Түркістан – текті төріміз

Түркістан – текті төріміз

Түркістан – текті төріміз
ашық дереккөзі
458
Өткен жылы «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» атанып, Әз Наурыздан қыраулы қараша айының соңына дейін небір ірі-ірі, іргелі де ізгілікті іс-шаралардың өткені белгілі. Солардың бірталайына қатысып, тәнті болдық. Күллі түркі халықтары өкілдерінің басы қосылғанда, олардың Түркістандайын текті шаһарды, теңдесі жоқ шайырымыз, данышпан діндарымыз, терең ойшылымыз Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың көк күмбезді кесенесін аралағандағы толқынысы мен қуанышын көріп, көп нәрсеге көз жеткізіп, көңіл суардық. Мәселен, «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» акциясы алғаш ашыларда «Қош келдің, Әз Наурыз» мерекесінде отызға жуық түркі елдерінен келген өнер иелері өздерінде жаңару, тазару, жаңғыру күнінің қалай аталып өтетінін айшықтап, жан-жақты бейнелеп жеткізді. Шаһар орталығындағы Есім хан алаңындағы түгел түркінің Наурызы бағзы замандардағы бабалар аманатын жүректер арқылы жеткізіп жатқандай әсер етті. Өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев үш тілде – қазақ, түрік және орыс тілдерінде мән-мазмұны терең сөз сөйлеп, Елбасының ерен ерлігінен бастап, түркі дүниесінің осы замандағы ұмтылыстары мен құлшыныстары хақында сыр шертті. Мінекиіңіз, жақында ғана шырайлы Шымкент қаласына үшінші ірі мегаполис ретінде республикалық мәртебе беріліп, өңірдің орталығы түркі әлемінің текті төріне ауыстырылып, облыс атауы Түркістан болып өзгертілді. Осынау орасан зор оқиғалардан бірер апта бұрын мемлекетіміздің мақтанышы аталатын Мақтаралда Жетісай, суы шипалы, топырағы құйқалы Сарыағашта Келес аудандары ашылып, шұғылалы аймақтарға шаттық шуағы шашылған-тұғын. Тарихи тағылымы терең, таңғажайып жаңалықтар елдің, ұлттың, халықтың ата-бабалар аманатына деген адалдығынан, Елбасының болашақты болжай білген көрегендігінен туындап отыр. Өзгеше өзгерістердің бәрін алтын құрсақты аймақтың халқы рухани жаңғырудың нақтылы нәтижелері ретінде бағалауда. Біздің көз алдымызға былтырғы, «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткізілген өнегелі шаралар келді. Түркітектес туыстарымыздың шат-шадыман күй кешкен, жанарлары жасаурай толқыған сәттерін, ыстық ықыласпен, шын тілеулестікпен Түркістан шаһарының атына айтқан лебіздерін ойға оралттық. Сонымен, Түркістандайын облыс орталығында қызу жұмыстар басталып та кетті. Алғашқы ғимараттардың, әкімшілік-іскерлік орталықтардың орындары белгіленіп, қыруар құрылыстардың қазықтары қағылып, іргетастары да қалана бастады. Қазіргі заманда уақыт жылдам жылжиды. Бір сағатты да босқа жіберуге болмайды. Қоғамдық-саяси, мәдени-рухани іс-шаралардың облыстық деңгейдегілері түгелдей дерлік Түркістанда өтетінге айналды. Есім хан алаңында әлденеше мың адам жиналып Түркістан облысының тұңғыш мерекесі ұйымдастырылды. Елбасының Жарлық жариялап, Түркістан облысы мен Шымкент мегаполисі хақында мағлұмдаған мазмұнды сөзі алып экраннан көрсетіліп, жария етілді. «Ән мен әнші» атты әйгілі жоба бойынша қазақтың талантты ұл-қыздары өнер көрсетті. Президент Жарлығымен алғаш рет белгіленген Ұлттық домбыра күні де Түркістанда тұңғыш мәрте тойланып, мыңдаған домбыраның күмбірі көк күмбезді кесене асқақтаған биіктерде шалқыды. Түркістан облыстық мәслихатының сессиясы, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің отырысы, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген басқосу сияқты алқалы жиындар да текті төріңізде бұрынғыдан басқашалау райда, жаңашалау шырайда жүзеленді. Өңіріңіздің өрісі кеңейді. Өміріңіздің өресі биіктеді. Терең түсінген, түйсінген, сезінген жандарға тап осылай, әрине. Әлбетте, Астанаға көшерде Алатау баурайындағы ару Алматыны қимағандай, шырайлы шуақты, жылы да жайлы Шымкентті қимайтындар да аз дей алмаймыз. Оны айтасыз, Оңтүстік Қазақстан облысы дейтұғын атауды да қимай жүргендер көп. Ондай-ондай бауырларымызды да түсінуге әбден болады. Қимастық – қасиетті сезім. Алайда Алаш ардақтылары, олардан бұрынғы бағзыдағы бабалар ту етіп көтерген Түркістандайын текті ұғым – ұлы ұғым! Түркістан дегенде Түркі қағанаты, түркі жұрты, түркі әлемі, түркілік тегіміз, түркілік түбіріміз, түркілік тамырымыз қанымызды қоздырып, рухымызды асқақтатпағы абзал. Рухани жаңғыруымыз тектен, түбірден, тамырдан қайнап, қайнарланбағы ләзім-дүр. Түркістан облысының құрылуы тек Түркістан қаласы мен шаһар төңірегінде тұратын жұртшылықтың ғана емес, ұлыстың ұйытқысы, алтын құрсақты аймақ, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке атанған өңір халқының қала берді тұтас қазақтың, түгел түркінің қуанышы! Түгел түркі әлеміне қымбат, қасиетті тұлғамыз – Ясауи бабамыз: «Іштүгіне қулық толғандардың, көкіректерінде ар-ұят солғандардың жүректері дірілдемейді, жандары тебіренбейді» деген. «Түркістан» газеті алғаш дүниеге келгенде қазақтың, түркі туыстарымыздың қалай қуанғаны жадымызда жаңғырады. Қазақтың Қалтайы – Мұхамеджанов көкеміздің көздері мұң мұнарынан арылып, ақжарылқап күй кешкенін көргенбіз. Түркістан қаласының келешегі де жиырма жылдығын мерекелеп жатқан Астанамыз сияқты кемел де көркем екені аян. Таяудағы бес-он жылдың бедерінде Түркістан түлеп шыға келеді. Бірлік пен ынтымақты, татулық пен тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтай білсек, жұмыла жұмыс істесек, ел мен жер тағдырына жоғары жауапкершілікпен қарасақ, осы Оңтүстігіңізден он бес, жиырма жылда және бір облыс ашылып, оның орталығы Сарыағаш немесе Жетісай немесе Шардара болуы да бек бәлкім. Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық!

Мархабат Байғұт,

жазушы

Серіктес жаңалықтары