ЖАЛАҚЫДА АЛАЛАУ БОЛМАЙДЫ

ЖАЛАҚЫДА АЛАЛАУ БОЛМАЙДЫ

ЖАЛАҚЫДА АЛАЛАУ БОЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі
195

Еліміздегі алпауыт компаниялардың көшбасшысы саналатын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қандай да бір маңызды шараның жанынан табылады. Әсіресе, мемлекеттің болашағынан үміт күттіретін жобаға келгенде компания ештеңеден аянып қалған емес. Тіпті, мұнайлы өлкедегі халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде ескеріп, әлеуметтік нысандардың құрылысын жеделдетіп бітіруге өз тарапынан күш салып келеді. Әрине, мектепке дейінгі мекемелер мен білім ошақтарына деген тапшылықты жою мәселесімен мемлекет тікелей айналысуда. Соған қарамастан кейбір шалғайдағы елді мекендер мен ауылдарда бұл түйткіл әлі өзекті. Компания ауыл халқының әлеуметтік әлеуетін көтеруді басты негізге алып, спорттық, денсаулық сақтау нысандарына шама-шарқынша қолын созып келеді. Оларды жаңа заманауи құралдармен, медициналық технологиямен жабдықталуын да қамтамасыз етеді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ компаниялар тобының әлеуметтік жауапкершілікті көтеріп келе жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Еншілес компанияларымен бірге бір жылда әлеуметтік салаға 10 млрд. теңге қаржы жұмсалады, оның тең жартысы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияның үлесінде. Алдағы уақытта да компания бұл бағыттан айнымақ емес.
Өндірістік жетістіктермен қатар, ұлттық мүдде, ұлттың болашағы қашан да компанияның басты назарында. Әлеуметтік жауапкершілік – компанияның ұзақ мерзімді стратегиясының ажырамас бір бөлігі. Әлеуметтік жобалар, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту – компания қызметінің басым бағыттарының бірі. Сондықтан қоғамда болып жатқан кез келген жағдай компанияны алаңдатпай қоймайды. Мәселен, білім саласына, жас мамандардың кәсіби өсуіне, мүгедектер мен ардагерлерге қамқорлық жасауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, сондай-ақ өнеркәсіп шараларына тікелей қатысы жоқ басқа да әлеуметтік мәселелерге қамқор болып келген компания 2010 жылы әр түрлі әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру үшін 130 миллионнан астам АҚШ долларын жұмсаған. 
Салауатты ұлт – бәсекеге қабілетті ұлт, ел игілігінің негізі. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «ҚазМұнайГаз» компаниясы Бірыңғай әмбебап спорт алаңдарының бағдарламасын әзірлеп, сол бойынша жұмыс жасауда. Спорт алаңдарын тиімді және ұтымды пайдалану үшін оларды жазда футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорттың жаздық түрлеріне арнап, қыста спорттың қысқы түрлерімен – хоккей, мәнерлеп сырғанақ тебуге арнап, көп мақсатты етіп жасау қарастырылған. Мұндағы мақсат – спортты барша жұртшылыққа, олардың жасына, тұратын жеріне және әлеуметтік жағдайына қарамастан, қолжетімді ету. Осылайша халыққа спорттың бұқаралық түрлерімен айналысуға мүмкіндік беріп, олардың интеллектуалды, рухани дамуы үшін жағдай жасауды ұмытқан емес. Ұлттық компанияның демеушілігімен 2010 жылдан бері Алматы қаласында AIBA Бүкіләлемдік бокс Академиясын құру жөніндегі жобаны жүзеге асыру арқылы Қазақстанның дене шынықтыру мен спортты дамытудағы белсенді қатысушы ретіндегі әлемдік қауымдастық алдындағы беделін нығайта түспек. «ҚазМұнайГаздың» қатысуымен көптеген аймақтарда спорт нысандары мен құрылыстары бой көтеруде. Қарағанды қаласындағы «Нұра» боксты дамыту орталығы, Павлодар қаласындағы көпфункциялы спорт кешені, Атырау облысындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені, Астанадағы жекпе-жек ойындары сарайы, Тараз қаласындағы Спорт сарайы, тағы бірқатар спорт нысандарымен қоса, 50 көпфункциялы әмбебап спорт алаңдары соның айқын дәлелі. 
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Әлеуметтік қолдау департаментінің директоры Әлібай Құсайынов бұл тұрғыда: «Бұған дейін «ҚазМұнайГаз»-дың әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы қызметін бірнеше департамент жүзеге асырып келген. Алайда, бұл тұтас әлеуметтік саясатты тиімді жүргізуге мүмкіндік бермеген соң, жаңа департамент құру туралы шешім қабылданды. Енді әлеуметтік сипаттағы барлық мәселе бір департаментке – Әлеуметтік қолдау департаментіне берілді. Жаңадан құрылған құрылым ретінде біз алдымен ҚМГ компаниялар тобы үшін әлеуметтік саясат мәселесін реттейтін типтік құжат жасаудан бастадық, – дейді. Бұл құжатта еншілес ұйымдардың ұжымдық шарт және ішкі құжаттарды жасауда ескерілуі тиіс әлеуметтік пакеттің 17 пункттен тұратын тізбесін бекіткен. Бір айта кетерлігі, компания тізімде зейнеткерлікке шығуға, бала тууға байланысты көрсетілетін материалдық көмекті өз мойнына алады. Сондай-ақ жұмысшылардың балаларын сауықтыру орындарына жолдамамен жіберу, кәсіпорын қызметкерлерінің дарынды балаларының жоғарғы оқу орындарында білім алуына жағдай жасау жағы да қарастырылған. Яғни, компания қызметкерінің баласы үздік оқып, белді деген оқу орнына түсуге қаражат жағы қол байласа, бұл кезде компания көмекке келеді. Оқу қаржысын төлейді. Есесіне, студент мамандығын алған соң, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияның кез келген еншілес кәсіпорнына жұмысқа тұра алады. Компания жас мамандардың компанияның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуға тарту мақсатында Жастар ісі және ұзақ мерзімді жастар саясатын жасау жөніндегі Кеңесті құру жұмысын бастады. 
Қазақтың басындағы күрмеуі қиын мәселе – баспана мәселесі. Кез келген ұжымның қызметкерлері үй кезегіне тұрса да, жылдар бойы қол жеткізбей өтеді. Ал қарапайым жұмысшының тірнектеп тапқан еңбекақысы азық-түліктен аспайтыны белгілі. Міне, қоғамның әлеуметтік тобының жағдайын ойлаған компания тұрғын үй саясатын жүзеге асыруды жаңа әдіске көшірді. ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлері мен жұмысшылары үшін қаржы институттарына ұйым қаржысын депозит ретінде орналастыру жолымен тұрғын үй ипотекалық несиелеу бағдарламасы жасалды. Ол үшін несиелеу сомасы 80 айлық жалақы көлемін құрауы керек және пәтер құны 200 мың АҚШ долларынан аспауы тиіс. Несиелеудің пайыздық мөлшерлемесі – 5 пайыз ғана. Бір артықшылығы, бағдарлама бойынша жұмысшы пәтерді өзі таңдайды. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Әлеуметтік қолдау департаментінің директоры Әлібай Құсайыновтың айтуынша, таптырмас мүмкіндікті әуелі компанияға ауа­дай қажетті мамандар пайдаланады, содан кейінгі кезекте баспанаға мұқтаж жандар бар. Бұдан басқа компания халыққа – ауызсу мен газды, ішкі нарыққа – мұнай мен мұнай өнімдерін арзандатылған баға бойынша жеткізу мәселелері бойынша ел экономикасын белгілі бір дәрежеде дотациялауды жүзеге асырады. 2009 жылдың қорытындысы бойынша, мұндай мақсаттарға 36 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық үлесті арттыру бойынша шаралар кешенін іске асыру мақсатында 2010-2012 жылдарға арналған ҚМГ компаниялар тобының Қазақстан Республикасындағы мұнай-газ машиналарын жасауды дамытуға үлес қосуы жөнінде арнайы бағдарлама дайындалған болатын. Бұл Бағдарламаны жүзеге асыру аясында машина жасау зауыттарымен, соның ішінде насосты штангаларды жеткізуге «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ-мен, терең штангалық насос­тарды жеткізуге «Мұнаймаш» АҚ-мен, арнайы техниканы жеткізуге «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-мен, құбыр өнімдерін жеткізуге «KSP Steel» ЖШС-мен, сыйымдылықтарды жеткізуге «Белкамит» АҚ-мен және республиканың басқа да кәсіпорындармен келісімдер жасалған. 
