ЕЛДЕСТІРМЕК — ЕЛШІДЕН
ЕЛДЕСТІРМЕК — ЕЛШІДЕН
Апта басында дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайта түсуге ықпал ететін шара өтті. Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын төтенше және өкілетті елшілер – Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінен – Кэролин Браун, Швеция Корольдігінен – Манне Вэнгборг, Швейцария Конфедерациясынан – Мауро Рейна, Таиланд Корольдігінен – Чарна Жулламон, Біріккен Араб Әмірліктерінен Сухейль Матар Әл-Кетби тапсырды. Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгі сенім грамоталарын тапсыру рәсімі елшілердің дипломаттық өмірбаяндарының жаңа беттерін ашатынын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті дипломаттарды республикамыздағы соңғы уақыттағы негізгі оқиғалармен таныстырды. 2012 жылдың соңында Қазақстан халқына арналған басты құжаттардың бірі – «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялағанын жеткізген Елбасы: «Біз алдымызға әлемнің барынша дамыған отыз елінің қатарына кіру жөнінде ауқымды міндет қойдық. Әңгіме Қазақстан экономикасын түбегейлі жаңарту және индустрияландырудың жаңа дәуіріне қадам басу туралы болып отыр. Сондай-ақ, 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын иелену үшін дауыс беру кезінде Астананың жеңіп шығуы елеулі оқиға болып саналады», – деп мәлімдеді. Көмірсутегілер жолындағы күрес пен бәсеке қыза түскен шақта Қазақстан шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырғаны мәлім. Билік тарапынан ұстанатын саясат: «шикізатқа – жаңа инновациялық технологиялар». Елбасы дипломаттарға екіжақты серіктестік пен ынтымақтастықты арттыруға ықпал етуге шақырды: «Сіздердің елдеріңіздің жетекші компанияларын бірлескен кәсіпорын ашып, біздің еліміздің нарығын игеруге шақырамын. Бұл үшін біз барлық қажетті жағдайды жасаймыз. Оған еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуал мен орнықты экономикалық өсім толық мүмкіндік береді. Мысалы, 2012 жыл қорытындысы бойынша, Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 6 процентке артып, 200 миллиард долларға жуықтайды».
Әлемдік саяси сахнада салмағы артып келе жатқан Қазақ елі араағайындық міндеттерді атқаруға мүдделі. Осы орайда биыл ақпан мен сәуірде Алматыда Иран жөніндегі халықаралық делдалдар «алтылығы» келіссөзінің екі кездесуі өткенін еске сала келе, экономикалық қиындықтарды шешуге де Астананың белсене атсалысатынын айтты: «Енді бірнеше күннен соң Қазақстанда Стамбұл процесі аясында Ауғанстан жөніндегі конференция болады. Астана экономикалық форумы барған сайын бедел алып келеді. Оның кезекті сессиясы таяуда біздің елордамызда өтеді. Онда бес мыңнан астам қатысушының басы қосылатын болады. Оған сіздердің елдеріңіздің де өкілдері қатысады деп сенемін. Қазақстанның тұрақты және орнықты дамуы біздің елді тиімді саяси әрі сыртқы экономикалық серіктеске айналдыруда. Сіздердің қызметтеріңіз екіжақты қарым-қатынастардың тереңдей түсуіне және оның аясын кеңейтуге қуатты серпін береді деп санаймын».
Кез келген мемлекеттің басымдық беретін елі мен саласы болады. Кездесу барысында Президент Н.Назарбаев Қазақстанның Ұлыбританиямен ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөліп отырғанын айтты. «Сіздердің елдеріңіз Қазақстан экономикасына салынған 20 миллиардқа жуық АҚШ долларын құрайтын тікелей инвестиция көлемі жөнінен үшінші орын алады. Қазақстанда 600-ден астам британдық компания жұмыс істейді. Олардың арасында «Би-Джи Групп», «Шелл», «Эйч-Эс-Би-Си», «Эр-Би-Эс» және өзге де бизнес алпауыттары бар. Осы ретте 2 миллиардтай АҚШ долларын құрайтын өзара сауда көлемі экономикаларымыздың әлеуетіне әзірге сай болмай тұр. Екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жаңадан тың серпін беруіміз қажет», – дей келе, биыл ағылшындардың премьер-министрі Дэвид Кэмерон елімізге алғаш рет ресми сапармен келетінін жеткізді. Елбасының жылы лебізіне алғысын білдірген Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі К.Браун: «Ұлыбритания Қазақстанмен жылы шырайлы екіжақты қарым-қатынастар орнатқан. Ұлы Мәртебелі Патшайым үкіметі Қазақстанды әлемдегі қарқынды дамушы мемлекеттің бірі ретінде қарастырады. Біз елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды стратегиялық деңгейге дейін дамытуға мүдделіміз».
Тәуелсіздік алғалы 21 жыл болған Қазақ елі бірқатар мемлекеттермен жан-жақты ынтымақтастық орнатуға баса назар аударады. Осы орайда, Н.Назарбаев Швейцария Конфедерациясымен көпжақты серіктестік аясын кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді: «Өткен жыл қорытындысы бойынша Швейцария Қазақстанның сегізінші сауда серіктесіне айналды. Біздің елдеріміздің жаһандық деңгейдегі көптеген халықаралық мәселелер жөніндегі көзқарасы ұқсас. Бұл жайт көпжақты құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастыққа берік негіз қалайды. Осы сәтті пайдаланып, Швейцарияның 2014 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа сайлануымен құттықтаймын. Бұл маңызды әрі жауапты міндетті атқаруда өз тәжірибемізді бөлісіп, қолдау көрсетуге әзірміз».
Әлбетте, экономикасы дамыған елдерден үйренеріміз мол. Мәселен, Швеция Корольдігі арасындағы ынтымақтастықты арттырудың маңызы зор. Бұл орайда, Елбасы екіжақты қарым-қатынастың ойдағыдай дамып келе жатқанына тоқталды: «Біздердің арамызда саяси диалог жолға қойылған, ведомствоаралық байланыстар мен парламенттік ынтымақтастық дамуда. Былтырғы желтоқсанда мен Швецияда Қазақстан Елшілігін ашу туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл елдеріміздің өзара іс-қимылын нығайтуға мүмкіндік туғызады деп санаймын. Үкіметаралық деңгейдегі іскерлік қатынастарды жандандыру жөніндегі жұмыстарды күшейту маңызды. Бұл салада Қазақстан-Швеция сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі іскерлік кеңесі үлкен рөл атқарады деп санаймын». Кездесудегі әсерімен бөліскен Швецияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Вэнгборг Швецияда Қазақстан Елшілігінің ашылуы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға қызмет ететініне сенімділік танытты. Ал Швейцарияның Төтенше және өкілетті елшісі М.Рейна Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қысқа мерзім ішінде бүкіл әлем бойынша экономикасы жедел даму үстіндегі елге айналғанын айтты: «Қазақстан Президенті айтқандай, елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынас жақсы және оларды кеңейтудің перспективалары зор. Мысалы, Қазақстанда сауда-экономикалық салада 40-қа жуық швейцариялық компания жұмыс істейді, оларда 27 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылған. Бұдан бөлек, мен әлі Қазақстанның бар әсемдігіне қанығып үлгерген жоқпын, бірақ қазірдің өзінде Қазақстанның заманауи елордасының көркем келбеті мен архитектуралық көрнекі орындарын өзім тамашалап көрдім. Сондай-ақ, Бурабай курортына бардым және оның «Қазақстанның Швейцариясы» деп аталатынын білдім».
Серіктестік бағытын азиялық және араб елдеріне қарай бұрған әлемдік саясаттың көшінен қазақ билігі де шет қалған жоқ. Сондықтан Біріккен Араб Әмірліктерімен жан-жақты өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән беріп отыр. «Екіжақты тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Бизнес-байланыстар орныға түсуде. Бірлескен кәсіпорындар саны өсіп, ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Біз Әмірліктерге және шейх Халифе бен Заид Әл-Нахайянға Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп, елімізде өткізілетін жоғары деңгейдегі барлық халықаралық іс-шараға тұрақты түрде қатысуға мүдделі болғанына ризамыз, – деп мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаев арабтармен арадағы байланыстардың уақыт өткен сайын беки түсетініне сенімді.
Сонымен қатар Елбасы Қазақстанның Таиланд Корольдігін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сыртқы саяси және сауда-экономикалық тұрғыдағы перспективалық серіктес ретінде қарастыратынын айтты: «Сіздердің елдеріңіз Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының (АСЕАН) танымал көшбасшысы болып саналады. Таиландтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметіне қатысуының зор мәні бар. Таиланд Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы Өңірлік форумының қауіпсіздік жөніндегі мүшесі болуға ұмтылысына қолдау көрсетеді деп үміттенеміз. Биылғы тамыз айына жоспарланған Премьер-министр Йинглак Чинаваттың Қазақстанға сапары мемлекеттеріміз арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға мүмкіндік туғызады деп сенемін». Ресми деректерге сүйенсек, Таиландтың Орталық Азиядағы алғашқы елшілігі Қазақстанда ашылды. Өз кезегінде Таиландтың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ч.Жулломан: «Мен Таиланд пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды жақсарту үшін бар мүмкіндігімді жұмсаймын. Біздің елдеріміз түрлі салада, атап айтқанда, сауда мен туризм бойынша ынтымақтаса алады. Еліміздің Премьер-министрі тамыз айында Қазақстанға сапармен келуді жоспарлап отыр. Мен бұл туралы Қазақстан Президентіне хабарлап та қойдым және ол біздің Премьер-министрге деген ең ізгі тілегін білдірді. Қазір біздің елдеріміз барған сайын жақындаса түсуде. Астаналарымызда елшіліктер ашылды. Сондай-ақ, Астана мен Бангкок арасында тікелей әуе қатынасы ашылады. Бұл екі ел туриcтерінің санын барынша арттыруға мүмкіндік туғызатын болады», – деп мәлімдеді. Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және өкілетті елшісі С.Матар Әл-Кетби Қазақстан мен БАӘ арасындағы өзара қарым-қатынастардың оң бағытты өрбіп келе жатқанына ризашылық білдірді: «Сонымен қатар Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері қарым-қатынастарының кең ауқымдағы тек саяси және экономикалық саланы ғана емес, сондай-ақ, екіжақты өзара іс-қимылдың барлық қырын қамтиды. Мен біздің елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсу үшін барлық күш-жігерімді салатын боламын».
Елшілермен болған кездесуді қорытындылаған ҚР Президенті: «Сіздердің қызметтеріңіз сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға, екіжақты ынтымақтастық әлеуетінің аясын барынша кеңейтуге бағытталады деп санаймын. Сіздерге және Сіздердің жақын-жуықтарыңызға қонақжай қазақ жеріне қош келдіңіздер деген игі тілегімді білдіремін», – деді.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