БАЛАЛАРҒА ӨМІР СЫЙЛА

БАЛАЛАРҒА ӨМІР СЫЙЛА

БАЛАЛАРҒА ӨМІР СЫЙЛА
ашық дереккөзі
366

Ауыр дертке шалдыққан балақайларға 2 642 616 доллар жиналыпты

«Добровольное Общество Милосердие» (ДОМ) қоғамдық қоры «Балаларға өмір сыйла» шарасын қорытындылады. Қор президенті Аружан Саинның айтуынша, шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен дертке шалдыққан қарадомалақтарды емдеуге 2 642 616 доллар жиналып, 446 операцияның ақысы төленген көрінеді. 

Өткен жұмада Алматыдағы циркте ұйымдастырған концертте қор ұжымы, шараға атсалысқан ағайын, ауыр дерттен құлан-таза айығып кеткен балақайлар мен олардың ата-аналарымен кездесіп, танысудың, сұхбаттасудың сәті түсті. Концертте Алматы циркінің әртістері, «Антре» хореографиялық студиясының өнерпаздары, №1 Алматы облыстық Жетімдер үйінің тәрбиеленушілері мен «Балаларға өмір сыйла» шарасының арқасында сауығып кеткен балапандар өнер көрсетті.
Қоғамдық қор жетекшісі Аружан Саинның хабарлауынша, соңғы 5 жылда аурудың аса ауыр түріне шалдыққан 376 бала Қазақстаннан тыс жерде емделуге акция шеңберінде қаражат алған. Шекара сыртындағы құны тым қымбат тұратын ем-дауаны қалтасы көтермейтін отандастарға «Балаларға өмір сыйла» шарасы сеп болды. «Өкінішке қарай, тағдыры тәлкекке түскен балаларға медициналық көмек көрсетуге, оларды құлан-таза айықтырып жіберуге қазақстандық медицина саласы әзірге қауқарсыз. «Балаларға өмір сыйла» шарасы жүргізіліп келе жатқан бес жылдың ішінде 376 балақайдың өмірін сақтап қалдық. Бірнеше жылдан бері қазақстандықтар аналарының құрсағында жатып дертке ұшыраған немесе туғаннан кейін ауырған балаларға көмектесумен келеді», – деп ағынан жарылған Аружан ДОМ тарапынан көмек көрсетілетін балалардың барлығы бірдей туа бітті ауруға ұшырағандар еместігін көлденең тартты. Мәселен, 2008 жылы абайсызда ағаштан құлап кеткен Алмат есімді баланың жарақаттанған сүйегін тек Германияда емдеуге болатыны анықталған. Алматтың анасы Шолпан Сапарғалиеваның айтуынша, 5 жыл бұрын ауыр диагноз қойылғанда, демеушілердің арқасында Германияда операция жасалды». Биыл Алмат Германияға барып, дәрігерлік тексеруден өтпек.
Қорытынды шараның тағы бір қонағы – үш жасар Ерсін Қазбек үш рет пышаққа түсіпті. Жүрегінде туабітті ақауы бар балақайға операция Томскіде жасалған. Тізе берсе, мұндай жайт өте көп. Өмір үшін күрескен балалар мен ата-аналардың Аружан Саин мен оның ұжымына айтар алғысы шексіз. Ал Аружан болса, ертеңге үмітпен қарайды: «Ең бастысы, ажал тырнағынан аман қалған осы балапандардың кез келгені – ел ертеңі. Келешекте жақсы білім алып, кәсіби білікті дәрігер, мұғалім мен кәсіпкер болады». Оның айтуынша, аналарының құрсағынан жүрек ақауымен туылатын нәрестелер өте көп. «Бірақ 2011 жылдан бастап Қазақстанда өте жақсы емдей бастады. Астана мен Алматыда жақсы емханалар бар. Біз қалған ауруларды да өз елімізде емдей бастайтынына және «Балаларға өмір сыйла» шарасы аяқталатынынан үміттенеміз», – деп пікір бөліскен Аружан отандық денсаулық сақтау саласының халықаралық деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.
Шырақ жанған түн
Шырақ жанған түн. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалиннің туындысының желісімен Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Қойылым режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. 
