АУҒАНСТАНҒА БАРҒЫСЫ КЕЛГЕН АСҚАР

АУҒАНСТАНҒА БАРҒЫСЫ КЕЛГЕН АСҚАР

АУҒАНСТАНҒА БАРҒЫСЫ КЕЛГЕН АСҚАР
ашық дереккөзі
475

Алты алаштың аузына ілігіп жүрген жазушы Асқар Алтайды қазақтың көрнекті жазушыларының көбі әлі күнге «жас буын» өкілдеріне теліп жүр. Үлкендер «жас» деп баға бергенімен, бүгінде елуге қадам басқан қаламгердің қолтаңбасынан «Алтайдың ал қызыл модағайы», «Аза» (Қайың сауған, ел ауған) романдары, «Қызыл бөлтірік», «Қара бура» повестері, «Қызбейіт», «Дода», «Кержақтың монологы» сияқты қабырғалы дүниелер туды. Әкесі Құмар кең байтақ Алтайдың Ақтау (Мұзтау), Сарытау, Аршаты, Қаражал, Құзғынды, Жайдақ, Марқакөл, Алқабек, Қалжыр, Бөкенбай, Бүйрек, Бұқтырма, Зайсан өңірлерін, Алтайдың Ресейге қарап қалған Шүй жеріндегі ұлы сілемдерді атпен аралатып, ел мен жерді тануына ерекше ықпал еткен. Жазушының «Қыр мен қала хикаялары» (1988, «Санат» ), «Алтай новелласы» (2001, «Өлке»), «Казино» (2008, «Атамұра») кітаптары жарық көрген. Әңгіме, повестері «Повестер мен әңгімелер» (1997, «Жібек жолы»), «Нарық нақыштары» (2003, «Қайнар»), «Қызыл бөлтірік» (2006, «Арда») т.б ұжымдық жинақтарда жарық көрген. 

ҰШАҚТАН ҚҰЛАЙ 
ЖАЗДАҒАН БАЛА

…Балалық шағым бүкіл қазақ, түркі халықтарына әйгілі Алтай жерінде өтті. Алтай – түркі халықтарының бесігі, ал қазақ халқының нағыз Отаны. Алтай – жердің жәннаты. Жазы қоңыр салқын, қысы кейде қатал, кейде жұмсақ, сондай бір ғажап өлке. Сылдыраған су, қарлы шыңдар, қалың орман сыңсыған жерде балалық шағым өтті. Негізі мен 1963 жылдың ақпан айында, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келгенмін. Әке-шешем менің алты айлығымда Күршімдегі ағайындарға көшіп келеді. Сол Күршімде балалық шағымның ең қызықты сәттері өтті десем де болады. Ол кездері Зайсан мен Күршімнің арасына ұшақ қатынайтын. Әкем мен шешем маған: «Біз сенен кішкентай кезіңде айрылып қала жаздағанбыз» – деп жиі айтып отыратын. Кішкене кезімде Зайсандағы нағашыларыма ұшақпен жиі барып тұратын едік. Бірде Зайсанға ұшып бара жатқанымызда, мен ұшақтың есігін ашып жіберіппін. Әкемнің жанында отырған Күршім ауданындағы ҰҚК-ң басшысы Ахатай Алифенов деген кісі қолымнан шап беріп ұстай алыпты. Тура Зайсан көлінің үстінде ұшып бара жатқан кезіміз екен. Төменде көкпеңбек мұз жатыр. Осылайша бір ажалдан аман қалыппын. Екінші есте қалған нәрсе, өзімнің ес білген шағымда жазған «Құла құнан» деген әңгімем бар. Ол еш жерде жарияланбаған. Ең алғаш жазған әңгімелерімнің бірі. Жылқының түсі зебра секілді құла болғандықтан, құла құнан атап кеттік. Бірде сол құла құнанға мініп келе жатқанымда, ол тышқанқорыққа аяғын тығып алды. Сөйтіп мен құла құнанның үстінен ұшып кеттім. Сол ұшқан кезімде бір аяғым таралғыда қалып қояды. Жылқы иесін ешқашан қиын жағдайда тастап кетпейді. Сынған аяғымен орнынан атып тұрғанда, мен салақтап бауырында қалыппын. Сонда мені теппей, кемінде 20-30 метрдей жүріп барыпты. Аяғымда қара бәтеңке бар еді. Сол сыпырылып қалады, мен жерге сыпырылып түстім. Бұл таңғы сағат 5 жарым – 6 кезінде болған. Әкем жылқыда болатын. Соның артынан құнанға мініп кетіп бара жатқан едім. Кейін әлгі құла құнанды сойып, етке жіберді. Балалық шағымдағы осындай сәттер әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Түсіме де жиі кіретін осы – туған жер. Біздің ауылда Сарытау деген тау бар. Еуропадағы Альпіден бірде-бір кем емес. Бұл жайында менің «Туа­жат» деген романымда бір кейіпкерім айтып береді. 

«МАХАББАТТЫҢ ТҰҢҒЫШ ЖЫРЫ – ТІЛ ҚАТПАУ»

…Мені мектепке алты жасымда алып барды. Бала кезімде өте зерек болдым. Бес жасымнан бастап, әпкем мен ағам батырлар жырынан, эпикалық жырлардан үзінділер оқып беретін. Екі-үш қайтара оқығаннан кейін жатқа айтып беретін едім. Ол заманда теледидар деген атымен жоқ. Көбінде үйде жыр тыңдайтынбыз. Алты жасқа келгенімде анам: «Осы балам зеректеу. Мектепке ертерек апарайын», – деп, мектепке алып барды. Мектепте мыңнан астам бала оқиды екен. Ондай көп адамды бірінші рет көруім. Жайлауда тек қалың жылқы, қой ғана көріп үйренгенмін ғой. Мыңдаған адамды көргенде таң қалдым. Адамдарға үркектеп қарадым. Мектепке алғаш келгенде маған бәрі жат болды. Мектептен кейін үйге келдім. Келсем, күрең ат есік алдында байлаулы тұр екен. Содан қайтадан қыстаққа тартып отырдым. Қыстақ 25-30 шақырымдай жерде. Жалпақтас деген жерде отыратын. Біздің жақта Шуылдақ деген жер бар. «Жын-шайтан мекендеген жер» деп сипатталады. Сол жерде отыратынбыз. Атқа мініп, Жалпақтасқа шауып кеттім. Анам байғұс «мына бала қайда кетті? Күрең ат бір жерге жығып кете ме?» деп уа-йымдап, жайдақ атқа мініп алып, артымнан тартып отырыпты. Содан таңертең анам «мектепке апарамын» дегенде, әкем: «Өзінің мектепке барғысы келмейді екен. Баланы қыстама. Жетіге толғанда барады», – деді. Осылайша алты жасымда есімде қалғаны қалың адамды көргенім болды. Мектепке жеті жасымда бардым. Сонда көзіме оттай басылған бір қыз болды. Есімі – Сәуле. Сәуле Дүйсекова қазір Алматыда тұрады. Бала-шағасы бар. Сыныпта 25 баладай болдық. Ішінде маған ерекше әсер еткені де осы Сәуле еді. Сабақ кезінде сол қыздың қасына отырғым келеді. Сол қызға деген алғашқы сезім, махаббат сол кезде басталды. 7-8 сыныпқа дейін сол алғашқы сезімімді жоғалтқам жоқ. Алғашқы балалық сезімімді оятқан да сол қыз еді. Арада біраз жылдар өтті. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде өзімнен үлкен қыздарға ғашық болдым. Олар әдемі киініп, боянып жүреді. Соған қызығатын едік. Сол уақытта бір қыздан қатты көңілім қалған кезім бар. Сол үшін «Біз әлі кездесерміз» деп шығарма жазбақшы болдым. Ішінде «3-4 жігіт, қыз болады» деп белгілеп, сюжеттік құрылымын 15 беттей қылып қағазға түсіріп қойдым. Бірақ балалық болды ма, сол дүние жазылмай қалды. Оның ішінде сыныптастарым, ауыл туралы жазсам деп ойлаған едім. Қазір жасым елуге келді. Бірақ, әлі күнге сол дүние көкейімді тербеп жүр. Шығармашылық деген қызық қой. Бір дүние аяқ астынан жазылады, бір дүние тербеліп жүріп жазылады, енді бір дүние мүлде жазылмай қалады. Қазір өткен уақытта жазылған шығармаларымның қалай жазылғаны туралы жазып, жазушының шығармашылық лабораториясына үңілгім келеді. Бұл туралы көп жазылмаған. Мұхтар Әуезов жазды кезінде. Мағжанның Ақан сері туралы жазған дүниесі бар. Кейінгілерден Мұхтар Мағауиннің, Қабдеш Жұмаділовтің романдарында шығармашылық туралы тамаша дүниелер айтылады. Біз Қадыр ағамыздан күтуші едік. Дегенмен, ол кісі де өзінің емес, өзгенің шығармашылығы туралы жазуға тырысты да, қалып қойды. Әлем әдебиетінде, орыс әдебиетінде Толстойдан бастап, мұндай үрдіс бар. Автордың шығармасы қалай туындады, неден пайда болды, не себеп болды, автор не сезінді, қалай әсер етті дегеннің барлығын жазғым келеді. Оған әлі отыра қойған жоқпын. Бірақ осындай ойда жүрмін. Бала кезімдегі «Құла құнаннан» бастап, бәрін жазғым келеді. 

ӘКЕМ «БІЗДІҢ ТҰҚЫМНАН АҚЫН ШЫҚПАҒАН» ДЕЙТІН…

… Ең алғаш мен 6-сыныпта өлең жаздым. Ол өлеңім Сәулеге арналған еді. Әрі оған ауыз әдебиетінің де әсері болған болуы керек. Қызға деген алғашқы балалық, кіршіксіз сезім ғой. Одан кейін адам ластанады, былғанады. Кейінгі сезімдерде дегенмен кірбің болады. Ең алғашқы шығармам дегенде осы ғашықтық өлеңдерімді айтар едім. Ол өлеңдердің кейбіреуі сақталды, кейбіреуі сақталмады. 9-сыныпта оқып жүргенімде ең алғаш «Көктем» деген өлеңім Күршім аудандық газетіне шықты. Ол қазір өзімде бар. Осы өлең менің творчествомның бастауы десем болады. Шығармаларымның тасқа басылған бейнесін алғаш рет сонда көрдім. Сол өлең шыққаннан кейін, әкем қасыма келіп: «Асқар, не жазып отырсың?» – деді. Күмілжіп: «Өлең» деп едім, әкем: «Мықты болсаң, қара сөз жаз. Біздің тұқымнан ақын шықпаған», – деді. Ол кезде қара сөздің не екенін түсінбедім. Мектепте Абайдың қара сөзінің өзін дұрыстап оқымадық қой. Өлеңдерін ғана оқыдық. Кейін барып әкемнің «қара сөз» дегені проза екенін түсіндім ғой. Сол бір сәт менің есімде қорғасын секілді қалып қойды. Содан кейін мен өлең жазбай кеттім. Кейде шығармаларымның арасында өлең кездеседі, ол сол кездерден қалған бір ұшқын шығар. 

МҰХТАРДЫҢ ЖЫЛЫ ПІКІРІ

…Ең алғаш менің шығармашылығым туралы жылы пікірді екі адамнан естідім. Біріншісін – Мұхтар Мағауиннен естідім. 1989 жылы «Жұлдыз» журналының 5-нөмірін жас қаламгерлерге арнады. Біз қолына енді ғана қалам алған ақын-жазушылар ретінде сол кезде шықтық. Менің сол журналға екі әңгімем басылды: «Тасбақаның тақыры» мен «Балықбол». Сол екі әңгімем менің жолымды ашты. Шығармашылықта сенің жолыңды ашатын ешқандай жазушы да, аға-көке де емес, сенің жазған туындың. Менің бағыма Мұхтар Мағауин кездесті. Менің екі әңгімемді оқып, Асқар Егеубаевқа айтып, мені «Жұлдызға» шақыртты. Ол кісіге ұнағаны менің тілім және ұлт турасында қозғаған тақырыбым болды. 1988 жылы «Қызыл бөлтірік» деген повесімді «Жалынға» бердім. Оған себеп болған Жаңабек Шағатай болды. Жаңабекпен енді ғана араласып жүрген кезім. Ол «Жалынның» жабық бәйгесіне жақсы дүниеңді берсеңші», – деді. Сонымен «Қызыл бөлтірікті» ұсындым. Бірақ «Қызыл бөлтірік» жүлде ала алмады. Сол кезде жабық бәйгеде қазылық еткен белгілі ғалым, сыншы Құлбек Ергөбек ағамыз жастарға қамқорлық жасап, шығармаларын оқып, сыни пікірлерін айтып жүретін. «Жас Алашқа» «Жалын» бәйгесі туралы мақала шықты. Соның ішінде менің шығармам да аталды. «Жүлдеге лайық шығармалар болып еді, бірақ орын ала алмады. Солардың бірі – Асқар Алпысбайдың «Қызыл бөлтірігі» деп жазды. Шығармаларым әлі қазақ баспасөзінде жарияланбай тұрып, алғаш тасқа басылған пікірді Құлбек Ергөбек ағамыздан естідім. 

«АБАЙ ЖОЛЫ» 
ЕРЕКШЕ ӘСЕР ЕТТІ

…Мен ерекше бір қаламгерге еліктедім деп айта алмаймын. Маған университетте екі адам ерекше әсер етті. Институтқа «жазушы болам» деген арман жетелеп алып келді. Ол арман менде 7-сыныптан бастап пайда болды. Оған ерекше әсер еткен Нүрилә деген апайым еді. Ол маған 6-сыныпта «Абай жолын» толық оқытты. «Абай жолы» менің жан дүниеме ерекше әсер етті. Бізге шығарма жазғызғанда еркін тақырыпта Алтай туралы жиі жазатын едім. Осыдан біраз жылдар бұрын Қасым Қайсенов, Асқар Егеубаевпен Күршім ауданына бардық. Сонда әлгі Нүрилә апайым үйіне шақырды, маған сол мектепте жазған шығармаларымды көрсетті, өзім таң қалдым. Маржандай жазулармен жазылған шығармаларым сол күйінде апайдың үйінде сақтаулы екен.
Маған университетте ерекше әсер еткен Нығмет Ғабдуллин мен Мұхтар Мағауин болды. Мұқаң лекцияларында бір сағатын дәріске, екінші сағатын сұрақ-жауапқа арнайтын. Сонда Мұхаң: «Сендер қазақ әдебиетін оқыдыңдар ғой, енді әлем әдебиетін оқыңдар», – деп айтатын еді. Мектепте жүргенде алғаш орыс әдебиетімен таныстым. Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасы» маған ерекше әсер етті. Толстойдың, Шолоховтың шығармаларымен таныстым. Университет қабырғасында әлем әдебиетін оқуға бас қойдым. Француз, жапон, Латын Америкасы әдебиетін таңғалып оқыдым. Мұхтар Мағауиннің өзі жапон әдебиетіне ерекше мән беретін. Жапон әдебиетіндегі романтикалық, психологиялық дүниелерді оқыдық. Маған бүкіл әлемдік әдебиет әсер етті. Ал жекелеген тұлғалар маған ерекше әсер ете қойған жоқ. Өз әдебиетіміздегі көптеген жазушылар Мұхтар Әуезовке еліктеп, тура сол секілді роман жазғысы келді. Бұл түбірімен қате. Әуезовтің романы – ол Әуезовтікі. Кез келген жанр – индивид. Сондықтан әр адамның өз стиліне сай шығуы керек. Жас­тар Оралханға қатты еліктейді. Мен де Оралханды оқыдым, сіңірдім. Сіңіре білу керек, бірақ еліктеуге болмайды. Оралханның кемшіліктерін көре білу керек. Әуезовтің эпикалық ерекшеліктерін байқап, меңгере білу керек. Кішкене әңгіменің өзін мен ұзақ ойланып жазамын. Мен романның өзін сарсылып жылдар бойы жазған емеспін. Айналасы 1-2 ай ішінде бітірем. 

АУҒАНСТАНҒА БАРУ – 
АРМАНЫМ БОЛДЫ

…Бұл енді қызық жағдай. Менің Марат деген жиен бауырым бар. Сол Ауғанстаннан жараланып келді. Біз мектеп бітіріп жатқан жылы, яғни 1979 жылы Ауғанстан мәселесі басталды. Ол кезде біз кеңестік патриотизммен тәрбиеленген ұрпақ болдық қой. Кеңестік идеологияның өзі соғысқа деген идеология болды. Кез келген адам кез келген уақытта соғысқа дайын тұру керек деген идеология еді. «Ауған соғысы басталды» деген кезде бізде сондай бір сезім болды. Соғысқа қатыссақ, сол жерде өзімізді отансүйгіш қазақ ретінде көрсете алсақ деген ой ғой. Менің сыныптасым Кенжебек Дүйсеков деген жігіт Ауғанстанға барып, шабуылдаушы десант батальонында қызмет етті. Осының бәрі бізге керемет әсер етті. Бірақ мектеп бітіре салысымен институтқа түсіп кеттім. Институт бітірген соң, Күртіде жұмыс істеп жүріп, Кузнецов деген майорға: «мені Ауғанстанға жіберіңіз» деп, рапорт жаздым. Ол кісі күліп: «Жоғары білімің бар, біз сені сержанттар мектебіне жібереміз» деді. Сержанттар мектебінде жүргенімде де, «Ауғанстанға барамын» деп рапорт жаздым. Соғыстың ақиқатын көргім келді. Тарихтан білеміз, ауғандар соғыстан көз ашпаған халық. Сөйтіп бізді Киевке алып барды. Ол жерде 100-ге жуық адам жиналды. Соның 40 шақтысын алды. Менің жанымда Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар Қарсақбаев болды. Мені Киевтен Ленинградқа жіберді. Шағын соғыс болғандықтан мұғалімдік оқуды бітіргендерді алмайды екен. Үлкен соғыс болса, баратын едік. «Сені тіпті шетелге жібермейміз. Сен өзімізде қызмет етесің» деді. Сөйтіп, Ауғанстанға бару туралы арман орындалған жоқ. Ауғанстанды бір көргім келеді. Қызыққаным сонша, Ауғанстан туралы көптеген материалдар жинақтадым, әскерде жүргенде де деректер жинап жүрдім. Майор Қадыров деген азамат арқылы Ауғанстанда тұтқынға түскен адамдар туралы материал қолыма түсті. Көп жылдардан кейін «Туажат» романында осы деректерді пайдаландым. Тұтқындар арасында қазақ болмаған. Бірақ мен оны бір қазақ бар деп келтірдім. 

ҮҢГІРДЕГІ ҚЫТАЙЛАРДЫ КӨРІП ТАҢ ҚАЛҒАН ЕКЕН

…Адам өмірінде көп нәрсеге таң қалады. Соның ішінде ерекше таң қалатын дүниелер болады. Мен 1993 жылы Қытайға алғаш бардым. Қорғастан өтіп, Құлжаға жетпей бұрылып кеттік. Еренқабырға бойлап таңғы автобуспен кеттік. Еренқабырға Алтайға ұқсайтын қарлы шың ғой. Үлкен бір шатқалмен көтеріліп келе жаттық. Бұл шатқал көтеріле келе, Сайрам көліне шығады екен. Әлгі шатқалдың ішінде үлкен жыралардың астын қуыс қылып ойып, жер опы қылып, аузында суыр секілді біреуі жартылай киінген, біреуі киінбеген қытайдың балалары шығып жүр. Мен оларды қытайдың балалары деп ойламадым. Жанымдағы адамдардан сұрап едім. Олар «қытайлар» деді. «Олар мұнда не істеп жүр?» дедім түсінбей. «Олар осында тұрады. Әке-шешелері Құлжаға барып жұмыс істейді», – дейді. Құмырсқаша құжынап, жер опы қазып алып, тұрады екен. Олар мүлде есепке алынбаған, құжаттары жоқ. Жұмыс күші ретінде келген. Сұрауы жоқ адамдар. Өлсе өздерін көрінген жерге көме береді. Бұлар қытайдың ішіндегі «сығандар» сияқты елестеді маған. Сол жылдары «Қытай қорғанынан жөңкілген жұрт» деген атпен мақала жазбақ боп бастап едім, аяқталмады. Бірақ бұл көрініс мені қатты таң қалдырып қана қойған жоқ, қорқыныш ұялатты да кеудеме. Лықсып келіп, тау сілемдеріне қоныстанған қара құрым қытайды көріп, қорыққаным рас. Біздің қазақтың маңдайына біткен екі шың бар. Бірі – Мұзтау, екіншісі – Хан тәңірі. Бұл екеуі егіз шың. Екеуі де қазақтың екі босағасы сияқты. Шекараны күзетіп тұрған екі босаға сияқты елестейді маған. Қазір қалың қытай осы екі шыңға келіп тіреліп тұр. Мұзтау қазір Ресейдің құрамына кіріп кетті. Хан Тәңірінің бер жағы бізге тиесілі болғанымен, арғы жағы қырғыздарға қарайды. «Мына жағында қырғыз, ар жағын қытай бөліп алды» деп айтады. Бір кездері түркі халқының рухын көтеріп тұрған осы екі шыңнан айрылып қалдық па деп қорқам. Бұның артында қазақ халқының рухы тұр деп ойлаймын. Бұл жерлерді ешқашан бос қоймауымыз керек деп ойлаймын. Мұнда халықты көбірек қоныстандырғанымыз жөн. Осы жерлерге жағдай жасауымыз қажет. Алтай босап қалғаннан кейін, онда кім қоныстанады?! Соны ойлауымыз керек. Біз осындай керемет жерлерді босатып, бері қарай көшіп жатырмыз. Мұның ар жағы үлкен қайғы-қасіретке алып келмесін деп тілейік. 

Жазып алған 
Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары