7-20-25: Үй алуға қандай құжаттар өткізу керек

7-20-25: Үй алуға қандай құжаттар өткізу керек

7-20-25: Үй алуға қандай құжаттар өткізу керек
ашық дереккөзі
317
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй бағасының өзгеру-өзгермеу ықтималдығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бағалық коньюнктураның өзгеруі көптеген факторларға байланысты. Оның ішінде ұсыныс пен сұранысқа тікелей байланысты. Біз сұранысты ынталандырып жатырмыз. Жақсы ұсыныс қалыптастыру - басты міндет. Құрылысшылардың көпшілігі болашақта бұл сұранысты қанағаттандыра алатын қуаты бар. Осындай баланс болған жағдайда бағалық коньюнктураның өзгеруіне ықпал ететін фактор бола қоймайды», -деді Данияр Ақышев. Ол тұрғын үйдің максималды бағасы қойылғаны да бағаның құбылуының алдын алу ретінде жасалғанын айтты. «Яғни, бағдарлама арқылы сатылатын баспананың бағасы шектеулі. Бағдарлама жасалғанда баспананың орташа бағасы алынды. Сондықтан, максималды планка енгізілді. Бұл болашақта бағаның құбылуына қарсы жұмыс жасайтын болады», - деді ол. Бағдарламаның операторы болып табылатын «Баспананың» Басқарма төрағасы Қайрат Алтынбековтың айтуынша, Мемлекет басшысы белгілеген «7-20-25 әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасының негізгі өлшемдері  өзгеріссіз қалады. Яғни, бұл түпкілікті мөлшерлеме жылдық 7%, комиссиясыз және қосымша ақысыз, тұрғын үй құнының бастапқы жарнасы 20 пайыз, кредиттің ең ұзақ мерзімі 25 жыл. Ол тұрғын үйді сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25 миллион теңге, ал қалған өңірлер үшін - 15 млн теңге деп белгіленгенін атап өтті. Нысаналы индикаторларға сәйкес, ипотекалық кредиттердің жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайды. «Бағдарламаға меншік құқығында баспанасы және басқа да ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады. Бағдарлама қатысушысының кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуға тиіс. Қазіргі таңда «Баспана» екінші деңгейлі Центркредит, Халық, Еуразия, Цесна, АТФ,  РБК және Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерімен келісімге қол қойды. Сбербанк пен Форте Банк бағдарламаға қызығушылық танытып отыр және техникалық жұмыстарды аяқтағаннан кейін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жөніндегі келісімге қол қоюға дайын. Осылайша, біздің әріптес банктеріміздің дамыған желісін ескере отырып, біз «7-20-25» ипотекалықбағдарламасы елдің барлық өңірлерін қамтып, Қазақстанның көптеген азаматтардың тұрғын үй алуына көмектеседі деп үміттенеміз», - деді Қ.Алтынбеков. Оның айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін келесі құжаттардың болуы жөніндегі талаптар айқындалды. Атап айтқанда, әлеуетті қарыз алушы банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын растайтын құжаттарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәліметті, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтаманы, сатып алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуға тиіс. «Ипотекалық кредиттерді сатып алу тетігі әріптес банктермен оңтайлы пысықталуда. Банктер ипотекалық кредиттерді 7-20-25 бағдарламасының талаптарына сәйкес береді, «Баспана» өз кезегінде банктерден ипотекалық кредиттерді сатып алады. Біз ресмиwww.baspana72025.kz сайтын іске қостық, одан барлық қажетті ақпаратты алуға болады. Сондай-ақ + 7 (727) 227-20-25 тегін нөмірі бойынша call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 7-20-25 бағдарламасының мобильді қосымшасы әзірленуде, ол жуық арада App Store мен Play Маркет арқылы көшіріп алу үшін қолжетімді болады»,  - деді Қ. Алтынбеков. Еске салсақ, бүгін Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасы басталғаны белгілі болды. ҚР Ұлттық банкі төрағасы аталған бағдарламаның операторы «Баспана» ипотекалық ұйымы  болатынын 5 мамырда айтқан еді.  

Серіктес жаңалықтары