ҰЛТТЫҚ ҰЛЫ МҮДДЕНІҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ

ҰЛТТЫҚ ҰЛЫ МҮДДЕНІҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ

ҰЛТТЫҚ ҰЛЫ МҮДДЕНІҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ
ашық дереккөзі
283
Әлемдік қағидаттарға зер салсақ, өркениетті жою үшін қарапайым ғана үш тәсілді жүзеге асыру қажет екен, яғни отбасындағы берекені бұзу, Отанын ойрандау, ата-салтты шеттетіп, білім жүйесін құлдырату, көшбасшының сөзін аяқ-асты етіп, елдегі беделді, білікті тұлғалар мен ойшыл-ғалымдардың айтқанына құлақ аспай, шетқақпай қылу. Мұнан шығатын қорытынды, қоғамдағы ана рөлін, рухты төмендету – ел болашағына балта шабу; ұстаз-мұғалімнің, ғылымның беделін түсіру – жастарды білімнен қағажу ету, сонда ел өркендеуін тоқтатады; көшбасшының беделін түсіру – ғалым-ойшылдардың ғылыммен айналысудың орнына таптаурындылыққа салынуы, сонда ғылымсыз-білімсіз қоғам алға жылжымайды. Мұны не үшін еске алдым? Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде «нарықтың қирандысы арасынан қайтсе елді аман алып шығып, қалай жаңа қуатты мемлекет құруға болады?» деген сауал тұрған шақта әлгі «кесірлі үш тәсілді» қолданғысы келгендер табылмады деп айта алмаспыз. Бірақ, көреген Елбасы уақыт талабынан әлдеқайда озық кетіп, болашақтың алтын ордасын Арқа төсінде тұрғызуды ойластырды және абыроймен жүзеге асырды. Ел «ішер асқа жарымай жатқан тұста астананы әсем Алматыдан сары аязы сақылдаған Арқаға көшіру ақылға сыймайтын іс» деп қарағандар болды. Десек те, өркениетті алпауыт елдердің – Америка, Франция, Англия, Қытай, Ресей, т.б. атын атап, түсін түстемей-ақ, Вашингтон, Париж, Лондон, Бейжің, Мәскеу десеңіз болды, бәрі түсінікті болады, себебі олар өзінің даңқты атауымен-ақ елінің кескін-келбетін көз алдыңызға келтіре алады. Оған әлбетте, біз бүгін араға жылдар салып түсіністікпен қарауға үйрендік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз елдің жаңаша түлеген астанасының әлемдік дүниетанымға сәйкес болуын таңдау сыры осында жатқан-ды. Биыл жиырмасыншы белесін абыроймен атап өтіп отырған Астана күні – жалпыұлттық сипатқа ие мерекеге, халықтың асыға күтетін зор қуанышына айналды. Қазақтың «қайран жиырма» деп армандайтын өмір белесіндегі ең елеулі кезеңіне іліккен Астананың бүгінгі бағындырған биіктері мен жеткен жетістіктері жетерлік. Барша қазақстандықтар үміт артып, үлгі тұтып отырған бас қаламыздың қарышты қадамы шынында да мақтан етуге лайық. Астана – еліміздің маңдайына біткен бақыты, көңіл қуанып, көз сүйсінетін шаттығына айналды. Астана – мақтанышымыз ғана емес, өзгеге көрсетіп, мерейімізді асқақтататын маңдайға біткен жұлдызымыз болып үлгерді. Осындай қалада, Отанымыздың астанасында өмір сүріп, еңбек ету бақыты бұйырғанына қуанбайтын жанды табу мүмкін емес. Мен де Алматы өңірінде туып, Қарағанды қаласында ұстаздық пен ғалымдық баспалдағына көтерілсем де, киелі Астанаға келгелі жиырма жылға жуықтап қалыпты. Сол уақыттар аралығы босқа өтпегеніне қуанамын, Елорданың көркеюіне атсалысқаныма, еңбегім Елбасының тікелей тапсырмасын мүлтіксіз орындауға жұмсалғанын мақтан етемін. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған арманын жүзеге асырып, Алаш идеясын дамытып, дербес, егеменді мемлекет құрды. Сақылдаған сары аязы бет қаратпайтын, дүлей желі жер тамырын суыратын Арқа төсінде қиял-ғажайып ертегінің әсем қаласы бой көтереді дегенге кім сеніп еді?! Әлбетте, қай кезде, қай мемлекетте де жаңа астана – мыңдаған еңбек адамдарының маңдай терімен жүзеге асады, десек те, қыруар еңбекті шеберлікпен ұйымдастырып, бағдарын кім айқындап, қайда жетелеп, жөн сілтейтініне байланысты екенін есте ұстанамыз. Міне, бүгінде әсем, сұлу, сәулетті қала Астанамыздың өзі мемлекетіміз бен халқымызға, тіпті әлем жұртшылығына бағыт көрсетуші міндетін қолға ала бастағандай. Өйткені Астана келбеті, онда туындаған ұшқыр ойлар, қабылданған маңызды шешімдер оның атағын асқақтатып, мемлекет құрушы орталық келбетке ие болып келеді. Астана көркі – Қазақстанның болашағының бейнесін айқындайтын заманауи келбетке, имиджге айналғанына шетелдік меймандар, олардың мәртебелі басшылары мен зиялы қауымы да таңырқай қарайтын болды. Астанамен бірге еліміздің жаңа заманауи өмір сүру салты, жаңарған бейнесі қалыптасуда. Осында тың ойлар туындап, қордаланған қиын мәселелер оң шешімін тауып, әлемнің әр тұсынан әділдік іздеп, ат басын бұрған жандарға бітімгерлік қызметін ұсынуда. Астанамен бірге жаңа мемлекеттік-аумақтық, геосаяси балансқа оң өзгерістер енгізілуде. Сөйтіп, Астана – үлгілі қала ғана емес, елдігіміздің қазіргі биік өлшемінің белгісі, шоқтығымызды биіктететін абырой асқарына айналды. Отан деген ұлы ұғым – тарихи көрші елдердің де бірлігін сақтап, ұйымы мен берекесін қамтитын, адамзатты үйлесімдікке бастайтын киелі ұғым. Отанда береке болмаса, тұтас әлем алаңдаулы болмақ. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев өткен ғасырдың 90-жылдарының басынан-ақ әлем халқын тұтастықта, бірлестікте көргісі келді. Жаңа арналарға, жаңа биіктерге ұмтылған білім мен ғылымды осы мақсатқа жұмылдырды. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ғылым саласына ұдайы көңіл бөліп келеді. 90-жылдары экономикалық қиындықтар көп саланы шідерлегені белгілі. Ол білім саласын да айналып өтпеді. Оқу орындарының жабылу, мамандардың қысқару қаупі тұрды. Бірақ Қазақстанның білім-ғылым әлеуетін қожыратпай сақтап қалдық. Әлемдік кеңістікке жолдама алған отандық білім мен ғылым ендігі жерде ықпалдасудың рухани тетігіне айналды. 1994 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мінберінен айтылған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық одақ туралы идеясы кеңестен кейінгі қаңырап қалған кеңістікке жан бітірді. Сол бір тарихи құжатта: «Қазақстан Республикасының халықаралық байланыстарының үздіксіз кеңеюін, оның әлемдік ықпалдастық процестеріне, Еуразиялық одақ идеясын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуын ескере отырып», Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің негізін қалау қажеттігі жазылған еді. Еуразиялық одақ туралы идеяны жүзеге асыру үшін шекаралас елдердің арасында тілеулестік, достық көзқарас, түсінік қалыптасу керек-ті. Достастық елдерінің іргесімен, ішкі-сыртқы қуатын бекітетін қоғамдық институттар, ресми-бейресми тетіктер қажет. Осылайша көз алдымызда посткеңестік кеңістікте жаңа ықпалдастық ғимаратының іргетасы қаланып жатты. Бұл – жаңашыл, реформатор тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихын қолымен тұрғызған тарихи миллиондаған томдық еңбегінің бір парасы-тын. Еуразия кеңістігінде Қазақстанның елдік мүддесін баянды ету мақсатында Елбасы 1996 жылғы 23 мамырда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Осылай 1994 жылғы ММУ-дағы тарихи мәлімдеменің іс жүзіне асуы – Мемлекет басшысының сөзі мен ісінің бірлігін көрсетті. Елбасының тікелей нұсқауымен жаңашыл университет – ақыл-ойдың қайнары, пікір-пайымның үздіксіз ағынын жетілдіру мәселесін жедел қолға алды. 1996 жылдан басталған Еуразия ұлттық университеті А.Құсайынов, М.Жолдасбеков сынды білікті ректорлардың ұйытқы болуымен білім кеңістігінде өз орнын айқындады. Заман талабы жыл санап қарқын ала бастады. 2004 жылы Еуразия ұлттық университетінде ректорлық қызмет маған жүктелгенде, осынау елдік жауапкершіліктің салмағы аз емес екенін сезіндім. Жалпы, университет басшысынан бастап, қарапайым оқытушысына дейін отандық білімнің парызы мен қарызын пайымдай білсе, бәрімізге де абырой. Естеріңізде болса, сол тұста Елбасының: «Профессор ауылға барды ма? Дәріс оқыды ма?» дегенге саятын сөзінің үлкен мәні бар-ды. Қалыптасып жатқан мемлекет үшін университет оқытушысының ғалым болуы аз, ол әрдайым – елшіл, шынайы патриот болуы қажет. XXI ғасырдың басы – университет дамуындағы белесті кезең. Ол білімі мен ғылымы терең дамыған халықаралық деңгейдегі классикалық оқу орны ретінде қалыптасты. Сондықтан да Елбасы 2001 жылы 5 шілдедегі Жарлығымен Еуразия ұлттық университетіне ерекше мәртебе берді. 2003 жылғы сәуір айында қазіргі заманға сай жаңа оқу зертханалық корпустың ашылу салтанатына қатысқан Ел Президенті Еуразия Ұлттық университетінің ел болашағы үшін таңдаулы (элиталы) мамандар даярлау ісінде ерекше рөл атқаратынын баса айтқан болатын. Өйткені дүниежүзіне ядролық қарудан азат, экономиканы өркендетуге аса мүдделі, әрі осы салада батыл қимылға барған демократиялық ел ретінде танылған Қазақстан жаңаша даму кезеңінде білімге көп иек артады. Әлемдік өркендеу мен өрістеу үдерісі білім және ғылым әлеуетінсіз жүзеге аспайтыны анық. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында оқу ордамыздың болашақ элиталық бағдарын айқындап берді. Онда университеттердің маңызы ерекше атап көрсетіліп, «басқарудың барлық деңгейі үшін кадрлар даярлауды кешікпей қолға алу және оған ұдайы жағдай туғызу» міндеті қойылды. Сол жылы 9 сәуірде Мемлекет басшысы Еуразия ұлттық университетінің жаңа оқу-зертханалық ғимаратын салтанатты түрде ашып, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер алдында сөз сөйледі. Елбасының нақты тапсырмасы – Еуразия ұлттық университетін деңгейі жағынан Оксфорд, Кембридж, Сорбон, Гарвард сияқты білім мен ғылымның танымал орталығына сәйкес келетін элиталық университетке айналдыру болатын. Оған қалай қол жеткізуге болатынын нұсқай келе, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: «Элиталық мамандар даярлауда Еуразия университеті аса маңызды рөл атқарады», – деп атап көрсетті. 2004 жылы 22 наурызда, Наурыз мерекесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия университетіне арнайы келіп, өзі негізін қалаған оқу орнының ұжымын мейраммен құттықтады, тандаулы әрі сапалы маман даярлаудың мән-маңызы жөнінде келелі ойлар айтылды. Мемлекет басшысы «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» атты 2004 жылғы Жолдауында элитарлық жоғары оқу орындары туралы ойын одан әрі тереңдетті. Президент қойған міндеттерге сәйкес, Еуразия ұлттық университетінің 2005-2015 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында Элитарлық университеттік білім Тұжырымдамасын» әзірлеп, таяу және алыс шетелдік ғалымдардың қатысуымен аталған құжатты талқылауға арналған ғылыми-тәжірибелік алқалы жиын өткіздік. Жиында Ресей, АҚШ, Франция, т.б. елдердің ғалымдары Қазақ­­стан жоғары мектебінің ізденісіне және университеттерге деген Мемлекет басшысының қамқорлығына ықылас білдіріп, зор қызығушылық танытты. Біздің университеттің халықаралық байланыстарының басты ұйытқысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың Қазақстан филиалы отандық ғылым мен білімнің әлеуетіне әлеует қосып отырғанын атап өткен жөн. Саясатта әрқашан таңдауға ұсынатын әр түрлі жолдар бар, бастысы өзіңе тиімді бағытты ажырата білу. Елбасының көрегендігі де осы тұста айқындалды. Ол тәуелсіз Қазақстан үшін оқшауланған «бейтарап» мемлекет емес, қайта әлемдегі алпауыт мемлекеттермен белсенді қатысатын, әлемдік үдерістерді игеруге ұмтылатын, сондай-ақ, жаңа кезеңде өз ұсыныс, тың бастамаларын өзгеге де мақұлдата алатын, ғасырлар бойы қалыптасқан дала тектілігін таныта білетін алдыңғы қатарлы мемлекет болу жолын таңдады, солай болды да. Дегенмен ұлы державалар ретінде әлем халқы мойындап қойған көршілес Ресей, Қытай және алыстағы Америка Құрама Штаттарымен өз деңгейінен де артық қарым-қатынас орнату, ресми келісімдер жүргізу оңайға түспегенін оқырмандар біле жүргенінің артықтығы жоқ. Елбасының табандылығының арқасында келелі ойды қажет бағытқа оңтайластырып, өз қалауын іске асырудағы іскерлігін бағалаған әлем халқы көшбасшы ретінде таныды. Сол арқылы Қазақ еліне деген дүниежүзінің қызығушылығы туды. Алайда мемлекеттің ішкі бірлігі нығаймай тұрып табысты ел болуы мүмкін емес-ті. Қазақстан түрік-ислам және славян-христиандық өркениеттерінің арасына сына қағатын тар шеңбердің жетегінде кетпеуінің өзі көптеген саясаткерлердің болжамын тас-талқан еткені аян. Ондай теріс пікір туындағаны рас. Мысалы 1990 жылдары америкалық саясаттанушы С.Хантингтонның «Қазақстан іріткі жасаушылар қатарында болады» деп топшылағаны мәлім. Ел іргесіне сына қақтыруға Елбасы ешқашан жол берген жоқ. Керісінше ынтымақты жақтаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сонау 1994 жылы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру мүмкіндігін ұсынды. Арқа төсінен ғажайып қала салған Елбасының қаһармандығы, тоқырау жылдарында тосырқап қалмай, елін тығырықтан аман-есен алып шыққан тынымсыз еңбегі мен ерлігі, қайраткерлік ерекше қасиеттерін қалың бұқараның табиғи құбылыс ретінде қабылдауы, Астана қаласының өркендеуін Елбасы атымен байланыстыра қарауы үйреншікті жай болып қалыптасуы да таңғаларлық жай. Тұғырына қалт-құлт етіп енді қонақтап жатқан тәуелсіздікті жаңа асқарға бастап, айбынды Алатаудан аязды Арқаға бет түзеген ұлы көштің қадамының сәтті боларын көрегендікпен болжай білу де көшбасшыға тән парасат пен пайымның, даналықтың белгісі болатын. Расында да, соңғы жиырма жылдың көлемінде елордасы Астана жаһан құлақ түрген ауқымды оқиғалардың орталығына айналды. Ғаламдық келіссөздер, ауқымды іс-шаралар өтіп, әлемнің сан тарапынан мемлекет басшылары, аузы дуалы саясаткерлер, қаржыгерлер елордада бас қосып, әлемдік деңгейдегі күрделі оқиғалардың күрмеуін шешті. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төл перзенті – Астана қазақстандықтар үшін құтты мекенге айналды. Осы жылдардағы экономикалық, географиялық қарқынның өсімі қаланы заманауи урбанизация, өмір сүру сапасы жоғары және инновациялық жаңашылдықтардың орталығына айналдырды, қала халқы – 3,5 есеге өсіп, тұрғындар саны – 1 миллионнан асты. Экономикаға салынған инвестиция көлемі 44 есеге өсті. ҚР Үкіметі қаулысымен Астананың 20 жылдығы аясында өтетін 175 шара бекіді. «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде халықтың ілтипатына бөленген этноауыл қызметін жалғастырмақ. «Нұр Әлем» ғимараты туризм және халықаралық көрмелердің әлемдік мұрасына енді. Дана халқымыздың қамқор, қоғамшыл көңілінен туған «Той тойға ұлассын!» деген ғажап тілегі бар. Мамыр айында өткен Challenges Summit-2018 форумының жалпы отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қалалардың дамуы туралы: «Бізде бұрын миллиондаған халқы бар бір ғана қала болатын. Ол – Алматы. Ал қазір оның қатарына Астана мен Шымкент қосылды. Енді еліміздің үш қаласында да халық миллионға жетті. Бұл процесс жалғасатын болады. Сондықтан да Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында 5 шілде күні Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің ірі қалаларының форумын өткізу тосыннан қолға алынып отырған жоқ», – деген еді. Міне, бұл да өркениетке ұмтылған халқымыздың керегесінің кеңейе түскенінің бір көрінісі. Ұзағынан сүйіндірсін!  

Сәрсенғали Әбдіманапов,

Қазақ экономика, қаржы және

халықаралық сауда университетінің ректоры,

Халықаралық жоғары мектеп

Ғылым Академиясының академигі

Серіктес жаңалықтары