Шық бермес Шығайбайлар да ойлануда АҚШ миллиардерлері жылдық табыс салығын көбейтуді ұсынып отыр

Шық бермес Шығайбайлар да ойлануда АҚШ миллиардерлері жылдық табыс салығын көбейтуді ұсынып отыр

Шық бермес Шығайбайлар да ойлануда АҚШ миллиардерлері жылдық табыс салығын көбейтуді ұсынып отыр
ашық дереккөзі
206

Атақты француз актеры Жерар Депардьенің өз еліндегі салықтан қашып, Ресей азаматтығын алуы – бүгінгі таңда біраз әңгіменің өзегіне айналды. Француз премьері Жан Руссо бұл ретте Жерар Депардьені «сараң» және «патриот емес» деп айыптады.
Социалист Франсуа Олланд Франция президенттігіне сайланар алдындағы сайлауалды бағдарламасында дағдарыстан шығудың жолы ретінде француз байларына салынатын салықты еселеп арттыруды ұсынған еді. Француз жұрты Франсуа Олландты сол үшін қолдаған да болуы керек. Өйткені кіріс табысының салығы Қазақстандағыдай айлық табысы ең төменгі есептік көрсеткіштен (18 666 теңге – 100 АҚШ долларынан сәл асады) асып кеткен азаматтардың барлығына бірдей салына бермейді. Салық тек ірі табысы бар байларға, миллионерлер мен миллиардерлерге салынады. Бұл ретте құны 1,3 миллион еуродан асатын қозғалмайтын мүлікке ие француздар – жылына табысының бес пайызын төлеп тұруға міндетті. Бұған дейін жылдық табысы 1 миллион еуродан асатын әрбір француздың жылдық салық төлемі – 40 пайызды құраған болса, 2013 жылдан бастап ол – 75 пайызға жетпек. Француз Конституциялық соты байлардың жылдық табысына 75 пайыз салық салуды заңсыз деп тапқанымен, Француз үкіметі дағдарыстың бетін қайтару мақсатында – 2013-2014 жылдарға осы салық жүйесін енгізуге мықтап бел буған сияқты. Байлардың жылдық табысына салынатын салық 75 пайыздан төмендегенімен, бұрынғы 40 па­йыз деңгейінде қалмайтындығы анық.
Бұл ретте әлемдік салық жүйесін ой елегінен өткізуді жөн көріп отырмыз. Еуропа мен Америкада табысы төмен отбасылар мен орта және шағын бизнес субьектілеріне салық салынбайды екен. Ондағы салық жүйесі прогрессивті деп аталады және байлар мен байшікештердің табысынан бюджет қоржынын бұлтитуды мақсат етеді. Франциядағы байлар қозғалмайтын мүлікке (жеке үй, қамал, сарай, коттедж, вилла, т.т.), қымбат автокөліктерге, банкідегі есеп-шоттарына, өзге қымбат бұйымдарына салық төлесе, Ұлыбританияда қозғалмайтын мүлкінің құны миллион фунттан асқан ағылшындар жыл сайын мемлекетке табысының 5 пайызын төлеп тұруға міндетті. Испанияда мүлкінің құны 700 мың еуроға жеткен байлар 0,2-2,5 пайыз салық төлейді. Норвегияда 700 мың кроны барларды байлар қатарына қосады және ол қазынаға 0,4-1,1 пайызға дейін салық төлеуі тиіс. Голландияда инвестиция­лар мен жинаған қаржысынан 1,2 пайыз салық ұсталынады. Дамушы елдер қатарынан Үндістан 3 мил­лион үнді рупийінен асқан мүлікке (60 мың АҚШ $) 1 пайыз салық салады. Мексикада құны 250 мың АҚШ долларынан асқан автокөліктен 5 пайыз салық ұсталынады.
Францияда салынатын салық – бір адамның табысымен есептелінбейді, бүкіл отбасының табысымен қоса есептелінеді. Мәселен, Франциядан қашқан Жерар Депардье жылдық табысын егер отбасымен бөлісетін болса, төленетін салық та әлдеқайда арзандар еді. Бірақ, Жерар Депардье әйелімен ертеректе ажырасып кеткендіктен, қазір басы бос. Сол себепті де оның жылдық табысы 1 миллион еуродан асатындықтан, салынатын салық 75 пайызды құрап отыр. Франциядағы орташа жалақы 1500 еуро. Бұл біздің ақшамен – 300 мың теңге. Франция жұрты мұндай жалақыдан салық төлемейді екен.
Ресей, Қазақстан және өзге де посткеңестік мемлекеттерде әзірге байлардың мүлкі мен тапқан табысына арнайы салынатын салық жоқ. Егер, Ресей айлық табысы төменгі есептік көрсеткіштен асып кеткен әрбір азаматына 13 пайыз кіріс салығын салса, Қазақстанда – 10 пайыз, Өзбекстанда – 8 пайыз, Украинада – 15 пайыз. Украина биыл­дан бастап, қозғалмайтын мүлік салығын салуды қолға алып отыр. Онда көп қабатты үйлерде ауданы 120 шаршы метрге дейінгі пәтерлері барларға бұл салық салынбайды. Қозғалмайтын мүлігінің көлемі 120 шаршы метрден асып кеткендер үшін жылдық табысының 1 пайызын қазынаға аударуы тиіс.
Социалистік мемлекет саналатын Қытайдың өзінде жеке тұлғаларға салынатын салық кірісіне орай есептелінеді екен Tengrinews.kz сайтының мәлімдеуінше, Қазақстан Халықтық Коммунистік партия атынан сайланған депутат Тұрсынбек Өмірзақов кедейлер үшін кіріс салығын алып тастауды ұсынды.
«Жеке табыс салығының прогрессивті жүйесін енгізуді және кедейлер үшін салық төлемдерін азайтуды ұсынамыз. Жеке табыс салығының алғашқы сатысын – 0 пайыздан бастау керек. Шетелде 15 айлық есептік көрсеткіштен төмен кірісі бар жандарға (бір айлық есептік көрсеткіш – 18 666 теңге) 0 пайыздық салық салынады. Келесі саты – 5 пайыздық. Бұл меже – 15-40 айлық есептік көрсеткіштен артық жалақы алатындарға салынуы тиіс, бұдан кейінгі меже – 10 пайыз болуы тиіс», – деген Қаржы министріне жолдаған депутаттық сауалында. – «ҚР Білім және ғылым министрлігі Экономика институты орталығының меңгерушісі Аманжол Қошановтың мәліметіне сүйенсек, өте байлар мен өте кедейлер табысының арасындағы айырма – 30 есеге жеткен. Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, 2009 жылы бұл айырма – 5,3 есеге, 2011 жылы – 6,1 есеге жеткен екен. Осыған орай, бай мен кедей арасындағы әлеуметтік теңдікті реттеу үшін жеке табыс салығының прогрессивті жүйесін енгізуді қайта қарайтын кез келді», – деген ол әлемнің дамыған елдерінде кедейлердің табысына салық салынбайды, керісінше, байлардың табысына салынар салық – 50 пайыздан асатындығына тоқталады.
Қазақстандық «Форбес» журналы қазақстандық ең бай елу адамның тізімін жариялағаны мә­лім. Олардың жалпы табысы – 24 миллиард АҚШ долларына жетеді екен. Биылғы Қазақстанның жылдық бюджеті – 36 миллиард АҚШ доллары екенін ескерсек, 50 байдың жалпы табысы, еліміздің жылдық табысының үштен екісін құрап отыр. Егер Қа­зақстан Украинадағыдай немесе Үндістандағыдай қозғалмайтын мүлікке және өзге де кіріс түріне 1 пайыздық салық салу жүйесін енгізетін болса, мемлекеттің қа­зынасы 240 миллион доллармен молаяды екен. Қазақстандық байларға салық салу мәселесі көтерілгелі біраз уақыт өткенімен, әзірге бай­лардың бұған ешқандай реакция танытпағанын көріп отырмыз. Бір қызығы, АҚШ пен Франция миллиардерлері байлар үшін салынатын салықтарды ұлғайту жөнінде өздері бастама көтерген екен. Өйт­кені елдегі қазіргі дағдарыс жағдайында отандастарының күнін әзер көріп жүруі – олардың арына сын болыпты. Және Франциядағы қазіргі салықтық жүйе – тек бір-екі жылға ғана қолданылып отыр.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары