«Еуразиялық ел»:ҚАЗАҚТЫҢ СОРЫ МА, БАҒЫ МА?

«Еуразиялық ел»:ҚАЗАҚТЫҢ СОРЫ МА, БАҒЫ МА?

«Еуразиялық ел»:ҚАЗАҚТЫҢ СОРЫ МА, БАҒЫ МА?
ашық дереккөзі
380

Әр ұлт – Алланың перзент-жаратылысы. Оны шартты түрде екіге бөлуге болады. Мысалы, олардың біріншісі өзін басқарып отырған үкімет, яғни, билік не айтса соны құп алып, не істесе соған бас иіп, әйтеуір ішкен-жегеніне мәз болып жүре береді. Мұндай ұлт осындай бойкүйездігінің, саяси самсоздығының, яки, керенаулығының, марғаулығының салдарынан өз елінде ұлттық салт-дәстүрі, ғадет-ғұрыптары, ұлттық ерекшелігі және ана тілі мемлекеттік деңгейде болмағандықтан әртүрлі алдаусыратуға көне береді. Және осылайша уақытты созу арқылы өзінің жойылып кететінін, тіпті әл-мисақтан бері бабалары мекендеген атамекен – жер суы өзге бір мемлекетке өтіп, қалып қойғанын да білмейді. Бұндай ұлт өз елінде өзге бір тіл үстемдік құрып, жастары сол тілде бір-бірімен шүлдірлесіп жүрсе де, қысқасы, ұлт ретінде жойылып бара жатса да «елімізде тыныштық» деген сөзді демеу қып ілініп-салынып жүре береді. Ол ұлт сол «елімізде тыныштық»-тың мұны әлгі тіл, дін, салт-сана сияқты бүкіл киелілерінен айыру мен жер-суын келімсектер еркін пайдалануы арқылы орнаған «тыныштық» екенін де ойлауға қабілетсіз.
Ал екінші бір ұлт бұған қарама-қарсы қайткен күнде, ең болмаса өз елінде, қала берді өзі өзге елде жүрсе де өзінің ұлттық ерекшелігін, ұлттық бет-бейнесін асқақ ұстауды басты міндетім деп біледі. Ол ешуақытта өз елі түгіл, өзге елде өзінің қай ұлт өкілі екенін мақтаныш тұтады. Оның рес­публикасына сырттан келген жат жерлік бұл елде орыс тілі емес, осы елдің ұлттық тілін білу керек екенін келу бойда түсіне қояды. Бұл ұлт орысша, ағылшынша немесе тағы бір өзге тілді білеміз деп мақтанбайды. Егер өз елінде тіліне, дініне, қатер төніп, жоғарыдағы біреулер жерін, қазба байлығын жат жұртқа беріп жатқанын сезіп қалса… онда Құдай басқа салмасын… Қысқасы бұл:
Өзгенің көңілін табам деп,
Өлексе өмір сүргенше,
Арыстандай алысып,
Қанжығада бас кетсін, – дейтін нағыз намысқой, нағыз ержүрек, әрі білім-білігі жоғары ұлт. Олардың бұндай ержүрек, әрі батыл, әрі тіліне, дініне, діліне берік болуы ең алдымен үкімет басында қандай адамдар отырғаны тікелей байланысты. Әрине, бұның бәрі дұрыс не бұрыс екеніне біздің анық көзіміз жеткен дей қою қиын. Бірақ әр ұлттың, әр халықтың ұзақ жылдық, бірнеше ғасырлық тарихын ерінбей-жалықпай зерттеп, осындай қорытындыға келуге болады. Қалай дегенде де бір халықты не олай деп артық санау, не бұлай деп кемсіту үлкен қателік. Жоғарыда біз айтып отырған әртүрлі жағдаяттар көп ретте қабілетті жоғарғы биліктегілердің ең әуелі өз ұлтына деген сүйіспеншілігі мен ең әуелі жергілікті өз ұлтының дәлірек айтсақ, ең әуелі қазақтың қамын ойлайтын іс-әрекетіне, ұлжандылығына, биік адамгершілігіне байланысты. Ал, биік адамгершілік дегеніміз ең алдымен өз ұлтыңның тілін, дінін, салт-дәстүрін дінін қадірлеу, ең алдымен өз ұлтыңның қамын ойлау. Өйткені, ұлтың – сенің ата-анаң. Ең әуелі ата-анасының қамын ойлайтын адамнан ғана басқаларға жақсылық жасауды күтуге болады. Ендеше, біздің жоғарыдағылар, кейбір шонжарлар байқаусызда біреуміздің аузымыздан

ҚАШАН ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІН ҚҰРАМЫЗ?

–деген лебіз шығып кетсе, шаян шағып алғандай шоршып түседі. Солардың сол босбөкселігінің салдарынан жер бетінде қазақ мемлекеті деген мемлекет құру мүмкін болмай тұр. Қазақ мемлекеті түгіл, әңгімесін бір-біріне «ағашка», «сестренка», «короче» деп бастайтын әл-әзір қазақ деген аты ғана бар жан иелерінің ар-намысы, ұлттығы, ақыл-парасаты қандай бейшаралық күйге түскенін олар шығарып жатқан киноларынан-ақ ап-анық көруге болады. Егер біздің астына жүз мың долларлық зілқара машина мініп, ыңыранып сөйлеп, маң-маң басқан байсымақтар мен ірілі-уақты әкімшіліктерде, билер кеңесіндегі (парламенттегі) беделділерде ұлттық намыс, ұлтымның ар-ұятын қорғайын деген құрттай бір парық, парасат болса, қазақ ұлтының қылық-қылуаларын екі аяқты малғұнның о жақ бұ жағы қып көрсететін «Келін», «Қайрат чемпион», анда-санда «жаным», «ойбай» деген екі-үш ауыз қазақшаны араластырып, тек орысша сөйлейтін «Жаным» сияқты фильмдерді не өртетіп, не соларды шығарғандарға, КТК-ның «наша казашасындағы» жас жұбайларға беретін ақ тілек, ақ батаны орысша сайқымазақ өлеңге айналдырып, аузын бір жағына қисайтып өзі де мазақ болып, қазақты да мазақ қып тұрған әнебіреулерге тоқтау салар еді-ау. Амал не, бүгінгі қазақ ондай ұлттық дегдарлықтан, ондай ұлттық жанкүйерліктен, ұлттық намыстан мақұрым болды. Немесе соңғы 20 жыл бойы теледидар, баспасөз, шетелдің қанқасап фильмдері арқылы әдейі жүргізілген бейбағыт, беймақсат, батысқа жалаң еліктеу идеологиясы бізді ұлттық намыстан әдейі мақұрым қылу үшін әдейі жасалды ма деп те қорқасың. Осы арада белгілі драматург, жазушы Әкім Таразидің өте бір нағыз ақсақалдық сөзтұтқасын келтірмей кете алмайсың. Жоғарыда біз айтып отырған ұлт уайымымен үндес ойларын тоғыта келе ол кісі: «бүйте берсек, халқымыз қалтасындағы азын-аулақ тиын-тебенімен сәбилеріміздің санасындағы ұлттық құндылықтарды шайып кететін жат жұрттық, біздің ұлттығымызға мүлде жат бүлдіргі мәдениеттерге қолдау жасайтын болады. Біз қазір америкалық киноларды, америкалық және батыс еуропалық поп-әуендерді, жылтырақ шетелдік журналдарды өзіміздің БАҚ-тар арқылы өзіміз керемет насихаттап, өзіміз соларды асырап байытып отырмыз. Иә, Америка Құрама Штаттарында Жазушылар одағы деген жоқ, өйткені олардың бүкіл мәдениетінің пайда болғанына екі жүз жыл да толған жоқ. Ол жаққа барған ирландиялық та, ағылшын да жергілікті үндістердің сауатын ашайық деп Шекспирдің кітабын көтеріп емес, мылтық кезеніп, байлық іздеп барды. Орыс аңыз-әңгімелерінде атақты үш батыр бар, қазақта Қобыланды, Алпамыстар туралы толып жатқан жыр, қиссалар бар. Ал олардың «қиссасы» – Шварценеггер. Сонда біз өзіміздің талай ғасырлық тарихымыз, талай ғасырлық әдебиетіміз бола тұра жат жұрттықтардың осындайларына елпілдейтіндей не күн туды?» – деген ой тастайды. («Простор» №9, 2010). Бүгінгі ұлттық өнеріңе, ұлттық әдебиетіңе деген запыраныңды бұдан артық ақтарып көрсету мүмкін бе?
