Қарызға күн кешкен пенделер

Қарызға күн кешкен пенделер

Қарызға күн кешкен пенделер
ашық дереккөзі
912
Отты күнді тоқтаусыз айналып жүрген тоғыз ғаламшардың бірі – көгілдір Жер шарының пайда болғанына 4 млрд 65 млн жыл толды дейді білікті ғалымдар. Ешбір дауымыз жоқ, шексіз уақыт дегеніміздің өзі осы шығар, сірә?! Ал адам санасына сіңе қоймайтын осыншама шексіз уақыттың титімдей, сіріңкенің шиіндей бөлігінде – 2 млн жылға жуық уақыт бұрын ғана адамзат пайда болып, көгілдір планетада көңіл көтеріп, сайран салуда екен.  Осыған қарамастан екі аяқты, жұмыр басты пенделер Жер шарын елеулі өзгеріске ұрындырды: ең әуелі адамзаттың өзі айтарлықтай өзгеріске тап болды. Оған себеп – осыдан 10 мың жыл бұрын адамдар қолына үшкір таяқ алып, жер шұқып, өңдеп, жейтін тамағын Жер-ананың төсінен ала бастағандығы еді. ХІХ ғасырдың басында – 1800 жылы ғаламшарымызда небары 750 миллион адам болса, ХХІ ғасырдың басында – 2002 жылы 6 млрд 200 млн адам нәпақасын жер бетінен теріп жеген. Ал кейінгі 16 жылда, яғни 2018 жылы төрткүл дүниедегі барша халықтардың жалпы саны 7 млрд 597 миллионға жеткенін біреу білсе, біреу білмес. Адамзат күн санап еселеп өсіп барады. Әр адамның көңілі сүйетін, қызықтайтын, ермек ететін нәрсесі болатұғыны бесенеден белгілі. Біреу теңгені, біреу еркетотай тентегін жақсы көреді. Біреу – алтынды, біреу – жарқылды жаны қалайды-дүр. Бөтеннің өмір салтына сын айту – абыройсыздық! Ал өз басымды «Nat Geo Wild» телеарнасының теңдесі жоқ түсірілімдері тәнті етеді көбіне. Көкпеңбек теңіз, ақ құм, алтын жағалаулар, биік-биік таулар, мәңгі қар жапқан жадағай мұзарттар. Тұңғиық тереңдер мен бас айналатын алып шыңдар. Африка саваннасындағы ашулы арыстандар... Бір ғажабы, адамзат аңғалдықпен тойымсыз санайтын арыстандар ұстаған жемтігін жеп, тыңқиып тойып алған соң, екі-үш күн бойы тоғын басып, тынығып жататын көрінеді. Ол ол ма, алып жыландар – анаконда мен питондар қабырғасы майлы копибара немесе теңбіл елікті тұтасымен толғай жұтса, екі-үш ай бойы «жұтқан – жұтамастың» салтымен соны қанағат тұтып, жартылай ұйқыға кетеді екен. Беу, табиғаттың тепе-теңдігі қалай-қалай сақталады десеңізші! Адам шіркін ондай емес: аузы тыным тапса, ауырып қалатындар көп екі аяқтының арасында. Тағы бір ұнатарым – той-томалаққа қуанып келіп, қатты қалжырап қайтатын қандастарымызды, үстел басындағы қадірлі қонақтарды бақылау. ...Сыланып киінген сұлу келіншегі мейрамханаға бірге ере келген білдей азамат әуелде айналаға самарқау көз тастап, әрі паң, әрі елеусіз жайғасады көбіне. Әсіресе, күнде жүз көрісіп жүрмеген бейтаныстар көп болса. Үстелге тіске басар қойылып, сусындар жағалай бокалға құйылғанда, ақ бата берілген соң, кең залда қасық-шанышқылар шылдырлап, тәлеңкелер салдырлап кетеді тоқтаусыз. Әлгі азамат та алдындағы тәлеңкесіне ас-ауқат сала бастайды батылсыздау, сыпайы қалыпта: қызанақ, қияр, түрлі салат, қазы-қарта, жал-жая, қиялап кесілген жұмсақ тіл, қызыл балық, тұзды балық. Әжептәуір үйме табақ. Әйелі: «Мынаны жесейші», – деп ақырын ғана сыбырлап, онсыз да үйме табаққа қуырылған тауық пен тіл үйірген тоқашты үстемелейді. «Жеп алсайшы, қарның ашып келдің ғой». Шыңырау бокалға шұбат құйылуы бек мүмкін. Осыдан кейін сыпайы қонақ іске батылдана кіріседі-ай. Асығып-аптығып, алдындағы адал асты обырлана, қомағайланып жұтқан қадірлі қонақ қарнына ел қонып, әлден кейін байырқалай бастайды, байсал танытқансиды. Елеусіз түрде мойнындағы галстугын босатып, көйлектің ең үстіңгі түймесін ағытып, орындыққа шалқайып отырады. Қайда-анн, кішігірім шөмеледей ауқаттың шеті бұзылса, кәнеки?! Келіншегі: «Жесейші, жұрттың еркегін қарасай, аштықтан келгендей күйсетіп жатыр ғой», – деп сыбырлайды тағы да құлағына әдемі аузын тақап. Азамат үйме табаққа ренжігендей үңіле қарап, еріншектене шанышқымен шұқылауға көшеді. Енді буы бұрқырап ет келеді. Нәзік жанды келіншек күйеуінің етке еріне қол созғанына одан әрі төзе алмай: «Қасығыңды берші маған, өзім салып берейін», – деп, қолындағы қасықты батыра салып, тәлеңкесін тағы да толтырады өші кеткендей боп. Қонақ енді шын қиналып, екі жағына кезек теңселіп, қозғалақтап, үсті-үстіне күрсіне терең дем алып, тынысы тарылғанын, аса бір жайсыздықты бастан кешіп отырғанын аңғартып-ақ алады осы бір сәт. Керіліп шалқаяды, уһілейді, күрсінеді... Керім келіншек: «Белбеуіңді босатсайшы! Бағана белбеу тақпай-ақ қой деп едім, мені тыңдайсың ба?!», – деп сыбырлайды енді ызаланып... Бітті, бәленің бәрі белбеуде. Кейде еріксіз таңдануға тура келеді осы, қарапайым ғана тамақ ішудің өзін адамды қажытар қиын жұмысқа, ауыр еңбек пен қиналысқа ұштастыратын қазақтан басқа жұрт бар ма екен жаһанда?! Осындайлық ынсапсыздық, нәпсіге тыйым сала алмайтын ашкөздік, қомағайлық пен тойымсыздық кейбіреуге қайдан жұққан? «Тойсаң, тоба қыл!» деген ұлағатты ескермеген күннің өзінде «Тойғанда бір, татқанда бір» деген нақылды қаперінде ұстайтын қанағатшыл халық емес пе едік?! Сонымен, өткен аптаның бейсенбі күні – 2 тамызда жер бетіндегі бүкіл адамзат жыл бойына шартты тиесілі азық-түлікті толықтай жеп, табиғи ресурстарды тауысып, енді келер жылдардың есебінен қарызға күн кешуге көшті. Тура мағынасында емес, әрине. Әлемдік статистиканың, БҰҰ-ның дәйегі ғой бұл. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық комитеті (ФАО) ғаламшардағы барша адамзаттың жан басына шаққанда қанша азық-түлік, нан, ет, сүт, жұмыртқа, балық, т.б. қажеттігін есепшотқа салып, болашақ дамудың моделін жасайды, есеп-қисап жүргізеді. Беделді ұйымның айтуына сенсек, жыл өткен сайын адамзат өзіне шақтап есептелген бәрімізге тиесілі азық-түлікті мезгілінен бұрын тауысып қоюды әдетке айналдырған. Батыс елдері, әсіресе, бақуатты, халқының тұрмысы жоғары әлеуетті елдер бұндай шартты азық-түлікті мамыр-маусым айларында-ақ ішіп-жеп үлгерсе керек. Ал Вьетнам сынды үнемшіл елдер желтоқсан айының ортасына таман тауысуға тиіс болатын. Бірақ қомағай Батыс елдерінің кесірінен адамзат енді келер қаңтар айына дейін қарызға тамақтанбақ. Әлемде тамақты жойдасыз жеп тауысу жалғаса беретін сұры бар. FAOSTAT-тың ақпарларына қарағанда, 1993-2013 жылдар аралығында жан басына шаққанда әр тәулікте пайдаланылған килокалория 10 пайызға өсіп, 2616-дан 2874-ке жеткен. Жаһанда ет пен сүтті пайдалану да өсе түспекші. Болжамдарға қарағанда, 2026 жылы құс етін пайдалану 12 пайызға, сиыр еті – 10 пайыз, қой еті – 20 пайыз, шошқа етін пайдалану 8 пайызға артпақ. Ал сүт өнімдерін пайдалану 20 пайызға артады. Тіпті, жүгерінің әлемдік экспорты 2026 жылы 2017 жылмен салыстырғанда 14 млн тоннаға ұлғаймақшы. Бірақ бір өкініштісі, адамзат обал мен сауапты мүлдем ұмыта бастаған сыңайлы. Әсіресе, Батыс елдерінде. Өйткені дамыған елдерде сапалы азық-түліктің үштен бірі, яки 30 пайызы қалдық ретінде қоқысқа тасталады екен. Осындай есеп-қисаптарға қарап, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне еріксіз алаңдауға тура келеді. Осыдан біраз жылдар бұрын еліміздегі ірі мегаполистер – Астана мен Алматы, облыс орталықтарында азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін құру қызу талқыланған еді. Сол қауіпсіздік белдеулері толық құрылды ма? Бастаған іс көңіл көншітерлік нәтиже көрсетті ме? Әлде... «Көппен көрген – ұлы той» деп қамсыз-мұңсыз күн кеше береміз бе?!

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары