Азиялық аймақтың ықпалы зор

Азиялық аймақтың ықпалы зор

Азиялық аймақтың ықпалы зор
ашық дереккөзі
295

 Өткен аптада Қытайда Баос азиялық
форумының 12-сессиясы өткізілді. Қазақстан, Мексика, Перу, Финляндия,
Мьянма, Замбия президенттері, Бруней сұлтаны, Австралия, Камбоджа, Жаңа
Зеландияның премьер-министрі қатысқан шара шеңберінде 54-ші пленарлық
отырыс ұйымдастырылып, оларға Жер шарының 43 елінен жалпы саны 2 мыңдай
адам қатысқан көрінеді. Форум барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин алдағы
бес жылдың ішінде Қытай шет елдерге 500 млрд. доллар көлемінде
инвестиция салатынын жеткізді. Ресми деректерге сүйенсек, осы мерзім
ішінде аспанасты елі 10 трлн. долларға тауар импорттап, 400 млн. қытай
шетелдік сапарға шықпақ. Демек, форум барысында ҚХР басшысы Си
Цзиньпиннің: «Қытайдың дамуы бүкіл әлемге тиімді. Осы арқылы біз
аймақтық және әлемдік экономиканың дамуына қомақты үлес қосамыз» деуі
бекер емес.
Аталған шарада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев азиялық аймақтың
маңыздылығын айтты: «Алдымен бұл жерге басты өндірістік әлеует
шоғырланды. Одан соң мұнда әлемдік нарықтарға серпін беретін
экономикалық белсенді орталық орын тепті. Келесі кезең Азияның негізгі
даму идеялары мен модельдерінің қайнар көзіне айналуы болады деп
сенемін. Бұл жерде тек экономикадағы ғана емес, өзге де көптеген
салаларда халықаралық күн тәртібі түзілетін болады. Азия елдері
арасындағы өзара сенімнің нығаюы жаһандық міндеттерді шешуде айтарлықтай
ілгерілеудің кепілі болып саналады. Қазақ президенті форумға
қатысушыларды табысқа жетудің ортақ стратегиясын қалыптастыру үшін
Азияның барлық мемлекетін тәжірибе алмасуға шақырды: «Қазақстандық
модель әлемдік нарықтық үдерістер интеграциясы мен инновациялық типтегі
қуатты экономиканың дамуына негізделген. Ішкі саясаттағы тұрақты ахуал
мен дағдарысқа қарсы тиімді шаралар арқасында Қазақстан дамудың жоғары
қарқыны мен жұмыссыздықтың төмен деңгейін сақтап қалды. Қазақстанның
ішкі жалпы өнімі 2012 жылдың қорытындылары бойынша шамамен 6 пайызға
өсті. Ал жұмыссыздық бұл ретте 6 пайыздан асқан жоқ. Халықаралық жалпы
резерв 90 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан жаңғыртуды жоғары
технология салаларын ынталандыра отырып жүргізуде. Бұл – «жасыл
технология», баламалы энергетика және энергияны сақтау салаларындағы
жобалар».
Жер шары мемлекеттерінің барлығымен ынтымақтастық және серіктестік
қарым-қатынасты дамытуға мүдделі. Осы орайда, дамыған және дамушы
елдерге қазақ мемлекеті туралы мағлұмат беріп, жарнама жасаудың
тиімділігі зор. Форумда Елбасының атқарылып жатқан тірліктер туралы
егжей-тегжейлі баяндап беруі сондықтан: «Заманауи көлік инфрақұрылымы
жасалуда. Біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральды көлік дәлізін
сала отырып, «Жібек жолын» қайта жаңғыртып жатырмыз. Ол 2015 жылдың
өзінде-ақ іске қосылатын болады. Қазақстанның елордасы – Астана
«Болашақтың энергиясы» ұранымен 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі
өтетін орын ретінде таңдап алынды. Қол жеткізгенімізбен тоқтап қалмай,
біз жаңа межелерге көз тігіп отырмыз. «Қазақстан-2050» жаңа саяси
бағытын жүзеге асыра бастадық. Ұзақ мерзімге арналған бұл стратегия
мемлекет пен қоғамның дамуында инновациялық, экономикалық және
әлеуметтік қағидаттарды алға қояды. Біз барлық мүдделі елдермен белсене
ынтымақтасу ниетіндеміз».
Әлбетте, азиялық аймақты дамытуда әр мемлекеттің қосар үлесі мол. Бұл
орайда бірлік пен ынтымақ, жүйелі әрекет керек. Н.Назарбаев тоқталған
басты мәселелердің бірі осы: «Одан әрі даму жолдарын іздестіруде табысқа
жету шешім қабылдау сипаты арқылы анықталады. Онда барлық мемлекеттің
позициясы ескерілуге тиіс. Өйткені ешкім де енді жаһандық, әсіресе
жағымсыз құбылыстардан сырт қала алмайды. Бүгінде барынша ашық болу өте
маңызды. Қазақстан 2012 жылы мамырда G-Global алаңын қалыптастыру
идеясын ұсынды. Бұл – жаһандық дағдарысты еңсеру жолдарын іздеуге
арналған жүйелі диалогты қолдау жөніндегі біздің бастамамыз». Оның
айтуынша, «халықаралық сауда мен инвестицияның дамуы бүкіл әлемде
қаржы-несие саясатын қатаң үйлестіруді талап етеді. Бұл ықтимал
қатерлерді барынша азайтуға, алдын алу режимінде жұмыс жүргізу үшін күш
жұмылдыруға мүмкіндік береді. Көптеген сарапшылар халықаралық қаржы
архитектурасын, атап айтқанда, әлемдік валюта жүйесін реформалау туралы
идеяны қолдайды. Координаттардың әлемдік жүйесі ортасынан ойып тұрып
орын алуға Еуразияның барлық мүмкіндігі бар. Еуразиялық континентте
әлемдік өнімнің 50 пайыздан астамы өндіріледі. Мұнда Жер шары халқының
үштен екісі өмір сүреді. Коммуникациялық инфрақұрылымды дамытып, сауда
және өзара инвестицияны ынталандыру қажет. Сонымен қатар, энергетикалық
серіктестік, инновациялық және білім алмасу маңызды бағыттар болып
саналады. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан, Беларусь және Ресей Бірыңғай
экономикалық кеңістік құрды. Ол Батыс пен Шығысты байланыстырады. Бес
жүз миллиондық Еуропалық Одақ нарығы мен жарты миллиард Қытай арасындағы
құрлықтағы табиғи көпір міндетін атқарады. Бұл бірлестік бүкіл Еуразия
құрлығының дамуына оң әсерін тигізетін болады».
Форум барысында шараға шақырылған қонақтардың көпшілігі Азиядағы
біртұтас даму, өзара сенім мен ынтымақтастық аймақтың және әлемдік
экономиканың тұрақтануына ықпал ететінін айтты. Ал ҚР Президенті дамудың
эволюциялық жолында ғылым және білім беруге аса жоғары талаптар
қойылатынын ескерткен. Ол үшін ғылыми, зерттеушілік және инновациялық
салаларда өзара ықпалдастықты жандандыру қажет. Азияның инновациялық
ынтымақтастықты дамыту саласындағы іс-қимыл бағдарламасы әзірленсе,
Азиядағы қуатты технологиялық одақтарға негіз болатын көрінеді.
Ресми деректерге сүйенсек, әлемдік экономика үшін Азия елдері арасындағы
ықпалдастықты кеңейтуге, әсіресе көлік саласында, энергетика саласында,
атап айтқанда, баламалы энергетика саласында, сондай-ақ аграрлық
кооперация саласында бұрынды-соңды болып көрмеген зәрулік барына да
тоқталды. Қазақстан Президенті бір айдан соң біздің елордамызда Алтыншы
Астана экономикалық форумы өтетінін айтты. Онда БҰҰ қолдауымен
Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция да өтпек: «Баос» форумының он
екінші сессиясының нәтижелері сол конференцияда шешімдер әзірлеуге
септігін тигізеді деп сенемін. Олар біздің өңірде және бүкіл әлемде
қауіпсіздікті, тұрақтылық пен өсіп-өркендеуді қамтамасыз ету ісіндегі
ұзақ мерзімге арналған шешімдерге негіз болады. Сөзінің соңында
Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларға қазіргі заманғы
проблемаларға деген Қазақстанның көзқарасына ықылас танытқаны үшін
алғысын айтты».


Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары