Қазақстанның белгісі – бірлік пен келісім

Қазақстанның белгісі – бірлік пен келісім

Қазақстанның белгісі – бірлік пен келісім
ашық дереккөзі
899
Қазіргі кезеңде Ел дамуының XXI ғасырдағы жаңа басым бағыттары белгіленген «Қазақстан-2050» стратегиясының, Елбасының «Рухани Жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласының және Біртұтас Ұлт құруға бағытталған «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» жоспарының тиімді түрде жүзеге асырылуының басты шарты – жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылатыны белгілі. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей институты қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайтудың негізгі тетігіне айналып, осы бағытта мақсатты түрде жан-жақты жұмыс жүргізіп келеді. Уақыт талабына сай, адам мүдделерін қорғаудың маңыздылығын ескере отырып, әлеуметтік және құқықтық шиеленістердің алдын алу мен шешудің нақты тетіктері қолданылуы үшін, Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация қауымдастығымен де қоян-қолтық қызмет атқарып отыр. Біртұтас ел өмірінің ең басты қағидаты қоғамдық келісім екенін айшықтай отырып, Медиация сынды жаңа бітімгершілік институтының мүмкіндіктерін пайдаланып, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге үлкен маңыз беруде. «Бірыңғай республикалық Медиация күніне» орай, 3 тамызда Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық келісім» ғимаратында «Қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі медиация институтының басты рөлі» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда мүдделі тараптар бас қосты. Негізгі мақсат – Медиация заңының қолданылуы жөнінде кеңінен мағлұмат бере отырып, тәуелсіз Қазақстандағы жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету және қоғамдық келісімнің бұзылуына жол бермеу бағытындағы Елбасының ұстанған саясаты бойынша ұлтаралық және дінаралық келісімнің қазақстандық үлгісін насихаттау көзделді. Күн тәртібіндегі жалпы медиация орталығының жұмысын нақты жолға қою және қоғамдық құрылымдармен өзара әрекеттесуі мен ортақ жоспарын құру мәселелері төңірегінде сындарлы ой қозғалып, жүйелі әңгіме өрбітілді. Дөңгелек үстелдің модераторы – Ақтөбе облысы ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов болды. Бұл бас қосуға «Нұр Отан» партиясының мүшелері, облыстағы түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылды. Қазіргі таңда қоғамда көрініс тауып отырған түрлі дау-дамайды сотқа дейін реттейтін, соның ішінде қоғамдағы шиеленіс деңгейін төмендетуге ықпал ететін Медиация институтын енгізудің маңыздылығын атап өткен модератор, бұл бағыттағы өзара үйлесімді іс-қимыл аясында бірлескен іс-шаралардың жүзеге асырылуы тиіс екендігін айтып, тараптарды күн тәртібіндегі өзекті тақырып бойынша мазмұнды ой алмасуға шақырды. Дөңгелек үстелде Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсенбин – «Қоғамдық келісім мен азаматтық бірегейлікті нығайтудағы медиацияның рөлі», «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚБ Батыс-Қазақстан аумақтық филиалының басшысы Светлана Балпеисова – «Қазақстандық қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтудағы медиацияның рөлі», Ақтөбе қалалық сотының судьясы Марина Зайнулина – «Ақтөбе сотындағы татуластыру процедуралары», Ақтөбе облысының кәсіби емес медиаторы Шара Тржанова «Еңбек дау-дамайларын шешуде медиатордың қатысуымен ҚР Еңбек Кодексінің қолданылуы» деген тақырыптарда мазмұнды сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы ҚХА медиация кабинетінің медиатор маманы Көркемай Қаусова сотқа дейінгі реттеудің баламалы әдісі ретінде бітімгершілік институтын дамытып, медиацияны кеңінен насихаттау мен белсенді пайдаланудың өзара байланысына тоқталды. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі таңда медиацияның қоғамдық келісім мен азаматтық бірегейлікті нығайтудағы рөлін арттыру үшін, медиатор мамандарын даярлау және қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасты нормативті-құқықтық негізде реттеудің өзектілігі де сөз болды. Дөңгелек үстелге қатысушылар «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағидатты тағы бір еске алып, «қоғамдық келісім мен азаматтық бірегейлікті нығайту – өз қолымызда» деген тұжырымға келді.  

Гүлсамал ТӨРЕДИНҚЫЗЫ

Ақтөбе қаласы

Серіктес жаңалықтары