Ғылыми жаңалық өндіріске ене бастады

Ғылыми жаңалық өндіріске ене бастады

Ғылыми жаңалық өндіріске ене бастады
ашық дереккөзі
283

d56a2b93b907ff6b074d380583ec745a.JPG

Елімізде әлемдік білім беру жүйесінің талаптарына сәйкес жұмыс істейтін бірнеше оқу орны бар. Соның бірі әрі бірегейі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Білім және ғылым министрлігінің тікелей қолдау көрсетуінің арқасында аталмыш оқу орнының базасында Алматы облысы, Іле ауданында арнайы Агро-био орталығы іске қосылды. Негізін 2009 жылы қалап, тексеру шаралары арқылы лицензияға қол жеткізген орталықтың соңғы үлгідегі құралдармен жарақтандырылған зертханасы мен зауыты бар. Мұнда екі жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің химия, биология факультетінің студенттері, магистранттары мен аспиранттары арнайы тәжірибеден өтіп, ғылым баспалдағына жол ашуда. Орталық директоры Бөкейхан Қодаровтың айтуынша, мұнда нанотехнология, биотехнология, экология, генетика, селекция, ботаника, дәрі-дәрмек өсімдіктері бойынша зерттеулер жасалады. «Жас ғалымдар теориялық білімін тәжірибеде ұштастырып, екі-үш айға шетелге жіберіледі. Орталық «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы мен алтын өндіруші мекемелермен жұмыс істеуді жоспарға қойған. Еңбектің негізгі нәтижесі – инновациялық ғылыми жаңалықты өндіріске енгізу», – дейді ол. Бүгінде орталық еңбегінің жемісін де көре бастаған. Зертханада су тазалайтын сүзгінің алғашқы легі өндіріліп, қолданысқа енді. Бұл негізінен ауызсуды, қоршаған ортаға залал келтіретін ағындарды тазартып, экологиялық жағдайды жақсартады. Бағасы да басқа елдердің тауарымен салыстырғанда едәуір арзан көрінеді. Сусыз тіршілік жоқ. Зат алмасудың барлық процестері судың қатысуымен атқарылады. Тамақты сіңіру, қанға нәрлі заттардың жетуі сұйық ортада өтеді. Зат алмасудың зиянды өнімі организмнен су арқылы шығарылады. Адам ағзасының 50-90 пайызы судан тұрады. Сондықтан да сапалы сүзгіні тұтыну – үлкен істің бастауы. Мемлекеттің басты капиталы – халықтың денсаулығын жақсарту негізгі міндет. Әуелгіде 500 данамен шыққан отандық өнімді Қарағанды, Қызылорда облысы арнайы тапсырыспен сатып алған. Қалған сүзгі балабақшаларға сыйға берілген. Ал мемлекет тарапынан қаржылай қолдау молая түссе, орталық халықтың сұранысын қамтамасыз етуге сақадай-сай. 
Агро-био орталығының тұсаукесеріне Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мен ҚазҰУ ғалымдары мен оқытушылары қатысты. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов оқу орнының мақтанышына айналған орталық жайлы: «Ғылыми зерттеулер көп. Бірақ оның өндіріске, экономиканың игілігіне еніп жатқаны шамалы. Бұған дейін тау-кен, металлургия, су тазарту мен фармацевтика, экологияға қажетті белсенді көміртегіні шетелден сатып алдық. Бір мақтанарлығы, көміртегінің жеті түрі болса, оның бес түрі осы тәжірибелік-өнеркәсіптік зауытта шығарылады. Шын мәнінде, әр ғылыми зерттеуден пайда табуға болады. Қазір болашақ жас мамандардың жаңа өндіріс орнында жобасын қорғап, жаңалық ашуына мүмкіндігі мол. Тағы бір айта кетерлік жайт, технология бойынша отыз адамды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылды. Біз кешегіге дейін инновация өндіріске енбей жатыр деп келдік. Бұл осы орталықтан басталады», – деген жүрекжарды қуанышымен бөлісті. 
Ал Білім және ғылым министрлігі, «Ғылым қоры» Басқарма төрағасы Қуатжан Уәлиев «Ғылым туралы» жаңа заң қабылданғалы бері ғылыммен шұғылданып жүрген жастарға айрықша көңіл бөлініп отырғандығына екпін түсірді. «Былтыр Қазақстанның ғылымына бөлінген қаржы еселеп өсіп, 51 млрд. теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі жарым, төрт есеге көп. Алайда, бұл әлі де аз. Дамыған елдерде ғылымға бөлінген қаржы ІЖӨ-нің 3 және 4 пайызын құрайды. Ал бізде 0,3 пайыз ғана. Елбасының тапсырмасына сәйкес, ғылымға кететін шығынды 2014 жылы ІЖӨ-нің бір пайызына жеткізу назарға алынуда. Білім және ғылым министрлігі бұл жолда көп жұмыс істеуде. Өздеріңіз куә болған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Агро-био орталығы Қазақстан БҒМ мен Дүниежүзілік банктің бірлесіп атқарған коммерцияландыру бағдарламасына сәйкес жасалынған бес жұмыстың бірі. Елімізде дәл осындай 20 жоба іске қосылды. Соның бірі физика-химиялық бағытта жұмыс істеуде. Бұл келешекте шунгиттің түрінен белсенді көмір алатын үлкен зауыт болатын түрі бар. Мұндағы пайдаланылатын шикізаттың бәрі отандық. Шығыс Қазақстан облысындағы «Бақыршық» кен орнынан әкелінген өнімді қайта өңдеп, одан қажетті шунгиттік негізде белсенді көмір алады. Бүгінде «Қалалық су құбыры» мекемесі суды тазалау үшін пайдалануға келісім жасады. Айта кетерлігі сол, зауыттың құрал-жабдықтары Қазақстанда жасалған және қазақстандық ғалымдардың ойлап шығарған немесе патенттелген дүниесі», – деп атап көрсетті. 
Біз атбасын тіреген екінші нысан – академик З.Мансұров жетекшілік ететін «Жалын» ЖШС. Осыдан екі жыл бұрын академик Мансұров «Ғылым қорынан» 250 млн. теңге алып, зауыттың іргетасын қалаған екен. БҒМ республикалық «Ғылым қоры» мен Жану проблемалары институтының мұрындық болуымен іске қосылған зауыт аз уақыттың ішінде отқа төзімді электр кабель мен пластикаттар, микротыңайтқыштар, көмірсутекті-минералды сорбент, т.б. өнімдер шығарады. Алдағы уақытта табыс түсімі молайса, біртіндеп қарызды қайтару да назарда. Кабель өндіретін зауыт Қырғызстанда, Ресейде, Қытайда, Еуропа елдерінде бұрынан бар болса, ал елімізде отандық өнімнің тамырына енді ғана қан жүгірді. 
Сондай-ақ, мұнда наноқұрылымдық сорбенттер, био-фито стимулятор өндіріледі. Бұл әсіресе, құрғақшылық кезінде өсімдікті өсіруге арналған. Мәселен, 1 гектар жерге 10 мг фузикоксин сепсе болды, жайқалып шыға келеді екен. Ал қондырғының бәрі ҚазҰУ ғалымдарының еңбегінің жемісі. «Жалын» ЖШС бөлім меңгерушісі Сандуғаш Тәңірбергенова отандық өнімге деген жарнаманың аздығын айтады. «Нақты өнімді былтырдан бастап шығара бастадық. Біздің кабельдің ерекшелігі, пластикаттың құрамына өзімізде өндірілген көмірсутекті қоспалар қосылады. Бұл зерттеулер өте қымбат. Сондықтан да Қытайдан келетін сапасы төмен кабельдермен бәсекелесе алмай жатыр. Шикізатты табудың қиындығы жоқ. Бәрі қолжетімді. Бізге бастысы жарнама қажет. Білім және ғылым министрлігі, «Ғылым қоры» қолдап, қаржы жағынан көмектесуде. Сұраныс артса, оны қанағаттандыруға мүмкіндігіміз мол», – деген ойымен бөлісті. 

Жас ғалымдар өсіп келеді 

Елімізде Ғылым қызметкерлері күніне орай, түрлі басқосулар мен конференциялар жалғасын тапты. Соның қорытындысы ретінде Ғылым ордасында «Қазақстан-2050 стратегиясы: білім-ғылым-инновациялар» республикалық форумы ұйымдастырылып, ғылым саласындағы мәселелер мен жетістіктер сарапқа салынды. 
Мерекелік басқосуға Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, «Астана Экспо – 2017» Ұлттық компа­ниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияв және еліміздің ғылыми әлеуетінің дамуына үлес қосқан майталман ғалымдар қатысты. Әуелі олар ESI-2013 ғылым мен техника жетістіктерінің республикалық көрмесін тамашалап, жастардың талпынысына оң баға берді. Көрмеге «ЭКСПО-2017»-ге бағытталған 12 иннова­циялық жоба, еліміздің іргелі және қол­данбалы зерттеулері бойынша 36 жоба көрсетілді. 
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ғалымдарды төл мерекесімен құттықтап, инновациялық ғылыми жаңалықтарды енгізу барысында аянбай тер төгудің керектігін атап өтті. «Соңғы жылдары ғылым саласында айтарлықтай өзгерістер орын алды. «Ғылым туралы» заң қабылданды, ғылымды басқарудың жаңа үлгісі мен қаржыландырудың жаңа тетіктері жұмыс істей бастады. 2010 жылмен салыстырғанда, ғылымды қаржыландыру 2,7 есеге өсіп, ғылыми жобаларды гранттық қаржыландырудың 4 конкурсы өтті. Бұл іске әлемнің 60 елінен 600 шетелдік сарапшы қатысып, ұлттық ғылыми кеңес 2 мыңнан астам ғылыми жобаларды іріктеп алған. Әлемдік ақпараттық ресурстар мен ғылыми басылымдарға қолжетімділік қамтамасыз етіліп, ғылыми-техникалық сараптаманың халықаралық жүйесі енгізілді, ғылым мен білімнің, өндірістің интеграциясы қарқынды дамып келеді» дегенді қадап айтты. 
Бүгінде елімізде 20 мыңнан астам адам қызмет ететін 345 ғылыми ұйым жұмыс істейді. Соңғы он жылда ұйымдардың саны 26 пайызға артса, қызметкерлер саны 38 пайызға өскен. Бұл тұрғыда министр Бақытжан Жұмағұлов: «Бүгінде 1500 студент ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. 2012 жылы 35 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі 38 пайызға артса, 45 жасқа дейінгі ғылыми қызметкерлер жалпы қызметкерлердің 56 пайызын құрап отыр. Бұл ғылым саласының жасарып бара жатқанын білдіреді» деп, жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына ден қоя бастағанын қуанышпен жеткізді. 
Ғұмырын ғылым жолына арнай бастаған жас ғалымның бірі, Білім және ғылым министрлігі және Дүниежүзілік банктің «Технологияларды коммерциализациялау» бағдарламасы бойынша грант иегері «KazCatTechDamu» ЖШС-нің директоры Дамир Әбдіхалықов. Бұл ұжым Академик М.Жұрынов басшылық ететін Д.В. Сокольский атындағы «Органикалық катализ және электрохимия институты» АҚ-ның базасы негізінде құрылып, жартылай каталитикалық тотығу процесінде жеңіл алкандардан олефиндер алу үшін берілетін қасиеттері бар катализаторлар жасауды қолға алды. Жоғары селективті катализаторлар метаннан, этаннан олефиндер алу жолдары шағын модульды қондырғыларда, ал газдар «факелдерде» жағылатын мұнай өндіретін жердегі минизауыттарда ендіру үшін ұсынылады. Жұмыс нәтижесі отандық және елімізде жұмыс істейтін шетелдік мұнай-химиялық компанияларда, Палермо университетінде көрсетілді. «KazCatTechDamu» ЖШС қызметкерлерінің табиғи және ілеспелі газдардың тотыға айналу процестері үшін наноөлшемді және монодисперсті катализаторларды синтездеуде тәжірибесі мол. «KazCatTechDamu» ЖШС-нің директоры Дамир Әбдіхалықовтың пікірінше, жобаны іске асыру нәтижесінде экология мәселесін де шешуге болады. Біз мүмкін болатын үш нұсқаны ұсынып отырмыз. Біріншіден, әрекеттеспеген өнімдерді қайтадан реакциялық циклге айналуын, екіншіден, шығарылатын газдар жағып жіберуге жөнелтіледі. Бізде бұл бағыт бойынша үлкен тәжірибе бар, зертхана 20 жыл бойы автотранспорт және өндірістік өнеркәсіптерден шығарылатын қалдық газдарды залалсыздандырумен айналысады. Үшіншіден, өртеу нәтижесінде түзілетін жылу және сондай-ақ көміртек диоксидін жылыжайларда қолдануға болады», – дейді. 
«Ғылым туралы» жаңа заңды іске асырудың екінші жылы да тәмам. Аз уақыттың ішінде ғылым саласында бірқатар жүйелі өзгерістерге қол жеткізілді. Мәселен, жоғары оқу орындарында ғылымды жылдам дамыту бағыты қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. 2010 жылы ғылыми жоба­лар­ды жүзеге асыру үлесі 33 пайызды құ­раса, өткен жылы бұл көрсеткіш 67 пайыз­ға теңестірілген. Тағы бір жағымды жаңалық, Қазақстан ғылымының даму шекарасы да жылдан жылға кеңейе түскен. Қазіргі кезде отандық ғалымдардың ғылыми еңбек­тері халықаралық рейтингі жоғары басы­лым­дарда жарық көруде. «Өткен жылдың ішінде халықаралық басылымдарға жарияланған мақалалар саны 478-ден 11143-ке артқан. Бұл біздің ғалымдарымыздың әлемдік ғылымға қосқан үлесі деп білемін», – деген министр ғылыми даму­дың жаңа міндеттемелерімен таныс­тырды. Алдымен еліміздің білікті ғалымдарын біріктіретін ғылыми орта­лықтардың деңгейі мен абыройын арт­тыру көзделіп отыр. Министр қоғамдық-гуманитарлық бағыт­тағы ғылымды, оның ішінде саяси һәм экономикалық саладағы ғылымды да­мыту керектігін, жоғары оқу орындары секторын дамытуды негізгі міндетке балады. Нәтижесінде 10 инновациялық бағыттағы жоғары оқу орындары анықталып, мақсатты түрде қаржыландырылып келеді. 
Ал Алматы қаласы әкімі А.Есімов ғылым мен білімнің ордасы саналатын Алматыда 9 мыңға жуық ғылыми қыз­мет­кер еңбек ететіндігін мақтанышпен жеткізді. «Қазақстанда 149 жоғары оқу орны бар болса, соның 46-сы Алматыда орналасқан. Алматыдағы жоғары оқу орындарында 160 мыңнан астам студент оқиды. Ондағы профессор-оқытушылар құрамы 17 мыңға жуық», – деген әкім ғылымды дамыту бағыттары жайында айта кетті. Оның біріншісі – «Алатау инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы. Екіншісі – тау-шаңғысы курорты мен Алатау ауда­нындағы өндірістік аймақты құру жұ­мысы. Үшіншісі – экологиялық мәсе­лелер. Алматы қалалық әкімдік бұл бағыттар бойынша ғалымдардың ұсыныс-тілек­терін қабыл­дап, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін ескертті. 
Сәуірдің 5-12 аралығында еліміздің түкпір-түкпірінде ерекше аталып өтілген Ғылым қызметкерлері күнінің соңы салтанатты мерекеге ұласты. Қазақстан ғылымының дамуына үлес қосқан ға­лымдар «Білім саласының үздігі» төсбелгімен, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы және алғысхатымен марапат­талды. 

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары