Ертісбаев енді елші болды
Ертісбаев енді елші болды
Ертісбаев Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметінен
өзге Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры, ҚР
президенті әкімшілігінің бөлім меңгерушісі, 2006-2008 жылдары Ақпарат
және мәдениет министрі қызметтерін атқарған. Министр қызметінен
босатылғаннан кейін Президент кеңесшілігін қайта қолына алған.
Ертісбаевты отандық және шетелдік сарапшылар Президент маңайындағы
маңызды тұлға ретінде бағалайды. Мәселен, шетелдік ақпарат
агенттіктерінің бірі АҒР «Президент РК Н.Назарбаев убирает Ертысбаева,
своего главного политического советника» атты мақала жариялаған. Ол
мақалада Ертісбаевты Президенттің ең басты саяси кеңесшісі және
Ақордадағы ықпалды тұлғалардың бірі деп атайды. Ертісбаев Президенттің
саяси курсын жан-тәнімен қолдай білді және Ақорда мен оппозиция
арасындағы көпір болуға атсалысты. Ертісбаевтың саяси кеңесші ретінде
тағы бір рөлі – БАҚ-пен қоян-қолтық жұмыс істей білуінде. Ертісбаевтың
кез-келген болжамы шындыққа жанасатын. Егер бұған дейін «Халық айтса,
қалып айтпайды» деген мақал болса, ел арасында оны сәл өзгертіп
«Ертісбаев айтса, қалып айтпайды» деген тіркес пайда болды. Ертісбаев
елдегі саяси оппозицияның бүгінгідей дағдарысқа ұшырауына да кәдімгідей
еңбек сіңірді десек болады. 2005 жылғы Президент сайлауы қарсаңында
«Объектив» газетіне берген сұхбатында ол «Қазақстанда біртұтас оппозиция
жоқ және болмайды да» деп жауап берген екен. Содан бергі 7-8 жыл ішінде
Қазақстан оппозициясының жұмылған жұдырықтай бір тудың астына біріге
алмағанын көзіміз көрді. Тіпті Жармахан Тұяқбай мен Әміржан Қосановтың
арасында да бүгінде өзара түсініспеушіліктің пайда болуы Ертісбаевтың
болжамының астарын аңғартқандай.
Ертісбаев – саяси технолог. Ол әрбір сайлау барысында елдегі саяси
партиялар, Президенттікке үміткерлер жайында талай болжам жасады. Және
сол болжамы да айнытпай келіп отырды. Ол партиялардың саяси және
әлеуметтік әлеуетін, кімнің сойылын соғатынын жақсы білетін. Саяси
додадан үміткерлердің деңгейі және кімнің қанша пайыз дауыс жинайтынын
ол бес саусақтай білетін. Журналистердің кез-келген сұрағына кез келген
сәтте іркілмей жауап бере алатын кәнігі саясаткердің дипломатиялық
қызметке тағайындалуының астарында не жатыр?
Елдегі әлеуметтік және саяси толқуларға қатысты әрдайым өз ойын ірікпей
айтып үйренген саясаткер Жаңаөзен оқиғасына саяси баға берерде біраз
қателіктерге бой алдырды. Бұл оның елдегі негізгі электорат, ел иесі –
қазақтардың ішкі жан-дүниесін түсінбейтіндігінен хабар берсе керек.
Жаңаөзен оқиғасына тікелей кінәлілер ретінде ол – оралмандарды атайды.
Әрі елдегі бас саяси кеңесшісінің емеурінін таныды ма сол кездегі К.
Мәсімов үкіметі Қазақстандағы оралмандарға қатысты «Нұрлы көш»
бағдарламасын да, мемлекеттік көші-қон квотасын да мүлдем тоқтатып,
Көші-қон комитетін таратып жіберді. Дегенмен уақыт өте келе, Ертісбаев
қазақ тілін үйреніп жатқанын мәлімдеп, қазақ тілінде бірнеше телеарнаға
сұхбат беріп те үлгерді. Алайда қоғамдық орындарда, арнайы жиындарда
Ертісбаевтың халық алдында қазақша сөйлегені есімізде жоқ.
Тағы бір айта кетер жайт, Ертісбаев – орысшыл саясаткер болды. Ол үнемі
Ресей мен Қазақстанның өзара ынтымақтастығын және интеграциялық
қадамдарын насихаттаумен, үгіттеумен болды. Мәскеуде 2012 жылдың қараша
айында өткен «Казахстан и Россия в евразийском интеграционном проекте»
атты сарапшылар пікірсайысына қатысқан ол жиында қазақстандықтардың 80
пайызы еуразиялық интеграцияны, соның ішінде Ресей Федерациясымен
жасалып жатқан интеграцияны қолдайтынын айтқан. Кеңесшінің сөзіне
қарағанда мұндай дерек Президент әкімшілігінің жанындағы сараптамалық
орталық жүргізген жабық әлеуметтік сауалнаманың нәтижесінде белгілі
болған екен-мыс. Бұл да ел иесі қазақтардың дүниетанымын,
мақсат-мүддесін елемеуден туған ой деуге негіз бар. Ертісбаевтың Кавказ
еліне аттануын саясаттанушылар әртүрлі жорамалдауда. Кейбіреулері бұны
Ертісбаевтың өзге саясаттанушылар секілді үлкен саясаттан аластатылуы,
биліктен қуылуы деп бағамдаса, екіншілері – Ертісбаевты билік резервте
осылай ұстай тұруды жөн санайды деген ойда. Қалай дегенмен де,
саясаттанушылардың басым көпшілігі Ертісбаевтың елшілік қызметін бұрынғы
лауазымынан төмендеуі дегенді сөз етуде. Саясаттанушы, Саяси шешімдер
институтының сарапшысы Максим Казначеев Ертісбаевтың бұл тағайындалуы
бұрынғы лауазымынан еш кем түспейді деген пікірде. Ал саясаттанушы Айдос
Сарым ішкі саясаттан аластатылуы дейді. Көптеген БАҚ Ертісбаевтың билік
алаңына ертең қайта оралуы мүмкін деген болжам жасауда.
Ақорда төңірегінен 18 жыл бойы ұзап шықпаған Ертісбаевтың Грузияға кетуі
– тосын болғаны анық. Оған жүктелген негізгі міндет – Грузия мен
Қазақстан арасындағы байланысты нығайту делінген. Әрине, Кедендік одаққа
енуіміз бен Ресей мен Грузия арасындағы салқынқандылық салдарынан, бұл
мемлекетпен өзара қарым-қатынасымыз тым жақсы дей қою қиын. Кімді де
болсын иілте білетін саясаткердің дипломатиялық миссиясы екі ел арасында
алтын көпір бола алуы да мүмкін. Кейбір болжамдарға сүйенсек, қуғындағы
банкир Мұхтар Әблязовтың біраз қаржысы Грузияда жасырылған көрінеді.
Ертісбаевқа жүктелген тағы бір міндет – осы қаражатты елге қайтару
сияқты.
Ең бастысы, бұған дейін ішкі саясатта Ертісбаевтың тұлғасына тең келер
саясаткердің болмағаны анық. Қазірдің өзінде оның орнының ойсырап
қалғаны және оны алмастыратын адам табудың оңай болмай жатқаны айтылуда.
Мемлекеттік хатшы қызметіне Марат Тәжиннің тағайындалуы – Ертісбаевтың
ішкі саясаттағы рөлін біраз әлсіреткен секілді. Ертісбаевтың соңғы
бес-алты ай көлемінде үнсіз қалуының себебін кейбіреулер оның Грузияға
кетуімен байланыстырса, тағы біреулері Марат Тәжиннің оның мысын басуы
деп біледі. Демек күшті саясаткер Марат Тәжиннің ішкі саясатта өз
ықпалын арттыруы – Ертісбаевтың саясат алаңын тастауына түрткі болуы
мүмкін. Сонымен бірге, Ертісбаев қалай дегенмен де, орысшыл және
орыстілді саясаткер болды. Елдегі қазақтілді электораттың күшеюі және
қазақ тілінің мәртебесінің күн өткен сайын артуы – ендігі басты саяси
кеңесші ретінде жергілікті халықтың мұң-мұқтажын түсіне білетін және
мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін адамның қажеттігін көрсетті.
Ертісбаевтың ішкі саясаттан кетуі – Қазақстанда орыстілді саяси
дәуреннің аяқталғанынан хабар берсе керек. Саясаттанушылар енді
қазақтілді саясаткерлердің дәурені туғанын тілге тиек етуде.
Есенгүл Кәпқызы