Бакудегі басқосу: ҚАП ТАУЫ МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ КЕЛЕШЕГІ

Бакудегі басқосу: ҚАП ТАУЫ МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ КЕЛЕШЕГІ

Бакудегі басқосу:  ҚАП ТАУЫ МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ КЕЛЕШЕГІ
ашық дереккөзі
199

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОНАҚҚА ШАҚЫРДЫ
Апта басында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, ҚР аймақтық даму министрі Бақытжан Сағынтаев әзір­бай­жандардың астанасы Бакуде өткен Дүние­жүзілік экономикалық форумға (WEF) қатысып қайтты. Шараның басты мақсаты – Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияның даму келешегін талқыға салу. Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген Б.Сағынтаев 2050 жылға қарай Қазақстанның дамыған 30 мемелкеттің қатарына көтерілуді жоспарлап отырғанын айтты. «Осы мақсатта, елімізде экономиканы ең үздік халықаралық тәжірибенің стандарттарына бейімдейтін жұмыстар басталды». Бүгінде «жасыл экономика» қағидаларына сүйенетін шаралардың басты кезекке қойылатынын көлденең тартқан министр қоршаған орта мен табиғи ресурстарға қамқорлық жасалынбайынша, тұрақты дамудың болмайтынын еске салды: «Осы себепті, «Болашақтың қуаты» тақырыбымен ұйымдастырылатын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге Астананың таңдап алынуы бекер емес. Бұл мемлекетіміздің экономикасын дамытуға «жасыл шешімдер» мен үздік технологияларды енгізуде маңызы зор». Б.Сағынтаевтың айтуынша, Қазақстан Орталық Азия мен Қап тауының етегіндегі елдермен ынтымақтастық орнатуда көлік инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығы саласын, сауда мен энергетикалық салаға баса назар аудармақ. Бакудегі басқосудың өзекті мәселелерді шешуге қауқарлы екендігін ескерткен вице-министр Форум қатысушыларын БҰҰ бастамасымен ұйымдастырылатын Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы шаралар конференциясына қатысуға шақырды. Үстіміздегі жылдың мамырында Астана қаласында өткізілетін VI Астаналық экономикалық форумда Жер шарының түкпір-түкпірінен жиналатын сая­саткерлер, экономистер, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері т.б. әлемдік экономиканы тығырыққа тіреген экономикалық және саяси түйткілдердің шешімін қарастырмақ.

«Қазақстандағы жұмыссыздық соңғы жылдары 5,5 пайызбен, тұрақты деңгейде сақталып келеді. Сарапшылардың пікірінше, еліміз ТМД елдері бойынша 1993 жылдан бастап елімізге 160 млрд. доллардан астам тікелей инвестиция тартылды» деген Орталықазиялық аймаққа тиесілі инвестицияның 80 пайызы Қазақстанның үлесінде екенін айтты. «Қазақстанның қаржылық әлеуеті, халықаралық қоры (оның ішінде жалпы қоры 87 млрд. долларға жеткен ҚР Ұлттық банкі бар) нығайып келеді. Сонымен қатар Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекелестікке төтеп беру көрсеткіші бойынша 51-орынды иемденуі – Қазақстанның жетістіктерінің дәлелі», – деп мәлімдеген Сағынтаев 2010 жылдан бері үдемелі индустриалдық даму бағдарламасын жүргізіп келе жатқанын айтты. Осы орайда, республика бойынша 770 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, жалпы саны 200 мың жұмыс орны құрылмақ. «Соңғы үш жылда 530-дан астам кәсіпорын іске қосылып, кәсіпкерлікке қатысты түрлі қаржылық және қаржылық емес шараларын қарастыратын 9 дербес экономикалық аймақ, технопарктер, индустриалдық бақтар жұмыс істеуде» деген вице-премьер Форум қонақтарын аймақтық серіктестік пен ынтымақтастыққа шақырды. Қазір Қазақстан теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ әрі халықаралық нарықтардан алшақ жатқан өзі және Орталық Азия елдері үшін тамаша мүмкіндік – «Қорғас-Шығыс қақпалар» атты жаңа жобаны ұсынады. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен қытаймен арадағы сауда байланыстарын нығайтуға жаңа мүмкіндік. Осы жобаларды жүзеге асырудың арқасында бірқатар географиялық түйткілдер шешілмек.

ТҮРІКТЕРДЕ ТҮРЛІ ЖОБА БАР

Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысушылар қатарындағы Түркияның энергетика және табиғи ресурстар министрі Танер Йылдыз түріктердің көмірсутегілер мен энергетикалық жобаларды аймақтың дамуы мен тұрақтандыруға жұмсайтынын жеткізді. Соңғы он жылда еліндегі энергетикалық саланы екі есеге жаңартқан Түркия Жалпы ішкі өнімін үш есеге арттырыпты. Жер шарының түрлі мемлекетімен ынтымақтастық қатынастағы түріктер экономикалық және энергетикалық саланы дамытуға ден қойған. «Ресей, Түркиямен бірге жүзеге асырып жатқан «Оңтүстік ағын» жобасымен бірге Трансанадолы газ құбырын (TANAP) БАУЫРЛАС Әзірбайжан елімен бірге қолға алмақ», – деп мәлімдеген Танер Йылдыз саяси ахуалы аумалы-төкпелі Иран және Иракпен де Анкараның энергетикалық салада ынтымақтастық орнатқанын жеткізді. Әлемдік саяси сахнада дау тудырған әрі бәсекелестік пен бақталастық көрігін қыздырған энергетикалық қорларды тасымалдау мәселесі күн тәртібіне шығарылғалы біраз болды. Орталық Азияға тиесілі арзан көмірсутегіні тұрақты түрде алуға мүдделі мемлекеттер өзара бәсекеге түскен. Әлемдік нарыққа мұнай мен газ шикізатын бағыттауда Түркияның орны ерекше. Кейінгі кездері Баку – Тбилиси – Карс пен Баку – Тбилиси – Ерзұрым жобаларын іске асыруда да белсенділік байқалады. Бүгінде әзірбайжандардың да арыны қатты. Көмірсутегі саласына басымдық берген олар орталықазиялық аймаққа тартылатын инвестицияның қомақты бөлігінен дәмелі. Бакудегі басқосуда Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев табиғи ресурстарға бай өз елінің әлемдік тұтынушылық нарыққа үстемдік жүргізгісі келетінін жасырмады. Оның айтуынша, соңғы он жылда әзірбайжандар 130 млрд. доллар тікелей инвестиция тартқан, ел экономикасы 3 есеге өскен, мемлекеттік бюджет 1,5 млрд.-тан 25 млрд-қа дейін артқан.
Форум соңында шараға қатысушылар Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия елдерінің келешегін көз алдарына қалай елестететіндері туралы сауалнамаға жауап беріп, ұсыныстарды дауысқа салған. Осының нәтижесінде, форумға қатысушылардың 62 пайызы интеграцияны жақтаса, 22 пайызы аймақтарға шоғырлануды, ал 15,7 пайызы аймақтарды оқшаулауды ұсынды. Бакудегі форумда күн тәртібіне шығарылған мәселелер енді Астанада өткізілетін Экономикалық форумда жалғасын таппақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары