СТАМБҰЛ: ТҮБІ БІР ТҮРКІ БАС ҚОСТЫ
СТАМБҰЛ: ТҮБІ БІР ТҮРКІ БАС ҚОСТЫ
Екі күнге созылған шараның алғашқы күні шетелдік қонақтар ҚР Президенті Н.Назарбавтың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын жоғары бағалап, бұған дейін мұндай құжаттың өзге түркі тектес елдерде қабылданбағанын айтты. Мәселен, Әзірбайжан 2020 жылға дейін, Түркия болса, 2023 жылға дейінгі даму стратегиясын алға қойып отыр. Себебі, 2023 жылы түріктер тәуелсіздігінің 100 жылдығын тойламақ.
Стамбұлдағы Түрік Азия Стратегиялық Зерттеу Орталығы (ТАСАМ) ұйымдастырған ІІ Дүниежүзілік Түркі Халықтары Форумына келген депутат Камал Бұрханов, Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультеті деканы, алаштанушы Қайрат Сақ, саясаттанушы Айдос Сарым, Мимар Синан Университетінің оқытушысы доктор, профессор Әбдуақап Қара, ұзақ жыл Азаттық радиосында қызмет атқарған Әлихан Жаналтай, «KazBusinessMedia» басқарма алқасының жетекшісі Асқар Омаров т.б. атсалысты.
Дүниежүзілік Түркі Халықтары Форумының Бас хатшысы Алмагүл Исинаның айтуынша, биылғы форумға қатысушылардың төрттен бір бөлігі – Қазақстаннан. «Кейбір ағайын түркілік ұғымына келгенде, жаңсақтыққа жол береді. Меніңше, түркілік – саяси астардан ада, Жер шарының түкпір-түкпіріне тараған 250 миллион түркінің тағдыры, бүгіні және келешегі. «Түркі диаспорасы және түркі әлемі: келешек-2023» тақырыбында өткізілген ІІ Форумның басты мақсаты – түбі бір түркінің басын біріктіре отырып, ортақ рухани мақсатқа жұмылдыру. Әлемдік сахнадағы түркілердің маңызы, атқаратын рөлі қандай болуы керек? Өнер, экономика, мәдениет, рухани, жалпы дүниежүзілік мәселелерге қандай үлес қоса аламыз? Неден сақтанып, неге көңіл бөлгеніміз абзал? Осы мәселелердің барлығы ІІ Форумда сөз болды. Биылғы шараның былтырғыдан ерекшелігі сол, бірінші жиында біз алға қойған мақсаттарға қол жеткіздік. Мәселен, Ақсақалдар алқасын құрдық, алғашқы отырысты өткізіп, Қазақстан атынан Олжас Сүлейменов мүшелікке қабылданды, бір жылда бірқатар шаруа атқарылды», – дейді.
Форумға қатысушыларды тасымалдауды өз мойнына алған «Эйр Астана» Ұлттық компаниясы демеушілік жасаған көрінеді. «Бұл 20 жылдық тарихы бар Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген экономикалық және әлеуметтік жетістігі деп білем. Компания өкілдері бізге өздері хабарласып, қолдау көрсетуге ұсыныс айтқанда қатты қуандық» деп ағынан жарылған Алмагүл Исина форум барысында шет елдерден келген қандастарымыздың қазақстандық жастардың білімділігіне, инабаттылығы мен алғырлығына тәнті болғанын жеткізді: «Қазақ жастары баяндамалар барысында өздеріне керекті жерлерін түртіп алып, қатты қызығушылық танытты. Түріктермен – түрікше, орыстармен – орысша, Еуропадан келген қандастармен және қонақтармен ағылшынша араласып, өз араларында қазақша сөйлесіп, өзгелердің таңдайын қақтыруы мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстанның жарқын келешегі саналатын осы жастар аман болсын».
ІІ Дүниежүзілік түркі халықтарының форумында айтылған ұсыныс-тілектер түзіліп, ортақ бір құжатқа тоғыстырылмақ. Алмагүл ханымның айтуынша, алдымен шараға атсалысқан ағайын көзбен көргенін және көкейге түйгенін қағаз бетіне түсіріп, ұйымдастырушыларға жолдауы тиіс. Содан кейін оны Дүниежүзілік Түркі Халықтары Форумы арнайы құжат ретінде дайындайды. Бұл – ертеңгі күннің еншісіндегі шаруа.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