ҚАЗҰУ-ДАҒЫ КЕЛЕЛІ ЖИЫН
ҚАЗҰУ-ДАҒЫ КЕЛЕЛІ ЖИЫН
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру», – деп атап айтты. Осы орайда біздің атқаратын шаруамыз – ел абыройы мен ғылым беделін көтеру, жастарды жаңа биіктерге жұмылдыру. Қазір білім министрлігі жастарымызды бакалавр – магистр – докторантура жүйесіне сәйкес ғылымға тартуда. Мемлекет бөлген қомақты қаржы жастардың шетелге шығып, әлемдік тәжірибені меңгеруіне, зертханаларда жұмыс істеп, рейтингті журналдарда мақала жариялауына мол мүмкіндік туғызып отыр.
Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да гуманитарлық және жаратылыстану ғылыми мамандықтары бойынша «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы жаңа ұрпаққа білім беру бағдарламалары» деген тақырыппен Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің отырысы өтті. Аталған кеңеске Қазақстандағы жетекші оқу орындарының проректорлары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің факультет декандары мен кафедра меңгерушілері қатысты.
Еліміздің инновациялық дамуына жоғары дәрежелі мамандар керек екені сөзсіз. Бұрынғы кадр даярлау жүйесі түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Елбасы білім берудегі ең бірінші басымдық ретінде инженерлік-техникалық мамандықтардың дамуын айтты. Инженерлік-техникалық мамандықтарды оқытудағы жаңа бағдарламалар STEM – «Science, Technology, Engineering, Mathematics» жүйесіне (ғылым, технология, инженерлік дисциплиналар, математика) негізделіп жасалады. Бұл жүйе жоғары білім берудегі бағдарламаларды қайта қарап шығуға мүмкіндік беріп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде студенттерді шығармашылық тұрғыдан ынталандыруға жол ашпақ. Студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстарына араласып, ғылымның жаңа, тың бағыттарын меңгеруге бетбұрыс жасауына, экономика саласында кәсіби қалыптасуына ықпал етеді. Оқу-әдістемелік кеңестің отырысы барысында жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларын студенттер мен оларға жұмыс берушілер қалай бағалайтындығы, аталған бағдарламалардың білікті маман даярлауға тиімділігі, STEM жүйесінің білім беру бағдарламаларына әсері талқыланды. Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің оқу ісі жөніндегі проректоры Әбдібеков Уәлихан «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында білім беру бағдарламаларын қалыптастырудағы STEM ұстанымы» тақырыбындағы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры Нұрманбетова Жәмила «Құзіреттілік негізінде білім беру бағдарламаларын жобалау мәселелері мен шешу жолдары», «Тұран» университетінің оқу-әдістемелік жұмыстары бойынша проректоры Арупов Акимжан «Құзіреттілік негізінде білім беру бағдарламалары жүйесіндегі сабақтастық: мектеп-колледж-бакалавриат-магистратура-Ph.D» атты баяндамалары тыңдалды. Кеңесте 28 бакалавриат, 3 магистратура мамандықтары бойынша типтік оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу құралдарын ҚР БҒМ бекітуге ұсынды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамының ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерінің көрмесінен басталған жиын мәжіліс, дөңгелек үстелмен жалғасып, университет мұражайы мен механика-математика факультетінің зертханасымен танысумен аяқталды.
Әсел Әнуарбек,
ҚазҰУ-дің студенті