Әбдіғали БӘКІБАЕВ: ТҮБІНДЕ ЕЛГЕ ОРАЛАТЫН ШЫҒАРМЫН
Әбдіғали БӘКІБАЕВ: ТҮБІНДЕ ЕЛГЕ ОРАЛАТЫН ШЫҒАРМЫН
– Әбдіғали аға, алып шаһар Мәскеу, Ленинград емес, жұрт «жабық қала» деп атаған Томск қаласына оқуға келуіңізге не түрткі болды?
– Ол заманда біз тек білім алуды ойладық қой. Тіпті еліміз егемендігін алмаған кез. Сол кездегі Жамбыл қаласынан шалғайда бұйығы жатқан Томскіге келдім. Мәскеудің белді деген институттарына түсудің қиын екенін бәрі біледі. Содан ба, әркім жағдайына қарай, кішігірім қаланы да місе тұтатын. Әуелгіде, 1978 жылы Томск медициналық институтына түстім. Бірақ бір жылдан соң Томск политехникалық университетін қаладым да, соған ауысып кеттім. 1984 жылы «Биологиялық белсенді әрекеттердің химиялық технологиясы» мамандығын тәмамдап, 1987 жылы аспирантураны аяқтадым. Міне, содан кейін ғылымға деген құлшынысым артып, жылдар өте келе аға ғылыми қызметкер атандым. Әрі қарай сүйікті оқу орнымды қимадым ба, әлде ғылыми ізденіске кең құлаш сермедім бе, әйтеуір ешқайда кеткім келмеді. Бүгінде химия ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне көтерілдім. Сенсеңіз, сонау 1979 жылдан бері осы оқу орнымен бірге жасап келеді екенмін.
– Отыз жылдан астам уақытта талай шәкірт те тәрбиелеген шығарсыз. Қазақстаннан білім қуып келген жастардың бет-алысына қандай баға бересіз?
– Өзің де байқаған шығарсың, мұнда басқа мемлекетке қарағанда, Қазақстаннан келген студенттер көп. Барлығы дерлік техникалық мамандықты игеруге тырысады. Химия саласын таңдағандары да бар. Дегенмен, қазақ елі енді ғана қолға алып жатқан техникалық мамандыққа деген сұраныс мәселесі мұнда жоқ. Әрі олардың жұмыссыз қалып жатқанын көрмейсің. Өткенде ТПУ ректоры Петр Чубик айтқандай, түлектердің 90 пайызы жұмыспен қамтамасыз етіледі. Қазірдің өзінде олар түрлі алпауыт компанияларда тәжірибеден өтіп, болашақта сонда жұмыс істеуге талпынуда. Тіпті біздің түлектерді ірі мұнай-газ компаниялары да «қағып» кетеді. Ал қандас қазақ жастарына мейлінше көп көңіл бөлуге тырысамын. Ата-анасынан жырақта жүрген баланың жағдайын жақсы түсінемін ғой. Сол үшін де әке орнына әке болғым келеді. Олар мұнда жалғызсырамайды да. Өйткені, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балалар бір-бірімен тату, бауырмал. Олардың ішінде кейбір себеппен қалып қоятындары да бар. Меніңше, қазақ жастары болашақта алған білімінің нәтижесін Отанымыз – Қазақстанға сіңірсе екен деймін.
– Сіз ғылым-білім орталығының меңгерушісі екенсіз. ТПУ жанынан ашылған «Р-Фарм» орталығының мүмкіндігі қандай?
– «ТПУ-Р-Фарм» ғылым-білім орталығы былтыр күзде ашылды. Сол оқу жылында «Дәрі-дәрмек түрлері мен косметикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша бакалаврға 25 бюджеттік орын, ал «Фармацевтикалық және биотехнологиялық өндірістегі инжиниринг» мамандығы бойынша магистратураға ақылы 10 орын бөлінді. Бір айта кетерлігі, әр магистранттың оқуына «Р-Фарм» есебінен 150 мың рубль төленеді әрі айына 10 мың рубль көлемінде стипендия тағайындалады. ТПУ-мен бірлесіп ашқан орталықтан фармацевтикалық өнеркәсіпке ауадай қажетті мамандар қанат қағады. Олар оқу жылының екінші жылында шетелге де барып, тәжірибе алмасады. Тағы бір артықшылығы, біздің оқу орны мен шетелде білім алған студент екі елдің дипломына ие болады.
– Ғылым-білім орталығы соңғы заманауи құралдармен жабдықталыпты. Оған қаржыны оқу орны бөле ме, әлде…
– Ғылым-білім орталығы 300 шаршы метрді алып жатыр. Оны заманауи зерттеу және технологиялық биофармацевтикалық құралдармен жабдықтауға 40 млн. рубль жұмсалды. Сондай-ақ арнайы мультимедиялық залы бар. Орталық «Р-Фарм» компаниясының қаржысымен жабдықталса, негізінен қаражаттың көбі оқу орнының бюджетінен бөлінді. Мәселен, зертханаға «Biostat C plus» неміс биоферментері сатып алынды. Дәл мұндай құрал-жабдық Ресейде де жоқ әзірге. Биоферментер толықтай автоматтандырылған. Оны әлемнің кез келген нүктесінен Интернет арқылы басқаруға болады. Бұл құрал арқылы әртүрлі екпелерді үлкен ауқымда дайындап шығаруға негіз бар. Студенттер мен магистранттарға ТПУ оқытушылары ғана емес, ресейлік және шетелдік оқу орындары мен фармкомпаниялардың мамандары дәріс береді. Ал ақылы оқитын магистранттардың қаржысын «Р-Фарм» компаниясы мойнына алған. Барлық шығын 3 млн. рубльді құрайды. Ал үздік студенттердің стипендиясы 30 мың рубль.
– Орталық алдына қандай жоспар қойып отыр?
– Томск – ғылым мен білімнің ордасы. Себебі, мұнда ғылыми орталықтар көп. Жаңа технологияның көмегімен түрлі инновациялық жобалар жасақталады. Біз де осы қатардан көрінгіміз келеді. «Р-Фарм» компаниясы білім саласындағы негізгі жүйелік интегратор қызметін атқаруда. Бүгінде Ресейдегі беделді оқу орны – ТПУ мен Сібір мемлекеттік медициналық университеті арасында әріптестік орнатқан. Болашақта ғылым-білім орталығында дәрі-дәрмек түрін ойлап шығару, фармацевтикалық қоспа мен екпелерді шығару жоспарда бар. Ашылғанына бір жыл толса да, ресейлік және шетелдік компаниялардың құлағына жетіп үлгерді. Кейбірі тіпті өз ұсыныстарымен шығып, жобаларға мұрындық болатынын айтуда. Әрине, мұның бәрі бізді қуантады, ынталандырады. Жастардың білім мен ғылымға деген ынтасын тудырады. Теориялық жағынан біліммен қарулану бір бөлек, оны тәжірибе жүзінде алып кету екінші мәселе. Сондықтан да олар бәрін тәжірибе жүзінде істегенді қалайды. Ал оған орталықта барлық мүмкіндік жасалған.
– Еңбегіңіз бағаланып жатыр ма? Жалақыңыз қанша?
– Өзім жасақтаған материалдар мен технологиялар бүгінде Томск, Пермь, Новокузнецк, т.б. қаладағы он шақты зауыттың өндірісіне енгізілді. Сондай-ақ 190 ғылыми жұмыс, 7 монография, 40 жаңа жобаның авторымын. Негізгі базалық жалақы – 40 мың рубль, бірақ біз келісім-шарт, келіссөздерден түскен гранттан әжептәуір пайда көреміз. Қысқасы, өмір сүруге жетеді.
– Болашақта елге оралатын ойыңыз бар ма? Балаларыңыз ана тілін қаншалықты біледі?
– Алла берген үш балам бар. Тұңғышым – Мәлік 20 жаста, Томск мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқиды. Ал ортаншы ұлым Марат 7-сыныпта, кенжем Руслан 1-сыныпта. Үш ұлым да өнерге жақын. Музыкалық аспаптарда ойнайды. Қолы бос кезде салауатты өмір салтын ұстанып, «Томь-99», «Томь-2004» футбол клубында шұғылданады. Әрине, өзім отбасында мейлінше ана тілінде сөйлеуге тырысамыз. Бірақ балаларым қазақ тілінде таза сөйлейді деп айта алмаймын. Біз бұл кемшілікті түзеуіміз керек. Бүгінде Томск қаласында шамамен 2 мың қазақ тұрады. «Бірлік» қоғамдық бірлестігінде бас қосып тұрамыз. Болашақта балаларға қазақ тілін үйрететін ұстаз іздеуді жоспарлап отырмыз. Бұл қазақ балаларының ана тілінен сусындауына септігін тигізеді деп сенемін. Жылда демалыс кезінде елге барамыз, туған-туысты аралаймыз. Туған жердің ауасын жұтып, ас-суын ішудің өзі бір ғанибет. Отанымызға келген сайын тарихи орындарды аралап, халқымыздың құнды, этнографиялық жәдігерлерін көрсетуге тырысамын. Ата-бабасының жүріп-өткен жолын, батырларымыздың ту тіккен ордаларын білуге міндетті екенін іштей сеземін. Сондықтан да елді сағынып, аңсап жеткенде бір минут уақытты текке жібергім келмейді. Тіпті, олар Томскіге қайтқысы келмей, қипақтайтын кездері де болады. Бірақ сүйікті жұмысымнан, оқу орнымнан әзірге қол үзгім келмейді. Онда біздің саусақтың іздері сайрап жатыр. Сонау жылдан бері сандаған, жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығардық. Бұл да біздің еңбек. Әрине, қазақ «Туған жерге туың тік» деген. Бірақ әу баста білім қуып келген Томск қаласы екінші отанымдай болып кетті. Бұл жерде оқыдым, нан таптым. Шамам келгенше, жаңадан ашылған орталықтың аяғынан тік тұрып кетуіне күш салып, шәкірт баулығым келеді. Әрі мұнда жалғыз емеспіз. Өзіміз қатарлы күн кешіп жатқан қазақ отбасылары бар. Бәрімен аралас-құраласпыз. Еңбек ұжымым да жақсы. Бәрі еңбекқор, өз ісінің білікті мамандары. Біз де жас емеспіз. Өмір өз ағысымен ағуда. Әрине, түптің-түбінде туған Отаныма, атақонысыма оралатыным даусыз. Оған дейін тек ғылым жолында тер төксем деймін.
Әңгімелескен
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