ЖИЫРМАҒА ТОЛҒАН «БОЛАШАҚ» 5714 маман дайындады

ЖИЫРМАҒА ТОЛҒАН «БОЛАШАҚ» 5714 маман дайындады

ЖИЫРМАҒА ТОЛҒАН «БОЛАШАҚ» 5714 маман дайындады
ашық дереккөзі
191

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, 1994-2013 жылдар аралығында барлығы 9250 стипендия тағайындалған екен. Жиырма жылда 5714 түлек оқуын ойдағыдай аяқтап, халықаралық дәрежедегі дипломға ие болған. Қазіргі таңда отыз үш елде 2796 стипендиат білім алып жүр. Олардың жартысына жуығы Ұлыбритания мен Ирландияда (43 пайыз), төрттен бір бөлігі АҚШ-та (27 пайыз) оқиды. Одан кейінгі «болашақтықтар» таңдауы Еуропа елдеріне (16 пайыз), Азия және Океания аймағына (5 пайыз), Ресей (5 пайыз), мен Канадаға (4 пайыз) түскен. 
Бұған дейін «болашақтықтарды» жұмыспен қамту мәселесі көп сыналғаны белгілі. Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Саясат Нұрбек бүгінгі таңда бар-жоғы 87 түлек жұмыссыз жүр деп мәлімдеді. «Олар оқуын аяқтаса да, дипломдары әлі қолдарына тиген жоқ. Шет елдерде, мысалы, Ұлыбританияда диплом оқу аяқталған соң алты айдан соң ғана беріледі», – деді ол. 
Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жауапты қызмет атқарып жүрген «болашақтықтар» жетерлік. Олардың ішінде ең танымалдары: Бауыржан Байбек, Ғабидолла Әбдірахымов, Қуандық Бишімбаев, Қуаныш Тілеушин. 
Бақытжан Жұмағұлов айтулы жетістіктерімен белгілі болған «болашақтықтар» қатарында опера әншісі Мария Мудрякты, инженер Мақсұт Бақтыбаевты, өсімдіктерді қорғау маманы Қазыбек Төлеубаевты, дәрігер Айгүл Бримованы, дәрігер Қанат Төсекбаевты, хирург Дмитрий Горбуновты, дирижерлер Алан Бөрібаев пен Абзал Мұхитдиновтарды атады. 
Жалпы, ресми деректерге жүгінсек, осы бағдарлама аясында шет елдерде оқып келген жастардың 20 па­йызы – мемлекеттік салада, 21 па­йызы – ұлттық компанияларда, 55 пайызы жекеменшік компанияларда жұмыс істейді екен. 4 пайызға жуығы халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарда қызмет етіп жүр. 
«Президент бастамасымен қабылданған бұл бағдарлама ұлттық экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз етуге толықтай ықпал етуде», – деді Серік Ахметов. Бұл бағдарлама аясындағы соңғы жаңалықтардың бірі – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қажетті мамандар дайындауға тапсырыс береді, сонымен қатар ұлттық компания­ларда жұмыс істеп жүрген тәжірибелі мамандарды тағылымдамадан өткізу туралы да келісім жасалған. 

Гүлбиғаш Омар, 
Астана

Серіктес жаңалықтары