293
Мемлекеттік тілді асқақтату – абзал міндет
Мемлекеттік тілді асқақтату – абзал міндет
Ұлттың ұлы болмағы оның санадағы рухани серпілісінен бастау алса керек. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде.
Расында да, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткендей, «патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады».
Сол себепті де рухани жаңғыру бағытындағы «Туған жер» бағдарламасының ауқымы кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Анығын айтқанда, екеуі бір ұғым. Өйткені туған жерін сүйген адамның туған еліне де құрметі әрқашан жоғары болады. Әр аймақта «Өлкетану» жобасы ілкімді жүзеге асырылып жатқаны өскелең ұрпақтың шынайы қуанышы. 2017-2018 оқу жылынан бастап, Бородулиха ауданында аталған бағдарламаның аясында «Тәрбие және білім» атты қосымша жоба жүзеге асырыла бастады. Аптасына бір рет болатын «Өлкетану» сабағы да жас өрендердің туған жерін танып, танымын арттыра түсуге үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Қазақтың ұлы ақынын танып-білуге арналған «Абайтану» сабақтары да оқушылардың ұлы қазаққа деген құрметін күшейтеді.
– Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы халыққа рухани серпіліс туғызды. Елге, мемлекетке деген құрмет ең алдымен туған жерден бастау алады. Сондықтан біз өлкеміздегі әрбір тарихи құндылықтарға құрметпен қарап, оны жас ұрпақтың санасына өшпестей етіп қалдыруға тырысамыз. Бұл орайда ауданда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді Бородулиха ауданының әкімі Григорий Акулов.
Аудандық мәдениет үйінде таяуда Бородулиха ауданының мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жүрегің әнмен ашылсын» атты дәстүрлі өнер байқауы өтті. Байқауға Бородулиха ауылдық округінің «Кербез», Жезкент кенттік округінің «Жалын», Новопокровка ауылдық округінің «Достық», Новошульба ауылдық округінің «Новошульба арулары», Дмитриевка ауылдық округінің «Нұр Астана» командалары қатысып, өнерлерін ортаға салды.
Осыдан бірер ай бұрын Бородулиха қазақ мектебінде 5-10 сынып оқушылары арасында өткен Абай оқулары туралы сөз сайысына мықтылар қатысып, қазақ классигінің шығармасынан бақ сынады. Абайдың қара сөздерін жатқа айтты. Оған орыс сыныбының оқушылары да қатысты.
Қазақтың ұлы ойшылы Абай ұлттың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ақыны.Оның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды.
«Абайдың қара сөздері» жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Сондықтан біз оның шығармаларын сүйіп оқимыз», – десті сайысқа қатысқан өзге ұлттың жас өрендері.
Қазір аудандағы 28 мектепте арнайы музей бар, 21 тарихи-өлкетану музейі және 7 әскери және еңбек даңқы бұрышы да өскелең ұрпақтың елжандылықты бойына сіңіруіне үлкен әсер етіп келеді.
Аудандағы «Тимуровшылар отрядының» мүшелері де жалғызілікті жандарға көмек көрсетуден қалыс қалмайды. Аталған отрядқа 5-10 сынып аралығындағы 2 мыңнан астам оқушы мүше. Жыл сайын 1 қазаннан 1 қараша аралығында «Қайырымдылық» акциясы жүргізіледі. Отряд мүшелері қамқоршысы жоқ қарттарға, соғыс ардагерлері мен жалғызбасты аналарға үнемі қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады.
Қайырымдылық шараларына аудан тұрғындарының барлығын да қатыстыру үлкен парыз. Бұл орайда соңғы жылдары бес рет осындай ізгілікті ту еткен акция өткізілді. Қайырымдылық шара барысында 1621 адамға көмек көрсетілді. Сонымен қатар, ауыр дертке шалдыққан кішкентай балаға және қамқорлығы жағынан аз қамтылған жандарға көмек берілді.
Ауданда шаруашылығын дөңгелентіп, кәсібін жолға қойған азаматтардың жағдайы нашар адамдарға қамқорлығы барған сайын артып келеді. Жақында 11 қайырымдылық шарасы жүзеге асты. Балалар спортын дамытуға 8 миллион 500 мың теңге, хоккей алаңына 120 миллион теңге жұмсалды. Мұның барлығы да жергілікті халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруы үшін жасалынып жатқан игі жұмыстар. 2018 жылы аудандағы іргелі шаруа қожалықтарының қолдауы арқасында 12 қайырымдылық шарасы өткізілді.
– Елбасы «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын жоба, біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарынан бастауымыз керек» деп атап көрсеткені белгілі. Осыған орай, латын әліпбиіне көшу уақыт талабы болып отыр. Біздің бейбіт және көпұлтты Қазақстанымызда мемлекеттік тілді өркендету үшін латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың бір көрінісі болмақ. Сол арқылы бабалар мұрасын сақтап, дамыған отыз елдің қатарына ену үшін жаңа көкжиекке жол ашамыз.Тіл адам санасына бағыт береді, оның өмірлік тәжірибесін қалыптастырады. Сондықтан латын әліпбиіне қатысты мәселелердің өміршең екендігін халық арасында кеңінен түсіндірудеміз, – дейді Бородулиха ауданының әкімі Григорий Акулов.
Мира МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ
Шығыс Қазақстан облысы