25 ЖЫЛДА ЖАҚСАРҒАН САЛА

25 ЖЫЛДА ЖАҚСАРҒАН САЛА

25 ЖЫЛДА ЖАҚСАРҒАН САЛА
ашық дереккөзі
754
Осыдан 25 жыл бұрын белгілі  академик  Камал Ормантаев  пен профессор Күлән  Омарованың басшылығымен  және «Бөбек» балалар қорының  төрайымы Сара Назарбаеваның  қолдауымен  Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми  орталығы базасында тұңғыш рет 60 төсек-орынға  арналған балалар  онкологиясы бөлімшесі  ашылған еді. Онкогематологиялық қызметтің 25 жылдығына орай, Алматыда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Педиатрлар одағы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыруымен «Балалар онкогематологиялық қызметінің дамуына 25 жыл: жетістіктері мен келешегі» атты тақырып аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Халықаралық деңгейде өткен жиынға Ресей, Түркия, Швейцария, Беларусь, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және т.б. әлемнің 12 елінен әлемнің ең мықты деген онколог-дәрігерлері мен онкология, гематология саласының жетекші мамандары қатысты. Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Балаларға диагностикалық және емдік көмек көрсететін онкологиялық және гематологиялық бейіндегі Педиатрия орталығындағы бөлім 115 төсек-орынға арналған. Мұндағы балалар тегін емделеді. Жылына орта есеппен алғанда республикалық орталықтарда қатерлі ісікке шалдыққан 5000-ға жуық бала қабылдайды. Жиында Балалар онкогематологиялық қызметінің жетістіктері мен келешегі туралы арнайы баяндама жасаған Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаева: «Қазіргі кезде Педиатрия орталығында балалардағы барлық қатерлі ісіктерге емдеу жүргізіледі. Соңғы 25 жыл ішінде балаларға онкогематологиялық көмек беру жетістігі әлемдік емдеу деңгейіне дейін жетті. Қазақстанда балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуы, соңғы 25 жылдағы дамуы жіті лейкозға шалдыққан науқастардың өміршеңдігін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Ақ қан ауруына шалдыққандардың 82 пайыздан астамы, қан ауруының ең қауіптісі саналатын миелойдты түрінің 62 пайызы жазылды. Балалар онкогематологиялық орталығының 25 жылдық тарихында көптеген жоғары білікті мамандар даярланды. Жіті лейкоздар мен тығыз ісіктерді диагностикалау мен емдеудің заманауи бағдарламалары енгізілді. Балалар жасындағы күрделі қан ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиялары сәтті меңгерілуде. Оның ішінде атап өте кетейік, орталықта 2012 жылдан балалардағы гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау енгізілді. 2012 жылдан бастап сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотрансплантация отасы 70-тен аса балаға жасалды. Республикада «2016-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында балалар онкологиялық және гематологиялық қызметін жетілдіру» Жол картасы іске асырылуда. Орталық мамандары алыс және жақын шетелдерде тағылымдамалардан өткен. Қазір диагностикалау, ерте анықтау әлдеқайда жақсарды. Балалар онкологиялық және гематологиялық қызметінің біздің елімізде дамуы көптеген кішкентай балалардың сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отыр», – деп атап өтті.

Серәлі Мейіржан

Серіктес жаңалықтары