481
Кеден тынысы
Кеден тынысы
Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің «Алтынкөл» кеден бекетіне қарасты шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығы «Хоргос» бақылау-өткізу пунктінің (МЦПС) жолаушылар терминалында жұмыс барысы күнделікті қарбаласқа толы. Себебі жазғы демалыс басталғалы бері кедендік шекарадан ары-бері өтетін жолаушылар мен туристік мақсатта сапар шегушілердің қарасы да күн санап артып келеді. Қазіргі уақыттың өзінде күнделікті кедендік бақылаудан өтетін адамдардың саны орта есеппен төрт мыңға жуықтап отыр. Жолаушылар санының артуына байланысты тауар айналымының көбеюі кедендік тексеру мен бақылау шараларын жүзеге асыруда әр кеденшіге үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Себебі олардың ішінде кедендік баж салығын төлеуден жалтарып, небір қитұрқы әрекеттерге баратын теріс пиғылды пенделер аз емес. Сондықтан да әрбір кеден қызметкерінің атқаратын міндеті үлкен жауапкершілікті ғана емес, кәсіби шеберлік пен барлаушыға тән қырағылықты да қажет етеді. Осы орайда, аталмыш бақылау-өткізу пунктінде шекара қызметкерлерімен бірлесе отырып әрекет ету шаралары жақсы жолға қойылғанын айта кеткен орынды. Соның нәтижесінде кеден заңнамасын өрескел бұзу фактілерін әшкерелеу барысында жақсы нәтижелерге қол жеткізіліп келеді.
ҚҰНДЫЗ ТОН ҺӘМ ТЕРІС ПИҒЫЛ ПЕНДЕЛЕР
Атап айтсақ, жуырда кезекті кедендік тексеру барысында кеденшілер мен экономикалық қылмысқа қарсы күрес және шекара қызметкерлеріне Әубәкірова Жанар есімді азаматша «құндыз тондар өткізуі мүмкін» деген ақпарат келіп түсті. Алдын ала сырттай бақылау барысында оның сыбайластарының кімдер екендігі де мөлшермен белгілі болды. Олардың алға қойған жоспары – құндыз тондарды бір адам ғана емес, бірнеше адамға бөліп беру арқылы өткізу болатын. Сондықтан да сезік тудырып алмас үшін бірлескен топ мүшелерін кедендік тексеруден біртіндеп өткізуге тура келді. Сөйтіп, сыбайластар кедендік тексеруден өтіп болған соң, құндыз тондарды бір жерге жинаған сәтте ғана кеденшілер мен шекарашылардың және экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерінің бірлесе әрекет етуінің нәтижесінде қолға түсті. Осылайша, бірлесе отырып жүргізілген контрабандалық операцияның нәтижесі қомақты болды. Ұсталған 78 дана құндыз тондардың кедендік құны 12 миллион 750 мың теңгені құрады. Қазіргі уақытта аталмыш оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234- бабының 1-тармағы (экономикалық контрабанда) бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда. Осы орайда, аталмыш операцияны сәтті жүзеге асыру барысында «Алтынкөл» кеден бекеті «Хоргос» бақылау-өткізу пунктінің бас маманы М.Бердиев пен экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметінің қызметкері Е.Досанов және шекара қызметінің ефрейторы Н.Тәліпбайдың сіңірген еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Суретте: Контрабандалық операция жүргізу кезінде кедендік құны 12 миллион 795 мың теңгені құраған құндыз тондарды әшкерелеу сәті.КОНТЕЙНЕРДЕН ШЫҚҚАН КОНТРАБАНДА
Кедендік тексеру барысында кедендік тексерудің техникалық құралдарының атқаратын қызметі өте зор. Осы орайда, инспекциялық тексеру кешенінде жұмыс істейтін кеден қызметкерлерінің біліктілігі мен өз қызметіне деген адалдығына да көп нәрсе байланысты екені жасырын емес. Жуырда «Алтынкөл» кеден бекетінің «Алтынкөл» темір жол өткізу пунктінің бас маманы О.Кеңесбаевтың қырағылығының нәтижесінде Оңтүстік Кореядан Қырғыз Республикасына транзитпен кетіп бара жатқан контейнер тоқтатылды. Себебі инспекциялық кешенді тексеру сканері арқылы контейнер ішінде кедендік құжаттарда (инвойс) мәлімделмеген заттар барлығы күдік тудырды. Содан кейін «Жібек жолы» жауапкершілігі жектеулі серіктестігінің уақытша сақтау қоймасында жүргізілген тиянақты кедендік тексеру нәтижесінде контейнер ішінен бұрын пайдалануда болған автокөліктің қосалқы бөлшектері мен 2014 жылы шығарылған «БМВ – 5281» маркалы жеңіл автокөлік табылды. Тауар жөнелтілушілердің әккілігі сонша, аталмыш автокөлікті сканерден жасыру мақсатында қосалқы бөлшектердің ішіне фольга қағазымен мықтап орап тастаған екен. Соған қарамастан әккілік әрекет қырағы кеденшінің назарынан тыс қалмады. Қазіргі уақытта ұсталған автокөліктің кедендік құнын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Егерде кедендік құнның мөлшері 5000 айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234-бабының 1- тармағы бойынша (экономикалық контрабанда) бойынша қылмыстық іс қозғалады.ЖОЛЫ КЕСІЛГЕН ЖЫЛПОС
Кедендік тексеру жүргізу барысындағы ең қиын операциялардың бірі – заңсыз валюта алып өтушілердің жолын кесу болып табылады. Себебі валютаның басқа тауарлар сияқты көлемі үлкен болмағандықтан, оны жасырып өтудің әдісі де көп. Сондықтан да ондай әрекетті әшкерелеу де оңайға түспейді. Ол үшін алдын ала ақпарат немесе кеденшінің психологиялық дайындығы мықты болу керек. Сонымен қатар заңсыз валюта алып өтушілер кедендік тексеру барысында валютаны негізінен денелеріне немесе қол жүктерінің ішіне және автокөліктің қол жетпейтін қуыс-қуысына тығып өтуге тырысады. Соған қарамастан, бір ғана маусым айының ішінде шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы «Хоргос» бақылау-өткізу пунктінде заңсыз валюта алып өтудің бес фактісі әшкереленді. Соның ішінде үлкен көлемде ұсталған заңсыз валюта алып өту фактісі 25 маусым күні тіркелді. Атап айтсақ, таңғы сағат оннан жиырма минут кеткен уақытта кеден қызметкерлері мен шекара және экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерімен бірлесе отырып, кедендік тексеруден жасырылған және кедендік жолаушылар декларациясында мәлімделмеген 40 мың АҚШ долларын алып өтпекші болған Демеу Жайдар есімді азаматты қолға түсірді. Сол күнгі 1 АҚШ долларының бағамы 340,27 теңге болғандықтан, ұсталған валютаның теңгеге шаққандағы жалпы құны 13 610 800 теңгені құрады. Яғни, есепті соманың мөлшері 5000 айлық көрсеткіштен асып кеткендіктен, аталмыш оқиғаның құрамында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234 бабының бірінші тармағы бойынша қылмыстық белгі бар деп танылып, қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда.Алматы облыстық
мемлекеттік кірістер
департаменті «Алтынкөл»
кеден бекетінің
баспасөз қызметі