«НҰРЛЫ КӨШТІ» «Ұлы көшке» ұластырудың амалы қандай?

«НҰРЛЫ КӨШТІ» «Ұлы көшке» ұластырудың амалы қандай?

«НҰРЛЫ КӨШТІ» «Ұлы көшке» ұластырудың амалы қандай?
ашық дереккөзі
392

1.СӘТСІЗДІК СЕБЕПТЕРІ

«Нұрлы көш» бағдарламасы сонау жылы Бердібек Сапарбаев «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау» министрі болып тұрғанда қабылданып жүзеге аса бастаған-ды. Бірақ ол Шығыс Қазақстан облысына әкім болып кетті де, билік қолына тиген. Гүлшара Наушақызы бұл мәселеде табандылық, тегеурінділік таныта алмады. 
«Нұрлы көштің» ат басын ауылға бұру орнына, онсыз да халқы көп, өз жұмыссыздары да жетерлік қалалар мен облыс орталықтарның іргесінен оралмандарға арнап жүздеген отбасылық тұрғын үйлер сала бастады. Әрі сол тұрғындар үшін жұмыс орындары күні бұрын қарастырылмай тұрып салына берді. Оу, сонда, бір жерге топырлап көшіп келіп орналасқан оралман бауырларымыз жұмыстары болмаса, күндерін қалай көреді, не ішіп, не жейді, сол үйлердің пәтерақысын қай ақшасымен төлеп өтейді? Осы қарапайым сұрақтар туралы түк ойланбаған әкімдерге не деуге болады? «Жас қазақ» газетінің жақында жарық көрген санында «Қағаз бетіндегі күрес» деген мақалада Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 240 отбасылық «Бәйтерек» ауылының 62-сі қаңырап бос тұрғаны айтылған. Жұмыс болмағандықтан әр жаққа бытырап кеткен ғой. Ал сол 240 баспанаға 2 миллиард теңгеге мемлекет қаржысы жұмсалған. 
Осындай 200 – 300 пәтерлік баспаналар, үйлер Қостанай қаласы мен Көкшетау қалаларының іргесінде де салынды әрі сапасыз салынып, әрі қыста суық болып, әрі жұмыс болмай, тұрғындары берекесіздікке ұшырады. Кезінде баспасөз беттерінде солар туралы сын мақалалар көптеп жарияланды. 
Осы «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасына қосымша жоба жасап ұсындым. Ол «Бұрынғы мал шаруашылықты ауылдарға оралмандар мен ішкі қоныстанушыларды орналастырудың жаңа үлгі – моделі» деп аталады. Оны тиражы миллион болғыр «Егемен Қазақстан» газеті маңдайын жарқыратып 2009 жылғы 27 мамыр күнгі санында жариялады. Ол жобаның кісі қызығарлық артықшылығы сонда: оралмандар да, ішкі қоныстанушылар да, қаладан алыс демей ұсынылған елді мекенге, ауылға өз ынталарымен барып, сол жерді құтты қонысқа айналдыра алатынында. 
Қой фермасы қонысы 2,5 – 2,8 мың яғни төрт отар қой өсіріп бағуға арналған.Оны агросеріктестік десе де болады. 4 отар қойды төрт шопан, төрт көмекші шопан бағып күтеді. Сол төрт отар қой қысы-жазы 8 отбасының ортақ жауапкершілігінде болады. Жазда 4 шопан жайлауға шығып, қалған төртеуі қыстауда қалып, жаздай күздей мал азығын дайындайды, шөп шабады, бау бақша көкөніс өсіреді. 
Келесі жылы былтыр қыстауда қалғандар жайлауға кетіп, жазда жайлауда қой баққандар қыстауда қалып орын алмастырады. Сонда қой бағу жалықтырмайды. Мұның тағы бір артықшылығы қыста да, жазда да жалғыздық көрмейді. Адамға жалғыздық жаман. 
Әкеміз шопан болды. Өзім де жасымда қозы бақтым. Мектеп бітірген соң екі жыл шопан болдым.
Қозы бақтым, қой бақтым,
Төл алудан, жүн алудан
Басқа нені ойлаппын, – деп жыр еткенім бар. Сонда қыста қыстауда да, жаз жайлауда да жалғыз-жалғыздан отыратынбыз. Жаз жайлауда қойларымыз қосылып кетеді деп шопандар әр қырдың астында бөлек-бөлек қоныс тебетін. Ал мына жобада барлық қой ортақ жауапкершілікте болған соң жазда да, қыста да бір жерде бірлесіп бағады. Қойлардың қосылып кетуінен қауіптенбейді. 
Екінші артықшылық – сегіз отбасына арналған әмбебап тұрғынүй кешенінде. Қаладағы сегіз пәтерлік үй секілді бірге салынады; бір отқазаннан жылытылады; сегіз үй сегіз пешке от жағып түтіндетіп жатпайды. Кешен Н әрпі секілді етіп тұрғызылады. Екі жақ басында төрт-төрттен пәтер болады да, ортаңғы белдікте мәдени тұрмыстық бөлмелер болады, атап айтқанда: шағын кітапханасы бар клуб бөлмесі, балалардың ортақ ойын залы, бастауыш мектеп бөлмесі. Егер сегіз отбасының ішінде мұғалім болса бастауышта өз балаларын өздері оқытатын болады. 
Сегіз отбасы өздері бір шағын ауыл боп өмір сүреді. Төрт отардың екеуі қоздатылатын саулық қой, қалған екеуі етке өткізіп ақшалай кіріс кіргізетін еркек тоқты, сек болмақ. Жыл сайын кемінде 500 қой бордақыланып – семіртіліп сатылады. Өз төлі есебінен жыл сайын көбейіп табыстары да арта бермек. Төлдерімен 3-3,5 мың қойдың жабағы, күзем жүндері де қыруар табыс көзі. Жүн өңдеп, одан кілем тоқылып, текемет басып, киіз үйдің туырлық, түндіктері, жабдықтары жасалып та кіріс кіргізіледі. 
Бау-бақшадан да табыс табу қарас­тырылады. Бұл бастама кейін республика көлеміне қанат жайған кезде, бұрынғы гүлденген, мыңғыртып төрт түлік мал өсірген ауылдар, қайтадан қалпына келеді. Шетелдердегі қандастарымыз ауылдарға көптеп көшіп келе бастайды; ауылдан жас­тардың қалаларға ағылуы азаяды; оқу­шы балалардың саны көбейіп, мектептер сақталады. Бұрынғы мал мамандары, ме­ха­низаторлық, жүргізушілік тағы басқа мамандықтар бойынша жұмыс орындары көбейеді.
Міне осылай «Нұрлы көшті» ауылға бұру керектігі жан-жақты жазылған «Егемен Қазақстан» газетінің сол санын жалау етіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың қабылдауында бірнеше рет болып, мақаланы өздеріне қаратып қолдауына ие болдым. 
Министрлік ең бірінші қатынас-хатты Қостанай әкімінің орынбасары С. Бек­тұрғановқа 2009 жылдың 16 маусымы күні яғни менің «Бастама» мақалам жарық көргеннен кейін 20 күннен соң іле жедел жолдады. Менің мақаламды қоса жіберді. Хат соңында «… автордың ұсынған жобасын 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында әзірленіп жатқан 2010 жылға арналған аумақтық бағдарламаларға енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз», – делінген. Министрлік атынан талап ету жоқ. Табансыз, тайғақ хатқа С.Бектұрғанов та: «…Арқалық қаласының әкімшілігі алыстан келетін бауырларымызды жұмыспен қамтамасыз ету қиындық туғызатынын айтты», – деп атөтті сылтау жауап қайтарды. 
Ақырына дейін күресейін, деп, парламент депутаты, сондағы көші-қон тобының жетекшісі Уалихан Қалижановқа барып көмек сұрадым. Ол Қазақстан үкіметінің басшысы К.Мәсімовке бір емес екі рет депутаттық сұрау жолдады. 
Біріншісі – 2009 жылдың 22 қазанында; екіншісі – 2010 жылдың 9 шілдесінде. Соңғы депутаттық сауалға депутаттар К.Сағадиев, Д.Құсайнов, С. Тоқпақбаев, Т. Қадамбаев, Г. Қарағузова және бірнеше депутаттар қол қойды.
