339
Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі ауқымды шаралар
Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі ауқымды шаралар
Қазақстан Республикасы Судьяларының VII съезі қарсаңында, еліміз тәуелсіздігінің 27 жылдығы кезеңінде сот реформасы саласындағы шаралар жөнінде ой бөліспекке ниет еттік. Бір мақалада іс-шаралардың барлығын бағамдап, талдау жасап, баға беру, әрине, мүмкін емес. Ең бастысы, съезден съезге дейінгі аралықта еліміздің сот жүйесіндегі өзгерістер ауыз толтырып айтуға лайықты. Мәселен, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Судьялардың V және VI съездерінде сөз сөйлеп, мемлекетте құқық үстемдігін қамтамасыз ететін институттарды одан әрі жаңғыртуға бағытталған басым міндеттерді айқындап берді.
Осы міндеттерді іске асыру шынайы құқықтық мемлекетті дамытудың айқындаушы факторы ретінде сот жүйесінің тиімді қызметін қамтамасыз етуге ықпал етті. Жалпы, сот жүйесін реформалау бойынша негізгі шаралар іске асырылып, Жоғарғы Сот бастаған бірыңғай сот жүйесі одан әрі беки түсті және соттар қызметінің заңнамалық базасы ұдайы жетілдіріліп келеді.
Сот жүйесі бес сатылы іс жүргізуден үш сатылы іс жүргізуге ауыстырылды. Бұл процесс азаматтардың уақытын үнемдеу мен сот төрелігіне қол жеткізудің тиімді шешімі болды.
Сот төрелігін атқару сапасы жоғары деңгейде тұрақты сақталып отыр. Істерді қарау мерзімдерін бұзушылық барынша азайтылды.
Азаматтық және Қылмыстық заңнамалар толықтырулар мен өзгерістерге ұшырап, заманауи жетілдіру мен адамзаттық ізгілендіру мақсаттары өз мәресіне жетті.
Сот қызметін материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету едәуір жақсарды. Соттардың қызметіне ақпараттық технологияның жаңаша жетістіктері енгізілді. Автоматтандырылған электронды құжат айналымы, интернет-кеңістікке Жоғарғы және облыстық соттардың қатысуы, сотталушылардың және олардың адвокаттарының қатысуымен сот процестерін жүргізуде бейнеконференц байланысты пайдалану, процеске қатысушы сотқа келмей-ақ, интернет арқылы сотта өз құжаттарының жылжуымен таныса алатын ақпараттық киоскілердің орнатылуы, сот залдарының аудио, бейне жазбаларымен жабдықталуы, сот отырысы хаттамаларының да электронды дискілерге автоматты түрде жазылуы – бүгінгі сот жүйесіндегі айтулы жаңалықтардың бірегейі.
Еліміздің соттарында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін сотта тиімді қорғауды қамтамасыз ету ісіндегі мінсіз ілгерілеушілікті жинақтай келіп, аталған бағыттар сот қызметіндегі ең басым бағыт деп санаймыз.
«Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын», сондай-ақ, Мемлекет басшысының Судьялардың V, VI съездерінде қойған міндеттерін іске асыру шегінде, Жоғарғы Сот әзірлеген «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң қолданысқа енгізілген.
Соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, облыстық, аудандық және оларға теңестірілген соттарды құру тәртібі, сондай-ақ, Жоғарғы, облыстық соттардың және осы соттардағы жалпы отырыстар төрағаларының өкілеттіктері бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Түзетулер арқылы облыстық соттың және Жоғарғы Соттың судьялары лауазымына ғана емес, сондай-ақ, жалпы судьялық лауазымға үміткерлерге-кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары артты.
Сот әкімшілігі жүйесін жетілдіру мақсатында мемлекет басшысының Жарлығымен Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі комитеті таратылды. Оның облыстық, аудандық және оларға теңестірілген соттардың қызметін ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз ету, сот приставтарының қызметіне ұйымдастырушылық және әдістемелік тұрғыда басшылық жасау функциялары мен өкілеттіктері жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментіне (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) жүктелді.
Бұдан басқа, Елбасының Жарлығын іске асыру шегінде «Медиация туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне медиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, сот төрелігін жүзеге асыруда өз тиімділігін орнықты түрде дәлелдеді.
Сот ісін жүргізуде тараптардың құқықтарын барынша іске асыру, жеке адамның бұзылған құқықтары мен бостандығын, қоғам мен мемлекеттің мүддесін дер кезінде қорғау әрі қалпына келтіру, іс жүргізу заңнамасын жетілдіру қажеттігі тараптар арасындағы жеке-құқықтық талас-тартыстарды сотта, соттан тыс тәртіппен ымыраға жеткізудің түрлі жолдары мен тәсілдерін заңнамалық тұрғыда бекітті. Талас-тартыстарды реттеудің осындай тәсілдерінің бірі медиацияны қолдану болып табылады.
Медиация – тараптар өзара тиімді шешімге жету мақсатында келіссөздер жүргізетін, тараптардың ерікті келісімімен бір немесе бірнеше медиатордың қатысуымен іске асырылатын дауды шешу рәсімі.
Заңда медиация ұғымы, оның негізгі принциптері, медиаторлардың құқықтық мәртебесі және медиаторларға қойылатын талаптар айқындалған.
Азаматтық-құқықтық қатынастардан, соның ішінде кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыруға байланысты туындайтын талас-тартыстарды, еңбек және отбасылық құқық қатынастарынан, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қатысуымен өзге де жекеше құқық қатынастарының, сондай-ақ, ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық-құқықтық қатынастар саласында туындайтын дауларды реттеу тәртібін көздейтін, жаңадан Азаматтық кодекс пен Азаматтық процестік кодекс, Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық процестік кодекс, Қылмыстық атқарушылық кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс қабылданып, қолданысқа енгізілді.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысы қол қойған заңдарда, сот ісін жүргізуді жетілдіру мен оңайлатуға, сотқа дейінгі іс жүргізуде сот бақылауының шегін кеңейтуге, сондай-ақ, соттарға сот талқылауының дайындық сатыларында сот төрелігін атқарудың негізгі принциптерін сақтай отырып, сотқа дейінгі іс жүргізуде олқылықтардың орнын толтыру жөнінде қосымша өкілеттіктер беруге бағытталған нормалар, тергеу судьясы, оның өкілеттіктері мен құзіреті және т.б. нормалар көзделген.
Мемлекет басшысының еліміздің бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы бағдарламасында да сот жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттары айқындалды.
Қорыта келе, жоғарыда аталған мәселелер азаматтық және қылмыстық заңнамаға қатысты екенін ескерсек, қазіргі кезде осы қол жеткен жетістіктермен шектелмей, сот жүйесін одан әрі дамыту, нормативтік-базаны жетілдіру, уақыт туындатқан материалдық-техникалық жабдықтау мәселелері шешімін тауып жатқанына тәубе демекпіз.
Қ.Әлқожаев,
Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының төрағасы