Хош иісті көмірсутек өндірісімен экономикалық әлеуеті қуатты елдер айналысатыны баршаға аян. Оның үстіне «Хош иістер» өндірушілердің элитасына кіру оңай емес, өйткені технологиялар қымбат, әрі барлығына қол жетімді емес. Қазір мұнай өңдеудегі әлемдік тренд – жаппай жаңғырту, ол бір ғана өнім шығаратын көптеген ұсақ және тиімсіз зауыттарды жауып, оларды ассортименті үлкен ірі мұнай өңдейтін кешендермен алмастыруды көздейді.
Компания мұнайды қайта өңдейтін зауыттарды қайта құру және жаңғырту бойынша үш жобаны іске асырады. Бірінші кезекте – Атырау мұнай өңдеу зауыты, сондан соң Шымкент және Павлодар зауыттары. Мұнайды қайта өңдейтін зауыттарды дамытудың кешендік жоспарының орындалуы республиканың мұнайды қайта өңдеу саласындағы жағдайын түбегейлі өзгертуге тиіс. Қазақстандық үш мұнай өңдеу зауытында 2010 жылғы бірінші жартыжылдықта мұнай өңдеудің шоғырландырылған көлемі 5,8 млн. тоннаны құрады. Ал 2014 жылы отандық мұнайды өңдеу зауыттары 17 млн. тонна қуаттылыққа қол жеткізеді және елдің жоғары сапалы мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысын толық қамтитын болады.
Мұнай өңдейтін зауыттарын жаңғырта отырып, мұнай-химия секторын дамытуға жол ашылды. Бұл бағыт бойынша қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектерді өндіретін кешен салу жобасы іске асырылуда. Өндіріс сызбасы өте икемді және барынша жоғары октанды бензин алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ҚМГ-ның 2010-2014 жылдарға арналған дамыту жоспарына мұнай-газ-көлік инфрақұрылымын әртараптандыру жобалары кірді. Стратегиялық жобалардың қатарына Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ магистральды газ құбырының құрылысы, мұнай тасымалдаудың Қазақстандық Кас­пий Жүйесін құру, КҚК-ны кеңейту кіреді. Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын қолдау үшін сервистік инфрақұрылымды дамыту қатар жүзеге асырылады. 
Тағы бір жағымды жаңалық, «ҚазМұнайГаз»-дың ҚМГ компаниялар тобы мен еншілес ұйымдары еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшеді. Яғни, бұған дейін отандық және шетелдік жұмысшылардың жалақысында едәуір айырмашылық болса, бұдан былай бәрі бірдей жалақы алады. Бұл жөнінде департамент жетекшісі: «Мұнай-газ секторындағы көптеген кәсіпорын жеке сектордың қолында болып келді, сондықтан да олардың жалақы төлеу саясаты әртүрлі болды. Ал соңғы жылдары ҚМГ көптеген кәсіпорынның активтерін өз қолына алып жатыр. Жалақы төлеу саясаты біріздендіріледі, – деді. 
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 2006 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық келісімінің мүшесі. Бұл ретте компания Корпоративті әлеуметтік жауапкершілік кодексін жаңа мазмұнда бекітіп, адам құқы, әлеуметтік еңбек қатынастарын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, еңбекті ынталандыру, өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек қорғау, базалық еңбек жағдайын құру, кадрларды оқыту, баспана саясаты, сақтандыру, сауықтыру, спорт және жұмыс істемейтін зейнеткерлер мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау мәселелері қарастырылған. Соның ішінде ең маңыздысы, әлеуметтік еңбек қатынастарын сақтау. Айта кету керек, Жаңаөзен қаласындағы өндірістік ұжыммен және жергілікті халықпен байланысты жолға қою үшін Маңғыстау облысы әкімдігі мен «ҚазмұнайГаз» ҰК» АҚ арасында жасалған Маңғыстау облысының әлеуметтік жауапкершілігі және тұрақты дамуының 2012 жылдың қазан-желтоқсан айларына арналған шаралар жоспарын айтуға болады. Аталған жоспар шеңберінде Ақтау, Жаңаөзен, Атырау қалаларында бокс пен футболдан халықаралық және республикалық, бұқаралық мәдени шаралар мен Ақтөбе–Жаңаөзен–Шетпе кенті–Жетібай стансасы бағытында «Жәрдем» медициналық пойызы ұйымдастырылды. Нәтижесінде шалғайдағы елді мекендегі 3,5 адам дәрігерлік тексеруден өтті. 
Жыл сайын «ҚазМұнайГаз» компания­ның бірінші басшылары өндірістегі ұжыммен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді дәстүрге айналдырған. «Бұл жұмыс Мемлекет басшысының өткен жылдың 28 қарашасында барлық деңгейдегі әкімдермен өткізген жиынындағы тапсырмасынан кейін күшейтіле түсті. Мәселен, өндірістік қызметтің ағымдағы жағдайымен танысу, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек мәселелерін зерттеу үшін аймақта орналасқан еншілес ұйымдарға ҚМГ басшыларының бару кестесі бекітілген. Компаниямыздың 2013-2022 жылдарға арналған даму стратегиясын жүзеге асыру жоспарында да жыл сайын әлеуметтік-еңбек даулары мен қақтығыстарды 5-тен 25 пайызға дейін азайту туралы тапсырма бар, – дейді департамент жетекшісі. 
Айта кету керек, компанияда әлеуметтік жобалар, демеушілік және қайырымдылық көрсету жөнінде үйлестіру кеңесі құрылды. Кеңес құрметті демалысқа шыққан зейнеткерлер мен жұмысшыларды әлеуметтік қолдау аясында әлеуметтік жобаларды іске асыруды қолға алуда. Компания «Интеллектуалды олимпиада» тележобасының бірнеше жылдан бері тұрақты демеушісі. Сондай-ақ «Еңлікгүл» театр сыйлығы да компания демеушілігімен табыс етіліп келеді. Компания мемлекеттің беделін көтеретін шаралардан, атап айтқанда Еуразиялық медиа форум, KAZENERGY форумы, республикалық және халықаралық мұнай газ конференциялары, Еуразия әйелдерінің саммиті, Бүкіләлемдік рухани мәдиениет форумы аясындағы конференциялардан қаржылай қолдауын аяған емес. Қазіргі кезде аяғын тәй-тәй басқан «Балбұлақ» балалардың электронды журналы да «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының демеушілігімен дүниеге келген. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметі бойынша, ақпарат кеңістігінде 43 қазақтілді сайт жұмыс істейді екен. Соның ішіндегі былтырғы жылы олардың қатарына қосылған тағы 2 сайт «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының демеушілігімен ашылыпты. Қазақтілді қазақ жас­тарын экономикалық ағарту, олармен интерактивтік байланыс орнату үшін www.economіka-qun.kz атты экономикалық сайт, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарындағы экономика және өнеркәсіп, оның ішінде мұнай саласының тақырыбын дамытуға үлес қосу үшін www.kazmunaу.kz атты танымдық, ғылыми-көпшілік, қоғамдық сайт іске қосылыпты.
Қашан да әлеуметтік топтың жоғын жоқтап жүретін компанияның негізгі ұраны – қолдан келгенше көмек беру. Сондықтан да «ҚазМұнайГаз» алғашқы күннен бастап осы дәстүрден айныған емес. 

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары