Самат Сапарбаев, Ордабасы ауданының әкімі: Ауданымыздың негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы
Самат Сапарбаев, Ордабасы ауданының әкімі: Ауданымыздың негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы
Шымкент қаласына жақын орналасқандықтан орталықпен алыс-берісі, барыс-келісі жақсы дамыған. Әрине, кенжелеп тұрған салалары да жоқ емес. Осы ауданның әкімі болып тағайындалғанына үш ай ғана болған Самат Сапарбаев мырзамен сұхбаттасып, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сұраған едік.
– Самат Айдарханұлы, әңгімемізді ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінен бастағымыз келіп отыр. Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық аудандарда әлеуметтік карта әзірленген болатын. Біздің ауданда да осы карта жасалып, осында тұратын 115 мың халықтың жағдайын зерттеу жұмыстары қолға алынған. Ауданда он ауылдық округ, 59 елді мекен бар. Ауыз сумен, газбен қамтамасыз ету, жылу, жарық мәселелері, мектеп пен медициналық нысандардың барлығы осы әлеуметтік картада қамтылған. Бүгінгі таңда аудандағы 59 елді мекеннің 36-сы құбыр суымен қамтамасыз етілген. Қалған 23 елді мекен құдық суын пайдаланып отыр. Оларда құбыр суы жоқ. Оның бірден-бір себебі, ол жерлерде су қорлары зерттелмеген. Облыс әкімінің «Жерасты су қорлары толық зерттелмей, құбыр тартылмасын» деген арнайы тапсырмасы бар. Бір кездері ондай жағдайлар болған. Су қорлары зерттелмеген жерлерге құбыр тартып тастап, соңынан су жетпей қалған. Тартқан құбыр іске жарамсыз болып, оны салуға кеткен қаржы желге ұшқан. Сондықтан, қазір жер асты су қорларын толық зерттеп алып барып, құбыр тарту жұмыстарын жүргізбекпіз. Жоғарыда айтып отырған 23 елді мекенге су жеткізу осындай мәселелерге байланысты тоқтап қалған. Облыс әкімінің тапсырмасына байланысты тиісті қаржы бөлініп, зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол биыл аяқталса, келесі жылдары жасап жатқан жобамыздың негізінде су құбырларын тарту ісіне кірісеміз.
– Оңтүстік Қазақстан облысы республика бойынша мектеп пен медициналық нысандар салудан алда келе жатыр. Оған әрине, облыс халқының көптігі де себеп шығар. Дегенмен, бұл салалар бойынша жетістіктер жетерлік. Ордабасы ауданы осы ілгерілеуге қандай үлес қосып келеді?
– Ауданда 66 мектеп, 21 балабақша бар. Мектептеріміздің 30 пайызы саман кірпіштен салынған. Оның екеуі апатты жағдайда деп танылып, орындарына биыл екі жаңа мектеп салынды. Бұлардан басқа тағы бір 200 орындық бір мектеп пайдалануға берілді. Сонымен биыл жаңа оқу жылында 3 жаңа мектеп ашылып отыр. Үш мектепті күрделі жөндеуден өткіздік. Бір балабақша салынып жатыр, тағы бір мектептің құрылысын бастап қойды. Бұлардан өзге тағы 3 мектептің сметалық құжаттарын облысқа тапсырып қойдық. Халқы тығыз орналасқан Шұбарсу ауылынан 600 орындық бір мектеп салмақпыз. Осы салынып жатқан және келесі жылы іске қосылатын мектептердің есебінен аудандағы үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесін толық шешеміз деп отырмыз.
Ал медициналық нысандар жайында айтар болсам, бір дәрігерлік амбулатория және екі фельдшерлік-акушерлік тіректердің құрылысы үш ауылда аяқталып, қазір мемлекеттік қабылдау жүріп жатыр. Жақын күндері пайдалануға бермекпіз.
– Халыққа қажет дүниелердің бірі – табиғи газ мәселесі. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралінің шапағатын көретін күн де алыс емес шығар. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Біздің аудан Шымкент қаласына жақын болғанымен үш елді мекен ғана газбен қамтылған. Бұл аудан халқының 2,9 пайызы ғана. Енді «Бейнеу-Бозой» газ құбыры біздің ауданның аумағынан өтеді. Осыған үлкен үміт артып отырмыз. Ауданға екі агрес құрылысы жоспарланған. Сол арқылы бес елді мекенге газ құбырын тарту жұмыстарына құжаттарымыз жасалуда. Аудандағы елді мекендердің барлығын газбен толық қамтамасыз ету 2015-2016 жылдары шешіледі деп жоспарлап отырмыз.
– Аудан аумағында үлкен күре жолдың салынып жатқанына куә болдық. Халық игілігін көріп те жатыр. Бірақ ауылішілік көше жолдарында әлі шешімін таппаған мәселелер бар сияқты. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Биыл республикалық, облыстық және аудандық бюджет есебінен 456 көше жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Келесі 2014 жылға 54 көшенің жолдарын жөндеу жобасын облысқа тапсырдық. Оның ішінде барлық елді мекендер қамтылған. Бюджеттік комиссияның мақұлдауынан өтсе, жолдарымыз жөнге келетін кез жақын.
– Қазір ауылшаруашылық өнімдерін жинайтын науқан. Диқандардың ала жаздай еткен еңбектерінің жемісін көретін уақыт. Жалпы, облыс бойынша биылғы өнім түсімі өте жақсы. Осыған Ордабасы ауданы қандай үлес қосуда?
– Ауданымыздың негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы. Өкінішке қарай, ауданда өнеркәсіп, шағын және орта бизнес онша дамымай қалған. Қазір сегіз айдың қорытындысы бойынша, 7 жарым миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, соның 6,5 миллиард теңгесі ауылшаруашылық өнімдерінің есебінен еселеніп отыр. Қалған бір миллиард теңге ғана басқа салаға тиесілі. Негізгі жиын-терім аяқталып қалды. Көрсеткіштеріміз жаман емес. Биыл 69 тонна көкөніс өнімдері жиналады деп отырмыз, әлі толық аяқталған жоқ. 41 мың тонна бақша өнімдері өндіріледі. Биыл астық та жаман болған жоқ. Гектарына 18 жарым центнерден айналды. Мақсары түсімі 9 центнерден айналып отыр. Жалпы ауылшаруашылығындағы жетістіктеріміз жаман емес. Бірақ соларды өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. Осыған байланысты жұмыстар жүргізілуде. Қарақұм ауылында сүт өңдейтін бір цех осы айда іске қосылады. Төрткөл және Бадам ауылдарында көкөніс өңдейтін цехтарды да іске қосуды қолға алдық. Жалпы 69 мың тонна көкөніс өндіретін болсақ, оның 8-9 мың тоннасын халық күнделікті тұрмысында пайдаланады екен. Қалғаны қойманың, өңдейтін кәсіпорындарының жоқтығынан сыртқа кетіп жатыр. 10-15 пайызын базарға апарады. Қалғандарының пайдасын алыпсатарлар көріп кетеді. Осының бәрін ескере келе, қоймалар мен өңдеу кәсіпорындарын салуды күн тәртібінен түсірмей айналысайық деп отырмыз.
– Бүгінгі таңда кәсіп ашамын деушілерге, мал шаруашылығымен айналысамын деген үміткерлерге шағын несие беру жүйесі жолға қойылды ғой. Ауданда бұл жағынан қиындық жоқ шығар…
– Қазір қаржы институттары аз емес. «Мал бордақылаймын, көкөніс өсіремін» және басқа да кәсіп ашамын дегендерге «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығының аудандағы бөлімшесі құжаттарын, бизнес жоспарларын жасауға көмектесіп, несие алуларына барлық жағдайлар жасап отыр. Шағын несиесін алып, шаруасын бастап кеткен азаматтар баршылық. Бұл мәселе ауданда жүйелі жолға қойылған деп толық айта аламын.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша да 200 қара мал, 35 бұқа алу жоспарланған. Ол толық орындалуда. Төрт шаруашылық мал тұқымын асылдандырумен айналысады. Бұдан бөлек 5 малды қолдан ұрықтандыру бекетін ашпақпыз. Бұл да мал тұқымын асылдандыруға оң әсер етпек.
– Мемлекеттік қызметкерлерді, әсіресе басшылық құрамды іріктеген сынақ арқылы «А» корпусына өттіңіз. Бұның алдында Сайрам ауданы әкімінің орынбасары болдыңыз. Қазір жаңадан тағайындалып, жеке өзіңіз бір ауданды басқарып отырғаныңызға үш айдың жүзі болып қалыпты. Жауапкершілігін қалай сезініп жүрсіз?
– Жауапкершілігі жер мен көктей ғой. Мен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, Тараздағы кірпіш зауытына жолдамамен келдім. Ауылда жұмыс істеп жүріп, 1987 жылы комсомолға өттім. Сол уақыттан бері бір жерде, яғни Сайрам ауданында еңбек етіп келемін. Сол ауданда қатардағы маманнан бөлім басшысына, ауылдың әкімі, Сайрам аудандық аппаратының басшысы, соңғы төрт жылда аудан әкімінің орынбасары болып, қызмет атқардым. Мемлекеттік қызметкер ретінде әбден қалыптасқан азаматпын. Жаңа заң шығып, «А» корпусына тапсыру талаптары қойылғаннан кейін, емтихан тапсырған едім. Сынақтың үш сатысынан да іркілмей өттім. Сосын облыс әкімдігінен Ордабасы ауданына әкім болу туралы ұсыныс түсті. Шынымды айтсам, алғашында қобалжыдым. Қанша әкімшілік жүйеде, қатардағы маманнан аудан әкімі орынбасары деңгейіне көтерілсем де, үлкен бір ауданды басқарудың жауапкершілігі оңай емес екен. Бірақ өзімді дайынмын деп есептеймін. Жасым да елуге келді. Жинақтаған тәжірибем мол. Жауапкершілік өте үлкен. Бірақ жауапкершіліктен қорқатын болсақ, онда несіне қызметкер болып жүрміз?! Жалпы ауданның әлеуеті жоғары, мүмкіншіліктері бар. Бірақ сол мүмкіншіліктерді пайдалану жағы ақсап тұр. Осыны аяғынан тұрғызып, кәсіпорындар мен ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу салаларының тамырына қан жүгірту сияқты үлкен жоспарлы жұмыстарды іске асыруымыз қажет.
Әңгімелескен Гүл БЕКЗАТ
Оңтүстік Қазақстан облысы