980
Қоңыр ауылдарды күйреткен кәмпеске
Қоңыр ауылдарды күйреткен кәмпеске
1928 жылы 27 тамызда Қазақстан өкіметінің аса ірі байларды тәркілеу туралы декреті жарияланды. Декрет «Байлардың шаруашылығы мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» деп аталады. Ал 30 тамызда «Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы қаулысын қолдану жөніндегі Ережесі» қабылданды. 17 қазанда Қазақ АССР Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары советінің «Жартылай феодал ірі байлардың тәркілеу мен жер аударуға қарсылығы үшін қылмыстық жауапкершілігі туралы» қаулысы қабылданды. Бұл шешімдердің бәрі қазақ ауылының ғасырлар бойы қалыптасқан ерекшеліктерін сақтап, дамытып отырған белсенді тобын жоюға бағытталған шабуыл болатын.
Билік Қазақ АССР-ның Адай округі мен Жетісу және Сырдария губернияларында, Қарақалпақ автономиялық облысының мақта өсіретін аудандарынан басқа өңірлерде тұрғылықты байларды тәркілеу арқылы ауылдарды советтендіру мәселесін шешуге ұмтылды. Яғни, бір сөзбен айтқанда, бұл қаулыда таптық күресті бұрынғыдан да тегеурінді, қауырт, әрі батыл жүргізу міндеттелді.
Билік әу баста тәркілеу тәртібі мен саясатын қазақтардан барынша жасыруға ұмтылды. Сондықтан да көзі ашық азаматтар биліктің тәркілеу туралы қаулысын жұрттың шынайы түсінуіне, халықтың зардап шегуінің алдын алуға тырысты. Тұрар Рысқұлов, Мақсұт Жылысбаев, Қабылбек Сармолдаев, Емберген Алтынбеков, Алдабек Мангелдин және 1917 жылы наурыз айында Тұрар Рысқұловтың басшылығымен Меркіде ұйымдастырылған Қазақ-қырғыз жастарының революциялық одағының барлық мүшелеріне байлардың малын ағайын-туысқандарға бөліп беруге, алыстағы жайылымдарға жасыруға, малын сатып, мектептер мен медреселер ашуға, басқа да жолдарын қарастыруға ақыл береді. Зиялылардың ақылын әркім әртүрлі жүзеге асырды. Яғни, конфискацияға ілінбеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
Голощекиннің жандайшаптары мұндай жағдай болатынын да болжап, қазақ байларында қанша мал бар екенін 1926-1927 жылдары санап қойған еді. Қызыл коммунистер жүргізілген санақтың нәтижесінде қазақта «бай» деп танылғандардың басым көпшілігінің ұсақ малы 500-ден аспайтынын да білді. Сондықтан тәркілеуге ілінуге тиісті мал санын өте төмен белгіледі. Бұған қоса билік жергілікті белсенділерге орта шаруаны да байлар қатарына қосуға тапсырма берді. Тапсырманың астарында халықты жік-жікке бөліп, бір-біріне қарсы қою жатты. Бұл залым саясаттың түп-төркінін көзі ашық қазақтар бірден түсінді. Көшпелі аудандардағы байлардың қатарына 400 қой-ешкісі барлар, жартылай көшпелі аудандарда 300 және отырықшы аудандарда 150 қойы барлар тәркіленетіні жұртты есеңгіретіп тастады.
1928 жылдың 3 желтоқсанында округтік комиссияның бай шаруашылықтарын тәркілеу жөніндегі дайындаған есебінде, әртүрлі хабарламасында назар аударарлық деректер мен дәйектер көп. Конфискация басталар алдында байлар басқа да қулықтарды ойлап тапты деп жазылған хабарламада. Расында, малды кісілер кәмелетке толмаған балаларын үйлендіріп, оларға малын бөліп берген. Көп әйел алған байлар әйелдерімен ЗАГС арқылы ажырасып, мал-мүлкі бөлінді. Әулиеата ауданының Кеңес болысының №7 ауылының тұрғыны, ұзақ жылдар болыс болған Дербіс Қалабаев тіпті партия және комсомол мүшесі болып табылатын ұлдарына малын алдын-ала бөліп беріп, тәркіленуден аман қалудың жолын тапқандай болғанын мысалға келтіреді. Сондай-ақ, жұт кезінде малының көп бөлігі қырылып қалғаны туралы ауылдық кеңес айғақтаған жиырмаға жуық анықтама алған. Алайда уәкілдер ол құжаттарға сенбеді. Ауылдық кеңестер берген құжаттарды жарамсыз деп тауып, малының жұтта қырылғанына сенбей, ағайын-туыстарына малын бөліп бергенін «заңсыз» деп, заңды құжаттарды «пара беріп сатып алды» деп санап, тәркілеуді іске асырған. Мәселен, Әулиеата ауданы, №11 ауылының байы Байелі Бейсеевтің малын тәркілеуге келген уәкіл оның қорасынан көп малды таба алмаған соң, «көп мөлшерде пара беріп, анықтаманы сатып алғансың» деп, бөліп берген малын жинастырып, бәрін тәркілеген. Сонымен бірге, ауыл белсенділерін қорқытқан деген қорытынды жасаған. Мұндай астыртын жұмыстар Меркі ауданында ерекше қарқынмен жүргізілді дейді құжаттарда.
Округтен жоғарыға жолдаған құпия құжатта уәкілдердің тарапынан заң бұзушылық белең алғандығы да айтылған. Мәселен, Меркі ауылына келген уәкіл №9 және №10 ауылдарда тәркілеуді жергілікті жерлерде қолдау жөніндегі комиссия мүшелерін сайлап алғаннан кейін, оларға заңсыз міндеттер жүктеген. «Егер сендер тәркілеу тізіміне байларды аз көрсетсеңдер, онда өздерің совет өкіметіне қас болғандарың, байлардың қатарын көбейтіңдер» деп өзі үлгі көрсетіп, қой-ешкісі 150-ден аспайтын екі орта шаруаны байлардың қатарына қосып, «олардың әрқайсысында 600-ден малы бар» деп жазып, тәркілеген. Ауылдық комиссияның мүшелері уәкілдің бұл бассыздығына наразылығын білдіргенде, ол: «Сендер совет заңына қарсы бас көтерсеңдер, жазаға тартыласыңдар. Мен сендермен бірге жұмыс істемеймін», – деп кетіп қалған. Ал уәкілді қолдау комиссиясының мүшелері оны қуып жетіп, айтқанының бәрін істейтінін мәлімдеген. Міне, осындай себептерден орта шаруалар да байлардың қатарына еніп кеткенін архив құжаттары айғақтайды.
Бұл туралы ақпаратта «Уәкілдердің жауапсыздығынан ауылдық комиссия мүшелері жалған мәліметтер жинап, байларды тәркілеуден құтқарып жіберді» деп жазылған. Мәселен, округтен келген уәкілге «Меркі ауданының №1 ауылына келгенде ауылдық комиссияның қолпаштауымен арақ ішіп, қызойнақ жасаған» деп айып тақты.
Уәкілдер мен билік тарапынан болған бассыздыққа төзе алмаған комиссия мүшелерінің тәркілеуге қарсы болған сәттері де кездесті. Мұндай жағдайлар Меркі ауданының №5, №14, №1, тағы да басқа ауылдарында көрініс тапты. Уәкілге көмектесетін, қолдау көрсететін ауылдық комиссия мүшелері көпшіліктің қатысуымен орта шаруаны «бай» деп тәркілеуге және оны жер аударуға болмайтындығы жөнінде қаулы қабылдаған.
Жоғарыдан «байларды тауып, тәркілеңдер» деген нұсқау келген соң, жергілікті жерлерде «жалған» байларды жаппай тізе бастады. Талас ауданында 1928 жылы 6 қыркүйекте аудандық тәркілеу комиссиясы құрылады. Осы комиссия ауыл-ауылды аралап, шын мәнінде мал-мүлкі тәркілеуге жататын дәулетті адамды таба алмайды. Соған қарамастан Жарас Өтеуұлы деген азаматты үш ұлының дүние-мүлкін қосып тәркілейді. Бұл жөнінде прокуратураға оның балаларынан арыз түседі. Сонымен бірге Талас аудандық тәркілеу комиссиясының мүшесі, аудандық атқару комитетінің төрағасы Палманов Сырдария округтік тәркілеу комиссиясына хат жазып, өздерінің істеген ісінің ақ-қарасын ажыратып беруді сұрайды. Араб харпімен жазылған хатта былай делінген: «Өтеуұлы Жарастың үш баласын да кәмпескілеп, олардың бәрін де әкесімен бірге жер аударуға ұйғардық. Осы дұрыс па? Соған жауап берулеріңізді сұраймын».
Кейбір жерлерде пысық жалшылардың белсенділігі өте жоғары болғанын да жазған. Солай болды ма, болмады ма, нақты дерек жоқ. Алайда билік осылай деп ақпар берген. Ауданның №5, 6, 7, 9 және 14 ауылдарының кедейлері бірігіп, тәркілеу науқанын қолдау ретінде бәйге ұйымдастырған. Меркі ауданының №3 ауылының кедейлері мен жалшылары, коммунистері мен комсомол мүшелері, барлығы 174 адам қатысқан жиналыста байдың тыным таптырмай жұмыс істеткенін айта келіп, тәркілеу науқанын жүргізу дұрыс деген шешім қабылдаған.
Осыған ұқсас мысалдарды оқыған сайын округтік комиссия жоғарғы органның алдында тәркілеудің ұйымдасқан түрде өткенін дәлелдегісі келгенін аңғарасыз. Алайда барлық жерлерде тәркілеу өте қиын, ауыр жағдайда өтті. Ғасырлар бойы ауыл экономикасын жүргізудің өзіндік әдіс-әрекеттерін қалыптастырған қазақтардың арасында жүргізілген бұл саяси науқан олардың шаруашылық жүргізудегі ерекшеліктерінің тамырына балта шабу еді. Соның салдарынан мал қырылды, оның ақыры халықтың аштыққа ұрынуына әкеп соқты. Көп ұзамай билікке қарсы көтерілістердің дүмпуі де байқалып қалды. Архив құжатында мұндай жағдай Меркі және Шаян аудандарында орын алғаны айтылады. Өкінішке қарай, билік бұл оқиғаларды хаттамаған, осылайша болған жайтты жасырғысы келген.
Көшпелі аудандарда тәркілеуге түскен бірінші топтағы 25 байдан 3579 ірі қара және 81400 қой алынған. Ал осы аудандардағы екінші топқа енген 4 байдан 332 ірі қара және 3200 қой тәркіленді. Жартылай көшпелі аудандардағы бірінші топтағы 41 байдан 9545 ірі қара және 94864 ұсақ мал тәркіленсе, екінші топтағы екі байдан 200 ірі қара және 150 қой-ешкі алынған. Отырықшы аудандардағы бірінші топтағы 14 бай шаруашылығынан 2684 ірі қара, 61080 ұсақ мал тәркіленсе, екінші топтағы 3 байдан 45 ірі қара алынған. Осылайша, Сырдария округі бойынша 80 бай шаруашылығы, сонымен бірге 9 ру ақсақалдары, Қоқан хандығы тұсында билік құрған датқалардың ұрпақтары, бұрынғы болыстардың мал-мүлкі тәркіленді. Олардан 16385 ірі қара, 240694 ұсақ мал алынған.
Асыра сілтеп, аша тұяқ қалдырмаған уәкілдер мен қызыл коммунистердің бассыздығына қарсы наразылық барлық жерде өріс алды. Басқаны айтпағанда, тіпті, архив құжаттарында ауылдық кеңестің төрағалары, коммунистер, бір сөзбен айтқанда, атқамінерлер, белсенділер тәркілеудің дұрыс жүргізілмей жатқанына қарсылық білдірумен бірге байларды қорғап, қорғаштағаны туралы нақты деректер келтіріледі. Шын мәнінде, олар байларды ғана емес, ұлттық құндылықтарды жоюға қарсылық көрсеткен еді. Құжаттарда ондайларды маскүнем, жауапсыз, пара алған деп кінәлайды. Сол сияқты Меркі аудандық партия комитетінің хатшысы (аты аталмайды) байдың үйіне барып, арақ ішіп, байдың хаттамамен мөрлеп, құлыптап қойған үйін ашқызып, оны тәркілеуге қатысқан адамдардың бәрін жазаға тартуды талап етіп, Әділбековті тергеуден босату жөнінде тапсырма береді.
Байлардың малын тәркілеу кезінде малдың орынсыз талан-таражға түсуі де орын алғандығы айтылады. Малмен бірге байлардың ауылшаруашылық техникаларын, басқа да керек-жарақтарын тартып алу фактілері белең алды. Округ бойынша тәркіленген 105 байдан ірі қараға шаққанда 24736 мал алынды. Мұның сыртында Сарысу ауданында тәркіленуге тиісті 8 байдың малы дәл осы кезде есепке алынбаған еді. Себебі сарысулықтар малын Бетпақдалаға жасырғандығы қаперге алынған. Уәкілдер Бетпақдалаға 1928 жылы жете алмады. Олардың Сарысу ауданындағы ірі байларды тәркілеу мерзімін ұзартуды сұрап жоғарыға жолдаған хаты да сақтаулы.
Архив құжатында байлар бастарын сауғалап, жан-жаққа қашып, көшкендігі де жазылған. Мәселен, бір ғана Меркі ауданының байлары Биғазы Қонысбаев, Сейітжаппар Ибрагимов, Қойбай Көкталов, Қарабай Әділбеков, Қадырбек Құсбеков, Әулиеата ауданынан Бұралқы Сұлтанбеков басқа жаққа қашып кеткендігі айтылады. Олардың кейбіреуі отбасымен бірге қашса, кейбіреуі өздері ғана кеткен. Билік олардың отбасын қамақта ұстағаны жөнінде де деректер бар. Қашқындарды ұстап, жазаға тарту деректері де кездеседі. Жуалылықтар – Ергөбек Жұмағұлов, Бердалы Тәжіұлы милицияның оғынан опат болғаны туралы ел аузында әңгіме қалған.
Байлардың бәрі жұртқа жексұрын, дүниеқоңыз болмағаны анық. Оларды тәркілеп, жер аударған кезде бүкіл ауыл-аймақ болып, байларға құрмет көрсетіп, шығарып салуға кедейлердің де, коммунистердің де – барлық белсенділердің қатысқаны жөніндегі мәліметтерден осыны анық байқауға болады. Мысалы, Әулиеата ауданының байлары Зәуірбеков, Мойнақов және Қалабаевты жер аудару кезінде теміржол стансасына олармен бірге 70 адам ілесіп келгенін атқарушылар қынжыла жазады. Олардың арасында ауылдық кеңестердің төрағалары да болған. Жер аударылып бара жатқандарға мың рубльден жеті мың рубльге дейін қаржы жинап берген. Ал Меркі ауданының халықтық судьясы жер аударылып бара жатқандарға мемлекет есебінен билет сатып әперуді байларды тәркілеу жөніндегі комиссиядан талап еткен. Бір сөзбен айтқанда, байларға деген таптық көзқарастың болмауы салдарынан алдын-ала белгіленген мал түгел жиналмаған деп қорытынды жасайды округтік комиссия. Округтік комиссияның бай шаруашылықтарын тәркілеу жөніндегі осы есебінде келтірілген барлық деректер мен дәйектер назар аударарлық. Дегенмен олардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажырату оңай емес.
Округтік комиссияның қазақ ауылдарында туысқандық қарым-қатынастың беріктігі жалшылардың байларға қарсы шығуына жол бермей отырғанын айтуының өзі көп нәрсені аңғартады. Советтер ескі көзқарас ауылдық жерлерде әлі берік, ауыл ақсақалдарының ықпалы күшті екенін мойындауының өзінде нақты астар жатыр. Сонымен бірге алғашқы кезде орта шаруалар бай жағында болса, кейін «сендер тәркіленбейсіңдер» деген өтірікке алданып, кедейлер жағына шықты дейді. Осындай тұжырымдарды айта келіп, округтік комиссия мүшелері мынандай қорытынды жасайды: ауылда жүргізілген науқан кедейлер арасынан жаңа кадрларды даярлауға, оларды алда болатын сайлауға, партияның және Қосшы одақтарының қатарын тазалауға пайдалануға болатындығын байқап, сөйтіп ауылдарда партия, совет жұмысын жақсартуға жол ашқан-мыс. Округтік комиссия есебінің соңғы қорытындысында былай делінген: «По размерам достигнутных результатов, компания по конфискация – крупнейшее из революционных мероприятий в казакском ауле». Шын мәнінде бұл шара қазақ ауылын құрдымға бастады.
Орайы келгенде мына нәрсені айта кетудің артығы болмас: 1928 жылғы тәркілеуде «ірі қазақ байлары», нақтырақ айтқанда «феодалдар мен жартылай феодалдар тәркіленсе», одан кейін орта шаруа мен жағдайы одан төмендердің де малы, мүлкі алынған. 1928 жылы тәркіленген байлардың тізімінде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданынан нақты деректер келтіре алмағанымызды айтқым келеді. Себебі Мойынқұм ауданы бұл кезде жаңадан құрылып жатқан. Сондықтан да ауданға қарасты елді мекендер Шу, Сарысу аудандарының аумақтарында болатын. Ал қазіргі Жуалы ауданы сол кезде Түлкібас ауданының құрамында болады. Тарихи құжат бойынша Түлкібас ауданынан Жорабек Шорабеков деген бір ғана кісі ІІ санат бойынша тәркіленген. Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан өңірінің азаматы. Нақтылап айтатын болсақ, Жуалы ауданында өзге өңірлермен салыстырғанда мыңғырған мал айдаған байлар өте аз еді. Себебі құнарлы жерлердің барлығына келімсектер ие болып тұрған еді. Көп мал өсіруге келімсектердің егіншілікпен айналысуы кедергі жасағаны анық. Сондықтан да 1929-30 жылдары тәркіленген орта шаруалардың дені өзге ұлт өкілдері болды. Ол кезде қазіргі Жамбыл мен Байзақ, Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандары сияқты Түлкібас пен Жуалының аражігі бөлінбеген еді.
Жамбыл облысына кіретін аудандар аймағында жүргізілген тәркілеу науқанының толыққанды деректерін жинау мақсатында Қазақстан Республикасы Орталық және Алматы, Түркістан облыстарының мемлекеттік архивтерінің құжаттарын да ақтаруға тура келді. Себебі қазіргі Жамбыл облысының өңірі бұрын Сырдария, 1928 жылы Жетісу губернияларына қарасты болған. 1928 жылы қазіргі Шу, Қордай аудандары аумақтарында Шоқпар, Қордай аудандары құрылған. Сол жылдың соңында губерниялар округ болып қайта құрылғанын да еске салғым келеді.
Алматы облысының мемлекеттік архивінің 591-қордың, 1-тізімдемесі, 1-бумасы, 9-шы ісінде Алматы округтік атқару комитетінің жанындағы байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы округтік комиссияның жиналыстарының хаттамалары сақтаулы. Осы хаттамада қабылданған қаулы бойынша «ірі қара» деп жасы екі жылдан асқан жылқы, сиыр, қодас, түйе есептелінетін болды. Сонымен бірге үш құлын, екі бір жасар тай, үш бас тайынша, бес бұзау, бес қой, алты ешкі, үш бас бияз жүнді қой, үш бота, екі тайлақ, бір ірі қара болып есептелінетіндігі нақтыланды. Сондай-ақ, төлдеген тоқты да ірі қойдың қатарына жатқызылды. Міне, осы және басқа да мәселерді түсіндіру-насихаттау мақсатында тәркілеу комиссиясы 5 қыркүйектен 2 желтоқсанға дейін 25 жиын өткізген. 18 қыркүйекте өткен комиссияның отырысында тәркіленетін байлардың тізімі көрсетілген. Алғаш округ бойынша тәркіленетін 64 байдың есімдері аталса, одан кейін өткен отырыстарда олардың қатары өсе түскенін байқауға болады. Мәселен, 18 қыркүйекте өткен отырыста Шоқпар ауданынан төрт адам, Қордайдан бір бай тәркіленетіндігі айтылған. Көп уақыт өтпей-ақ тәркіленетін байлардың қатары өзгеріп отырған. Мәселен, жоғарыда айтқандай, алғаш Қордай ауданынан екінші топтағы байлар бойынша Мүсәпір Хожамбердиев қана тәркіленетіндігі айтылса, одан кейін оның қатарына Сейдахмет Телтаев, Құлажан Ақатаевты қосу ұсынылған. Одан кейін комиссияның отырысында Қордай ауданы бойынша тәркіленетін байлардың қатарына Уәли Алғабаевты енгізу туралы қаулы қабылданған.
Алматы облысының мемлекеттік архивінің 591-қордың 1-тізімдемесі, 4-бумасы, 33-ші ісінде байларды тәркілеу туралы комиссиясының республика прокуратурасына жолдаған хаттары қатталған. Осы хаттамадан да тәркілеудің қалай жүргізілгенін, қалай ұйымдастырылғанын жан-жақты білуге болады. Мәселен, 15 қыркүйек күні комиссияның Қасық ауылынан округке жолдаған хатында аудандық партия комитетінің бюросында сөйлеген адамдардың пікірлері қысқаша берілген. Қордай ауылындағы партия ұясының хатшысы жалшы Жантаев өз сөзінде декретте көрсетілген талаптарға жауап беретін байды Қордай ауданынан табу өте қиын екендігін айтыпты. Бұдан кейін сөз алған азамат коммунист Жантаевтың бұл пікірімен тіпті келіспейтіндігін айта келіп, байларды табуға болады дейді. Тіпті, тап жауларын молда мен ишандар, ақсақалдардың арасынан табуға болатындығын айтып, соған нақты мысалдар келтірген. Тағы бір сөз сөйлеген азамат бұл істе орыс пролетариатынан үлгі алуды ұсынса, аудандық партия комитетінің хатшысы қазақтардың психологиясы өзгеше екенін, туысқандық қарым-қатынас ерекше дамығанын айта келіп, байлардың табылмауына осы салт кедергі келтіріп отыр дегенді айтады. Тағы бір азамат байлардың қорасында көп малы болмағанымен, үйлерінде жиған-тергені, бағалы заттары көп екендігін алға тартады. Бағалы кілемдерді, алтын бұйымдар мен ыдыс-аяқтарды, қымбат теріден тігілген тондарды ақшаға шағып, оны ірі қараға айналдырсаңыз, тәркіленетін бай табылады дегенді айтқан.
Алматы облысының мемлекеттік архивінің 591-қоры, 1-тізімдемесі, 1-бумасы, 6-шы істе Қордай ауданынан кімдер тәркіленгені және кімдер туралы сөз қозғалғаны жөнінде нақты деректер келтірілген. 1928 жылы ірі байлардың қатарына Қордай ауданынан 2 адам іліккен. Олар Мүсәпір Хожамбердиев және Құлажан Ақатаев.
Қордай ауданында жүргізілген тәркілеу науқаны туралы құжаттарды ақтарған сайын коммунистер адамдарды бір-біріне айдап салу әдісін өте тиімді пайдаланғанын аңғаруға болады. Жоғарыға жолданған ақпаратта жекелеген адамдардың конфискация туралы және кімдерді тәркілеу жайлы пікірлері қоса жолданған.
Байларды тәркілеуде қызыл коммунистер алдарына нақты мақсат қойған: малы болсын-болмасын сол ауылдағы беделді ақсақалдарды көгендеп ұстауға, оларды да залымдықпен байлардың қатарына қосуға ұмтылғанын аңғару қиын емес. Мұның бәрі қазақтардың тұнығын лайлауға, түптеп келгенде, қазақтарды салт-дәстүрінен айыруға ықпал жасаудың патшалық Ресей тұсындағы әдістерін қайта жаңғыртты. Солардың ішінде рулар арасында іріткі салып, бір-біріне айдап салу әдісі өте тиімді екенін білді.
Ең бастысы, конференцияларда жергілікті жерлерден өкіл ретінде қатысқан 30 бен 50 жас аралығындағы делегаттар алдын ала іріктеліп алынғаны да айтылған. Соған қарамастан әлгі өкілдер конференция ұйымдастырушыларына өте қиын тиген сұрақтарды төтесінен қойыпты. Қойылған сұрақтарды оқып көрейік: «Тәркілеуге неге қазақ байлары ғана ұшырады? Өзге ұлттан шыққан байлар неге тәркіленбейді?», «Тәркілеу кезінде байлардың малын жасыруға көмектескен коммунистерге қандай жаза қолданылады?»...
Бай шаруашылықтарын тәркілеу жөнінде жоғарыға жолданған есептік баяндамада байларды тәркілеу жөніндегі округтік комиссия конференцияларды өткізу кедейлердің, жалшылардың совет өкіметін қолдаудағы белсенділігін арттыруға үлкен ықпал жасайтындығы айтылған. Тәркілеу комиссиялары барлық аудандарда, ауылдарда, қыстақтарда ойран салды. Олардың құрамында он бестен жиырма беске дейінгі аралықта белсенділер жұмыс істеді. Барлық елді мекендерде насихатшылар, үгітшілер, коммунистер тәркілеу саясатын қызу түсіндірді. Соған қарамастан кедейлердің бір бөлігі совет өкіметінің өктемдік саясатын қолдамаған. Бұған округтік комиссия уәкілдерді кінәлаған. Мәселен, Талас ауданы бойынша тәркілеу жөніндегі уәкіл екі-ақ рет жиналыс өткізген деп айып таққан. Анығын айтқанда бұл ауданда байларды тәркілеу туралы жиналыс өткізудің қажеті шамалы болатын. Себебі ауданда тәркілеу тізіміне бір-ақ адам енген. Сондықтан да уәкіл жоғары жаққа «біздің өңірде бай жоқ, өткен жылдың қысында жұтқа ұшырап, барлық мал қырылып қалған» деп ақпар берген. Сөйтіп, ол жергілікті жерде жүргізетін жұмысты аудандық комиссияға жүктеп, округ орталығына кетіп қалған. Ал, Меркі ауданында жұмыс істеген уәкілдер Егінбаев пен Ахметов конференция кезінде тәркілеуге ұшырайтындардың тізімін бүкіл халықтың алдында жайып салған. Бұл хабарды бай тыңшылары өздерінің қожайындарына жеткізіп, келеңсіз жағдайдың орын алуына жетеледі. Арандатудың салдарынан тізімге 400-600 қой-ешкісі бар адамдар орта шаруалардың тізімдеріне еніп кеткендіктен байлар орта шаруаларды өздерінің жақтастары етуге тырысты. Осының бәрі кедей мен жалшылардың өкіметке деген сенімсіздігін туғызды деген қорытынды да жасаған. Сондай-ақ, Меркі ауданына жіберілген уәкілдер жергілікті жерлерде құрылған тәркілеу комиссияларының қатарына атқамінерлер мен байлардың еніп кетуіне жол бергендігі сыналған. Мұның өзі уәкілдің қолға алған ісінің бәрінен жергілікті байлардың хабардар болып отыруына жағдай жасаған. Аспара болысының №9 ауылының байлары уәкілді қарсы алып, олардың ауылында тәркіленетін малы көп байлар жоқ екендігіне сендірген. Уәкіл жағдайды толық білмей, кетіп қалған. №23 және №26 ауылдардың тұрғындары уәкілдерге сенімсіздік танытып, жиналысты өздері ұйымдастырған. Соның салдарынан комиссияның құрамына байлардың туған-туыстары, жақындары еніп кетті деп жазғырған құжат та бар.
1929-1930 жылдары малы барлардың бәрі тәркілуге жатқызылып үлгерді. 1928 жылдан бастап колхоздастыру барлық жерде, әсіресе, қазақ ауылдарында үлкен қарқынмен жүргізілуі керек болатын. Оған 1930 жылдың ақпан айында орталықтан барлық аудандық партия комитеттеріне жіберілген құпия хат дәлел бола алады. Хат Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің 11 П-қоры, 1-тізімдемесі, 4-бумасы, 46-шы ісінде сақтаулы. Осы хатта кулактар мен байларды тап ретінде жоюда ұстанатын бағыт-бағдарлары нақтыланған. Ең бірінші тармақта кулактар мен байлардың шаруашылығын жою – ұжымдастырудың құрамдас бір бөлігі ретінде қаралуы керек екендігі атап көрсетілген. Жалшылар мен кедейлердің және орта шаруалардың ұжымдық шаруашылығы ретінде құрылатын колхоздар шын мәнінде кулактар мен байлардың шаруашылығын жою деп қарастырған жөн.
Кулак пен байды тап ретінде жою жедел түрде жүзеге асырылуы қажеттілігі де ескертілген. Жоюға жататын кулактар мен байлардың шаруашылықтары мынандай үш топқа бөлінген:
Бірінші топқа революцияға қарсы бай-кулактар жатқызылады, олар концлагерьлерге жіберіледі. Екінші топқа белсенді кулактар, байлар, жартылай феодалдар, жартылай помещиктер енеді. Олар ОГПУ-дің нұсқауы бойынша округтан тысқары жерлерге жер аударылуы қажет. Үшінші топқа басқа бай-кулактар жатқызылады. Олар сол колхоздың аумағынан көшіріліп, ауданның жері нашар өңірлеріне орналастырылуы керек.
Бірінші және екінші топқа жатқызылған кулактар мен байлардың шаруашылықтары және құрал-жабдықтары, малы, ғимараттары, өндірістері, жем-шөп және тұқым қоры тәркіленіп, олардың меншігіне тек қана күн сайын пайдаланатын үй шаруасына қажетті дүниелері мен 500 рубльге дейінгі қаржысы қалдырылуы керектігі де айтылған. Үшінші топқа жатқызылғандардың аз ғана шаруашылығы қалдырылса болды дейді.
Осы құжатта кімдерді қалай тәркілеу реті, жер аудару мәселелері нақтыланған. Осы және басқа да құжаттардан 1930 жылды коммунистер табысты жылға айналдыруды көздегені анық байқалады. Осы жылы «социалистік жарыс» деген термин өмірге енді. Алайда шаруашылық жүргізілу барлық жерде ақсап жатты. Алынған мал өлім-жітімге ұшырап, талан-тараж болды. Мәскеуден келіп, колхоз бастықтары болып тағайындалған жұмысшылар жағдайды одан әрі былықтырып, қиындатып жіберді. Соның салдарынан елдің арасында наразылық туындап, колхоздан жаппай шығу белең алды. Бұл туралы Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің 11 П-қорының 1-тізімдемесі, 4-бумасы, 70-ісіндегі 6-бетінде нақты айтылған. Жоғарыға жолданған «Әулиеата ауданында көктемгі дала жұмыстары туралы ақпараттық хабарда» кулактар мен байлардың үгіт-насихаты күшейіп, колхоздардан шығу, жаңа дақылдарды егуге қарсылық білдіру күш алғандығы нақты жазылған. Мәселен, Гродиков және Ақбұлым ауылдарында кедейлердің жиналысы өтпей қалды. Байлар бұл өңірге темекіні егу пайдалы емес екендігін насихаттаумен болған. Соның салдарынан темекі егуге қарсылық күшейіп, №№ 41,42,47,48 және 26 ауылдарда колхоздардағы малды сату, ұрлау белең алғандығы айтылады. Мұндай мысалдарды осы құжаттан көптеп келтіруге болады. Соған қарамастан ауданда ұжымдастыру жоспары артығымен орындалғандығы хабарланған. 1930 жылдың басында ауданда 7500 ұжымдасқан шаруашылық жұмыс істеген. Тек қаңтар айында жаңадан 30 ұжымдық шаруашылық құрылған. Сонымен бірге, ұжымдасқан шаруашылықтарға байлардың, құқықтары жойылғандардың, саудагерлердің, қашқындардың, билердің ұрпақтары кіріп кетпеуі қатаң бақылауға алынғандығы және ондайларды тауып, колхоздан шығарылғандығы да жазылған.
Бұл қорда Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінен алынған құжаттар да жинақталды. Олар көп емес. Жекелеген азаматтарды тәркілеу құжаттарымен бірге, Әулиеата және Жуалы аудандарының сол кездегі толық сипаттамасы назар аударарлық. Бұл құжаттардың арасында Шоқпар, Қордай аудандарынан тәркіленген бірнеше бай туралы қысқаша деректер бар. Сонымен бірге сол байлардың отбасынан және өзінің тарапынан жазылған арыздар да осында. Деректерден осы өңірлерден жазылған арыздардың өте сауатты екенін аңғару қиын емес. Тәркіленген байлар мен олардың ұрпақтары арызды Фрунзе (Бішкек) қаласындағы заңгерлерге жаздырған.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасы Орталық және Түркістан облысы мемлекеттік архивінің құжаттарынан коммунистер билік құрылымын өзгерткен сайын халық күйзеліске тап болғанын аңғару қиын емес. Оған мысал жеткілікті. 1930 жылдың 25 шілдесінде КСРО Орталық атқару комитетінің президиумы округтік, әкімшілік-аумақтық жүйесін тарату туралы, сөйтіп, аудандық кеңесті нығайту жөнінде қаулы қабылдады. Осы қаулының негізінде 1930 жылы 8 тамызда Қазақ АССР Орталық атқару комитеті республикада округтарды тарату туралы шешім қабылдады. Осы шешім қабылданғаннан кейін он жеті күннен соң Сырдария округі таратылды. Облыстық билік орнықты. Осы құрылымдық өзгерістің соңы 1932 жылдың ашаршылығына ұласты...
P.S. Өткен тарих – қазақтың тарихы. Конфискация – тәркілеу қазақтың басына түскен аса бір ауыр қасірет. Қолдан жасалған қылмыс! Тұтас халықты жер бетінен жойып жіберуге бағытталған саяси залым әрекет! Оны ешқашанда ақтауға болмайды.
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