Алдыңғысына да, соңғысына да түрлі- түрлі сылтау айтылған сырғытпа жауаптар келіп жатты. Сөйтіп менің «Нұрлы көшті» ауылға апару жобам 2010 жылдың да, 2011 жылдың да пилоттық жобасына енбей қалды. 
Мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықоваға екінші рет барып, Қостанай облысының әкімі С.В. Кулагиннің өзіне тікелей өз атынан қатынас хат жазуына қол жеткіздім. 
Екі тілде жолданған хаттан үзінді келтірейік: 
«… Жоғарыдағылар негізінде, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Арқалық ауданының Қайыңды және Қызылжұлдыз ауылдарын «Нұрлы көш» бағдарламасының 2011 жылына енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады… Жобаның тиімділігі анықталған жағдайда, болашақ үйлердің орналасатын орнын бекітіп, тұрғын үй құрылысының, инженерлік коммуникациялық және әлеуметтік инфроструктурасының жалпы құнын есептеп, Министрлікке белгіленген заңнама талаптарына сәйкес ұсыныс енгізуді сұраймыз».(15.04.2010 ж).
Министрдің сұрауын сол кездегі облыс әкімі Кулагин құлағына қыстырған да жоқ. Министрге «Қайыңды Арқалықтан алыс, жол жоқ, электр жоқ, теледидар жоқ, байланыс жоқ, қараң қалған жер» деген секілді қара аспанды жауға алдырып өтірік жа­уап берді. Шынында, Қайыңды Арқалықтан 90-ақ шақырым жерде, көтерме жол бар, оның 30 шақырымы асфальтталған. Машиналар, таксилер күн сайын, қысы-жазы құрдай қатынап жатады; жоғары вольтты электр барып тұр, Қызылжұлдыз ауылында телемұнара көкке бойлап сол өңірде қызмет көрсетеді; екі ауылда да орта мектеп бар, әр үйде телефон орнатылған. Қайыңды бұрын кеңшар орталығы болған, онда мәдениет үйі, медициналық пункт, кітапхана жұмыс істейді. Кулагин оны білмейді емес, жақсы біледі. Сөйте тұра министрге солай деп өтірік жауап берген. Соны министрдің өзіне айтқанымда, «істегісі келмей отыр ғой, ал біздің облыс әкіміне билігіміз жүрмейді, бұйрық бере алмаймыз» дегенді айтты. 
Сөйтіп мен алаөкпе болып, пұшайман халде жүргенде «Нұрлы көш» бағдарламасы жабылып қалды. Міне, «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасының сәтсіздікке ұшырап, жабылып қалуының басты себебі осы.
«Нұрлы көшті» Ұлы көшке ұластыру – менің басыма ғана түнеп жүрген ой емес, ұлтым дейтін барша қазақтың ұлы арманы бұл. Сол арманға қол жеткізудің мүмкіндіктері Қазақстанда қазір ұшан теңіз. Ол үшін алдымен алғашқы «Нұрлы көш» бағдарламасының сәтсіздікке ұшырау себептерін нақты анықтап, соған көз жеткізіп алып, сол кеткен кемшіліктерді түзеу міндет. Станоктарында долларды миллиардтап-триллиондап шығаратын әлемдегі ең бай, қуатты ел АҚШ бай екенбіз деп акшаны босқа шашпайды. Долларды да, оның әр центін де санап есептеп отырады. Ал біз жаңа дамып келе жатқан мемлекет болсақ та, ақша санауды үйрене алмай-ақ келеміз. Сонау бір жылы «ауыл жылы» жарияланып, бюджеттен миллиардтаған тенге аямай жұмсалды. Бірақ сол қыруар қаржының ауылға жетпей жолай қолды болғаны жайлы қаншама дабылды мақалалар жарияланды. Алайда ешкім сол қолды болған қаржының есебін шығармады; жабылған қазанның қақпағы ашылмады.
Соның зардабын әлі тартып келеміз. Қолды болған ақшаның есебін ешкім алмайтынын біліп алған әкімдер әлі күнге дейін ауылға деген қаржыны талан-таражға салумен келеді. Сөзіміз жала болмауы үшін мысал келтірейік. «Айқын» газетінің өткен жылғы 6 желтоқсан күнгі санында «Өлі капиталға» кім жауапты?» – деген әшкерелік мақалада жергілікті жерлерде игерілмеген «өлі капиталды» пайда көзіне айналдырудың механизмі баяндалған. Оқып шығып жағамызды ұстадық. 
Осылай кете бермек пе? Қателіктерімізден қорытындылар шығарып кемшіліктерімізді түзету керек емес пе. «Нұрлы көш» сәтсіздіктерінен сабақ алуымыз үшін: Ақмола облысы Степногорск қаласының 145 отбасылық «Қарабұлақ» ауылы, Ақтөбе облысы Қырымтау ауданының 200 отбасылық «Көктал», Шығыс Қазақстан облысының 298 отбасылық «Өскемен», Қостанай облысы Қостанай ауданы 130 отбасылық «Заречный», Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы 240 отбасылық «Бәйтерек», Көкшетау облысының 270 отбасылық «Красный яр», Курчатов қаласындағы 200 отбасылық және сондай басқа ауылдардың кешенді құрылыстарына қанша бюджет қаржысы жұмсалды? Және соларда бастапқы келген оралмандардың қаншасы қалды? Қаншасы бытырап әр жаққа көшіп кетті? Бос қалған жерлерде кімдер тұрып жатыр? Кезінде сапасыз салынған сол тұрғын үйлердің қазіргі күй-жайы қалай? Солардың бәріне жұмсалған мемлекет қаржысы қанша? Ол тұрғын үйлер оралмандарға тегін берілмейді, жыл сайын пайыздап өтемақысын төлеп отырулары керек. Олай болса, сондай өтелім бар ма, жоқ па? Егер жұмыстары болмаса өтелім де болмайды. Олай болғанда, бюджеттің жүздеген миллиард тенге қаржысы босқа шығын болды деген сөз. 
Қорытындылай келгенде, қалалардың іргесінде болашақ оралман қоныстанушыларға алдымен жұмыс орындарын ойластырып, сайлап алмай тұрып, 140-200-300 отбасылық ірі тұрғын үй кешендерін салу үлкен қателік болғанын, сол себепті қазақ көшінің тоқтап қалғанын мойындауымыз керек. Кезінде Ресей үкіметінің басшысы болған В. Черномырдиннен қалған: «Басында бәрі жақсы болады деп ойладық, бірақ әдеттегідей керісінше болып шықты», – деген сөзі бар. «Нұрлы көш» туралы да тура соны айтуға болады. 
Жоғарыда тізілген 7 ауылдың отба­сы­ла­рының жалпы саны 1483 екен. Сол 7 ауылдың тұрғын үйлерін салуға 13- 15 миллиард теңге шамасында бюджет қаржысы жұмсалған көрінеді. 
Біз ұсынған жоба бойынша Қайыңды мен Қызылжұлдыз елді мекендерінде, бірінде қойды өсіруге, екіншісінде сиыр фермасын құруға , яғни екі ауылға қаржы бөлуді сұрадық. Әр шағын ауыл 8 отбасылық қана, барлығы 16 отбасы. Егер арман- мақсаттарымыз орындалғанда бұрын ірі шаруашылық-кеңшар болған Қайыңды қайта еңсе көтеріп, аяғынан тік тұрып кетер еді. Аз-ақ жылда баяғыдай қой мен сиыр өз төлдерінен көбейіп, халық саны да өсіп, бірте -бірте жұмыс орындары да жасала берген болар еді- ау. Өкініш өзек өртейді. 
Енді алғашқысын қала жобасы, екіншісін дала жобасы деп, екеуін салыстырып, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда қарастырып көрелік. Егер қала жобасындағы жеті қалаға орналастырылған 1483 отбасын, біз ұсынған дала жобасы бойынша әр ауылға (бұрынғы әр кеңшарға) әрқайсысы 8 отбасылық екі шағын фермадан келетіндей бөлсек(16 отбасы), Қазақстанның бұрын кеңшарлар болған 92-93 елді мекенінде қой мен сиыр фермалары құрылып, ұйымдастырылып жұмыс жасап кетеді екен. 93 ірі елді-мекен 9 ауданның яғни бір облыстың бүкіл ауылдарын қамтумен тең деген сөз. Басында – салынып берілген үй бас­панасы, алдында – бағымында малы яғни жұмысы болса, оралмандарға одан артық не керек болсын. Олардың сұрап жүргендері де сол емес пе.
Ал енді Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының әкімдерінің қала іргесіндегі Красный Ярға 270 отбасылық тұрғын үйлер салғанын ештеңемен түсіндіре алмайсыз. Көкшетау қаласында да, іргесінде тұрған Красный Ярда да өз жұмыссыздары сеңдей соғылысады емес пе. 
Аз айтқанда, көп айтқанда, «Нұрлы көш- 2» бағдарламасын тез жасап, көш бағытын қаладан далаға, бұрынғы кеңшарлар мен олардың бөлімшелерінің қолайлы қоныстарына бұрып түзеу керек. Сонда « Нұрлы көш» – Ұлы көшке ұласады. Сөйтіп күні кеше ғана шаруашылықтары шалқып, мыңғырғын малы қыста қыстауға, жазда жайлауға сыймай жататын құтты мекен, ауылдарды аз- ақ жылда жанға да, малға да толтырамыз. 
«Ұлы көш» – қиял емес, таяуда-ақ орындауға болатын іс. Таяу тарихта Ұлы көш Түркия мен Греция арасында жүзеге асты. 1919 жылы Түркия мен Греция арасындағы соғыстан кейін бір-біріндегі өз адамдарын айырбастап, өз елдеріне көшіріп алысты. ГрецияТүркияда ежелден бері тұрып жатқан бір жарым миллион гректерді бас-аяғы бірер жыл ішінде көшіріп әкеліп қоныстандырды. Түркия да Грециядан сонша түрік азаматтарын тарихи өз отанына оралтып орналастырды. Бұл екі ел арасындағы осы ел көшіру тарихқа «Ұлы көші-қон» – «Великое переселение» – деген атпен енді. 
Түркия мен Греция сол кезде бірнеше жылға созылған өзара соғыстан экономикалық күйзеліске ұшырап, қиын қалде болатын. Оның алдында екеуі де І-дүниежүзілік соғысқа қатынасқан. Бірі Антанта, бірі Германия жағында шайқасқан, соған қарамастан «Ұлы көші- қонды» жүзеге асырды. 
«Көбей, қазақ!» деген жалаң ұранмен қазақ көбеймейді. Қазақты тез көбейтудің бірден-бір амалы «Нұрлы көш-2» бағдарламасын қайта жасап, қайта жандандырып, көш бағытын ауылдарға бұру. Бұрын 30- 40 миллион қойы болған ұжымшарлар мен кеңшарлардың құтты қоныстарының көбі қазір бос жатыр. Соларды қайта жан мен малға толтыру міндет. Жай міндет емес – қасиетті міндет!

2. «ХАЛЫҚТЫҚ КӨШІ-ҚОН ҚОРЫН» ҚҰРСАҚ

Қазақ көшінің тоқтап, тоқырауға ұшырап тұрғаны барша қазақтың жүрегін сыздатып, бас ауруына айналды. Шеттегі қазақтардың, әсіресе, жастарының қытайланып, өзбектеніп, орыстанып бара жатқанын, оларда қазақ мектептерінің жаппай жабылуы сол үрдісті тездетуде екенін баспасөздер жиі жазып, дабыл қағуда. Соларды оқыған сайын сырттағы қандас бауырларымыздың тарихи отаны Қазақстанды аңсап, келейін десе келе алмай, жетейін десе жете алмай қапа болып жүргендерін ойлап, сезінгенде жанарымызға жас толады. Олар жат болып кетпей тұрғанда, қалай тез көшіріп аламыз? Ол үшін не істеу керек? Міне бұл сұрақтар қазір әр қазақты мазалап, ойын онға, санасын санға бөлуде. 
Шеттегі қандас бауырларымыздың Отанына оралған алғашқы легін өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қарсы алсақ, екінші толқыны 1993-94 жылдары келді. Онда мен Арқалықтамын. Көш көлігі ұшақтар болатын.Ұшақ баспалдағынан түсіп келе жатқан бауырларымызды құшақтай қарсы алып, олардың қуанышты жүздерін көргенде,жанарымызға жас үйірілетін. Сол жерде қарсы алу митингісі өткізіліп, мен «Армысыңдар, бармысыңдар бауырлар?» деген өлеңімді оқып беретінмін. Оларды біз қаншалықты қуанышпен құшақ жая қарсы алғанымызбен, тап келген қатал нарық бастарынан сипамады, қиыншылықтарға кезікті. Соған орай «Налымаңдар көшіп келген, ағайын» деп, жұбату жырын жазғаным бар. «Нұрлы көш» атты ән де шығардық. Қайырмасын мысалға келтірелік:
Бауырыма балайын,
Жырдың отын жағайын.
Елге оралған қадамдарың оң болып,
Құтты болсын қоныстарың,
Айналайын, ағайын.
Ауыл, қыстау қаласын,
Жалғастырып арасын,
Қазақтармен толтырайық,
Қазақтың кең даласын.
Шеттегі қазақтарды тездетіп көшіріп әкелуге үкіметіміз салғырт қарап, ора­лымсыздық, біліксіздік танытып отырса, онда өзіміз – халық болып белсенділік танытайық.Шынында, үкіметіміздің асығатын түрі жоқ.Онда жыл сайын ауыс-түйіс, сапырылыс.Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі Ерғали Егенбердінің қабылдауында болып,біраз жайға қанықтым. Көші-қон комитеті құрылу үстінде,оның төрағасы әлі белгісіз. Квотадан хабар жоқ. Демек оларға қарап ауыз ашып,қамсыз отыра беруге болмайды. Осы мәселені бірде ақын Ауыт Мұқибек екеуміз ақылға салып,талқылап отырып, мынадай ойға келдік.
Ол үшін «Халықтық көші – қон» қорын құрып, елге сауын айтып, ақша жинайық. «Көп түкірсе – көл» деген мәтеліміз бар. Жұмысы бар, күн көрісі қалыпты әр адам өз жалақысының бір пайызын сол қорға аударып тұратын болса, кәсіпкер-бизнесшілер, қалталы миллионерлер мен миллиардерлер қомақты қаржы көмек көрсетсе, қазақ көшін тездетуге әбден болады, – деп, тұжырым жасадық.Екеуміз отырып алып, қарапайым арифметикаға көштік. Егер жұмыс істейтін 5 миллион адам бар, олардан, орта есеппен, ай сайын 1000 (мың) теңгеден жарна жиналды десек, 5 миллиард теңге құралады екен. Мысалы, 80-100 мың жалақы алатын азаматтар ай сайын соның мың теңгесін «Көші-қон» қорына қимайды дегенге кім сенеді. Мысалы, мен өзім зейнеткермін. 50 мыңымның бір пайызы 500 теңге. Соны отанын аңсап, шет жерде жанары жәудіреп жүрген қара көздерімнің туған елге оралуына қимасам, онда менің кім болғаным? Солай деп әр қазақ ойлайды. Жүз қойы бар фермер бір қойын беруге әзер екені сөзсіз.Он сиыры бар адам бір бұзауын берері анық. Олай болса, осы идеяны жалаулатайық, «Халықтық көші-қон қорын» құрайық тез. Бұл – құрғақ қиял емес, жүзеге асыруға әбден болатын патриоттық іс! 
Көрінген адам көрінген қорды құрып жатқанда, мынадай нағаз отаншылдық істі неге қолға алмасқа. Сөйтіп қазақ көшінің жарты қаржы – қаражатын халық көтерсе, екінші жартысын үкімет көтерсе, «Нұрлы көш» Ұлы көшке ұласары сөзсіз. Бұл мәселеде сонау жылы Қытайдан алғаш қазақ көшін бастап келген Қабдеш Жұмаділов көсемдік көрсетсе дейміз. Сосын ел көлемінде оралмандардың толып жатқан қоғамдық бірлестіктері бар. Солар белсенділік танытсын. «Халықтық көші-қон қорының» құрылтайшысы, төрағасы кім болуы керектігін ақылдасайық. Ол қордың көк тиынына да көз алартпайтын мейілінше адал, нағыз ақ жүрек адам болуы керек. Ал біздер жергілікті жерлерде, баспасөз беттерінде сол қордың жалаугерлері болып, жүк көтерісеміз.

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі

Астана

Серіктес жаңалықтары