1404
БҰЛ КІТАП БҰРЫНҒЫ КІТАПТАН ӨЗГЕРЕК
БҰЛ КІТАП БҰРЫНҒЫ КІТАПТАН ӨЗГЕРЕК
Адамзаттың дүниені танып-білуі, қабылдауы, танып-білген нәрселерін тіл дыбыстары арқылы таңбалауы (дыбыстар тіркесімі арқылы сөз жасауы), сөздерді бір-бірімен тіркестіріп сөйлем құрап, оны күрделі мәтінге айналдырып, ой-пікірін білдіруі ортақ бір заңдылықтарға негізделеді. Солай бола тұрса да, жер беті аймақтарының бір бөлігін ұзақ жылдар бойы мекен еткен адамдардың тұрмыс-тіршілігінің, кәсібінің, өмір сүру салтының ортақтығына, ортақ мақсат-мүдделеріне байланысты және сан алуан жағдайларға орай, өзіндік тілі, тілінің дыбыстық жүйесі, сөздік құрамы және грамматикалық құрылысы қалыптасады. Сол себептен әлемдегі тілдер сан алуан.
Тіл, ең әуелі, адамзат қоғамындағы адамдардың өзара пікір алысу, бір-бірімен қарым-қатынас жасасу, сөйлесу құралы екені даусыз. Адам баласының тілі, ым-ишара тілін айтпағанда, негізінен, дыбыстық тіл болып саналады. Сондықтан оның іргетасы – дыбыстық жүйесі.
Дыбыстық жүйедегі дыбыстардың саны мен сапасына және олардың өзіндік тіркесуіне қарай әр тілде түрліше сөздер жасалып, олардың мағыналық-құрылымдық заңдылықтар бойынша өзара тіркесуінен сөйлемдер құрастырылады. Әлемдік барлық тілдердің осындай ортақ заңдылықтарын тіл білімі зерттеп-зерделейді.
Еліміздің жоғары оқу орындарының филология факультетінде күні бүгінге дейін «Тіл біліміне кіріспе» немесе «Тіл білімінің негіздері» деп аталатын пән бойынша К. Ахановтың «Тіл білімінің негіздері» (1993), Ә.Хасеновтің «Тіл білімі» (1996), Б.Қалиұлының «Тіл біліміне кіріспе» (2009) және «Тіл білімі теориясының негіздері» (2014) деген кітаптары негізгі оқулық-оқу құралы ретінде оқытылып келді.
Қазақ филолог-лингвистерінің «Тіл біліміне кіріспе» пәні бойынша айтарлықтай деңгейде білім алып шығуларына қажетті білім негіздері бұл кітаптарда жеткілікті мөлшерде қамтылды. Оларда тіл біліміне қатысты басты ұғымдар мен қағидалар, әлемдік тілдерге ортақ болып келетін заңдылықтар біршама толық айтылды.
Дегенмен аталған еңбектердің бір кемшілігі болды. Өйткені олардағы ғылыми ойлар мен қорытынды тұжырымдар орыс тілінің «Тіл біліміне кіріспе» пәніне арналған оқулық-оқу құралдарындағы немесе ғылыми зерттеулеріндегі қағидаларға негізделіп, күрделі тілмен жазылды. Соған байланысты сол кітаптарда орыс тілінде бар кейбір тілдік категорияларды қазақ тілінен іздеу, жоқ болса бар деп жазу деген сияқты асырасілтеушілікке жол берілген сәттер де бар болатын. Бәрін түстеп-түгендеп айтпай-ақ қояйық, тек мысал ретінде айтсақ, «Орыс тіліне тән сөз екпіні (ударение слов) қазақ тілінде де бар» (тáртпа – не тяни, тартпá – выдвижка), «Қазақ тілінде сөйлемнің соңғы сөзіне екпін түсіріп айту (интонация) арқылы да сұраулы сөйлемдер жасалады» деген сияқты т.б. тұжырымдар қате болатын және осындай тұжырымдар мектеп оқулықтарына да еніп кетті.
Бұны айтып, аталған кітаптардың құндылығын түсірейік деп отырған жоқпыз, олар әлі де кең қолданыста бола берері анық, тек қазақтың филолог-студенттері «Тіл біліміне кіріспе» пәні бойынша барынша сапалы білім алып шығулары үшін осы пәнді тереңірек оқытуды мақсат ететін тағы бір тың кітаптың қосылғанына кіріспе ретінде ғана айтып отырмыз.
Бұл кітап – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ерекше аталған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында дайындалған кітаптардың бірі, яғни Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың авторлығымен жарық көрген «Тіл біліміне кіріспе» кітабының ағылшын тіліндегі 10-басылымының қазақшаланған нұсқасы.
Ағылшын тілінен қазақшаланған бұл кітап өзімен аттас қазақ тіліндегі бұрынғы кітаптардан өзгерек.
Ең бастысы, қарапайым тілмен жазылып, тіл білімінде қарастырылатын әлем тілдерінің тілдік категориялары мен ереже-қағидаларының, негізгі заңдылықтарының шағын тақырыпшалар аясында түсіндірілуі десек болады. Бұл, әлбетте, студенттердің кітапты оқып-түсінуге деген ынта-ықыласын арттыра түсетіні сөзсіз.
Екіншіден, кітаптың аударылуы жатық, тіпті аударма кітап екені аса байқала қоймайды. Өйткені қазақ тілі сөйлемдерінің негізгі құрылымы ескеріліп аударылған. Сол себептен жеңіл оқылып, санаға бірден қонады. Бұл – кітаптың баршаға түсінікті тілде жазылуынан және оның жақсы аударылуынан болса керек.
Үшіншіден, қазақ тілінде жазылған «Тіл біліміне кіріспе» пәнінің бұрынғы оқулық-оқу құралдарында айтылатын дүниелер бұл кітапта біршама толықтай жан-жақты қамтылған және оларда айтылмаған дүниелер де көп.
Төртіншіден, әлемдік тілдерге ортақ болып келетін кейбір заңдылықтар бұрынғы кітаптармен салыстырғанда өзгеше қырынан айтылған. Мысалы, бұрынғы оқулық-оқу құралдарында жалпылама айтылатын мәселелер бұл кітапта тарқатылып баяндалып (оның өзінде өте ықшам мәтін түрінде), нақты бір тілдің материалы келесі бір тілдердің материалдарымен салыстырыла түсіндіріледі. Егер барлық тілдерге тән тілдік бір категория қайсыбір тілде жоқ болса немесе көптеген тілдерде жоқ тілдік категория қайсыбір тілде бар болса, оны ғылыми нақты дәлелдермен дәйектеп беріп отырады.
Мәселен, сөз болып отырған кітапта: «Тілдің дыбыстық жүйесі – тіл білімінің фонетика саласында қарастырылады. Тіл білімінің құрылымы осы тілдегі дыбыстың айтылуын (немесе таңбаның оқылуын) білдіреді. Осы сәтте спикерлердің сөзі өзге тілде басқаша тәсілде қолданылатынын көрсетеді. Мысалы, тек қана ағылшын тілінде сөйлейтін болсаңыз, «foreign» сөзіндегі дыбыстың орнын ауыстыра аласыз, ал француздар мұндай жағдайда ménage á trois-ді қолданады. Егер француздар секілді айтатын болсаңыз, онда сіздің тіліңіз ағылшын тілінің дыбыстық жүйесінен өзгеше болғаны.
Ағылшын тілінде сөйлейтін француздар көп жағдайда this және that сөздерін zis және zat деп атайды. Бұл сөздерде қолданылатын ағылшын тіліндегі th дыбысы француз тілі аудиожүйесінің бөлігі болып саналмайды. Соның салдарынан француз тілінде сөйлейтіндер осы сөздердің айтылуынан қате жібереді.
