ӨР АЛТАЙ, АСҚАР АЛТАЙ...

ӨР АЛТАЙ, АСҚАР АЛТАЙ...

ӨР АЛТАЙ, АСҚАР АЛТАЙ...
ашық дереккөзі
1366
Соңғы жылдары біздің елімізде ішкі туризмді дамыту туралы жиі сөз қозғала бастады. Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы және Павлодар облыстарына барғанда бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, облыс басшыларына бар мүмкіндікті пайдаланып, ішкі туризімді жетілдіруді тапсырды. Ой елегінен өткізсек, шынында да біздің елімізде шетелдік туристер ерекше қызығатын қаншама көрікті аймақтар, көл мен өзендер, таулар мен ормандар бар. Иә, ішкі туризмге көңіл бөлгеніміз өте орынды. Ең бастысы, шетелге жыл сайын миллиондап кетіп жатқан қаржымыз еліміздің экономикасын, жергілікті халықтың әл-қуатын көтеруге пайдаланылып жатса несі бар? Биылғы демалысымды шығыстағы сұлу Алтайда, оның әйгілі Қатонқарағайында өткізуді алдын ала жоспарлаған болатынмын. Ғаламтор арқылы байланысып, алдын ала барлық мәселені анықтап, «Атың барда жер таны...» деп сапарға шыққан едім. ...Алматы – Өскемен бағытындағы ұшақ лып еткізіп (80 минутта) Шығыс Қазақстан облысының орталығына жеткізді. Таулы аймақ саналатын Қатонқарағай бұл жерден 340 шақырым қашықтықта. Қарағай мен қайың арасымен тартылған бұралаңдаған асфальт жол біресе өрге, біресе ойпатқа түсіріп, жеңіл машинаға әжептеуір салмақ салып келеді. Оң жағымызда Бұқтырма су қоймасының күнге шағылысқан айдыны еріксіз көз тартады. Адам қолымен жүздеген шақырымға созылатын аңғарға мол су жиналып, осындай шалқыған «теңіз» жасалды деуге әрең сенесің. «Керемет көргің келсе, тауға бар» деп қазақ қалай тауып айтқан! Айналамыздағы табиғаттың сұлулығы сүйсіндіреді, таудың таза ауасы тынысыңды аша түседі. Қайталанбас табиғат көрінісіне сүйсіне отырып: Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай, Анамдай әлпештеген жастан Алтай. Суы бал, көдесі май, жері майса, Ағызған сары алтынды тастан, Алтай. Елімнің ерке қалқасы, Сымбатты сұлу жер Алтай. Омырауда алтын алқасы, Отанымның сен, Алтай! – деген Нығмет Баймұхамедовтің сөзіне жазылған ән жолдары еске түседі. Бұл – бала кезімізден радиодан жезтаңдай әнші, Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарова апамыздың нәшіне келтіре орындайтын, әбден құлаққа сіңген белгілі «Алтай» әні. Алтайдың ғажап табиғатын тамашалай отырып, ерекше көтеріңкі сезіммен аудан орталығы Үлкеннарым (Большенарым) ауылына келіп жеттік. Кіре берісте бұрынырақ шипалы Алакөл демалыс аймағында танысып, екі-үш рет бірге демалған Қатонқарағай аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Бауырлан Мұзтауұлы күтіп алды. Көп оқыған, білімі терең, ойы жетік, көңілі ояу азамат осы өңір туралы көптеген құнды мәлімет-дерек берді.

 width=

– Биыл біздің Қатонқарағай ауданның ұйымдастырылғанына тура 90 жыл болды. Қатонқарағай ауданы 1928 жылы 1 тамызда құрылған, бір жылдан кейін 1929 жылы Шыңғыстау ауданы Қатонқарағай ауданының құрамына енді. 1935 жылы Қатонқарағай және Зырян аудандарының құрамынан Большенарым және Бұқтырма аудандары бөлініп шықты. 1997 жылы Большенарым ауданы жойылып, Қатонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Большенарым ауылына көшірілді. Аудан солтүстік және солтүстік-шығыста Ресей Федерациясының Алтай Республикасымен, оңтүстік-шығыста Қытай Халық Республикасымен, оңтүстікте Күршім ауданымен, солтүстікте Зырян ауданымен шекаралас, ал батыста Бұқтырма бөгенінің суымен шектесіп жатыр. Облыстың орталығы Өскемен қаласынан 263 шақырым қашықтықта орналасқан Большенарым ауылы болып саналады: Қатонға дейін әлі 70 шақырым жол жүресіздер. Облыс орталығы мен ауданның көлік байланысы Өскемен – Зырян – Большенарым автомобиль жолдарымен жүзеге асады. Жергілікті халықтың саны ертеректе 45 мыңдай болатын, қазір 25,5 мың шамасында, оның 65-70 пайызы қазақтар. Негізгі кәсібіміз – мал шаруашылығы мен егін егу. Базбір жерлерде марал өсіретін шағын шаруашылықтар сақталған. Тағы бір мақтанышымыз, Қатонқарағай ұлттық табиғи бағы (паркі) бар, ол 2001 жылы құрылды. Көлемі 643 мың гектардан асады. Ормандар сан түрлі ағаштар мен өсімдіктерге, жануарлар мен құстарға бай. Бір ғана өсімдіктердің 40-тан астамы «Қызыл кітапқа» енген. Дәрілік шөптер де мол кездеседі. Ормандарда жидектер мен саңырауқұлақтар мол. Ормандарымызда марал-еліктен басқа аю, арқар, қасқыр, түлкі, қоян, тиін және басқа да жануарлар кездеседі. Бұқтырма, Рахман, Марал, Қаракөл және басқа шағын көлдер бәріміздің мақтанышымыз. Оларда балықтардың бірнеше түрі бар. Рахман бұлақтары родонға бай, сондықтан оның емдік қасиетін халық кең пайдаланады, буын ауруларын емдейтін арнайы санаторий жұмыс істейді. Табиғаты көркем тау аңғарларында пансионаттар, шипажайлар, демалыс үйлері орын алған. Олардың басым көпшілігі тек жаз айларында қызмет етеді. Бір қуанарлығы, соңғы жылдары біздің өңірге келіп жатқан демалушылар саны өсіп келеді. Тау туризмін қолға алсақ деп отырмыз. Қазір жолдың алыстығын, қиындығын елемей ту сонау Атыраудан, Маңғыстаудан демалушылар келуде. Тіпті, АҚШ, Франция, Италия, Швеция, Польша, көрші Ресейден келіп жатқан саяхатшы-туристер баршылық. Марал мүйізін кесіп, дәрі-дәрмек жасап, бие сауып, қымыз өндіріп жатқан отбасылар аз емес. Кезінде марал өсіретін, оның мүйізінен дәрі дайындайтын бірнеше ірі шаруашылықтар болды. Кеңес заманы ыдырап, берекесіздік жайлаған жылдары ол шаруашылықтар да қожырап, санаулы ғана шағын шаруашылықтар қалды. Туристер мен демалушыларды тарту үшін жарнама зор көмек атқарады. Жаңадан бірнеше демалыс орындары салынып, туристік-экологиялық маршруттар ашылуда. Мұның барлығы, түсіне білсек, халыққа керек дүние. Тау жолдарын мүмкіндігінше ретке келтіріп, жаңартып жатырмыз. Асфальт төселіп, көпірлер салынуда. Кезінде Өскеменнен шағын ұшақтың, яғни АН-2-нің рейсі бар болатын, енді қайта қолға алынуда. Мүмкін келешекте жолдан қазіргідей қиналмай, шаршамай Қатонқарағайға ұшақпен жететін боларсыздар... Жарайды, онсыз да біраз мәлімет беріп өттім-ау деймін. Басқаларымен бара танысарсыздар, өз көздеріңізбен көргендеріңіз жөн, – деді күлімсіреп Бауырлан мырза. Тағы да жол. Айнала табиғаттың сұлулығында мін жоқ. Беткейлерді ақ балтырлы аққайыңдар жапқан, сәл жоғарыда қарағай, балқарағай, самырсын орманы, жасыл белдер, сан түрлі әсем дала гүлдері көз тартады. Әр жерден шағын тау