Әрине, біз соңғы 300 жыл бойы Ресей отаршылдығының құрсауында болуымыз да осылайша ұлттық қасиеттерімізден айрылып қалуымызға әкеп соқтырды. Әйтсе де, соңғы 70 жылдық орыс-отаршылдығынан босай салысымен өзге ТМД республикалары әрқайсысы өз алдына нағыз ұлттық мемлекет құруға ашықтан-ашық бет бұрып, әрқайсысы өз жолымен дінін, тілін, ұлттық мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін ұлттық өнерін саф күйінде сақтап, жаңа бір ұлттық келешекке бет бұрды. Ал біз өйтудің орнына бәрін «халықаралық стандартқа» салуға кіріскенімізді көргенде, сірә, біздің қазекең, қай нәрсенің де ұлтқа зиянды тұстары болатынына «бас қатырғысы» келмейді-ау деген ойға кетесің. Сөйтесің де, құсаңды кімге айтарыңды білмей, шерменде бір күйге түсесің.
Өткен бір жолы кино туралы мәліметтерді ақтарып отырып, Өзбекстанда кинодан түсетін пайданың 90 пайыздан астамы олардың өздері шығарған фильмдерден, яки ішкі прокаттан түсетінін көрдім. Және олардың фильмдері көбіне Шығысқа, мұсылман елдерінің адамгершілік сана-сезіміне, ой-түйсігіне бейімделіп, әрине, ең әуелі өзбек халқының ұлттық жандүниесіне сай ұрпақ тәрбиелеуге бағышталады. Міне, шын тәуелсіздік алған ел деп осыны айт! Ал біздің әлгі «Жаным», «Астана – любовь моя», «Келін», «Перекрестоктар» ше? Құдайшылығын айтыңызшы, бұлар қазақты біріншіден мазақ ету, екіншіден қазақты не орыс, не қазақ емес аралас тілді, қаны да әркіммен араласып кеткен будан бірнәрсеге, орыстың жалпақ тілімен айтқанда «смесь бульдога с носарогом»-ға айналдыру емес пе? Ал КТК-дағы «Наша казашаны» жас балаларға дәріс беріп жатқан сынып мұғалімімен және жас жұбайларға орысшалап мазақ қып тұрған батасымен қосып сотқа беретін кез әлдеқашан келген. Жалпы «КТК» арнасындағы «жаңалықтардың» дені кісі өлімі, жол, көлік апаттары, өрт апаты, есірткімен ұсталғандар, адам тонау туралы ғана екені қалай? 
Айтпақшы, өзбек фильмдері демекші, біздің қазақтарда қазір бізбен тілі бір, діні бір өмірбақи қыз алысып, қыз берісіп отырған бауырлас өзбек халқы туралы өте нашар пікір қалыптастырылуда. Біз қазір Абай айтқан мақтаншақ («бекер мал шашпақ» өз алдына) ұлтқа айналдық. Біз орыс тілінде сөйлейтін жастарымыз бен сәбилеріміз бұрынғыдан да көбейіп, енді қалғандары үштілділікке көшіп, енді біразы өзге діндерге өтіп кетіп жатқанын, он екіде бір гүлі ашылмаған қыздарымыз түн ортасында поезд жағалап, 1-2 шөлмек сыра, минерал су, темекі сатып күн көріп жүргенімен жұмысымыз болмай, өзбектерді күнін көре алмай Қазақстанға келіп малай болып жүр деген надандық сөзді көп айтатын болдық. Біздің телеарналарда көршілес Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркіменстанда не болып жатқаны, олар қазір нағыз тәуелсіз ұлттық мемлекет құрып алғаны, оларда да ешкім аштан қатып, көштен қалып жатпағаны, қайта әр отбасы 8,9,10 баладан тәрбиелеп отырғаны туралы әдейі көп айтылмайды. Бізге ол елдердің жағдайы туралы ешнәрсе білгізбеу үшін еуропалықтардың ваннада шомылып, ваннада жыныстық қатынас жасап, бір-бірінің әр жерін сорып жатқан азғындықтарын, қызы мен анасының бір еркекпен қатынас жасауы сияқты бас-аяғы жоқ, біздің жандүниемізге үрдіс-ғұрыптарымызға жат жабайылық сериалдары көрсетіледі. Шынтуайтына келгенде, Қазақстанға келіп жұмыс істеп жүрген Өзбектер ауылында немесе қышлағында аштан өле жаздап келіп жүргендер емес. Бұл олардың қосымша табысы. Біріншіден, бұл қазір дүниежүзінде бар нәрсе. Қазір АҚШ-тағы қытайлардың саны 30 миллионның о жақ бұ жағында. Ал екіншіден, ел аралап сауда-саттық жасау, біреулердің үйін салып, бау-бақшасына күтім жасау, көшпелі қолөнершілік дегеніңіз өзбек халқының қашанғы ата кәсібі. Қазір Өзбекстан халқының саны 30 миллион болды. Рас, жер көлемі шағын. Жер асты байлығы өзіне де, сыртқа шығаруға да жетерлік. Бірақ олар сол жер байлығын төгіп-шашпай, шетел компанияларына сатпай, рәсуа қылмай, ұқыпты пайдаланып, артылғанын келер ұрпағына сақтап отыр. Әр жаз айында 30 миллион өзбектің 8-9 миллионы пұл табуға 5-6 айға басқа республикаларға кетеді. Олардың отбасы асыраушысы келгенше мемлекеттен алатын әртүрлі жәрдемақымен, азын-аулақ жеке шаруашылығымен, мемлекеттік немесе жекеменшік жұмыстардан алатын жалақымен жұрт қатарлы күн көреді. Ал қазақтар күнін көре алмай келіп жүр дейтін өзбектердің бізден үйіне апарған пұлы қосымша табыс. Егер бір өзбек басқа елде жүріп, бір маусымда кем дегенде 2-3 мың доллар табады десек, әлгі 8-9 миллион сыртта жүрген өзбек өз еліне қаншама инвестиция құйып жатқанын есептей беріңіз.
Ашық айтқанның айыбы жоқ, бізге келіп, маусымдық жұмыс істеп жүрген өзбек жігіттері талай-талай әйел жыныстыларымыз бен күнкөрісі нашар отбасыларындағы қыз-келіншектерді екіқабат қып кетіп жатқанын білеміз. Олардың қайсыбіреулері Өзбекстанда әйел бала-шағасы барлар. Енді мына қасіретке қараңыз: Жаңағы өзбектен заңсыз туған бала күндердің күні болғанда анасынан өз әкесі кім екенін сұрай бастайды. Ақыры айтуға тура келеді. Демек, есейе келе біздің қызымыздан, не күйеуі жоқ келіншектерімізден туған ол баланың жүрегінің түкпірінде менің әкем – өзбек деген бір ой тұрады. Яғни, ол болашақта көңілі алаң, ойы басқа жаққа әуейіленіп тұратын ала-көңіл азамат деген сөз. Жалпы Өзбекстанда өзге ұлт өкілдерін өзбектендіру саясаты сонау Кеңес заманынан бар еді. Сол дәстүр әлі де жалғасуда. Ал Қазақстанда ше?
Ауруды жасыру жақсылыққа апармайды. Қазақстанда соңғы жылдары азаматтардың төлқұжатына ұлтын жазу керек пе деген мәселе қайта-қайта көтерілуі қалай? Біздің әрі аңқау, әрі арамза сөздерге сенгіш кейбір қазақ өзін еуразиялық ұлт дегенге де мәз болады. Олар бұл сөздің ар жағында қандай жымысқы, қандай әнжі саясат жатқанын сезуге ақылы жетпейді. Бұл – ұлтты дүбәраландыру, ұлтсыздандыру үшін айтылатын жәдігөйлік сөз. Бұған тек надан адам ғана мақтанады. Біздің кейбір «білгіштер» Америкада ұлт жоқ, олардың бәрі өздерін америкалықпыз деп айтады дегені де өтірік. Біз америкалықпыз дейтіндер орта ғасырда ата-бабасы Африканың қай түкпірінен келгенін білмейтін негрлер ғана. Қазір олар да түп ата-тегін іздестіріп жатыр. Америкада ағылшын ағылшынмын, неміс неміспін, француз французбын, испан испанмын деп әрқайсысы өз ұлтын айтады.
Ұлтым – «американец» демейді олар. Бұл бізді адастыру үшін айтылып жүрген өтірік. Жалпы, еуразиялық ұлт жасаймыз деу белгілі бір ұлтты не ол, не бұл емес дүбәраландыру деуге де болады. Яғни, ұлтсыздандыру деген сөз. Тек Қазақстанда ғана айтылатын қостілділік немесе үштілділік деген саясат негізінен осындай дүбәра ұлтқа айналдырудың жолы. Шығып жатқан киноларымызда ара-тұра «ойбай», «айналайын», «жаным» деген қазақшаларды араластырып қоюдың тіпті, дүкендер мен дүңгіршектердің есігіне «Ашық», «открыто», «open» деп үш тілде жазып қоюдың ар жағында ұлтты дүбәраландырудың жымысқылығы жатыр. Әйтпесе, «открыто» деген жазу тұрмаса орыс, «open» деген жазу тұрмаса ағылшын адасып, басқа жаққа қаңғырып кете қоймас еді ғой. Тіпті, шетелден келген ағылшын да, француз да, испан да сенің сол дүңгіршегің мен бутигің түгіл анау «Сарыарқа» базары мен «Шоқпытханаңа» да (барахолка деп жүрсің ғой) аяқ баса қоймайды.
Қазақстанда көшеге шықсаң, саналы қазақты ұяттан, ұлттық намыстан да қып-қызыл қылатын ерсіліктерді түгесу қиын. Бір ғана мысал келтірейік. Әшиінде қара қазақ жоғарыға шағым айтса оны орындамаудың ең басты сылтауы «оған қаржы керек» деген сөз. Сонда біз тәуелсіз, яғни орыстан азаттық алған мемлекет екеніміз рас па? Әлде оған да қаржы керек пе? Ал бүтіл қалаларымыздың көшелеріндегі Абай көшесі – Абая, Сейфуллин–Сейфуллина, Сәтбаев–Сәтбаева, Гагарин–Гагарина деген сияқты сөз соңындағы «а» деген бір орысшаға бола екінші тақтайша жасап, оны сырлап, суретшіге ақша төлеп шығынға қалып жатырмыз?! Әлде олардың астына «а» әрпі қосылған тақтайшаны қоса ілмесек, орыстар тағы да адасып, басқа жаққа каңғып кетуі мүмкін бе? Ал Павлодар мен Петропавлдың атын өзгертуге бүкіл Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Парламентінің дәрмені жетпей отырғаны несі? Әлде оған да қаржымыз жетпей ме? Жоқ. Бұл тек қазақ азаматтарының намыссыздығы, өз-өзінен әлденеге елегізіп отыратын үргедектігі. Бұл – ешқандай мәдениеттілік емес. Осы ретте Ресейдің өзге қалаларын айтпағанда Мәскеудің, Санкт-Петербургтің көшелерінің атаулары неге орысша, татарша, башқұртша, чеченше, эвенкіше, корякша, чукчаша, сахаша, яғни, Ресей Федерациясындағы мемлекеттердің тілінде де қосарлана жазылмайды? Көрдіңіз бе?! Олар бұл Ресей! – тек орыстың мемлекеті дегенді көзіңді бақырайтып қойып айтады. Ал ҚР ше?
Тіпті, көшедегі «Алматы – мой город», «Алматы – менің қалам» деген жазуды кімдер, қай ұлттың адамдары жазып жүргенін, оның әр жағында қандай сұмдық ой жатқанын бір Алла біледі.
Түйіндей айтар болсақ, біз жалпы еуразиялық достық, еуразиялық келісім-шарт, тағы да толып жатқан «еуразиялық» дегендерге қарсылығымыз да онша көп емес. Бізді күйіндіретіні қазақты еуразиялық ұлт деп және Қазақстанды еуразиялық ел деп дүбәраландыру ғана. Біздің біреу айтақ десе тұра шабатын жартыкеш ғалымсымақтар, жартыкеш мәдениеттанушылар мен күшті мемлекеттердің көңіліне қарайтын жартыкеш саясаткерлер, кешегі коммунистердің бүгінде жоғарыда отырған балалары бірігіп, әуелі өздері толық, қазақы күйге айналып, ең алдымен 300 жыл орыс езгісінде болған, ұлттық көп ерекшелігінен, әсіресе, тілі мен ата-баба педагогикасынан адасып қалған қазақты нағыз қазақ етуге кіріссе дейміз!
Анау, латыштар, литвандар, молдавандар, эстондар, украин, белорустар, мынау өзбек, тәжік, әзірбайжан, түркімендер бұдан 20 жыл бұрын орыс езгісінен шыға салысымен ең әуелі соған кірісіп, соны жүзеге асырды ғой.
Олар қазақшылап шылқытып мұнай, бұрқыратып газын сатпай-ақ аштан қатып, көштен қалып жатқан жоқ. Олар сөйтіп-ақ өздерінің ұлттық мемлекетін құрып алды ғой?! Біз қашан?
Біз, Аллаға шүкір, ешбір басқа ұлтқа, басқа мемлекетке көз алартып, өз ықпалымызды енгізуге тырыспайтын, иманды, жақсылыққа бас иіп, жаманшылықтан, біреуге зорлық, үстемдік көрсетуден аулақ мұсылман, яғни, қасиетті ислам дінін ұстанған ұлтпыз. Бірақ Алла тағаланың шетсіз-шексіз мейірімділігі мен қайырымдылығының арқасында келген Азаттық деп аталатын киелі ұғымды қастерлеп, ешкімге жалтақтамайтын, ең алдымен қазақ ұлтының ар-намысын қорғайтын нағыз Азат Қазақстан мемлекетінің болашағы үшін қызмет қылуымыз керек. Басқалар сөйтуде!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,
журналист

Серіктес жаңалықтары