Жер дауы қайта басталды
Жер дауы қайта басталды
Премьер-министрдің үлгісімен сөзін
қазақша бастаған Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек
Өскенбаев санаулы минуттардан соң ресми тілге көшті. Ол былтырғы
жүргізілген республика аумағындағы ауылшаруашылықтары алқаптарын
түгендеу жұмыстарының қорытындысы туралы есеп берді.
Жалпы, республика жерінің аумағы 272,49 млн. гектарды құраса, оның басым
бөлігі, нақты айтқанда, 222,24 млн. гектары ауыл шаруашылығына тиесілі
жерлер. Вице-министрдің баяндамасынан белгілі болғанындай,
ауылшаруашылығына тиесілі алқаптардың қырық пайызының ғана игілігін
көріп отырмыз.
Онлайн-конференция арқылы жиналысқа қатысқан облыс әкімдеріне Серік
Ахметов кезек-кезек сөз берді. Ақмола облысының әкімі Қосман
Айтмұхаметовтің айтуынша, бұл аймақта 530 мың гектар жер игерусіз
қалған. Оның 15 мыңы егістік жерлер, ал қалғаны жайылым екен. «Неге
егістік жерлер пайдаланылмайды?» деп шүйліккен премьер-министрдің
сұрағына облыс әкімі «ол ұсақ шаруа қожалықтарының кесірі» деп құтылды.
Жалпы, облыс аумағында пайдаланылмай келген 100 мың гектар егістік жер
бар екен, бүгінге дейін 3,5 мың гектары қайтарылған.
«Қаперлеріңізде болсын, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай
облыстарында әрбір гектар есепте. Бұл аймақтарда диверсификация мәселесі
өзекті», – деді әкімді сұрақ астына алған премьер-министр. Бұл сөздер
солтүстіктегі үш облысқа ғана емес, барлық өңірлерге қатысты айтылған
деп қабылдаған жөн, әлбетте.
Бұдан кейін онлайн-байланысқа шыққан Алматы облысының әкімі Аңсар
Мұсахановты үкімет басшысы «Статистикамен қалай жұмыс істейсіздер?
Әкімдер қалай жұмыс істейді? 1800 шаруа қожалығы іс жүзінде жоқ, бірақ
олардың атында жер тіркелген. Әкімдер өз шаруашылығын қалай жүргізеді?»
деп қырына алды. Алматы облысында 94 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер
бар екен, оның 19,4 мыңы ауылшаруашылық айналымына енгізілген.
Мәселенің мәнісін анықтағанда, кейбір шаруа қожалықтарының аз ғана жер
телімдерімен тіркеліп, кейін олардың жойылғаны немесе біріктірілгені
белгілі болды. «Егер әкімдер өз аймағындағы шаруа қожалығының нақты
санын білмесе, бізде дұрыс есеп пен бақылау қайдан болсын», – деді
Ахметов.
Ал Солтүстік Қазақстан облысы игерілмей жатқан егістік жер көлемі
жөнінен республика бойынша алда екен. Қараусыз қалған егістік жерлер
ауқымы 102 мың гектар. Облыс әкімі Самат Ескендіров осы жерлердің 40 мың
гектары бұрынғы иелерінен еріксіз қайтарылып алынатыңын хабарлады. Ал
2000 гектардың иесі мүлде табылмаған. Әкімнің сөзіне Үкімет басшысы:
«Бұл гектарлардың әрқайсысы әлдебір заңды немесе жеке тұлғаның атына
тіркелген, біреудің шаруа қожалығында, біреулердің пайлық үлесіне
жазылған. Түгендеу-тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық құқықтық
мәселелерді шешіп алу керек. Бұл оңай жұмыс емес. Сіз жартысына жуығын
қайтарып аламыз дейсіз. Соттың өзіне бір жылға жуық уақыт кетеді…
Заңның аты заң. Бұл іспен жүйелі түрде айналысу керек», – деп тойтарыс
берді.
Бұл ауылшаруашылығына қарасты жерлердің түгендеп-тексерудің алғашқы
сатысы ғана. Премьер-министрдің айтуынша, мұндай ауқымдағы жерді
түгендеу жұмыстары республикада бұрын-соңды жүргізілмеген. Үш жылда 91
млн. гектар жер тексеріледі деп жоспарланса, былтыр оның 30,6 гектары
ғана есепке алынған. Ауылшаруашылық алқаптарының үштен бірін тексергенде
анықталғандай, 3 млн. гектардың қараусыз жатқаны алаңдатады. Игерусіз
жатқан жердің жартысынан астамы шаруа қожалықтарының иелігінде екені де
көп нәрседен хабар берсе керек.
Енді бұл жерлерді қайтадан айналымға енгізіп, қолынан іс келетін
шаруаларға беру жоспарланып отыр. Заңды және жеке тұлғалар бұл жерлерді
жалға немесе сатып алады. Осылайша, кезінде жерден үлес ала алмаған
азаматтардың игерілмей жатқан жерлерге заңды түрде ие болып, кәсіп
қылуына мүмкіндігі бар.
Келесі жылы тағы 30 млн.-нан астам гектар жерге тексеру-түгендеу
жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, енді әрбір гектар есепте болмақ.
Оның үстіне, жерлерді бөлу ғана емес, топырақ құнарлығын, жайылым
шүйгіндігін сақтау, суландыру жүйесін жаңарту мәселелерінің де ушығып
тұрғаны белгілі болды. Қазіргі таңда суару жүйесінің 70-80 пайызы әбден
тозып, ескірген. «Бұл мәселелермен осы жылдарда ешкім айналыспаған», –
деді премьер-министр.
Жиынды қорытындылаған премьер-министр Ауылшаруашылық министрлігі мен
Өңірлік даму министрлігіне бірлесіп, есепке алынған жерлерді игеруге
қатысты аймақтық және салалық бағдарламалар жасау туралы тапсырма берді.
Астана
Гүлбиғаш Омарова