Шаруаларды шырылдатқан Шмаленберг дерті

Шаруаларды шырылдатқан Шмаленберг дерті

Шаруаларды шырылдатқан Шмаленберг дерті
ашық дереккөзі
228

«Қыстың қатты аязынан мал қырылып жатыр» деген хабарды өңірлерден жиі еститін болдық. Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан, тіпті Алматы облысында да мал қырылуда. Малдан айрылған шаруалар жұтты кінәлауда. Еш ауруы жоқ, қытымыр қыстың аязына шыдамаған малдың қырылуы бір бөлек, етті-жеңді асылтұқымды малды қолдан жоюдың жөні бір бөлек…

«Мал санын көбейту мақсатында Қазақстанға шетелден 70 мың бас асылтұқымды мал жеткізіледі. Қазіргі таңда оның тең жартысы – 30 мыңға жуық құнажын елге әкелінді. Бұл етті ірі қаралар будандастыру үшін жеке шаруа қожалықтарына таратылады», – деген-ді Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Таратылған малдың алды нәтижесін көрсетіп, ет экспортына үлесін қоса бастады. Бірақ Солтүстік Қазақстан облысына қарасты «Полтовка» мен «Леонов» шаруа қожалықтарындағы мал адам сенгісіз ауруға шалдыққан. Бұл жердегі асылтұқымды ірі қара төлімен бірге өткен жылдың қыркүйек айында Австриядан арнайы жеткізілген. Шмаленберг ауруына шалдыққан ірі қарада аурудың белгілері қандай болатыны белгісіз, емделіп-жазылатыны да белгісіз. Адамға қауіпті, иә жұқпалы екені де түсініксіз. Бір анығы – бұл дертке Австрияда шалдыққан, сондықтан жуық арада бұл ірі қара төлімен бірге өртеледі деген бұйрық берілді. Оны өртеу үшін арнайы қаражат та бөлінді. 
Австрия тарапы кешірім сұрап, хат жазған. Бірақ мал шығынын өтеу туралы келіссөздер әлі аяқталмапты-мыс. Ал табыс көремін деп тырмысқан шаруалардың ақшасын кім өтейтіні тағы түсініксіз. Бір құнажынның құны – 4,5-5 мың доллар. Шетелден жеткізу үшін малға адамнан бетер жақсы жағдай жасалады, жем-шөбі мен жатын орны да жайлы болады. Ендеше елімізге әкелген 722 бас мал әуелден-ақ ауру болған. Олай болса, осынау малдың асылтұқымдылығы мен индекстерін анықтап алатын өкілдер мен ғалымдар қайда қараған? Әдетте қыруар қаражатқа сатып алынатын малдың арғы тұқымы, гені, денсаулығы, салмағы, индексі, өнімділігіне дейін тексеріледі. Ендеше қазақстандық сатып алушылар қайда қарады? Қайткен күнде де малдың Австрияда ауруға шалдыққаны белгілі болды. Австриялық ірі қараға қырғидай тиген дерт алғаш рет 2011 жылдың тамыз айында Германия фермаларының бірінде тіркелген. Бастапқыда үш сауын сиыр ауруға шалдығыпты. Шмаленберг дерті ірі қараның ас-қорыту жолдарын зақымдайды. Бірақ қазақстандық шаруалар олармен келіспейді, аурудың қайдан шыққанын түсінбей дал. 15 мың га егістігі бар ауыл былтыр 700 сауын сиырын сатып, Австриядан 422 сементаль сиырын сатып алыпты. «Полтовка» ЖШС директоры орынбасары Е.Зікірин «малдың басы аман, ауруы болмаған» деген сөзінен таяр емес. Тіпті Ресейден мал дәрігерін арнайы шақыртып, қаратқан көрінеді. Олар да аурудың белгілерін таппаған. Малды алты ай асырап, шаруалар бас-аяғы 240 миллион теңгеге шығынданып отыр. 
ҚР Ауылшаруашылығы министрлі­гі­нің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Нығмет Жақыпбаев: «Бізден инспектор барған жоқ. Әкелген шаруалардың өздері, ғылыми білімі бар адамды алуы керек еді. Шаруалардың шығыны өтелмейді», – деп кесіп айтқан еді. Бас ветеринардың айтуынша, Австрия өздерінің беделін түсіретін шешіммен келіспей отыр. Солтүстік Қазақстанға әкелінген 722 бас ірі қара малдың ауру екенін жергілікті ветеринарлар біле тұра жалған құжат берген деседі. Енді кеткен шығынды еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр сатқан австриялық компаниядан өндіріп алмақ. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Нұртазина: «Бұл сұрақты біз тек Кеден одағы деңгейінде емес, сонымен қатар халықаралық эпизиотикалық бюро деңгейіне көтермекпіз. Өйткені бұл біздің талаптарды бұзу ғана емес, сонымен қатар нәтижесі бейтаныс, қатері әлі белгісіз, өте қауіпті ауруды енгізуге байланысты болып отыр. Шаруа қожалықтары шеккен шығындарын қайтару жөнінде Австрияға, Австрияның сатушыларына наразылық білдіріп, сәйкес құжаттарды дайындап жатырмыз. Бұл құжаттар ҚР заңнамаларына сәйкес сот орындарына беріледі», – деді. Дегенмен Авс­трия тарапы бүгінге дейін малдың сау болғанын айтып, бет бақтырар емес. Ал ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі бұл шикі шаруаны өз қолына алды. «Қазіргі уақытта бұл малдардан екі ауру табылып отыр. Әкелген компания – венгриялық компания, ал мал Австрия елінікі екен. Малды жеткізген шетелдік компания бүкіл шығынды өз мойнына алады. Қазір шығын көлемі есептелуде. Осы малды сатып алуға қанша ақша кеткені де қарастырылып жатыр», – деді Асылжан Мамытбеков. 
Бүгінде Австриядағы ашатұяқты­лар­дың 90 пайызы осы вирусты жұқтырған екен. Ауру енді етек ала бас­таған тұста, шетелдік мамандар­ бұл ақпаратты жасырып қалған. Қазақстан сиырларды тап сол кезде сатып алса керек. Жәбірленгендер қатарында Ресей мен Беларусь та бар. Алдағы уақытта Еуроодақтағы 27 мемлекет пен АҚШ-тан мал әкелу тоқтатылды. Қазақстан 2016 жылы Ресейге 60 мың тонна ет экспорттау үшін АҚШ (Солтүстік Дакота), Канада, Австралия, Австрия, Ирландия және тағы басқа елдерден асылтұқымды құнажындарды тасыды. Бұдан кейін шетелден алынатын басқа ірі қараларды да жіті тексеруі тиіс. 

МАЛДЫ ҚОЛДАН ҚЫРДЫҚ ПА?

Павлодарлық шаруалардың жанайқайына жергілікті билік атүсті қараса керек. Малшылардың санағына сүйенсек, екі ірі шаруа қожалығында 500 бас жылқы өлген. Облыс әкімі Ерлан Арын: «Олар далада жылқымыз қырылды деп жатыр. Ал, мен бұған сенбеймін. Шаруалар малымыз қырылды деп, өтемақы алмақшы. Жұт болған жерлерді тікұшақпен араласақ, осының бәріне көз жеткізе аламыз», – деп қалды. Облыс басшыларының сөзіне сенсек, төрт түліктің қырылуына шаруашылық жетекшілерінің өзі кінәлі. Субсидияға бөлінген ақшаны жем-шөп алудың орнына өз қажеттеріне жұмсап жіберген. Қолында малы бар адам қысқы жем-шөпті күздің күнінде дайындап алады, «шенеуніктердің жем-шөбі болмағандықтан қырылды деген желеуі тіпті қисынсыз», – дейді шаруалар. 
Рысбек Құтымбетов, Алматы ветеринарлық институты, вирусология бөлімінің меңгерушісі: 

– Шмаленберг – вирустық ауру. Аурудың жас түрі, бұрын-соңды мұндай ауру тіркелмеген. Алғаш рет 2011 жылы Германиядағы Шмаленберг елді мекенінде пайда болды. Бұл аурумен негізінен ірі қара мен қой малы ауырады. Негізгі белгісі – құрсақтағы төлі, яғни бұзауы әлсіз болып туылады. Әзірге адамға зиянды, жұқпалы екені белгісіз. Бірақ бұл дерт қансорғыш жәндіктер, маса арқылы жұғады. Сондықтан бұл вирустық дерт жаздың күні ғана жұғады, олай болса Австриядан әкелінген мал сол жақта жұқ­тырған. Жалпы, вирустық аурулар ешқашан жазылмайды. Ірі қараның басқа ауруларында антибиотикті ағзасына енгізгенде, аурудың вирустары жойылады. Бірақ Шмаленберг вирусын антибиотикпен емдеу мүмкін емес, оның бактерияларын жоюға күші жетпейді. 
Елімізде ет экспортының әлеу­етін дамыту үшін шетелден асылтұқымды мал алдырттық. Олардың басым бөлігі Еуроодақ елдерінен – Чехия, Бельгиядан та­сымалданды. Австрияға мал алуға барған мамандар малдың жұқ­па­лы дертке шалдыққанын білмей қалған.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары