Ауыл іргелі болса... Павлодарда 25 ауыл жойылады
Ауыл іргелі болса... Павлодарда 25 ауыл жойылады
Павлодар облысында ірілендіру үшін 173 ауылдық округ 148 ауылға топтастырылады. Павлодар облысы әкімінің аппарат жетекшісі Қанат Кәрімовтің айтуынша, Павлодар облысында бүгінде халқы 500-ден төмен ауылдар көп. Бір ауылдық округті екіншісіне біріктіру арқылы халқының санын 2-3 мыңға жеткізе аламыз дейді.
– Осылайша, Ақсу қаласы әкімінің аппаратына қосылу жолы арқылы Ақсу ауылы әкімінің аппараты таратылады. Осы тектес ауылдық округтердегі 8 әкім аппараты таратылады. Ірілендіруден кейін Ақсу қаласының ауылдық аймағында 6 ауылдық округ қалады», – деп мысал келтірді Қ.Кәрімов баспасөз беттеріне берген мәліметінде. Бірақ осы жарамсыз қалған ауылдарда бұрын мектеп, электр энергиясы және асфальт жол болған жоқ па? Бүгінге дейін олар қалай өмір сүріп келді? Бүтін бір ауылдың тұрғындары қосылып бір мектепті толтыра алмайтын болса, оқушылар осы күнге дейін қайда оқыды? Бұл сауалдардың жауабын білу үшін облыс әкімдігіне хабарласқан едік. Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекшісі Әлия Арыновадан бұл мәселенің егжей-тегжейін естіп білдік.
– Бұл ауылдар географиялық орналасуы мен әлеуметтік қамтамасыз етілуіне қарай біріктіріледі. Олар ешқайда көшірілмейді, ауылдар өз орнында қала береді. Тек қана жақын орналасқан ауылдардың әкімшілігін, атауын, аумағын біріктіру арқылы бір ауыл жасаймыз. Бұл ауылдарда инфрақұрылым дамыған деуге болады. Бұл шаралар әкімшілік шығындарды азайту үшін жасалуда. Оның ішінде Баянауыл, Ақсу, Ақтоғай, Ертіс аудандарындағы ауылдар біріктіріледі, – деді ол.
Естеріңізде болса, дәл осы аймақтарда қар қалың жауып, ауыл-ауылдарға қатынайтын жол қыста томаға-тұйық жабылып қалған болатын. Жолды қардан тазарту жұмыстары техниканың жетіспеушілігінен кештетіп жүргізілді. Осы уақыт ішінде көрші ауылдарға қатынап оқитын мектеп оқушылары амалсыздан сабағын тоқтатуына тура келді. Павлодар облысында ақтүтектің кесірінен 8 бірдей елдімекен қалың қар құрсауында қалғанын баспасөз өкілдері жарыса айтты. «Алыс ауылдарға баратын жолдарды түгел тазалап шығуға қазір облыстың төтенше жағдайлар қызметі қауқарсыз. Құтқарушылар қазір санаулы техникасымен ең қауіпті деген аймақтарды ғана тазалап жатыр. Сондықтан байланыс үзілген ауылдарға көмектің дәл қазір жете қоюы екіталай» деді аймақтық басшылар. Сонда облыс әкімдігінің шамасы жетпесе, кімнің шамасы келеді? Солтүстіктің қытымыр ауа райы, қары омбылап жауатыны бәрімізге белгілі, бірақ жыл сайын шалғай ауылдар өркениетпен байланысты үзіп, балаларын үйде оқытып келеді. Олай болса «ит арқасы қияндағы» дәл осы ауылдардың келешегіне қауіптенбей қайтеді. Ешкімді ешқайда көшірмесе, мектеп пен әкімдіктерді біріктірсе одан халыққа не пайда?! Павлодар облысындағы жаппай ірілендіру көп ұзамай республиканы қамтиды. Басшылардың айтуынша, ұсақ ауылдарды дамытудың ешбір маңызы жоқ. Бірақ осы шағын ауылдар кезінде өндіріс орындарының басынан, кеніштің жанынан ашылып, жұмыс іздеген халық сонда барып пана тапқан еді. Тіпті өнеркәсіп басына әдейілеп көшіріп әкелген жұмысшылар бұлар. Ендеше ауылға жақын маңайдағы өндірісті қалпына келтіріп немесе ірілендірілген мал шаруашылығын дамытуды неге қолға алмасқа?
Өткен аптада Астанада өткен Кәсіпкерлер кеңесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев шағын ауылды дамытудың ешбір пайдасы жоқтығын айтып өтті.
– Қазақстанда – 7232 ауыл бар. 3750-сі – мықты ауылдар, олардың әлеуметтік ахуалы жақсы, жетекшілері де іскер. Тағы 2500 ауылдың ахуалы орташа. Оларға көмектессек экономикалық жағдайы түзеледі, дамиды және республикада 1 мыңдай ауыл бар, оларға не істесең де түзей алмайсың. Олар – шағын ауылдар, мықтағанда елу әйтпесе, жиырма бес-ақ ауласы бар. Ондай мекендерге жол тартып, мектеп салып, әуре болудың қажеті жоқ. Одан да жұртты көшіріп, балаларды білім алуға мүмкіндік бар жерде дұрыстап оқыту қажет. Яғни, бізге асықпай сараптап, бір-екі күнде емес, осы жылдардың ішінде Қазақстанның ауылдарын көтерудің қамын ойлап, бағдарлама жасау керек, – деді ол.
Әлемдік тәжірибеде, шағын ауылдарды жою деген ұғым бар. Мәселен, әрбір американдық азамат бүкіл ғұмырында жайлы жер, жайлы қоныс – «жерұйығын» іздеп, кемінде 17 рет қоныс аударады екен. Яғни, олар үшін атамекенге қадалып, аспаннан ас күтіп отыру жат нәрсе. Неғұрлым жағдай түзу, экономика берік, ал әлеуметтік қамту мәселесі толық жерлерге қоныстана береді. Сөйтіп тұрғыны аз ауылдар өзінен-өзі жойыла береді. Бірақ туризм дамыған аумақтарда 500-1000 шамалас халқы болса, ол ауыл емес шағын қалаға жатқызылады, өйткені бұл мекеннің қазынаға салар қаражаты мол, экономикасы нықтап орнаған.
Кәрімов мырзаның айтуынша, халықты тек қана ірі елді мекендерге шоғырландырған соң нағыз өркениет жасалады. «Ауылдық округтерді ірілендіруден кейін әкімшілік басқару жақсарады, жол, су-энергиямен жабдықтау, байланыс саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, өзге деңгейдегі бюджеттен трансферттік қаражат алу мүмкіндігі пайда болады. Қоғамдық тәртіпті күзету, тұрғын үй-коммуналдық, санитарлық-ветеринарлық қызмет бойынша жұмыстардың деңгейін арттыруға арналған жағдайлар жасалады», – деп түсіндірді Қ.Кәрімов. Сонда бұған дейін электр сымдары, жол мен ауыз су мәселелері қолға алынбаған ба?
Жалпы Павлодар облысының экономикалық жағдайы көңіл көншітпейді. Облыстағы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2012 жылы 77,8 млрд. теңгені ғана құраса, бұл 2011 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 11,5 пайызға төмен екен. 2013 жылдың басында облыста ірі қара мал мен қойдан басқа барлық мал басының саны азайған. Сондай-ақ соңғы кездері шаруа немесе фермер қожалықтарында ет, сүт өндіру ұлғайып, керісінше ауылшаруашылық кәсіпорындарында ет өндіру азайған. Облыс халқының 57,4 пайызы жұмыспен қамтылған. ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 13 жобасы бар, инвестиция көлемі – 520,4 млрд. теңге, жұмыс орнының саны – 5253. Бірақ салынған қаражаттың барлығы дерлік ірі елді мекендер мен қалаларға тиесілі.
Ауылға кім барады?
Шағын ауылды былай қойғанда ірілі-ұсақты қалалардың да жағдайы мәз емес. Жуырда «narod.ru» сайтында «Өлі қалалардың» («Мертвые города») тізімі жарияланыпты. Оның ішінде әлем елдеріндегі тыныстауын тоқтатып, құрылысы қирап, халқы тентірей бастаған 50 қала бар. Қазақстаннан да бірнеше қала тізімнің басына орналасыпты. Шығыс Қазақстандағы Асу-бұлақ, Шаған, Жамбыл облысындағы Жаңатас қалалары өндірісті деген атауынан айрылып, өлі қалаға теңелген. Онда Жаңатас қаласы туралы былай жазады: «1969 жылы Қазақстан картасында болашағынан зор үміт күттіретін қала пайда болды. Жаңа технологиямен жабдықталған тау-кен өнеркәсібі екпінді дамыды. Өндіру саласын жылдам дамыту үшін барлық күш Жаңатас қаласының құрылысын дамытуға жұмылдырылды. Әлеуметтік мәселе жұмысшы тұрғындарды толғандырған жоқ» деп жазады да «…Бір кезде гүлденген қала ластанған өлі қалаға айналған. Мұнда тек барар жері жоқ халық қалған, олардың басына түскен мүшкіл халмен күресуден басқа амалы жоқ», – делінген. Бұл Жаңатастың ғана тағдыры емес. Республикада мұндай түзу түтіні қисайған қалалар көп. Бірақ «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасына бастапқыда бас-аяғы 20 қала ғана кіріп отыр.
Былтыр Қазақстан экономикасына 160 миллиард доллар инвестиция тартылды. Осы қыруар қаржы санаулы қалалар мен ірі өндіріс орындарына салынды. Шетелдік қаржының басым бөлігі екі-үш үлкен қала мен кейбір аймақтармен шектелетіні өкінішті. Ауылға бағытталған қаражат мектеп, әкімшілік және емхананы күрделі жөндеуден өткізу мәселесіне ғана жаратылады. Оның өзінде аудандық әкімшіліктен азын-аулақ тиын-тебенге қанағат айтуына тура келеді. Егер елге баратын 5 мың шенеунік штаты аймақтарда осы түйткілдерден тыс ауыл халқының тұрмысын оңалту, әлеуметтік жағдайын жақсарту және жаппай жұмыспен қамту мәселесін шешсе нұр үстіне нұр. Елбасының өзі аймақтарды дамытуды тапсырғалы қашан… Облыстарға көптеп инвестиция тарту арқылы әлеуметтік ахуалды түзету жүктелсе де, негізгі өндіріс орындары жергілікті әкім-қаралардың арқасында қаржыны өзіне алып кетіп жатады.
P.S. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан экономикасына 160 миллиард доллар инвестиция тартылды. Осы қыруар қаржы санаулы қалалар мен ірі өндіріс орындарына салынады. Шетелдік қаржының басым бөлігі екі-үш үлкен қала мен кейбір аймақтармен шектелгені өкінішті.
Ақниет ОСПАНБАЙ