АУҒАНСТАН ЖАСТАРЫ: ЕЛІНІҢ БОЛАШАҒЫНА АЛАҢДАЙДЫ

АУҒАНСТАН ЖАСТАРЫ: ЕЛІНІҢ БОЛАШАҒЫНА АЛАҢДАЙДЫ

АУҒАНСТАН ЖАСТАРЫ: ЕЛІНІҢ БОЛАШАҒЫНА АЛАҢДАЙДЫ
ашық дереккөзі
250
Құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған мемлекетке соңғы жылдары көмек қолын созып жатқандардың қатары артып келеді. Соның ішінде Қазақстан ауған жастарының тегін білім алуына арнайы грант бөлгені белгілі. Елімізде 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ Саммитінде мемлекет басшылары мен саясаттанушылар Ауғанстан мәселесіне жеке тоқталған болатын. Сол кезде Ауғанстаннан келген журналистер мен саясаткерлер Қазақстан ұсынып отырған білім грантының ұзақ мерзімге созылуын өтінген еді. Сөйтіп, тығырыққа тірелген елге жанашырлық танытқан Қазақстан үкіметі 50 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы қарастырды. Қазақстан мен Ауғанстан Ислам республикасы арасында білім саласына қатысты арнайы келісім жасалып, онда елімізге 2010 мен 2014 жылдар арасында келетін 1000 ауған баласының 700 жоғары, ал 300-і кәсіптік-техникалық білім алатыны нақты көрсетілген. Олар журналистика, құқық, инженер, мұғалім, т.б. мамандықтар бойынша 2019 жылға дейін оқытылса, медицина мамандары білім алуды 2020 жылға дейін жалғастырады. Қазіргі кезде қазақ топырағында білім алып жатқан студенттердің алғашқы легі екінші, үшінші курста. Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультеті мен ҚазҰУ жанындағы НАТО жөніндегі ресурстық және ақпараттық орталықтың ұйымдастыруымен «Орталық Азия қауіпсіздігінің мәселелері мен 2014-ші жылдан кейінгі Ауғанстан дағдарысын реттеу болашағы» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Негізінен бұл шараны өткізуге ауған жастарының өзі бастама көтеріпті. Қазақ жерінде білім алып, туған елінің жағдайына алаңдаушылық білдірген ауған жастарының жанарында от, кеуделерінде намыс бар. Олар өз Отанының басқа елдерден теперіш көрмей, бейбіт өмір сүруін қалайды. Жырақта жүрсе де, жүрегі туған жер деп соғатын ауған жас­тары елдегі дағдарысты реттеуге барынша күш-жігерін салатындығын анық байқатты. Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінің деканы, профессор Кәрімжан Шакиров: «Біз Орталық Азия қауіпсіздігі мен АҚШ өзінің әскерін Ауғанстаннан алып кеткеннен кейінгі елдің жағдайын талқыға салуды жөн көрдік. Әрине, бұл мәселе көптеген мемлекеттің басты тақырыбына айналып келеді. Әрі бұл мәселеге ауған жастарының көзқарасы арқылы қанықсақ артық етпес» дегенді жеткізсе, ҚазҰУ жанындағы НАТО жөніндегі ресурстық және ақпараттық орталығының директоры Құралай Байзақова: «Біз бұған дейін бірнеше шара өткіздік. Жастар осындай форумдар арқылы салмақты мәселелерді талқылауға бет бұруы керек. Қазақстанда білім алу бақытына қол жеткізген ауған жастарының мәселесі мен Ауғанстанның қауіпсіздік жайы бізді де бей-жай қалдырмайды. Сондықтан оларға өз тарапымыздан қолдау білдірдік. Бұл бір жағынан үлкен талдау мектебі», – дейді. Ал Ауғанстан республикасының Қазақстандағы елшілігінің екінші хатшысы Азиз Рахман Фаик өз тарапынан Ауғанстан жастарына білім алу мүмкіндігін беріп отырған Қазақстан билігіне алғысын жаудырды. Бұдан соң факультеттің магистранттары мен докторанттары Ауғанстан дағдарысын реттеуге байланысты дайындаған баяндамасымен таныстырды. Мәселен, оқу орнының PhD докторанты Сейілбек Асанов «Ауғанстандағы дағдарысты реттеудегі Қазақстан және Өзбекстан ұстанымдары» атты баяндамасында еліміздің ауған халқына көрсетіп жатқан көмегіне тоқтала кетті. «Ауғанстанның 2013 жылға арналған ұлттық стратегиялық бағдарламасы бар. Қазақстан бағдарламаны толықтай қолдау мақсатында тағы да 1,5 млн. АҚШ долларын бөлді. Сондай-ақ, қазақ үкіметі Ауғанстанның инфраструктуралық әлеуетін көтеріп, теміржол желілерін қайта жөндеуге, транзиттік мүмкіндіктерді өсіруге көп ықпал жасауда. Атап айтқанда, Қазақстан 2008 жылы Ауғанстаннан шырын өндіретін зауыт салып, мектеп, емханаларды қайта жөндеуге 4 млн. АҚШ доллары шамасында көмек көрсеткен. Ал 2007 жылдан бастап Ауғанстанға НАТО әскерлері кірген соң Өзбекстан мұнай, электр көзімен қамтамасыз етіп келеді. Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 170 млн. АҚШ долларына жеткен. Өзбекстан президенті Ислам Каримов Ауғанстанға қатысты өзінің ұстанымында: «Ауғанстандағы тұрақсыздықты әскери жолмен шешу мүмкін емес. Ең алдымен жұмыссыздық мәселесімен күресу керек. Қолы бос жастардың лаңкестік топтарға кіріп, есірткі сатумен айналысып кету қаупі жоғары» деп жастардың болашағын бүгіннен ойлау керектігін қадап айтқан. Осы тақырыпқа баяндама жасаған Ауғанстан жастарының қай-қайсысы да елі, жері, Ота­ны үшін жұдырықша жұмылатындығын көрсетті. Біз дөңгелек үстелден соң Ауғанстан республикасының Қазақстандағы елшілігінің екінші хатшысы Азиз Рахман Фаик пен елімізде білім алып жүрген ауған жастарын аз-кем әңгімеге тартқан едік. Азиз Рахман ФАИК, Ауғанстан республикасының Қазақстандағы елшілігінің екінші хатшысы: ӨЗ ҚАНДАСТАРЫМА ЖАНЫМ АШИДЫ – Бүгінде 2014 жылдан кейінгі Ауғанстанның жағдайына әлемнің бар мемлекеті алаңдаулы. Әрине, олар Орталық Азия экономикасының қауіпсіздігіне қалай әсер етеді деген сауалға жауап іздеуде. Біз отыз бес жылдан бері Ауғанстандағы жағдайды іштей біліп, сезіп келеміз. Тәубе дейік, қазір елдегі жағдай біршама жақсы. Қазақстан сияқты достарымыз далаға қалдырып жатқан жоқ, шама-шарқынша көмек беріп келеді. Біздің ішкі және сыртқы дұшпандарымыз бар. Олар еліміздің бейбіт өмір сүргенін қаламайды. Соған қарамастан біз көрші мемлекеттермен қатынасты жақсартуға тырысып бағамыз. – Қазақстанда білім алып жатқан Ауғанстан жастарының бет-алысы қалай? – Қазақстан ауған жастарының білім алуы­на 50 млн. АҚШ долларын бөлген болатын. Сол көмектің аясында бес жыл ішінде мыңдаған ауғандық жастар білім алады деген жоспар бар. Айталық, үш жылдың ішінде Қазақстанға 478 ауған азаматы келіп, Астана, Алматы, Қарағандыдағы жоғары оқу орындарында дәріс алуға мүмкіндік алды. Біздің балалар өте талантты. Олар келген күннен бастап, жергілікті халықтың арасына еніп кетті. Бұл бәлкім қазақтың қонақжай, ақкөңіл халық болғандығынан шығар, бәрі өз үйіндей сезінеді. Бір-біріне көмектесіп жүреді. Әрине әуелгі кезде бірқатар ұсақ мәселелерге тап болғаны бар. «Уақыт емші» демекші, бәрі өз шешімін тапқан. Ал білім жағынан үлгерімі нашар үш студент Ауғанстанға қайтарылды. Консулдық бөлім өз құрылымына сай виза, құжаттарды рәсімдеумен айналысады. Ал елшілік Астанада орналасқан, бірақ студенттердің негізгі бөлігі Алматыда білім алуда. – Қазақстан мемлекеті ауған жастарына білім алуға үлкен мүмкіндік берді. Жатақхана тегін, стипендиясы да әжептәуір. Алайда, соның өзіне қанағатшылдық танытпайтын студенттердің бар екендігін естіп едік. – Сіздің нені меңзеп отырғаныңызды түсіндім. С.Д. Асфендияров атындағы медициналық университетінде оқитын ауған студенттері арасында осындай түсініспеушілікке жол берілген. Бұл ши құжат рәсімдеу кезінде шыққан. Басында барлық құжаттарды дайындау Қазақстан тарапынан қамтамасыз етіледі делінген. Міне, студенттер соған қажетті ақшаны өз қалтасынан емес, оқу орны басшылығынан талап етіпті. Қазақстан Президенті 50 млн. АҚШ долларын бөліп отыр. Ал құжатқа керек азын-аулақ 30 мың теңге оның жанында түк емес қой. Біздің студенттер сырттан келгендіктен әлдеқандай қиындықтар мен кедергілерге тап болады. Қазақ және орыс тілін білмейді. Олар да жетісіп жүрген жоқ қой. Кейде қандастарыма жаным ашиды. Қазақстан 30 мың теңге, ал Ауғанстаннан 80 АҚШ доллары көлемінде стипендия береді. Бірақ бұл үлкен қалада тұруға жетіңкіремейтін сияқты. – Ауғанстанның әлеуметтік жағдайы туралы айтыңызшы. Білімге қолы жетпеген жастар немен айналысуда? – Бізде оқу орны аз. Биыл Ауғанстанның оқу орындарына оқуға түсу үшін 200 мың талапкер сынақ тапсырса, оның 120 мыңы ғана өтіпті. Қалғаны түспей қалды. Демек, бұлар жұмыссыздық мәселесін өршітіп, түрлі қылмыстық әрекеттермен қолын былғауы мүмкін. Тіпті, олардың жоғары білім алуы­на да толық сенім жоқ. Негізі алдын ала келісім бойынша Қазақстанда 1000 студент 2021 жылға дейін оқиды делінген. Бізге Қазақстаннан басқа Түркия, Пәкістан, Үндістан, Ресей арнайы грант бөледі. Ал білім қуған жастардың дені Үндістанда. Соңғы жылдары Ауғанстан Үндістан мемлекетімен де өзара байланысты нықтай түскенін айта кету керек. – Негізінен Ауғанстанда қандай мамандықтарға сұраныс артып отыр? – Ауғанстан халқы кедей. Олар төменгі деңгейде өмір сүретіндіктен, түрлі ауру-сырқауға ұшырап жатады. Сондықтан да бізге медициналық мамандар жетіспейді. Қазақстанда оқып жатқан ауған жастарының көбі медициналық жоғары оқу орындарында. Олар оқуын бітіргеннен кейін міндетті түрде екі жыл өз Отанының халқына қызмет көрсетеді. Сонда ғана халықтың әлеуметтік жағдайы, денсаулығы түзеледі деген сенім бар. Әрине, Ауғанстан тәліптермен өзара мәмілеге келсе, елдің тыныштығы да сақталатын шығар. Ахмад Вали АХМАДИЯР, ҚазҰУ-дің студенті: – 2010 жылы Ауғанстаннан Қазақстанға 155 студент білім алуға келдік. Қазір Халықаралық қатынастар факультетінің 2-курс студентімін. Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігінде қатаң сынақ болды. Кім өтті, сол оқуға мүмкіндік алды. Кейбір жастар сынақ тапсырғанда қорқақтап колледжге түсемін деп алып, Қазақстанға келген соң жоғары оқу орындарында оқуды қалап жатты. Яғни, осында келген соң ауысқысы келеді. Бірақ әу бас­та қай мамандыққа түседі, сонда оқу керек. Осы мәселе қарастырылса жақсы болар еді. – Қазақстанда білім алып жатқаныңа қуанасың ба? – Әрине, өте қуаныштымын. Оның үстіне Қазақстандағы ең беделді, ең сапалы білім беретін оқу орнында оқып жатырмын. Бұл мен үшін үлкен бақыт. Ауғанстан жастарына осындай көмек берген Қазақстан үкіметіне, халқына үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Маған әсіресе Алматы қаласы өте ұнайды. Халқы өте қайырымды. – Стипендия керек-жарағыңа жете ме? – Бұйырғанын алып жатсақ та, аздау. Алматы мен Астанада бәрі қымбат. Мұнда өмір сүру қиын. Бізге алғашқы жылы 30 мың теңге беретін. Сол кезде кәдімгідей жетіп-артылатын. Қазір бәрі шарықтап кетті. Ал Ауғанстанн айына 80 АҚШ долларын береді, оның өзін алты айда бір рет жинап аламыз. – Туған жеріңді сағынасың ба? – Сағынғанда қандай! Жылына бір мәрте екі ай демалысқа барамыз. Алғаш рет үйден алысқа шыққандықтан ба, үйренгенше қиын болды. Қазір Құдайға шүкір, қазақ жастары арасында достарым көп, олар үнемі көмектесіп жүреді. Тағы бір мақтанатыным, қазақ тілі, орыс тілін толықтай меңгеріп алдым. Кез келген қазақпен қазақша сөйлесе алатын дәрежеге жеттім. Біздің кейбір сөздер қазақ тіліне өте ұқсас. – Болашақта қайда жұмыс істегің келеді? – Ауғанстан соңғы он жылда халықаралық көмектермен экономикалық жағдайын жақсартып жатыр. Менің елім өзінің мамандары арқылы көркейсе деймін. Сондықтан да Ауғанстанға білімді, оқыған азаматтар ауадай қажет. Алдыма қойған мақсатым – Отаныма еңбек сіңіру. Қазір тек бар ойлағаным осы. Құдай қаласа, дипломат болсам бізге көмек көрсеткен Қазақстан арасында өте жақсы қарым-қатынас орнатуға күш саламын. Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары