Қазақ қыраны – Қарағандыда

Қазақ қыраны – Қарағандыда

Қазақ қыраны – Қарағандыда
ашық дереккөзі
285

Алпамсадай Тоқаңды көріп, «нағыз қазақ осы» дегің келеді. Айтып та жатыр алаңдағы жас сарбаздар. Жалпы, қазақ баласының табаны жерге аз тиген. Ана құрсағынан түсіп, бесіктен белі шыға атқа мініп, асқар алмаса, көңілі көншімеген. Халық қаһарманы Тоқаңда сондай асыл тектен. Тұлғасы биік, туасы бекзат. Кешегі Қаз дауысты Қазыбек тұқымы. 
Түркі елдері тұрмақ, мұсылман халықтары арасынан алғаш аспанға ұшып, Аллаға жақындағанда, қуанбаған қазақ қалмады. Тоқаң көктегі 7 тәулік, 22 сағат, 12 минут, 40 секунд уақытында Алашына алаңдап, Арал экология­сын зерттеп, қадағалаған көрінеді. Бұл 1991 жылдың 2-10 қазан аралығы-тын. Іле-шала, бір жарым айдан соң алып империя құлап, Алашқа азаттық келді. Азамат ердің арқасына аруақ қонды деген осы емес пе?! Алланың жарлығы, аруақтың алқауы, одан кейін Тоқаң жолының ақтығы. Қашаннан батыр біткен көп тілеуін көгертіп жүреді. Кешегі ақжолтай бабаларының аманатын Оңғарбайдың оғланы арқалағандай. 
Әубәкіров жердегілерді шаң қаптырып, аспан төсіне қонғанда, басқа елдердің мысы басылып қалды. Алаштың мәртебесі өсті. Халық қаһарманы Гиннесстің рекордтар кітабына бұдан бұрын 1989 жылдың 1 қарашасында енген. Ол ерлігі – адам айтса сенгісіз. «Тбилиси» крейсерінен жаңа әдіспен МИГ-29 ұшағын көкке көтерген. Сынаққа бүкіл әлем көз тікті. Ерекшелігі – трамплиннен төмен түскендей төмен лықсып, тез көтеріліп кетуі керек. Секундтар ішінде. Сәл іркілсе, суға кетеді. Қас қаққанша құйрығы көктен көрінетін дыбыс­тан жылдам ұшқыр ұшақты сынақшы-ұшқыш Тоқтар көтеріп үлгерді. Және аядай жерге асқан дәлдікпен ұшақты қайта қондырды. Бұл – авиа­ция тарихында бірінші рет болды. Осындай ерен ұлдың кішіпейілдігі – еліне келіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, өз қолымен тал отырғызып жатыр. Болашақ ұрпағына бола. Бұл да, баһадүр ердің көрегендігі. Халқының салт-дәстүрі мен асыл қасиеттерін бойына сіңіргендігі. 
Гагарин алаңындағы қалың көпшілік сол беті «Сарыжайлау» кинотеатрына жөнелді. Мұнда қаһарман ұлдарымен кездесу өтті. Тоқаң жанында Рымбала Кенжебалақызы бастаған бір топ соғыс ардагерлері мен облыс әкімі аппаратының жетекшісі Ғ.Әшімов пен шараға мұрындық болған облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бастығы М.Құттыбай бар. Батырын орталарына алып, ардақтай түсуде бәрі. 
Бұқараның батырға деген ықыласы шексіз. Қошеметтеп жатыр. Ортаға шығып еді, тіптен. Көпшілік көзайымына айналды. Әсіресе, жас­тар жағы. Әңгіменің тиегін ағытты Тоқаң. Ірі мұраттағы жанның бірегей сағынышы бар сияқты. Туған жер мен елге деген. Алтын басын күйттемеген жанда одан басқа қандай мүдде болсын?! 
Теміртаудағы токарьлықтан Тәңіріге жақындағанға дейінгі аралық соқтықпалы, бірақ, соқпақсыз емес. Қайсарлық пен мәрттікке толы. Өңшең өктем ұлт өкілдері арасынан жеңіп шықты. Жүрегінің түгі бар ғой… Ұшқыш болуды ертеден армандапты. Бірақ, ғарышкер болам деп ойламаған. Бала күнінде өз аулына көрші 40 шақырымдағы атақты батыр, ұшқыш Н.Әбдіров туған топырақты басып, ауасын жұтуым керек деп жаяу барып, қайтуға шамасы жетпей қалғаны есінде. «Тұлпарды тай күнінен таны» деген – осы. Байшыкеш болуды армандаған бүгінгі тантықтардың шалағай мақсатына жат. Жақында жақсы көретін бір жиенім «қазір қай жер жаныңа жайлы болса, сол жер Отаның. Менің ендігі арманым – ақ мэрс теуіп, Астанада тұру. Қор жинап, шетел асса, рахат өмір – сонда» дейді. Ал, біздің батыр Тоқаң ше? 4 жасында батыр ағасының ауылына жаяу тартып, топырағына тәу еткен. «Сізді осындай жетістікке жеткізген не?» деген сұраққа «Әке-шешем, киелі топырақ пен асыл тек» деп қысқа жауап береді. Нағыз ұлтын сүйген ұлдың ұлағатты жауабы. Онда барлық мүмкіндік болды. Шен де, атақ та, абырой да. Соны місе тұтып, шетелде қалып қоймай, еліне әкеліп, ұлт кәдесіне жаратты. Қазақтың керегіне ұқсатты. Кешегі Алаш арыстарындай. Президент кеңесшісі бола жүріп, Қазақстанның ғарыштық ғылыми бағдарламасын құрды. Атақ-абырой қумады, керісінше, мансап оны қуды. 
«Мекенім – ғарыш, тұрағым – Қазақстан» дейді Т.Әубәкіров. Терең түйсіктің сөзі. Халық десе күллі ғұмырын беруге әзір. Оны мынадан-ақ аңғарыңыз. Тоқаң Шымбұлақта демалып жүрсе, бір танысы телефон соғып, “Теледидарды қос, сен туралы айтып жатыр”, дейді. Онда Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшуға дайындық үстінде деп хабарлайды. Батыр сыртынан тон пішкенге тіксініп қалады. Сөйтіп тұрғанда, таңертең Президент Назарбаев қабылдауына келіңіз деген хабар алады. Ертесіне Президентке кірген беті ұшудан бас тартатынын мәлімдейді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: 
– Тоқтар, бауырым, бұл ұшу сені мен маған қажет емес. Біздің қазақ халқы үшін керек. Білсең, Байқоңырдан осы отыз жыл ішінде ғарышқа кімдер ұшпады? Ал сол жердің иесі – біз. Халық “қазақтан ғарышкер қашан шығар екен” деп армандауда. Туған халқыңның арманын орындаудан бас тартпассың? Және сен соған лайықсың, – дейді. Соңында халқы сенім артып тұрса, батыры шегінген бе? Келіседі. Алаштың ар-намысы мен абыройына бола. 
Тоқтар көкем Алаш жұрты мен аспан кеңістігіне өлердей ғашық. Әйтпесе, батыр бола ма? Батырсыз ұлт ел болып па? Ендеше, қазақ Тоқтарымен мақтанады. 

Жәнібек ӘЛИМАН

Қарағанды

Серіктес жаңалықтары