Алғаш рет 1977 жылы Нұрқанат Жақыпбай осы қойылымда басты рөлдердің бірін сомдаған еді. Сол тұста Нұрқанат Жақыпбаймен бірге театрдың үздіктері Ғазиза Әбдінәбиева, Досхан Жолжақсынов, Қасым Жәкібаев осы спектакльді көрермендерге ұсынған болатын. Араға 36 жыл салып режиссер спектакльді қайта сахнаға алып шықты. Өзі басшылық жасап жүрген Астана жастар театрының жас актерлері былтыр сахналаған «Шырақ жанған түн» спектаклін бұл жолы алматылық көрермендерге қара шаңырақтың актерлері ұсынды. 
Қойылымның негізгі айтары – адамдарға ғашықтық пен биік сезімдерге құрмет көрсетуді үйрету. Адамдардың бірін-бірі жоғалтып барып, қайта қауышуын, ең аяулы сезімдерді сақтап қалуға ұмтылуын көрсетіп, махаббатқа адалдық пен сертке беріктікті өз қалпында берген қойылым. «Шырақ жанған түн» – адам мен уақыттың байланысын көрсететін лирикалы драма. Қойылымдағы басты үш кейіпкер: Таңат, Сағын және Нұргүл. Сағын – ғылым тұманына еніп кеткен археолог. Нұргүл – бүгінімен өмір сүруді қалайтын өз заманының адамы. Ал Таңат өзін ғарыш перзентімін деп есептейді. «Марста адамдар неге ұзақ жасайды? Өйткені олар бірін-бірі ешқашан ренжітпейді» деген сөзді алға тартып жүретін Таңат «мен бәріңе ғашықпын» деп жар салады көпшілікке. Басты кейіпкерлердің үшеуінің де іздегені – адами бақыт. Сағын мен Нұргүл үлгілі отбасы. Нарық заманы Сағыннан нардай бизнесмен жасады. Сағында үй-жай бар, бәрі бар. Дүние-мүлікке құныққан Сағын отбасын мүлде ұмытады. Бұл жағдай Сағынның жары Нұргүлдің үрейін туғызады. Ол жалғыз қалудан қорқып, жанұясынан бас тартуға дейін барады. Жарығы сөнген үйден өзінің туған күнінде шырақ жанған түнге қашып барады. Өзін жалғыз сезініп, қорғансыз қалғандай күй кешкен сәтте Таңатпен кездеседі. Дегенмен, Нұргүл өзінің шаңырағының шырағын сөндіре алмайтынын түсініп, Сағынға қайта оралады. Барша адамға ғашықпын дейтін Таңат пен Нұргүл арасындағы таза көңіл, шынайы ой, сырлы сезім Сағын мен Нұргүл арасын жақындастыруды көздейді. Көрермен қойылымның негізгі оқиғасы Таңат пен Нұргүл арасындағы бір сәтте пайда болған сырлы сезім деп қабылдайды. Шын мәнінде спектакльдегі негізгі қақтығыс та, негізгі мәселе де – Сағын мен Нұргүл арасында. Ал, Таңат бір-бірінен алшақтаған жандарды қайта қауыштыруға септігін тигізетін бейне. Нұргүлдің отбасына қайта оралуы үшін Таңаттың образы қажет болса, Сағынның өз шаңырағының шырағын қайта жағуына көршінің образы көмектеседі. Көрші Сағынға жалған өмірде дүние-мүліктен де маңызды құндылықтардың бар екенін ұғындырады. Аталған спектакльдегі рөлдерді Мұхтар Әуезов атындағы қара шаңырақтың Еркебұлан Дайыров, Ләззат Қалдыбекова, Алмас Шаяхметов сынды әртістері сомдап шықты. 
Қойылым авторы Нұрлан Оразалин: «Бұл дүние уақыттың сұранысынан туындап отыр. Спектакль жаңа шешіммен толығып, қайта жаңғыртылып барып көрерменге ұсынылды. Автор ретінде спектакльдің сахналанғанына қуанамын, ал театр көрермендерінің көңілінен шықса, бізді одан да үлкен қуанышқа бөлейді», – дейді. Қойылымды сахналаған режиссер Нұрқанат Жақыпбай спектакль бүгінгі көрерменге жақсы тарту болғандығын айтады. Ал, әртістер қауымы бұл қойылымды сахнаға алып шығу үшін 25 күн ғана дайындалғандықтарын, бұл спектакльде өздерін жаңа қырларынан ашуға тырысқандықтарын, аз уақыт ішінде бір қойылымды дайындап шығару оңайға соқпағанын айтады. Үлкен дайындықпен, еңбекпен сахналанған туынды көрермен көңілінен де шыққан секілді. Премьераға асығып келген көрермендердің бірі Меруерт Бүркітбаева «Көршінің Сағынға айтқан ақыл-кеңестері барша көрерменге бағытталғандай болды. Көпшіліктің көкейіне ой салатын қойылым болды. Актерлер де рөлдерін тамаша сомдап шықты» , – деп қойылымнан алған жақсы әсерімен бөлісті. 

Әсел Әнуарбек,
ҚазҰУ-дің студенті

Серіктес жаңалықтары