Болыпты қорен атты бір бағлан

Болыпты қорен атты бір бағлан

Болыпты қорен атты бір бағлан
ашық дереккөзі
3762
Қорен десе, ең әуелі «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырындағы өктем күш иесі, қалмақтың қаһарлы ханы есімізге түседі. Соның өзінде сұлу Жібек Қоренді күлкілі жағдайға ұшыратып, мазақ етеді. Ол ол ма, Сансызбай Қоренді жекпе-жек ұрыста өлтіреді. Бірақ біз сөз етіп отырған Қорен ол Қореннен мүлдем бөлек. Қазақ батыры Қорен ел қорғаған жаужүрек, алғыр ақылдың иесі. Ең өкініштісі, ел аузындағы әңгімелерде, архив құжаттарында есімі ара-тұра айтылатын, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Қорен батыр Жәдікұлы туралы онша біле бермейміз, тіпті, арнайы тілімдей мақала да жазылмаған. Есімі ескерусіз қалып бара жатқан осынау тұлға Қорен батыр жайлы Сыр сүлейлері бұрындары арнау жыр шығарғанын да ескере бермейтін сияқтымыз. Қорен батыр Жәдікұлы туралы алғашқы дерек 1803 жылы қағаз бетіне түсіпті. Орынбор әскери губернаторы, книязь Г.С.Волконскийдің (1803-1817 жылдары губернатор болған) арнайы тапсырмасымен өзіне бағынатын аймақтардағы қазақтардың жалпы саны туралы есеп жазылып, тұрмысы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, қоныстары зерттелгені мәлім. «... Записки о численности, местах кочевок и торговле отдельных родов Большой, Средней и Малой орд, составленная старшина Кобек Шукуралиулы и Казанским татарином Галием Шахмутаровым по поручению Оренбургского военного губернатор, книязь Г.С. Волконского» деп жазылған ол зерттеуде. Осындағы Көбек Шүкірәлиұлы Жаппас руынан шыққан би, кейін «тархан» атағын алған кісі. Осындағы жазбада: «... Керуендерді талайды. Бұхарамен сауда жасайды. Шөмекей руынан Желдір бөлімінің (дұрысы Бозғыл бөлімі – Т.Д.) 4-тармағының 6000 түтінін басқаратын Кетебай би, Қорен батыр, Айтілес би және Жәрімбет би» делінген. Мұны «Қазақ тарихының материалдары» кітабының ІV томының 514-бетінен және басқа архив құжаттарынан табуға болады, сондай-ақ, «Сибирский вестникте» (1820 жылы) Г.И. Спасскийдің «Киргиз-кайсаки Большой, средней и малой орды» атты мақаласында жазылған. Демек, өмір жолдары нақты белгілі Кетебай, Жәрімбет бимен есімі қатар жазылса, Қорен батыр олармен замандас, қатар өмір сүрген болғаны. Яғни, Қорен Жәдікұлы 1740-1810 жылдар шамасында Қарақ тауы маңында өмір сүрген деуге болады. Ал ауызша айтылып, бүгінгі жеткен кейбір әңгімелер мен өлең жолдарында Қорен батырдың Самарқан әміршісі Жалаңтөс баһадүрдің қосынында соғысқаны да айтылады. Әрине, қазақ шежіресінде, ел аузындағы әңгімелерде мұндай сәйкессіздіктер жиі жолығады. Тіпті, ақын әрі шежіреші Әлімбай Әлиасқаров (1908-1990 ж.) 1943 жылы жазған «Қазақ шежіресі» кітабында: ... Қолына Қорен батыр ақ ту алған,

Бірлесіп Жалаңтөспен жауға барған.

Қорғаны жаудың биік болса-дағы,

Ішіне қарғып түсіп ойран салған.

Жалаңтөс сардар болға Самарқанда,

Қорен, Құлке батырлар болған сонда.

Сол кезде Қорен батыр мекендеген,

Тұқымы бар осы күнде қалған сонда, – деп жырлаған.

