Азия МАҒЫПЕРҚЫЗЫ: САҒЫНЫШЫҢ ЖҮРЕГІҢНІҢ ТҮБІНДЕ

Азия МАҒЫПЕРҚЫЗЫ: САҒЫНЫШЫҢ ЖҮРЕГІҢНІҢ ТҮБІНДЕ

Азия МАҒЫПЕРҚЫЗЫ: САҒЫНЫШЫҢ ЖҮРЕГІҢНІҢ ТҮБІНДЕ
ашық дереккөзі
438

ҚҰЛАҒЫМА ҰЯ САЛЫП ҚҰРҚЫЛТАЙ

Бала талдар сыңғырлатты сырғасын,
Басқа жаққа сыймай жетті бір басың. 
Қимастықтың қиқымына қылқындым,
Жанарыңнан жұлдыз құлап тұрғасын.

Тұра бердің, уыстап ап у бердім, 
Сыбыры да сақау сынды гүлдердің.
Қара жылан ұйықтап жатқан секілді, 
Аржағында қараған мен бүргенің.

Бақи жаққа бара жаттым сырғып мен,
Тілмәш әкеп тілдеспекпін тірлікпен.
Құлағыма ұя салып құрқылтай,
Жыла-жыла деп жатқандай жын біткен.

Жылау қиын, күлу тіпті су тегін,
Қара түнді құлағыңмен бүркедің.
Ұятымды ұрлығыма қосақтап, 
Қара түннің тізгініне тіркедім. 

Телміремін темір қазық нысанам, 
Орман – үнсіз, көйлегі – көк, құшағы 
– ән.
Қара түнге батып бара жаттың сен, 
Суға батқан алып кеме құсаған. 

САҒАТ ТІЛІ

Сағаттың тіліне
Көбелек қондырдым – 
Күрделі дүние…
Бүлдірдім.

Көбелек – гүл жанды
Уақыт – опасыз.
Қайық қып сырғамды
Жетер деп тосарсыз.

Жағада тұрғанды
Жырлауым ең қызық
Тұлғаңды
Тауысты жел мүжіп.

Күн кірпігімен
Қазады көрімді.
Ағаштың бүршігінен
Азабым көрінді.

Ағаштың бүршігі
Өлең бе, өмір ме?
Сағаттың сыртылы
Бастайды өлімге.

* * *
Кездескенде сөйлемей сайрайтын ең, 
Жанына жеткім келеді елесі бардың.
Малынып тұрып сәулеге сені есіме 
алдым,
Жанып кіріп үйіңе сөне шығармын.

Сені есіме алдым, уәдеңді бұзбайтын
едің,
Бар сырыңды жасырмай қызға айтып
едің,
Сорға айналды тұздай тілегім.
Күйіп тұрып салқындау сағыныш емес
Сүйіп тұрып сырқат ә, мұздайтын ерін.

Сені есіме алдым, сертіңнен 
таймайтын едің,
Елеместен тірліктің айғай сүреңін.
Кездескенде елемей сайрайтын едің.
Бала талға балапан қонақтағанда
Бұтағына орамалымды байлайтын
едім.

Жолыма өсіп алыпты долана қаптап, 
Бүлдіріп жүрген пендеде бола ма 
мақсат.
Түн меңіреу, бетінің түгі көрініп,
Таң дейтұғын кебінін орана қашпақ.

Түн қайда барады, түнеріп қайта 
келеді,
Түсініксіз бірдемені айта береді.
Тізгініңді ізгілік тарта береді.
Қыз күніңді іздесең – қыдыру керек,
Соңыңнан сайтан ереді.

ТҮГІМ ДЕ ЕМЕССІҢ…

Батырға да баладым – қалған сақтан,
ғұндардан,
Қарағай деп қарадым – қарлы тауда
бүр жарған
Сағынышы Сараның аумайтындай
Біржаннан,
Айшықталып тілімнен жарқырады 
жыр маржан.

Қыран үнін естісем,
Кептер көрсем қырманнан
Сая тапқан сияқтымын таудай биік
тұлғаңнан.
Дала менен сырласып, даналардан үлгі
алған,
Бар әлемге атыңды айғай салып
жынданғам.
Жанталастым жандардай несібеден 
құрқалған!
Жас екем ғой ол кезде армандарым ақ
үрпек,
Қайратым да қабыршық.
Енді артыма қарасам аттың басын сәл
іркіп,
Сұңқылдайды сұм жалған.

* * *
Енді түгің де емеспін,،
Күнің де емеспін.
Кездессем дірілдемеспін, 
Атыңды дұғадай күбірлемеспін.
Ұрпағың болса күлімдеп өссін,
Тойың дүбірлеп өтсін, 
Орманың, ойың, бойың дүрілдеп өссін,
Маған деген тілегің болса,
Тіліңде кетсін.
Сағынышың жүрегіңнің түбінде кетсін,
Кеше де елессің, бүгін де елессің,
Ертең де елессің
Түгім де емессің!
Білмейтініңді кешіретін мен де білімді 
емеспін. 

Кең дүние толы екен ғой сұраққа 
Сырласым ең, мұңдасым ең сан жылғы,
Сыйласым ең кесіп өтпес алдымды. 
Қырды асып ең маған арнап гүл теріп,
Жазғы шықта кешіп жүріп шалғынды.
Куәсі едің сансыз сайран күнімнің,
Шырша тасып күлше тасып жүгірдің. 
Кіміңмін?
Мен мұңайсам – бүгілдің.

Сен жанымнан, жел жағымнан 
табылдың,
Байрағындай ең жеңісті шағымның.
Табысымды аз тойлап талай шабылдың,
Бағалайды қолда барында бағын кім.

Енді неге аттанбақсың жыраққа,
Кең дүние толы екен ғой сұраққа. 
Теңсіз мынау дүниеден жерідім,
Менсіз сені жеткізетін мұратқа.

* * *
Мәңгілік бар деген сөзге сенетін
Бала екем ғой.
Ақ құшақтар амалсыздан бөлінді,
Ақ ұшаққа қонып кетіп барасың.

Шаттығымды жолға салып тұрдым
мен,
Айналайын мұңға батқан түріңнен.
Екпінінен толқып кеттім ұшақтың
Күллі дүние дірілдеді гүрілден. 

Сертің етіп сері күздің құстарын
Бозамық бұлыт, боз бораннан ықпадың.
Үйде отырып жыласам да жөн екен
Қате бопты аттандыра шыққаным,
Тепкіледім қара жердің пұшпағын.

ТҮН ЖӘНЕ МЕН

Қандай керең, қандай терең мына түн,
Жер бетінің қымтайды бар күнәсін. 
Түні – тамұқ, таңы атпаған күндердің, 
Атасының ауызына ұрасың.

Қадамы тез ғасырда бұл жел өкпе,
Деп ойлайсың керең болу керек пе. 
Ана тілін қадірлейтін біреулер
Алатұғын шығар ертең мені еске.

Қиялдарым қырық саққа жүгірді
Шыр айналып туған жердей 
Құдайға анық, түннен кейде түңілем, 
Жасыра алмай өз-өзімнен түгімді.

Түн түксиер түкті жүзін сүймесем,
Сөйтіп алдап, тылсымдармен тілдесем.
Қызыл көзді шырақтарға серік боп,
Қызғаныштың қызыл шоғын үрлесем.
Көз алдымнан өтсе өмір парағым
Жарқанаттың жамыламын қанатын
Жоқ ешқандай таласың.

Серіктес жаңалықтары