрылатын: азамат ағамыздың бірі Қойшығара Салғариннің. «... Қазіргі қазақшылдық көп жағдайда ұлттық жоғарғы санаға емес, дертке ұшыраған жерлестік түйсікке, қандастық соқыр сезімге негізделген. Содан да болар, қазіргі қазақта шамдану бар да шамырқану жоқ; кіжінісу бар да қыжыл таныту жоқ; ұрандасу бар да ұйымдасу жоқ; «халқым» деу бар да оның қамын жеу жоқ. Айналып келгенде жетер жеріміз баяғы бос сөзді судай сапырып, өзара қауқылдасумен ғана шектеліп қала беру. Тәуелсіздік алғаннан бергі тілге, жер сатуға және басқа өзекті мәселелерге, тіпті, қылаяғы кешегі ұлттық валютамызды өзгертуге қатысты ықпалды бір нәтижесі жоқ көп шуылымыз осының жарқын айғағы» – дегені еске түседі (Қ. Салғараұлы, Елдік негіздері, 31-бет. Алматы 2007). Жазушы, журналист ағаның әрі туған елінің басындағы берекесі қашқан мәселелерге жансарайы сыздап, әрі туған ұлтының азаматтарының өресіздігі мен жетесіздігіне, бір істі бастап, соны ақырына жеткізбейтін тындырымсыздығына деген наласының бұл бір үзігі ғана. Мұндай наланы кезінде Абайдан бастап Әбубәкір Кердері, Саршолақ Боранбайұлы да айтып өтті. Олардың да бержағында Есенгелді Ақпан жырау Кеңес өкіметінің қарулы жасақтарына шыдай алмай Қарақалпақ асып бара жатып, артына қарай-қарай:

Шер-шемендей қайнайды-ау,

Көкіректің санасы-ай.

Санасыз болып барасың,

Сары қазақтың баласы-ай.

Өз баласын жем қылған,

Билердің аузы аласы-ай, – деп ат жалын құшып еңіреп жылапты дейтін еді әкелеріміз. Сол Ақпан жырау бүгінгі қазақ министрлер, қазақ экономистер, қазақ заңгерлер сияқты ешқандай юрфак, экономфак бітірген емес. Және Аллаға шүкір, ол кезең хан тағында отырған, халық орнында отырған, қазақ өз жерінің сулысын жайлап, нулысын қыстаған, тілі мен діні саф күйінде сақталған бір заман еді. Ақпан атамыз жат жерден баса-көктеп келіп жатқандар қазақтың ұрпағының санасын сарсаңға саларын со кезде-ақ сезіне білді. Соның салдары біз тәуелсіз болдық деп шуылдап жүргенде де күшеймесе саябырсыған жоқ. Біздің шуылдақ шолақ белсенділер өйтіп жатырмыз да, бүйтіп жатырмыз деп гүмпілдеп жүргенде Ресейде ТМД елдері жөніндегі Агенттік және «Русский мир» деп аталатын қор құрылды. Бұл қордан әртүрлі инвестор деп аталатындар, тіпті Ресейдің Қазақстандағы жеке кәсіпкерлерінің өзі қаржы алып отыратын болды. Бүгін басқа шаруаның бәрін бітіріп, енді қалғаны өз жерімізде, өз нанымыз бен өз ет-сүтімізді қай тілде атайтынымыз ғана қалғандай әңгіме көтеруіміздің өзі – кісі күлерлік жағдаят емес пе?! Қазір сапасызданған қыз-жігіттеріміз бірін-бірі «братаным», «сестренкам» дейді. Моншаны «баня» дейді. Қазақ көп ұзамай нанды – хлеб, етті – мясо деп атайтын бейшаралыққа жететін түрі бар. Оны кімнен көреміз?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

Серіктес жаңалықтары