Қорен батыр ұрпақтарының Самарқан пен Нұратада болуы да мүмкін. Болық қызбен айтысында: Сыртында Нұратаның Балқым жатыр, Бірталай Балқы деген халқым жатыр, – деп ақын Әзілкеш Шымыр­ұлы ел тарихынан бірсыпыра хабар береді. Ал Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаев «История Казахского народа» атты кітабында (1924 жыл) Нұратаның сыртында қазақ руларының біразы өмір сүріп жатқанын жазған. Ең бастысы Қорен батыр Жалаңтөс Сейітұлымен тізе қосқан серіктес бола алмайды. Өйткені Жалаңтөс баһадүр мен Қорен батыр өмір сүрген уақыттың арасы тұтас бір ғасыр. Аңыз болып жеткен әңгімелерде Қорен батырдың ұзын бойлы, жауырынды келген кісі болғаны және қылыш пен найзаны қатар сілтейтіні айтылады. Батырдың қартайған шағы болса керек, қалмақтар жеке ауыл болып отырған әйелінің ауылын шауып, әйелі мен екі қызын олжалағаны айтылып та қалады. Бұрындары талай рет құба қалмақтармен соғыста көзге көрініп, талай бекініс-қамалдарын бұзып-жарып жүрген Қорен батырға тіс қайрап жүрген қалмақтар қапылыста шабуыл жасаған. Бұл оқиға Ералы ханның (1791-1794 ж.) тұсында болғанға ұқсайды. 1868 жылы туған Сыр сүлейлерінің бірі Тұрымбет жырау Салқынбайұлы өзінің «Самұрат пен Төремұратқа» арнаған толғауында кеңінен толғайды осы жайтты және Әлібек, Киікбай, Тобаберген, Алматпен қатар Қорен батырға да тоқталған. ... Атаң сой шынжыр қатар бастан затты, Шамалы көтерейін көңіл шатты. Қазақтың хан заманы уақытында, Даңқты ер болыпты Қорен атты. Қалсайда Қорен деген кісі болған, Дұшпанда ол кісінің тісі болған. Шет жайлап жалғыз ауыл отырғанда, Қалмақпен үлкен соғыс, ісі болған. Айта алсақ болар еді-ау ебін тауып, Келеді көтермекке көңіл ауып. Қореннің екі қызын әйелімен Қалмақтың алған дейді ханы шауып, – деп жырлайды ол. Демек, аңыз ізімен жазылған өлең жолдары шындықты меңзеп тұрған сияқты. 1771-1772 жылдары Еділ қалмақтарының 30 мың түтіні Жоңғарияға бет алған жолда Орынбор қазақтарына шабуыл жасауы мүмкін екендігі алдын-ала Нұралы ханға хабарланған. Осы тұста да, одан соң да Еділ қалмақтарымен болған соғыста Қорен Жәдікұлы ерекше батырлық, ерлік жасаған көрінеді. 1804-1805 жылдардан бастап билік тізгінін батырдың баласы Едіге қолына алады. Оның есімі Шерғазы сұлтан Қайыповпен бірге аталған. Шерғазы сұлтанның 1818 жылы қайтыс болғаны белгілі. Жалпы, Едіге Қорен баласы сұлтанмен 1790-1791, 1803-1805 жылдарда жиі араласқаны байқалады. «Журнал, введенный Свиты его императорского величества» атты журналда: «... Киргизцев для препровождения нас осталась: дюткарынцев 35 при султане Ширгази и старшине Буранбая, а чумекейцев, под руководством Идии (Едіге – Т.Д.), сына Куран батыр, главного чумекейском роде, 9 человек. Они воружены были сайдаками, саблями, пиками, некоторые кольчугами и малая часть винтовками», – деп жазылған. 1803 жылғы тағы бір құжатта: ...«В подтверждение всего доносимого Бекчуриным киргизцы, сним прибывшие, дали торжественную присягу. Из них главные были султан Ширгазы сын Каипхана, старшина мурза Буранбай, дети Каракубек бия, главного начальника над всеми тюрткаринцами, дети Куран батыра, переводителя чумякейского». Бұл жазбалар Шерғазы сұлтан Қайыпұлының Бұхара хандығына сапары туралы жазылған деректерде орын алған. Осылайша, 1805-1807 жылдардан бастап айтулы билердің қатарынан Қорен батырдың баласы Едігені көреміз. Ал ауызша атадан-балаға тараған Ататек шежіреде Қасайдан Жәдік – одан Қорен батыр туады. Қореннен Егемберген, Бәйменді тарқайды. Ал жоғарыдағы сирек жазбаларда аты аталған Едіге жазылмаған. Қазақ шежіресіне ерекше назар аударатын мәселе бар. Мәселен, Едігеден ұл болмай, қыз болса, ол жазылмай қалады. Бәлкім, Едіге би ұрпақсыз өткен болар. Ал Егемберген, Бәйменнен көптеген ұрпақ тарап, бір қауым ел болып отыр. Жиенбайдан туған ұрпақтар ішінде Берден атты батыр да шыққан. Бабасының ерлік істерін мақтан тұтатын Қанбибі Сенбекқызы бірде батыр бабалары Қорен тарихының зерттелмей жүргенін қынжыла әңгімелеген-ді. Қанбибінің өкінішке толы сөзі қамшы болып, там-тұмдап тарихи деректер жинастыра бастаған едім. Ауызша әңгімелер мен архив материалдарында бір-біріне қарама қайшы сөздер жиі кездеседі. Дегенмен көп жағдайда бір-біріне ұқсас оқиғалар да бар. Қорен батыр өз заманында хан, сұлтандармен жиі қарым-қатынас жасаған батыр әрі би. 1803 жылғы жазбада Кетебай, Жәрімбет, Айтілесті «би» деп жазса, «Қоренді Қорен батыр» деп анық көрсетеді. Демек, Қорен шын мәнінде ел ішінде даңқы жайылып, орыс шенеуніктері арасында да батыр атанса, ол атақты да, шашақты батырлардың бірі болған деп айта аламыз.  

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

зерттеуші, этнограф

Серіктес жаңалықтары