Дыбыстық қорға қарағанда, тілдің дыбыстық жүйесін білу өте маңызды. Бұл дегеніміз – сөздің қандай дыбыстан басталып, қандай дыбыспен аяқталатынын айқындау. Гана елінің бұрынғы президентінің Nkurmah деген есімінің бастапқы дыбысы ағылшын тілінде соңғы дыбысқа ұқсап кетеді. Бірақ ағылшын тілінде ешбір сөз nk дыбысынан басталмайтыны анық» («Тіл дегеніміз не?» тарауының 2-беті).
Бұндай талдауларды, яғни белгілі бір тілге тән заңдылықтың болатынын қазақтың «Тіл біліміне кіріспе» пәніне арналған бұрынғы кітаптарынан жиі ұшыратпаймыз. Керісінше ол кітаптарда қазақ тілі дыбыстық жүйесіне жат орыс тілі дыбыстары (в, ф, х) мен дыбыс тіркесімдерін (тш-ч, тс-ц) оған телу, қазақ тілі дыбыстық жүйесінде оларды бар деп сендіру орын алып келген еді.
Жалпы, бір аңғарғанымыз бұл кітап, негізінен, ағылшынтілді филолог-лингвистерге (студенттерге) арналған екен. Өйткені ондағы кез келген тілдік заңдылықтар, ерекшеліктер, құбылыстар ағылшын тілі материалы бойынша талданады және сол талдаулар ағылшын тілін игерудің бір әдістемесі ретінде ұсынылады.
Қорыта айтқанда, біз мысал ретінде атап көрсеткен тұжырымдар кітапта аса мол. Сол себептен де осы кітаптың құндылығы арта түседі. Бұрын айтылмаған немесе қазақ тіл білімі пәнінің оқулық-оқу құралдарында жазылмаған дүниелер қазақ филологиясы студенттерінің тілге қатысты теориялық білімдерін кеңейтіп қана қоймай, оларды жаңа ізденістерге жетелей түсетіні сөзсіз. Осы кітаптағы белгілі бір тілге тән ережелерді басқа тілдің ережелерімен салыстыра отырып пайымдату және солар арқылы ана тілінің грамматикасын терең білуге шақыру өзге тілді өз ана тілімен салыстыра отырып үйренуге көмектеседі.
Кітаптағы әлемдік тілдердің әрқайсысының өзіндік табиғаты, олардың даму заңдылықтары, қолданылу аясы, қоғамдық сан- салалы қызметі және белгілі бір тіл туралы қорытындылар, топшылаулар жайындағы ғылыми ой-тұжырымдар қазақ филологиясының жас буын өкілдерін жаңа бағытта білім алуларына жағдай туғызады. Жаңа біліммен қаруланған олар жаңа заманның нормативті оқулық-оқу құралдарын қазақша жазып, қазақ тіл біліміне өз үлестерін қоса алады. Қысқасы, осы кітаптағы тың материалдар олардың тіл туралы жаңаша ойлануларына түрткі болатыны анық. Бұл – осы оқулықтың теориялық мәні мен ғылыми құндылығын көрсетсе керек.
Ал кітаптың практикалық мәніне тоқталсақ, қандай да бір тілді үйрену тілдегі сөздердің емлесі (орфоэпиясы) мен айтылымын (орфографиясын), құрылымын (грамматикасын) жақсы білуді қажет ететіндіктен, осы кітапта ағылшын тілі ерекшеліктерін оқытып-үйретуге кеңірек орын берілген. Бұл кітапты оқып, білім алған студенттер әлемдік тілдерге ортақ болып келетін заңдылықтарды терең білумен қатар өздері де қалаған бір тілді, әсіресе, ағылшын тілін жеткілікті деңгейде үйренуге негіз қалай алады. Сондықтан да қазақ тіл біліміне қосылған осы кітаптың құндылығын жоғары бағалай отырып, оның ғылыми теориялық та, қолданбалы практикалық та маңызы зор екенін атап айтқымыз келеді.
Бейбіт ИСХАН,
Абылай хан атындағы
Қазақ халықаралық
қатынастар және әлем тілдері университеті