ТОБЫЛ БОЙЫ ТҰНҒАН ЕГІС
ТОБЫЛ БОЙЫ ТҰНҒАН ЕГІС
Елбасының осы аптадағы жұмыс сапары Қостанай облысының Федоров ауданының егісті алқабын аралаудан басталды.
Сапар барысында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мамандарымен және облыс активтерімен кездесті. Елбасының арнайы сапары жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша жиын-терін науқанына тура келіп отыр.
Аграршылармен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев: «Қостанай облысы астығымыздың 30 пайызын, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 10 пайызын қамтамасыз етеді. Бұған қоса, мұнда қуатты өнеркәсіп базасы, бокситті қоса алғанда, пайдалы қазбаларға бай кен орындары бар, автомобиль жасау саласы дамып келеді. Биыл біз 16 млн. тонна астық жинауды жоспарлап отырмыз. Егер Қостанай облысында 4,5 млн. тонна жиналатын болса, бұл жақсы көрсеткіш болмақ. Енді жиын-терін науқанын өткізуге бар күшті салу керек. Мемлекет бұған барлық жағынан көмектесетін болады», – деді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жер шары тұрғындарының өсу қарқыны ұлғайып келе жатқандығын, алдағы уақытта азық-түлікке сұраныстың артатындығын да тілге тиек етті. «Біз осыған дайын болуымыз керек, – деді Елбасы. – Бүгінгі әлемдік тәжірибе шикізат қолда бар кезде ішкі және сыртқы нарыққа дайын өнімдерді жеткізу үшін оны толық қайта өңдеу қажеттігін көрсетіп отыр. Сіздердің бәріңіз агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және қаржылық көмек көрсету, тәуекелдерді сақтандыру, ауылшаруашылық техникалары лизингісі, сондай-ақ салаға жаңа технологияларды енгізуге бағытталған «Агробизнес – 2020» бағдарламасымен таныссыздар. Мұның бәріне 3 триллионнан астам теңге бөлінеді. Бұл – өте көп шығын. Осы жылдар ішінде біз ауыл шаруашылығына 1,5 трлн. теңге бөлгенімізді де атап өту керек».
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандырудың және мал шаруашылығы саласын дамыту аясында мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуының маңыздылығын айта келіп, бір ғана дара дақылды шаруашылықпен, яғни астық егумен айналысуға болмайтынын түсінгеніміз жөн екенін ескертті.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы алдағы жылдары әлемнің өзге мемлекеттері сияқты мал шаруашылығын дамытуға да аса маңыз беру керек екендігін де айта кетті. Ол үшін жемшөп өндірісін дамыту қажеттігі белгілі. Бұл орайда соңғы кездері іске асырылып отырған индустриялық бағдарламалар аясында құрылған нысандар толығымен жұмыс істеуі тиіс.
«Мысалы, іске қосылған 14 нысан жұмыс істемейді, тиісті қуатының 50 пайыз мөлшерінде ғана жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар бар. Біз мемлекет қаражатын не үшін жұмсадық? Бұл осындай мәселелерге жеткіліксіз көңіл аударылатынын білдіреді. Толық жұмыс істемей тұрған өнеркәсіп нысандары, сондай-ақ өңірлік бюджетке түсетін салық түсімін азайтады. Сонымен қатар индустриялық бағдарлама іске асырылған үш жарым жылда облыстың 4 ауданы оған қатыстырылмаған және соған сәйкес индустриялық жобалар енгізілмеген», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Іс сапар барысында Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңдегі міндеттері туралы баяндап берді.
Елбасының Қостанайдан кейінгі жұмыс сапары Солтүстік Қазақстан облысында жалғасын тапты. Мемлекет басшысы бұл өңірде облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді. Кездесу кезінде биылғы жылғы келеңсіз ауа-райы салдары да сөз болды. Ауа райының тым жаңбырлы болуынан кешігіп басталған егін орағы науқанының барысы да әңгіме арқауына айналды. Еліміздің солтүстік өңірі Қазақстанның басты астықты аймақтарының бірі және республикада өсірілетін жалпы көлемнің үштен бірін береді. Биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысының барлық егіс көлемі 4,4 млн. гектарды құрап отыр. Соның ішінде дәнді дақылдар 3,6 млн. гектарға орналастырылған. Облыста егін шаруашылығын әртараптандыру, оны бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған дақылдар егуге қайта бағдарлауға арналған мақсатты жұмыс жүргізілуде. Биылғы жылы майлы және жемшөп дақылдары егісі де ұлғайды. Бұл аймақта ауыл шаруашылығын дамыту жолға қойылған. Әсіресе, мал шаруашылығын, оның ішінде асыл тұқымды мал өсіруге айрықша көңіл бөлінуде. Биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында ет өндірісі өткен жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда, 100,5 пайызды құрады, сүт өндіру 105,6 және жұмыртқа 112,1 пайызды құрады. 1 тамызға дейін мал басы шаруашылықтың барлық санаттарында 347,5 мың басты құрап отыр. Аталмыш өңірде қой, ешкі және құс саны да өскен. Бұл аймақтың аграршыларына аймақтың агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына мемлекеттің елеулі көмегі қажет.
Балапанды санайтын күз мезгілінде шаруа атаулы еккен егінін жинап алуға күш салатыны белгілі. Жауын-шашынды биылғы жаз шаруаның егісіне де өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Алайда, аграршылардың айтуынша, биылғы көрсеткіш те осал болмайтын сияқты. Шаруаларға тек іске сәт делік!
Гүлзина БЕКТАС