«ЖЕТІСУ АЛАТАУЫ» МА, ӘЛДЕ «ЖОҢҒАР АЛАТАУЫ» МА?
«ЖЕТІСУ АЛАТАУЫ» МА, ӘЛДЕ «ЖОҢҒАР АЛАТАУЫ» МА?
ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің назарына!
…Ұрпағыңның ырысы,
Ел – жұртыңның тынысы,
Бесік болған Жетісу!
Өз ұлты мен ұлысқа –
Несіп болған Жетісу!
(А.Әбдіқал)
Жетісу! Осы бір географиялық атау қазақ халқының ежелгі тарихымен әрі тамырласып, әрі тағдырласып жатқан атау екендігіне ешбір күмән келтіруге болмас. Өйткені «Жетісу» осы өңірден ағып өтетін ірі 7 өзенге байланысты қойылғандығы жайлы тарихи деректер жеткілікті. Осы өңірдің тумасы әрі осы өңірдің тарихы мен табиғатын өзінің шұрайлы жыр шумақтарына өте орынды арқау еткен ақын атамыз Ілияс Жансүгіров (1894-1938) «Жетісу суреттері» атты жыр циклдарында Жетісу өлкесінің әрбір өзені, әрбір тауы, әрбір көлінің атын нақты атап, бұл өңірде өсетін өсімдік түрлерін, мұнда кездесетін жәндігі мен жануарларын жіпке тізген асыл моншақтай етіп, жыр жолдарына арқау етуі кімді болса таңқалдыратыны сөзсіз.
Осындай таңғажайып табиғаты бар өлкенің қазіргі егемендік алған тұсымызда «Жоңғар Алатауы» аталуы бар ешбір қисынға сай келмейді. Тіпті, бұл күнде бұрынғы ойрат тайпасы одағының құрамында болған жоңғар тайпасының атауы мүлде аталмайтынын көзі қарақты әрбір оқырман білетіні де белгілі жағдай.
«Жоңғар шапқыншылығы» деген атпен қазақ пен жоңғар арасындағы (қазақ хандығы құрылған кезден бастап 18-ғасырдың 50-жылдарына дейін созылған) соғыс еліміздің тарихындағы ең ауыр кезең болды. Бірнеше ғасырлар бойы өзі соғыс жүргізіп, атамекенін көздің қарашығындай қорғай білген ата-бабаларымыз өз өлкесінің шұрайлы жер – су атауларын өздерінің хас жауы болып келген жоңғар тайпасының атауымен атауы ешбір шындыққа мүлде сәйкес келмейді.
Көрнекті көсемсөзші Жақау Дәуренбек «Ойдауа» атты кітабында (2010) «Азаматпен бірге арғыдан келе жатқан әрбір айтулы атауда ақпарат бар. Оны оқи білу, тегін тани білу – өреміздің еншісінде», – деп өте орынды жазған екен. Олай болса, әрбір атауды дұрыс атай білу біздің білім деңгейіміздің басты көрсеткіші болуы шарт.
Еліміз егемендік алмай тұрып-ақ мұндай географиялық атаулардың аттары өзгертіліп, өзінің ежелгі тарихи атауларымен аталып келе жатқандығын кейінгі кезде жарық көрген арнайы энциклопедиялардан да көз жеткізуге болады. Бұл жөнінде айтар пікіріміз жалаң болмауы үшін нақты деректер келтіруді жөн деп отырмыз және мұндай дәйекті мәліметтерді мерзімдік басылымдарда жазып та жүрміз. Мысалы, «Алматы ақшамы» газетінің 2011 жылғы 11 маусымдағы санында «Жетісу Алатауы» ма, әлде «Жоңғар Алатауы» ма? деген мақала жарық көрді.
«Жоңғар Алатауы» деген географиялық атаудың «Жетісу Алатауы» деп өзгергендігі Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 2011 жылы жарық көрген 3-томының 681-682 беттерінде және «Жетісу» энциклопедиясында (2004ж.) «Жетісу Алатауы» деп тасқа таңба басқандай жазылып көрсетілгендігін ерекше атап көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар, ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің ұйғарымы бойынша жарық көрген «Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогы. 4 том. Алматы облысы» деген кітапта да орысша «Жетысуский Алатау», Жетысуские ворота» деген атаулардың қазақшасы «Жетісу Алатауы», «Жетісу қақпасы» деп берілген. Тіпті орыс тілінде жарық көрген «Альбом карт областей РК. Масштаб 1:1000000.Астана. Национальный картографогеодезический фонд 2005. Исправлено в 2006г» деген орыс тілінде жарық көрген картада «Хребет Жетысуский Алатау» деп нақты көрсетілген.
Қазақстан Республикасы жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі (Астана, 2006) бойынша берілген картада «Жетісу Алатау жотасы» деп нақты көрсетілген.
Көрнекті картограф әрі геолог ғалым Молдияр Серікбаевтың «Қазақстан карталарындағы қателіктер» деген «Ана тілі» газетінде (2012) жазылған мақаласында «Жетісу Алатауы» деген ұғым қалыптасқандығын атап көрсеткен. Сонымен қатар, М.Серікбаевтің «Қазақстан – Zaman» газетінде (2012) өзі құрастырған 1723-1757 жылдардағы жоңғарлармен шайқастың сұлбалық картасында «Жетісу Алатауы» деп жазылған.
Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған орыс тілінде жазылған «Вилесов Е.Н., Науменко А.А., Веселова Л.К., Аубекеров Б.Ж. Физическая география Казахстана. Учебное пособие, Алматы.:Қазақ университеті», 2009.-362 с.», – деп аталатын оқу құралдарында «На юг от равнин Алакольской впадины расположена горная система Жетысуского (Джунгарского) Алатау …» деп, атап көрсетілген. Біз мұның бәрін нақтылап көрсетіп жатқандығымыздың да өз себебі бар. Өйткені осы Жетісу Алатауының аумағындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №370 арнайы қаулысы бойынша 2010 жылы 30 көкекте «Жетісу Алатауы» атты мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ ұйымдастырылды. бұл табиғи саябақты ұйымдастырудағы басты мақсат осы өңірдің аса бай табиғатын қорғау, сақтап қалу және қалпына келтіруде,сонымен қатар қазіргі кездегі дүние жүзіне таралған 15 000-дай мәдени алма іріктемелерінің арғы тегі болып саналатын, әрі осы өңірде өсетін жабайы сиверс алмасының генетикалық қорын сақтап қалуды көздейді. Жетісу Алатауының аумағында ұйымдастырылған ұлттық табиғи саябақтың «Жоңғар Алатауы» деп аталуы ешбір ақылға сыймайды деп ойлаймыз.
Рысбай СӘТІМБЕКОВ,
Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университетінің
профессоры