өзендері жолымызды қиып өтіп, төменге қарай асыға ағып, артта қалып барады. Кейбір тұста, тау беткейінен егіс танаптары көзге шалынады. Күнбағыс пен сафлор өсімдігіне басымдылық беріледі екен. Жол бойы айтулы Қатонқарағайдың тіл үйірер балы мен дәмді қымызын сатқан үйшіктер кезікті. Олардың бағасы да көңілге қонарлық, аса қымбат емес. Сарымсақты өзенін жағалай отырып түс ауа теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте қанат жайған Қатонқарағайға жеттік. Оның кіре берісіндегі ақ қайыңды орман арасына орналасқан біз діттеген «Ақ қайың» шипажайы орналасыпты. «Ақ қайың» шипажайы 2008 жылы «Ақсу» марал өсіру шаруашылығының басшысы Асқар Қабанбаевтың ұйымдастыруымен ашылған. Белсенді азамат 1999-2003 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, Қатонқарағай ауданы шаруашылықтарының қалпына келтіріліп, өсіп-дамуына біраз еңбек сіңірген екен. Қазір де марал өсіру шаруашылығын кенжелетпей, өңірде сол шаруаны сақтап қалуға тер төгіп жүрген азаматтың бірі көрінеді. Шипажай жаз айларында қызмет етіп, жылына 300-ден астам демалушы ем-дом қабылдап, таза ауамен тынығады. Панта ваннасымен қатар фитотерапия (шөптермен емдеу), массаж, физиотерапия процедуралары жүргізіліп, өңірдің сұлу табиғатын атпен тамашалау саяхаттары ұйымдастырылады. Қымыз, саумал ішем деушілерге де мүмкіншілік мол. Оңтүстік Алтайдың әсем төріне орналасқан Қатонқарағайды қоршап тұрған екі тау қыраты қол бұлғап тұрған екі арудай. Тау өзені – Сарымсақты сарқырап еркін ағуда. Әрине, мұнда да жастарға жұмыс аз, көп мекемелер жабылған, қаңырап бос тұр. Тұрғындардың басым көпшілігі зейнеткерлер. Халық саны базбір мәліметтерге қарағанда 5 мыңға жуық. Тек жаз айларында қалаларда тұратын қатондықтар балаларын осындағы ата-аналарының қолына демалуға жіберіп, халық саны едәуір өседі екен. Әйтпесе, кезінде шалқыған ауыл қазір ұйқы құшағында жатқан аруға ұқсайды. Сілтідей тұнған тыныштық тұмшалап алған. Ауылда аурухана, екі мектеп, бірнеше балабақша, мәдениет үйі мен дүкендер, байланыс бөлімшесі бар екен. Орталық алаңға әйгілі жазушы Оралхан Бөкейдің еңселі ескерткіші қойылыпты. Бұл өлкеден қазаққа белгілі, сұлу сөзді, сырлы сөзді жазушылар шыққан: Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы. Алтайдың кіндік қандары тамған атамекені Қатонқарағайдың жыршысы болып өткен оларды жерлестері қатты қадірлейді, мақтаныш етеді. Бір ауданнан үш бірдей айтулы қаламгер шыққан жерді киелі жер демей не дейсіз?! Жергілікті халық мақтан ететін тағы бір айтулы тұлға – Қаратай батыр. Ауылға кіре берістегі жол айрығына оның еңселі ескерткіші қойылыпты. Ертедегі жаугершілік заманда осы аймақты Жоңғар шапқыншыларынан ерлікпен қорғап, елдің бірлігін сақтап қалған көзсіз батыр көрінеді. Маңдайымен көк тіреген тәкаппар шыңдарға, арқырай ақкөбік болып аққан ақжал өзендерге, қарағай мен ақ қайың, сансыз және гүлдермен көмкерілген белдерге қарап табиғаттың шеберлігіне, ерекше құдіретіне таңғаласың. Таудың керімсал ерке самалы тынысыңды аша түседі. Барлығы ертегідей ғажап дүние! Шипажайдың әкімшілігі әйгілі «Рахман бұлақтарына», «Патшалар алқабы», Қаракөл сынды табиғаттың көрнекті жерлеріне экскурсия ұйымдастырып, демалушылардың барынша мәнді демалуына мүмкіншілік жасап отыратын жақсы дәстүрі бар екен. Рахман бұлақтары туралы талай аңыз бар. Соның біреуі мынадай: ерте заманда осы өңірде мергендігімен аты шыққан Әбдірахман деген аңшы болыпты. Бірде аңға шыққанда оған тау бөктерінен сұлу марал кезігеді. Әлгі маралдың ізіне түсіп, қисыны келген сәтте серіппелі садақпен атады. Садақ оғы дәл тиген марал ақсаңдай басып, тауға қарай қаша жөнеледі. Ізіне түскен Әбдірахман аңшы ізінен қалмай: «Жараланған маралдың қанша күші бар, қайда кетеді, қанжығама байлармын» деген үмітпен қуа береді. Бір кезде марал көзден тайып, жоқ болып кетеді. Аңшы зер салып, төңіректі байқаса, жаралы марал бұлақ атқылап жатқан шағын көлшікті кешіп, мүлгіп тұр екен. «Е, енді құтылмайсың» деп, аңшы тұра ұмтылғанда, марал судан ырғып шығып, ну орманға сіңіп, өз жөніне кеткен екен. Содан кейін Әбдірахман әлгі буы бұрқырап ағып жатқан бұлақтың шипалық қасиетін ұғады. Әртүрлі себептермен аяғы ауырған жылқыларын бұлақ суына түсіретін болған. Судың емдік қасиеті бар екенін сол төңіректегі адамдар естіп, келе-келе олар буын, бел ауруларынан емделе бастайды. Көп ұзамай ыстық судың шипалық қасиеті жайлы төңіректегі елдерге де түгел белгілі болады. Бұлақ алғашқыда Әбдірахман бұлағы деп аталса, уақыт келе қысқарып, «Рахман бұлағы» болып аталып кетіпті. Бұл күндері ол жерде белгілі «Рахман бұлағы» («Рахмановские ключи») шипажайы орналасқан. Емделушілер саны жыл өткен сайын өсіп, шипалы родон суынан ем алуда. Осыдан біраз жыл бұрын танымал археолог-ғалым, профессор Зейнолла Самашев басқарған бір топ археологтар қазба жұмысын жүргізіп, «Алтын адамды» тапқан Берелдегі сақ қорғаны да осында. Берел қорымында бұдан 2400 жыл бұрын жерленген сақ патшасы мен әйелінің табыттағы мүрделері, көптеген құнды заттар мен әшекейлер, өрнектелген ағаш бұйымдар, киіз бен жүннен жасалған қолөнер жәдігерлері, ер-тоқыммен бірге жерленген 13 жылқының сүйегі, көптеген қажетті заттары бар патшаның қабірханасы бар. Барлық заттар алғашында алтын фольгамен қапталғандығы анықталды. Жылқылардың ер-тұрман әбзелдері алтынмен қапталған ұзын мүйіздермен әшекейленген. Табылған жәдігерлер, соның ішінде, органикалық материалдар, киімдер мен тұрмыста қажетті заттар өте жақсы сақталған, өйткені ежелгі көшпелілер жергілікті табиғи-климаттық жағдайларды жөнімен пайдалана отырып, мәңгі тоң басқан мұздықтарды қолдан жасай білді. Бұл «мәңгі тоңның астында феноменін» қалыптастырды. Әлі толық зерттелмеген обалар бар. Осы қорымды ғалымдар «патшалар алқабы» деп отыр. Онда ашық аспан астындағы музей ашылыпты. Бұл да саяхатшыларды қызықтыратын орын. Жазушы Орлхан Бөкейдің музей-үйі Қатонқарағайдан 20 шақырым қашықтықтағы Шыңғыстай ауылында. Қара сөздің хас шебері атанған қарымды қаламгер Қалихан Ысқақтың туған ауылы да осы маңнан таяқ тастам жердегі Топқайыңда екен. Таулы Алтай өлкесінің ең биік шыңы Мұзтау (Белуха), теңіз деңгейінен 4506 метр. Аспан бұлттардан сейіліп, нілдей таза болған күндері қар басқан шыңдары күнге шағылысып, көзге қияннан шалынады. Сұлулығына, тәкаппарлығына сөз жетпейді. Бір сәтте бұлтқа оранып, көзден ғайып болатыны тағы бар. Жер көремін, еліміздің трихын тереңірек зерделеймін деген адамға Шығыс өңіріміздегі «өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай» атанған аймақта кісі қызығатын орындар, тұнып тұрған көркем табиғат аясы жетерлік. «Ұлан-ғайыр жерімізде қаншама керемет адам таңғаларлық орындар бар, табиғатымыз қандай керемет! Тек, барымызды бағалап, оларды халық игілігіне жарата білсек қой, шіркін» деген тәтті қиялға беріліп, ой қаузайсың. Еліміздің Алтай өңіріне сапар шегіп, одан алған әсерлерімді жеткізу үшін қарымды қалам керек-ау. Қазақтың әлгі «Жүз рет естігенше, бір рет көр» дегеніндей, табиғат сұлулығын көргісі келгендер еліміздің Шығыс өңіріне – жер жаннаты Қатонқарағайға барса, ұмытылмас әсер алатыны даусыз!  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы,

профессор

Серіктес жаңалықтары