526
ҚАМЫҒЫП ТҰРҒАН ҚАРТ СЕМЕЙ
ҚАМЫҒЫП ТҰРҒАН ҚАРТ СЕМЕЙ
Шығыс Қазақстан – қойнауы құтты, тарихы талай тағылымды бастан кешірген бай, берекелі өлке. Бұл өлкеде болмысы бөлек тұлғалар да, елім деп өткен ерлер мен қазақтың қамы деп кеткен қайраткерлер де туған. Ал осындай қасиетті мекеннің бүгінгі бет-бейнесі қандай? Бүгінгі болмысына қарасақ, қарын аштырып, тіл тістетер тұстары көп.
Бір кездері алты Алаштың бесігіне айналған арман қала, қазірде Өскеменнің көлеңкесіндегі тозған қала болып тұр. Олай деудің де өз себебі бар. Талай тарихты артқа тастаған қарт Семейдің кеңес дәуірінде дүркіреп тұрған зауыттары мен фабрикаларының бүгінде бос қаңқасы ғана қалған.
Аты бар, заты жоқ. Жоқ емес, бар- ау, кешегі қан қызыл шайқаста совет әскерлерін азық-түлікпен қамтамасыз еткен ет фабрикасының бүгінгі таңда 8/1 бөлігі ғана жұмыс атқаруда. Оның өзі жеке меншік тұлғаның құзырында.
Айтар сөздің турасына көшсек, алып тұлғалы Абайдың ізі қалған қарт Семейде аялдамалар мен көшелерде қазақтың иісі аңқымайды. Адам жаны күйзелетін аялдамалардың Глинка, Океан, Новостройка, ДКпош, Народный, Церковь, Цум, Безымянный, Восточный, Квартал, т.б атауларына қарап, Семей құдды бір қазақтың шоғырлы жері емес, өзге ұлтты тобырдың жері деп қалуға болады. Алаштың қаласы деп жалымыз күдірейіп, ауыз толтыра айтқанымызбен, сан көсем шыққан мекеннің көшелері мен аялдамалары әлі де өзгенің қамытынан босамай тұрғаны көңілге қаяу.
Дей тұрғанмен, жақында Семей қаласындағы Ленин көшесінің атауы «Мәңгілік ел» болып ауысты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова арнайы келіп, Алаш қайраткерлерінің рухына тағзым етіп, рухани астананың халқына үлкен бір қуаныш сыйлап кетті. Бұл көшенің бойында бір кездері Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлері жиі бас сұққан Бостандық үйі орналасқан. Қазір Бостандық үйі облыстық өлкетану музейі болып қайта ашылды. Осындай көшеге «Мәңгілік ел» атауы берілуі жүрегі қазақ деп соққан кімге де болса зор қуаныш, үлкен игіліктің бастауы.
Ел мен жер, көше атаулары – елдіктің айнасы. Әсіресе, барша Алашқа атағы мәшһүр арыстар туған топырақтың, Шығыстың бет-беделінің бір бөлігі Семей шаһарының көшелері мен аялдамалары әрқашан қазақ атауымен аталынса, нұр үстіне нұр болар еді.
Назира АДАҚ